Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 27 тамыздағы № 866 қаулысы.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 18) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

C. Ахметов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 27 тамыздағы
№ 866 қаулысымен
бекітілген

Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту

ҚАҒИДАЛАРЫ 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға азаматтарды тарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы" 2013 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 55-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекарасын қорғауға Қазақстан Республикасының азаматтарын (бұдан әрі – Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар) тарту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар "Жедел-iздестiру қызметi туралы" 1994 жылғы 15 қыркүйектегі және "Қарсы барлау қызметі туралы" 2016 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттелетін жедел іздестіру және қарсы барлау қызметіне байланысты туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылмайды.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 12.03.2019 № 104 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қазақстан Республикасының шекаралық кеңістігі (бұдан әрі – шекаралық кеңістік) – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) және Қазақстан Республикасының аумақтық сулары (теңізі) және ішкі сулары бар шекаралық аймақтың сыртқы шектеріне дейін оған шектесіп жатқан Қазақстан Республикасының аумағы, сондай-ақ Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінің аумақтары, шектерінде уәкілетті органдар шекаралық қызметті жүзеге асыратын континенттік қайраң және олардың үстіндегі әуе кеңістігі;

      2) ерікті жасақ – әскери бөлім бөлімшелері өкілдерінің басшылығымен ерікті және жария негізде Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын Қазақстан Республикасы азаматтарының тобы;

      3) ерікті жасақшы – Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу бойынша өз еркімен өзіне алған міндеттерді әскери бөлім бөлімшелері өкілдерінің басшылығымен орындаушы ерікті жасақ мүшесі;

      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (бұдан әрі – Шекара қызметі) штаттан тыс қызметкері – әскери бөлім бөлімшелерінің өкілдері ұзақ мерзімді міндеттерді шешу үшін немесе қажеттілік туындаған кезде ерікті негізде Мемлекеттік шекараны қорғауға тартылатын Қазақстан Республикасының азаматы;

      5) шекара қызметінің кітабы – Шекара қызметі бөлімшелерінің қызметтік-жауынгерлік іс-қимылын көрсететін негізгі есептік құжат.

2. Мемлекеттік шекараны қорғауға тартудың нысандары мен түрлері

      4. Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдарды тарту ашық және жасырын ынтымақтастық түрінде жүзеге асырылады.

      5. Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдарды ашық ынтымақтастық түрінде тарту тәртібі осы Қағидаларға сәйкес айқындалады.

      6. Жасырын ынтымақтастық түрінде Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдарды тарту Қазақстан Республикасының "Жедел-іздестіру қызметі туралы" 1994 жылғы 15 қыркүйектегі және "Қарсы барлау қызметі туралы" 2016 жылғы 28 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 12.03.2019 № 104 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Шекара маңындағы аудандардың (қалалардың) әкімдіктері жанындағы құрылатын шекаралық мәселелер жөніндегі үйлестіру кеңестерінің шешімдерімен ерікті негізде қатысатын адамдардың іс-қимылын үйлестіру және тиімділігін арттыру мақсатында ерікті жасақтар құрылады және олардың басшылары тағайындалады.

      8. Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдар мынадай нысандарда тартылады:

      1) штаттан тыс қызметкерлер ретінде;

      2) жеке – ерікті жасақшы ретінде;

      3) ұжымдық – ерікті жасақтар құрамында.

      9. Адамдардың Мемлекеттік шекараны қорғауға жеке қатысуы өздеріне белгілі болған Мемлекеттік шекараны, Мемлекеттік шекара режимін, шекаралық режимді, өткізу пункттеріндегі режимді, аумақтық сулар (теңіз) және ішкі сулар режимін және континенттік қайраң режимін бұзу фактілері мен әрекеттері туралы хабарлау жолымен әскери бөлім бөлімшелерінің өкілдеріне жәрдем көрсету арқылы көрінеді.

