Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған Көлік құралы паспортының (көлік құралы шанағының паспортының) және өзі жүретін машина мен техниканың басқа түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісім жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қ.Н. Келімбетовке Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан Көлік құралы паспортының (көлік құралы шанағының паспортының) және өзі жүретін машина мен техниканың басқа түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 29 тамыздағы
№ 895 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
Көлік құралы паспортының (көлік құралы шассиі паспортының) және
өзі жүретін машина мен техниканың басқа да түрлері паспортының
бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар
жүйелерін ұйымдастыру туралы
КЕЛІСІМ
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және Кеден одағын құру туралы шартты, 2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шартты негізге ала отырып, көлік құралдарының (көлік құралдары шассиінің), өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің Кеден одағы аумағында еркін айналымын қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау және көлік құралдарының паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өзі жүретін машина мен техниканың басқа да түрлерінің паспорттарын бірыңғай нысандар бойынша ресімдеу тәртібін айқындау мақсатында төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісім мынадай мәселелерді реттейді:
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында өндірілген және Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында тіркеуге жататын көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне), өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлеріне берілетін көлік құралы паспортының (көлік құралы шассиі паспортының) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын қолдану;
Тараптар мемлекеттерінің аумақтарында тіркеуге жататын көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне), өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлеріне ресімделетін көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарын 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолдану.
2-бап
Осы Келісімде пайдаланылатын терминдер мынаны білдіреді:
«көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттары жүйелерінің әкімшісі» - пайдалануға енгізуді, пайдалануды, өнімділікті оңтайландыруды, енуді қамтамасыз етуді және бақылауды, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, жүйелерді техникалық қамтамасыз ету мәселелерін бақылауға алу, жүйелердің қатысушыларымен және билік органдарымен өзара іс-қимыл жасасуды, осы жүйелерге жаңа қатысушыларды қосуды қоса алғанда, көлік құралдары электрондық паспорттарының (көлік құралдары шассиі паспорттарының) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлері электрондық паспорттарының жүйелерін жобалау бойынша іс-қимылдарды үйлестіру, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің жүйелер функциялары саласындағы заңнамасын үндестіру үшін қажетті шараларға бастама ету функциялары жүктелген ұйым;
«өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің паспорттары» - көлемі 50 текше сантиметрден астам іштен жану қозғалтқышы немесе ең жоғары қуаты 4 кВт-тан астам электр қозғалтқышы бар тракторларға, өзі жүретін жол-құрылысы, коммуналдық, ауыл шаруашылығы машиналары мен жер үстінде рельссіз жүретін басқа да механикалық көлік құралдарына (сағатына 50 км жоғары болатын барынша конструктивтік жылдамдығы бар жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдары бойынша жүруге арналған автомотокөлік құралдарын қоспағанда) және олардың тіркемелеріне берілетін паспорттар;
«көлік құралдарының паспорттары (көлік құралы шассиінің паспорттары)» - қозғалтқышының жұмыс көлемі 50 текше сантиметрді және одан да жоғары немесе электр қозғалтқыштың ең жоғары қуаты 4 кВт-тан астам болатын және (немесе) ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына 50 км құрайтын жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдары бойынша жүруге арналған автомотокөлік құралдарына және олардың тіркемелеріне (шассилерді тұтынушыларға жеткізген жағдайда көлік құралдарының шассиіне) берілетін паспорттар;
«көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлері электрондық паспорттары жүйелері» - есептеуіш және коммуникациялық құрал-жабдықты, бағдарламалық қамтылымды, лингвистикалық құралдарды, ақпараттық ресурстарды, қатысушылар мен пайдаланушылардың осы жүйелердегі белгіленген қағидалары бойынша өзара іс-қимыл жасасатын, сондай-ақ осы жүйенің белгіленген функцияларын орындаудың ақпараттық технологиясын іске асыратын жүйе персоналын қамтитын құрылымдастырылған кешендер;
«өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттары» - осы Келісімде белгіленген тәртіпке сәйкес өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттары жүйесінде ресімделген өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің паспорттары;
«көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары) – осы Келісімде белгіленген тәртіпке сәйкес көлік құралдарының электрондық паспорттарының (көлік құралдары шассиі паспорттарының) жүйесінде ресімделген көлік құралдарының паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары).
3-бап
Көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттары жүйелерінің жұмыс істеу тәртібін Еуразиялық экономикалық комиссия белгілейді.
Көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа түрлерінің электрондық паспорттарын ресімдеу қағидаларын, құрылымы мен форматын Еуразиялық экономикалық комиссия бекітеді.
2014 жылғы 1 қаңтардан бастап және көлік құралдарының электрондық паспорттарының (көлік құралдарының шассиі паспорттарының) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарының жүйесі қолданысқа енгізілгенге дейін көлік құралдары паспортының (көлік құралдарының шассиі паспорттарының) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа түрлері паспортының бірыңғай нысандары қолданылады.
Көлік құралы паспортының (көлік құралы шассиінің паспортының) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарына қойылатын негізгі талаптарды, оларды толтыру тәртібін және көлік құралдары паспорттарының (көлік құралдарының шассиі паспорттарының) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлері паспорттарының бланкілері туралы мәліметпен алмасу тәртібін Еуразиялық экономикалық комиссия бекітеді.
Көлік құралдары паспорттарының (көлік құралдары шассиінің паспорттарының) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлері паспорттарының бланкілерін толтыру кезінде «Ерекше белгілер» деген жолда аумағында нақты көлік құралы (көлік құралының шассиі), өзі жүретін машина мен техниканың басқа да түрі осы Кеден одағына мүше мемлекетте белгіленген талаптарға расталған сәйкес келу кезінде алғашқы айналымға арналған Кеден одағына мүше мемлекет көрсетіледі.
2014 жылғы 1 қаңтарға дейін көлік құралдарының паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары) осы Келісімнің 8-бабына сәйкес ресімделеді.
4-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсатында көлік құралдарының паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің паспорттарын ресімдеуді, оның ішінде көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарын ресімдеуді жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттері уәкілетті органдарының және көлік құралдарын (көлік құралдарының шассиін), өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерін дайындаушы ұйымдардың (бұдан әрі – дайындаушы ұйымдар) бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – Бірыңғай тізілім) қалыптастырылады.
Бірыңғай тізілімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін Еуразиялық экономикалық комиссия бекітеді.
Бірыңғай тізілімді қалыптастыруды және жүргізуді Еуразиялық экономикалық комиссия жүзеге асырады.
5-бап
2015 жылғы 1 қаңтарға дейін көлік құралдарының паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің паспорттарын Бірыңғай тізілімге енгізілген дайындаушы ұйымдар өздері дайындаған көлік құралдарына (көлік құралдарының шассиіне), өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлеріне ресімдейді.
2015 жылғы 1 қаңтарға дейін көлік құралдарының паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің паспорттарын Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында көзделген жағдайларда Тараптардың тиісті мемлекеттерінің аумағында қолдану үшін Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары да ресімдейді.
2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары және Бірыңғай тізілімге енгізілген дайындаушы ұйымдар көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарын Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін тәртіппен ресімдейді.
6-бап
Тараптар мемлекеттерінің заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген органдар (ұйымдар) көлік құралдары паспорттарының (көлік құралдарының шассиі паспорттарының) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлері паспорттарының бірыңғай нысандарына қойылатын негізгі талаптарға сәйкес көлік құралы паспортының (көлік құралдарының шассиі паспортының) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлері паспорттарының қорғау элементтеріне қойылатын талаптарды анықтайды және оларды көлік құралдарын (көлік құралдарының шассиін), өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерін тіркеуді жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің органдарына және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы бақылау функцияларын жүзеге асыратын Тараптар мемлекеттерінің органдарына мәлімдейді.
