Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің «Қазаэронавигация» әуе қозғалысын басқару, ұшуды радиотехникалық қамтамасыз етудің жер үсті құралдары мен электр байланысын техникалық пайдалану бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің «Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны бірігу жолымен Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің «Қазаэронавигация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) болып қайта ұйымдастырылсын.
2. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық ету жөніндегі уәкілетті орган болып айқындалсын.
3. Кәсіпорын қызметінің негізгі мәні Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдаланушыларға аэронавигациялық қызмет көрсету, ұшу қозғалысын басқару жүйелерінің аэронавигациялық құрылғыларын пайдалану мен күтіп-ұстау болып белгіленсін.
4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорынның жарғысын бекітуге енгізсін;
2) кәсіпорынның әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер бекітілсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 23 шілдедегі
№ 736 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар
1. «Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің қарамағындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі» деген бөлімінде:
мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 52-11 жолмен толықтырылсын:
«52-11 |
«Қазаэронавигация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны |
Астана қ.»; |
реттік нөмірі 53-жол алынып тасталсын;
реттік нөмірі 55-1-жол алынып тасталсын.
2. «Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының өздерiне қатысты меншiктiң мемлекеттiк мониторингi жүзеге асырылатын объектілерiнiң тiзбесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 30 шілдедегі № 810 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 28, 377-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларының өздеріне қатысты меншіктің мемлекеттік мониторингі жүзеге асырылатын объектілерінің тізбесінде:
реттік нөмірі 58-жолдың 2-бағаны мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің «Қазаэронавигация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны».
3. «Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 24 қарашадағы № 1232 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 46, 582-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі туралы ережеде:
«Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесі» деген бөлімде:
«Мемлекеттік кәсіпорындар» деген кіші бөлімде:
реттік нөмірі 4-жол мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің «Қазаэронавигация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны»;
реттік нөмірі 5-жол алынып тасталсын.
4. «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
«Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі» деген бөлімде:
реттік нөмірі 269-1-жол алынып тасталсын.
5. «Мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 желтоқсандағы № 1771 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 7, 159-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесінде:
реттік нөмірі 69-жолдың 3-бағаны мынадай редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің «Қазаэронавигация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны».