Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған 2008 жылғы 12 желтоқсандағы Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманың жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевқа 2008 жылғы 12 желтоқсандағы Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.11.2013 № 1237 қаулысымен.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 16 шілдедегі
№ 729 қаулысымен
мақұлданған
Жоба
2008 жылғы 12 желтоқсандағы Тауарлардың дамушы және аз дамыған
елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісімге
өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
ХАТТАМА
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын ЕурАзЭҚ шеңберіндегі Кеден одағына мүше мемлекеттердің үкіметтері,
2008 жылғы 12 желтоқсандағы Тауарлардың дамушы және аз дамыған елдерден шығарылғанын айқындау ережесі туралы келісімнің (бұдан әрі - Келісім) 3-бабына сәйкес,
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Келісімге мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) атауы «аз дамыған» деген сөздерден кейін «, Кеден одағы тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесін пайдаланушы» деген сөздермен толықтырылсын;
2) кіріспенің бірінші абзацындағы «Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі» деген сөздер «Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі Кеден одағына (бұдан әрі – Кеден одағы) мүше мемлекеттердің үкіметтері» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«1-бап
Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында оларда әкелу кезінде тарифтік преференциялар ұсынылатын дамушы және аз дамыған Кеден одағы тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесін пайдаланушы елдерден шығарылған тауарларға қатысты осы Келісімнің ажырамас бөлігін құрайтын қосымшаға сәйкес Тауарлардың дамушы және аз дамыған Кеден одағы тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесін пайдаланушы елдерден шығарылғанын айқындау қағидалары қолданылады.»;
4) Келісімге «Дамушы және аз дамыған елдерден тауарлардың шығарылғанын айқындау ережесі» деген қосымша осы Хаттамаға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.
2-бап
Осы Хаттаманы түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты тараптар арасындағы даулар Келісімде белгіленген тәртіппен шешіледі.
3-бап
Осы Хаттама қол қойылған күнінен бастап уақытша қолданылады және депозитарий Тараптардың осы Хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап күшіне енеді.
2013 жылғы «___» _______ ____________ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Хаттаманың төлнұсқа данасы осы Хаттаманың депозитарийі болып табылатын және әрбір Тарапқа оның куәландырылған көшірмесін жіберетін Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады.
Беларусь |
Қазақстан |
Ресей |
2008 жылғы 12 желтоқсандағы
Тауарлардың дамушы және аз
дамыған елдерден шығарылғанын
айқындау ережесі туралы келісімге
өзгерістер мен толықтырулар енгізу
туралы хаттамаға қосымша
Тауарлардың дамушы және аз дамыған, Кеден одағы тарифтік
референцияларының бірыңғай жүйесін пайдаланушы елдерден
шығарылғанын айқындау
ЕРЕЖЕСІ
Осы Ереже дамушы және аз дамыған, Кеден одағы тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесін пайдаланушы елдерден (бұдан әрі – бенефициар елдер) шығарылған және оларды әкелу кезінде тарифтік преференциялар ұсынылатын бенефициар елдерден шығарылатын және әкелінетін тауарлардың тізбесіне енгізілген тауарларға қатысты қолданылады.