7-бап
Көлік құралдарының электрондық паспорттарының (көлік құралдарының шассиі паспорттарының) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарының жүйелері көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарын ресімдеу процесінің бірыңғай серпінді ақпараттық моделін қолдауды қамтамасыз етеді және жүйелерге қатысушылардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін белгіленген функцияларды орындаудың ақпараттық технологиясын іске асырады. Көрсетілген жүйелер арқылы ақпараттық өріс бірлігі, енуді бірыңғай бақылау, деректердің қауіпсіздігін, тұтастығын және дәйектілігін қамтамасыз ету бойынша бірыңғай іс-шаралар қамтамасыз етіледі, жүйелердің қатысушыларымен және билік органдарымен орталықтандырылған өзара іс-қимыл жасау, көлік құралдарының электрондық паспорттарын (көлік құралдары шассиінің паспорттарын) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарын ресімдеу кезеңінде Тараптар мемлекеттерінің заңнамасын үйлестіру үшін қажетті қосымша шараларға бастамашылық ету, Тараптар өзара мойындайтын техникалық регламенттердің міндетті талаптарының орындалуын бірыңғай бақылау, сондай-ақ ақпараттардың дәйектілігін орталықтандырылған тексеру, Тараптардың міндетті талаптары бірлігінің орталықтандырылған мониторингі және көлік құралдарының (көлік құралдары шассиінің) және өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің сәйкес келуінің бірыңғай нысандары мен бағалау қағидаларын қолдану ұйымдастырылады.
Еуразиялық экономикалық комиссия көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары), өзі жүретін машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттары жүйелерінің әкімшісі ретінде Тараптар мемлекеттерінің бірінің ұйымын айқындайды.
8-бап
2014 жылғы 1 қаңтарға дейін Тараптардың сұрау салуы бойынша Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасының уәкілетті органдары Ресей тарапы айқындайтын тәртіппен Ресей Федерациясының уәкілетті органы Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасының Бірыңғай тізілімге енгізілген дайындаушы ұйымдары мен органдарының өтінімдеріне сәйкес Ресей Федерациясы көлік құралдарының паспорттары (және көлік құралдары шассиінің паспорттары) бланкілерінің қажетті санымен қамтамасыз етілуі мүмкін.
Көлік құралының немесе көлік құралы шассиінің Ресей Федерациясының доңғалақты көлік құралдарын техникалық реттеу саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкес келетіндігін растайтын көлік құралының типін немесе шассиінің типін мақұлдаудың болуы Ресей Федерациясының көлік құралының паспортын (көлік құралы шассиінің паспортын) ресімдеу шарты болып табылады.
Ресей Федерациясының көлік құралы паспортының (көлік құралы шассиі паспортының) бланкісін толтыруды Ресей тарапы айқындайтын тәртіппен Беларусь Республикасы мен Қазақстан Республикасының аумақтарында көлік құралдарын (көлік құралы шассиін) шығаруды жүзеге асыратын шығарушы ұйымдар жүзеге асырады.
Ресей Федерациясы көлік құралдарының паспорттары (көлік құралы шассиінің паспорттары) бланкілерінің пайдаланылуын есепке алу мен бақылауды Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдары жүзеге асырады. Ресей Федерациясы көлік құралдарының паспорттары (көлік құралдары шассиінің паспорттары) бланкілерін пайдалану туралы мәліметтермен алмасуды жүзеге асыру тәртібі Тараптар мемлекеттерінің уәкілетті органдарымен келісіледі.
9-бап
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар консультациялар мен келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
Егер Тараптар дауды консультациялар мен келіссөздер жүргізу туралы бір Тарап екінші Тарапқа жіберген ресми жазбаша өтініш келіп түскен күннен бастап 6 ай ішінде реттемесе, дауды шешу тәсіліне қатысты Тараптар арасында басқа уағдаластық болмаған жағдайда, Тараптардың кез келгені бұл дауды Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарау үшін береді.
10-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Келісімге өзгерістер енгізілуі мүмкін, олар жеке хаттамалармен ресімделеді.
11-бап
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап 5 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
_______ жылғы « » ________ ________ қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің түпнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, оның расталған көшірмесін әрбір Тарапқа жолдайды.
Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасының Республикасының Федерациясының
Үкіметі үшін Үкіметі үшін Үкіметі үшін