      10. Штаттан тыс қызметкерлер, ерікті жасақшылар өз қызметін Шекара қызметінің әскери бөлімдері (бұдан әрі – әскери бөлімдер) бөлімшелері өкілдерінің бақылауымен:

      1) Мемлекеттік шекараны өту орнын қалқалау, шекаралық кеңістікте белгіленген режимді бұзған адамдарды іздеу, табу, ұстау мақсатында дербес және (немесе) әскери бөлім бөлімшелерінің өкілдерімен бірлесіп қызмет атқаруға қатысу, шекаралық кеңістікті айналып өту, бақылау, Мемлекеттік шекараны бұзушыларды іздеу, ізге түсу және ұстау арқылы;

      2) белгісіз адамдардың болу себептері мен жағдайларын анықтау мақсатында Мемлекеттік шекараны бұзушылардың ықтимал жүру бағыттарын, олардың жасырыну орындарын, көлік құралдарын және мемлекеттік шекара кеңістігіндегі жерлерді дербес және (немесе) әскери бөлім бөлімшелерінің өкілдерімен бірлесіп қарап тексеруді жүргізу, белгіленген режимді бұзған адамдарды анықтау және ұстау мақсатында шекаралық кеңістіктің жергілікті жерлерін дүркін-дүркін қарап тексеру, тұрғындармен әңгімелесу, құжаттарды тексеру арқылы;

      3) шекаралық кеңістіктегі құқық бұзушылықтардың дербес алдын алу және жолын кесу;

      4) құқық бұзушылықтардың жолын кесу және құқық бұзушыларды ұстау мақсатында, егер аталған мақсаттарға өзге тәсілдермен қол жеткізу мүмкін болмаса, дене күшін және басқа да құралдарды қолдану;

      5) шекаралық кеңістікте құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау және Шекара қызметінің бөлімшелеріне, құқық қорғау немесе өзге де уәкілетті органдарға жеткізу арқылы жүзеге асырады.

      11. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген іс-шараларды өткізу тиісті әскери бөлімнің базасында жүзеге асырылатын Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдарды құқықтық дайындаумен басталады.

      12. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдар Мемлекеттік шекараны қорғау бойынша міндеттерді орындау кезінде:

      1) Шекара қызметінің бөлімшелерін шекаралық кеңістікте дайындалып жатқан не жасалған құқық бұзушылықтардың өздеріне мәлім болған фактілері туралы дереу хабардар етеді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда азаматтардың талап етуі бойынша өздерінің Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу заңдылығын растайтын куәліктерді көрсетеді;

      3) құқық бұзушылықтар жасағаны үшін ұсталған азаматтарға оларға қолданылатын мәжбүрлеу шараларының негіздерін түсіндіреді.

      13. Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамдармен құқықтық дайындықты ұйымдастыруды бақылау Шекара қызметі әскери бөлімдерінің бірінші басшыларына жүктеледі.

3. Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдарды тарту тәртібі

      14. Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдарды тарту осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес олардың Шекара қызметіне мемлекеттік шекараны қорғауға жәрдем көрсету үшін ерікті түрде қатысуы арқылы жүзеге асырылады.

      15. Мыналар:

      1) қылмыстық жауаптылыққа тарту;

      2) бірнеше рет (бір жыл ішінде екі және одан да көп) қасақана әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау;

      3) Қазақстан Республикасы шекаралық кеңістігінен тыс жерге тұрақты тұруға кету;

      4) оның Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысуын болғызбайтын мән-жайлардың туындауы (психиканың бұзылуының анықталуы, алкоголизммен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес айналасындағыларға қауіп төндіретін өзге де сырқатпен ауыру, азаматтың қайтыс болуы);

      5) шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғауға одан әрі қатысқысы келмеуі Қазақстан Республикасы азаматының шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлар болып табылады.

      16. Мемлекеттік шекараны қорғауға штаттан тыс қызметкер ретінде қатысуға тілек білдірген адам Мемлекеттік шекараны қорғауды жүзеге асыратын әскери бөлімге Мемлекеттік шекараны қорғауға тарту туралы өтініш береді, оған Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің не паспортының көшірмесін қоса береді. Адам көрсетілген құжаттарға өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы куәліктің көшірмесін қоса беруге құқылы.

      17. Әскери бөлім өтініш түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде адамды наркологиялық және психоневрологиялық есепке алу бойынша, соттылығының бар-жоғын тексереді, содан кейін оң шешім қабылдайды не қабылданған шешімнің себептерін көрсетпей өтініш берушіге бас тартады.