1-бөлім. Терминдер және олардың анықтамалары
Осы Ереженің мақсаттары үшін мынадай негізгі терминдер мен олардың анықтамалары пайдаланылады:
верификация – бенефициар ел уәкілетті органдарының (ұйымдарының) тауарлардың шығарылған елін растайтын құжаттардың төлнұсқалылығын және (немесе) онда қамтылған мәліметтердің анықтығын белгілеу (тексеру);
тауардың шығарылуы туралы декларация – дайындаушы, сатушы немесе жөнелтушi коммерциялық шотта не тауарға қатысы бар өзге құжатта тауарды әкетуге байланысты жасаған тауарлардың шығарылған елі туралы мәлімдеме;
тауарлардың шығарылған елiн растайтын құжат – тауардың шығарылуы туралы декларация немесе тауарлардың шығарылуы туралы сертификат;
дайындау (өндіру) – мақсаты өнім алу болып табылатын жинауды немесе қандай да бір ерекше операцияларды қоса алғанда, өндірістік немесе технологиялық операциялардың кез келген түрін орындау;
материал – өнім өндіру үшін пайдаланылатын кез келген ингредиент, шикізат, құрамдас немесе бөлшек және т.б.;
тауар партиясы – бір жүк жөнелтушіден бір жүк алушының атына бір немесе бірнеше көлік (тасымалдау) құжаттары бойынша бір уақытта жөнелтілетін тауарлар, сондай-ақ бір пошта жүкқұжатымен жіберілетін не шекарадан өтетін бір адамның жүгі ретінде өткізілетін тауарлар;
өнім – тіпті ол басқа өндірістік операцияда одан әрі пайдалануға арналған болса да, дайындалған (өндірілген) өнім;
«А» нысанындағы тауардың шығарылуы туралы сертификат (бұдан әрі – сертификат) – тауардың шығарылған елі туралы куәландыратын, бенефициар елдің уәкілетті органы берген және куәландырған Жалпы преференциялар жүйесі шеңберінде қабылданған құжат;
тауар – материал немесе өнім;
бенефициар елдің уәкілетті органы – бенефициар елдің ұлттық заңнамасына сәйкес тауарлардың шығарылуы туралы сертификатты және (немесе) декларацияны куәландыруға және (немесе) верификациялауға уәкілетті орган (ұйым);
франко-зауыт шарттарындағы баға – кәсіпорынында соңғы өңдеу немесе қайта өңдеу жүргізілген дайындаушыға төленуге тиіс тауардың бағасы.
2-бөлім. Тауардың шығарылу критерийлері
Тауар мынадай:
1) осы Ереженің 3-бөліміне сәйкес ол толығымен осы елде алынған немесе осы елде шығарылатын материалдарды ғана пайдалана отырып, осы елде дайындалған (өндірілген);
2) ол осы елде бенифициар елдерде шығарылмаған және (немесе) мұндай материалдар осы елде осы Ереженің 4-бөліміне сәйкес жеткілікті өңдеуге немесе қайта өңдеуге ұшырау шартымен шығарылуы белгісіз материалдарды пайдалана отырып, осы елде дайындалған (өндірілген) жағдайларда бенефициар елде шығарылған болып саналады.
3-бөлім. Толығымен алынған тауарлар
Мынадай тауарлар бенефициар елде толығымен алынған болып саналады:
1) елдің жер қойнауынан, оның аумақтық теңізінен (суларынан) немесе осы теңіздің түбінен өндіріп алынған пайдалы қазбалар;
2) осы елде өсірілген немесе жиналған өсімдік тектес өнімдер (өнім);
3) осы елде туған және өсірілген тірі жануарлар;
4) осы елде өсірілген жануарлардан осы елде алынған өнімдер (өнім);
5) осы елде аңшылық және балық аулау кәсіпшілігі нәтижесінде алынған өнімдер;
6) осы елдің кемесімен алынған теңізде балық аулау кәсіпшілігінің өнімдері (өнімі) мен теңіз кәсіпшілігінің басқа да өнімдері (өнімі);
7) осы елдің қайта өңдеуші кемесінің бортында осы бөлімнің 6) тармақшасында көрсетілген өнімдерден (өнімнен) ғана алынған өнімдер (өнім);
8) осы елдің сол теңіз түбінің немесе сол теңіз қойнауының ресурстарын игеруге арналған айрықша құқығы болған жағдайда, осы елдің аумақтық теңізінен (суларынан) тыс жерлердегі теңіз түбінен немесе теңіз қойнауынан алынған өнімдері (өнімі);
9) осы елде өндірістік немесе қайта өңдеу жөніндегі өзге де операциялар нәтижесінде алынған қалдықтар мен сынықтар (қайталама шикізат), сондай-ақ осы елде жиналған және шикізатқа қайта өңдеу үшін ғана жарамды, бұрын пайдалануда болған бұйымдар;
10) егер осы ел тиісті ғарыш объектісі тіркелген мемлекет болса, ғарыш объектілерінде ашық ғарышта алынған жоғары технологиялар өнімдері (өнімі);
11) осы бөлімде көзделген өнімдерден ғана дайындалған (өндірілген) тауарлар.
4-бөлім. Жеткілікті өңдеу немесе қайта өңдеу
1. Егер:
1) тауар бенифициар елде өңдеу немесе қайта өңдеу операцияларына ұшыраған және осы процесте пайдаланылған, бенифициар елде шығарылмаған және (немесе) шығарылуы белгісіз материалдардың құны бенифициар елден экспортталатын өнімнің франко-зауыт шартындағы бағаның 50 %-ынан аспаса;
2) тауар бірнеше бенифициар елдерде өңдеу немесе қайта өңдеу операцияларына ұшыраған және осы процесте пайдаланылған, бенифициар елде шығарылмаған және (немесе) шығарылуы белгісіз материалдардың құны бенифициар елден экспортталатын өнімнің франко-зауыт шартындағы бағаның 50 %-ынан аспаса;
3) бір бенифициар елде шығарылатын тауар басқа, бір немесе бірнеше бенифициар елде өңдеу немесе қайта өңдеу операцияларына ұшыраған болса, тауар бенифициар елде жеткілікті өңдеуге немесе қайта өңдеуге ұшыраған болып саналады.
2. Егер бенифициар елде тауарға қатысты осы Ереженің 5-бөлімінде көрсетілген ерекше операциялар жүзеге асырылса, осы тауар осындай бенифициар елден шығарылған болып саналмайды.
3. Осы бөлімнің 1-тармағында көзделген бенефициар елдерден шығарылмайтын және (немесе) шығарылуы белгісіз материалдардың құны экспортталатын өнімді өндіруші елде белгіленген олардың кедендік құны негізінде айқындалады, ал егер олардың кедендік құнын белгілеу мүмкін болмаса – экспортталатын өнімді өндіруші елдің аумағында осы материалдар үшін төленген баға мөлшерінде айқындалады.
Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында шығарылған және бенифициар елге әкетілген және сол жерде Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына экспортқа жататын өнімді дайындау (өндіру) үшін пайдаланылған тауарлар осы бенифициар елде дайындалған (өндірілген) тауарлар ретінде қарастырылады.
4. Бенифициар елден экспортталатын түпкілікті өнімнің бағасы «Инкотермс» сауда терминдерін түсіндірудің халықаралық қағидаларына сәйкес франко-зауыт шартында айқындалады.
Бұл ретте, франко-зауыт шартындағы бағаға осы өнімнің экспорты кезінде өтелетін немесе өтелуі мүмкін кез келген ішкі салықтарды шегергенде, өнімді дайындау (өндіру) кезінде пайдаланылған барлық материалдардың құны, сондай-ақ оны дайындауға (өндіруге) байланысты барлық шығыстар қосылады.
Іс жүзінде төленген баға өнімді дайындауға (өндіруге) байланысты және бенефициар елде іс жүзінде шеккен барлық шығыстарды көрсетпеген жағдайларда, франко-зауыт шарттарындағы баға осы өнімнің экспорты кезінде өтелетін немесе өтелуі мүмкін кез келген ішкі салықтарды шегергенде, барлық шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
5-бөлім. Жеткілікті өңдеу немесе қайта өңдеу критерийлеріне сай
келмейтін операциялар
1. Мыналар жеткілікті дәрежеде немесе қайта өңдеу критерийлеріне сәйкес келмейді:
1) тауарды сақтау немесе тасымалдау кезінде оның сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар;
2) тауарды сатуға және тасымалдауға дайындау (партияны бөлу, жөнелтімдерді қалыптастыру, сұрыптау, қайта орау), сондай-ақ орамды бөлшектеу және құрастыру жөніндегі операциялар;
3) алынған өнімнің бастапқы құрауыштарынан айтарлықтай ерекшеленуіне әкеп соқпайтын тауарларды (құрамдастарын) араластыру;
4) мал сою және етті бөлу (сұрыптау);
5) жуу, тазарту, шаң сүрту, тотық, май немесе басқа да заттарды жағу;
6) тоқыманы (талшықтар мен иірілген жіптің кез келген түрі, талшықтар мен иірілген жіптің кез келген түрінен алынған мата материалдар және олардан жасалған бұйымдар) үтіктеу немесе тығыздау;
7) сырлау немесе жылтырату жөніндегі операциялар;
8) бидайды және күріштің қабығын аршу, ішінара немесе толық ағарту, тегістеу және жылтырату;
9) қантты бояу және түйір қант жасау жөніндегі операциялар;
10) жемістердің, көкөністердің және жаңғақтардың қабығын аршу, тұқымын алу және бөлу;
11) қайрау, қарапайым тарту немесе қарапайым кесу;
12) елеуіш немесе елек арқылы өткізу, сұрыптау, жіктеу, іріктеу және таңдау (оның ішінде бұйымдар жиынтықтарын жасау);
13) банкілерге, сауыттарға, қапшықтарға, жәшіктерге, қораптарға құю, салу және орау жөніндегі басқа да қарапайым операциялар;
14) алынған құрамдастардың бастапқы тауардан айтарлықтай ерекшеленуіне әкеп соқпайтын тауарларды құрамдастарға бөлу;
15) тауарды құрастыру және бөлшектеу жөніндегі қарапайым операциялар, сондай-ақ оларды жүзеге асыру қажет болған жағдайда Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін тізбе бойынша тауардың жай-күйін айтарлықтай өзгертпейтін өзге де операциялар;
16) көрсетілген операциялардың екеуінің немесе одан да көбінің комбинациясы.