      18. Штаттан тыс қызметкер ретінде тарту туралы оң шешім қабылданған жағдайда адамның өтініші бойынша әскери бөлім штабы тіркеу жүргізеді және оны Мемлекеттік шекараны қорғауға тартылған адамдардың есебіне алады, ол туралы аталған адамға хабарлайды және оған осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес штаттан тыс қызметкердің куәлігін береді.

      19. Жергілікті атқарушы орган ерікті жасақ мүшелерінің тізімін жеке куәліктерінің көшірмесімен бірге аталған адамдарды соттылығының бар-жоғына және наркологиялық және психоневрологиялық есепке алу бойынша тексеру үшін әскери бөлімге жібереді.

      Ерікті жасақтар құрамында Мемлекеттік шекараны қорғауға адамдардың қатысу мүмкіндігін болдырмайтын мән-жайлар болмаған кезде әскери бөлім оларды әскери бөлім бөлімшелерінің Шекара қызметі кітабының тиісті бөлімдеріне тіркейді, ал мұндай мән-жайлар болған кезде ерікті жасақтар құрамынан белгілі бір адамды алып тастау үшін жергілікті атқарушы органға хабарлайды.

      20. Тіркегеннен кейін әскери бөлім штабы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес ерікті жасақ мүшесінің куәлігін береді.

      21. Осы Қағидалардың 18 және 20-тармақтарында көрсетілген куәліктерге әскери бөлім қомандирі қол қояды. Мемлекеттік шекараны қорғауға тартылған адамдардың куәліктерін есепке алуды, тіркеуді және беруді әскери бөлім штабы жүзеге асырады.

      22. Осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде әскери бөлім бөлімшесі шекаралық кеңістік шегінде Мемлекеттік шекараны қорғауға қатысатын адамды есептен шығарады, ол туралы аталған адамға хабарлайды.

      23. Мемлекеттік шекараны қорғауға тартылған адамдардың есептік деректері және олармен жұмыс нәтижелері әскери бөлім бөлімшелерінің Шекара қызметі кітабының тиісті бөлімдеріне енгізіледі. Жалпы есепті әскери бөлім штабы жүзеге асырады.

  Шекаралық кеңістік шегінде
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік шекарасын
қорғауға азаматтарды
тарту қағидаларына
1-қосымша

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 12.03.2019 № 104 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ № ___ куәлік ___________________________ ___________________________ Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің штаттан тыс қызметкері болып табылады. № ______ әскери бөлімі Жеке қолы:_______ Куәлік 20 __жылғы "____"________берілді
М.О._________________



Осы куәлікті көрсетуші шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға жәрдем көрсетеді. Осы куәлік жеке басын куәландыратын куәлікті көрсеткен кезде жарамды.

 
Шекаралық кеңістік шегіндегі мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, кәсіпорындар мен мекемелердің (бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан) барлық лауазымды адамдарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау мәселелері бойынша көмек көрсетуді сұраймын.
_________________________________ (лауазымы) ___________ _________ _________ (әскери атағы) (жеке қолы) (Т.А.Ә.)


  Шекаралық кеңістік шегінде
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік шекарасын
қорғауға азаматтарды тарту
қағидаларына
2-қосымша

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 12.03.2019 № 104 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІНІҢ ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІ № ___ куәлік ____________________________ __________________________ Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің ерікті жасақшысы болып табылады. № ______ әскери бөлімі Жеке қолы:_______ Куәлік 20 __жылғы "____"________берілді
М.О._________________



Осы куәлікті көрсетуші шекаралық кеңістік шегінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауға жәрдем көрсетеді. Осы куәлік жеке басын куәландыратын куәлікті көрсеткен кезде жарамды.

 
Шекаралық кеңістік шегіндегі мемлекеттік органдардың, ведомстволардың, кәсіпорындар мен мекемелердің (бағыныстылығы мен меншік нысанына қарамастан) барлық лауазымды адамдарынан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғау мәселелері бойынша көмек көрсетуді сұраймын.
______________________________ (лауазымы) ___________ _________ _________ (әскери атағы) (жеке қолы) (Т.А.Ә.)