2. Осы бөлімнің 1-тармағы 15) тармақшасын қолдану мақсаттары үшін тауарды жинау және бөлшектеу жөніндегі қарапайым операция деп жүзеге асырылуы үшін арнайы дағдыны қолдану, арнайы машиналарды, аппаратураларды немесе жабдықтарды құру және (немесе) орнату талап етілмейтін операция түсініледі.
6-бөлім. Тауарлардың шығарылуының ерекше жағдайлары
1. Машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен бірге пайдалануға арналған құрылғылар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен құралдар, егер мұндай құрылғылар, керек-жарақтар, қосалқы бөлшектер мен құралдар техникалық құжаттарға сәйкес әдетте, осындай құрылғылармен бірге берілетін, жиынтықта және мөлшерде көрсетілген машиналармен, жабдықтармен, аппараттармен немесе көлік құралдарымен бірге әкелінсе және пайдаланылса, машиналар, жабдықтар, аппараттар немесе көлік құралдары сияқты бенифициар елде шығарылған болып саналады.
2. Орам Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасын ескере отырып, тауардан бөлек декларациялануға жататын жағдайларды қоспағанда, тауар әкелінетін орам тауардың өзі шығарылған, бенефициар елде шығарылған болып есептеледі. Мұндай жағдайда орамның шығарылған елі тауардың шығарылған елінен бөлек айқындалады.
3. Егер тауар әкелінетін орам, тауардың өзі шығарылған бенефициар елде шығарылған болып есептелсе, онда тауардың шығарылған елін айқындау үшін бөлшек саудада өткізілетін тауар орамы ғана ескеріледі.
4. Шығарылған елін айқындау кезінде өндірістік немесе көліктік жағдайларға байланысты оларды бір партиямен тиеу мүмкіндігі болмағандықтан, бірнеше партиямен берілетін, бөлшектелген немесе жиналмаған түрдегі тауарлар, сондай-ақ партиясы қателік нәтижесінде бірнеше партияға бөлінген тауарлар декларанттың қалауы бойынша біртұтас тауар ретінде қаралады.
Мұндай қағида мындай шарттар:
1) әкелінетін елдің кеден органына бірнеше партиямен берілетін бөлшектенген немесе жиналмаған түрдегі тауарлар немесе мұндай бөлшектеудің себептерін көрсетіп, Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың кодтарын көрсете отырып, әрбір партияның ерекшелігін қоса беріп, тауарларды бірнеше партияға бөлшектеу, әрбір партияға кіретін тауарлардың құны мен шығарылған елі туралы алдын ала хабар беру не тауарлардың бірнеше партияға қате бөлшектенгенін құжаттамамен растау;
2) тауарлардың барлық партиясын бір бенифициар елден бір берушінің беруі;
3) тауарлардың барлық партиясын бір кеден органында декларациялау;
4) тауарлардың барлық партиясын бір келісімшарт шеңберінде беру;
5) тауарлардың барлық партиясын кедендік декларация қабылданған күннен бастап бір жылдан аспайтын мерзімде не оны тауарлардың бірінші партиясына қатысты беру мерзімдері өткенге дейін беру бір уақытта орындалған кезде қолданылады. Тауар алушыға байланысты емес себептер бойынша тауарлардың барлық партиясын беру мүмкін болмаған жағдайда, кеден органы бұл мерзімдерді декларанттың дәлелді өтініші бойынша тауарлардың барлық партиясын беру үшін қажетті, бірақ бір жылдан аспайтын уақытқа ұзартуы мүмкін.
5. Тауарлардың шығарылған елін айқындау кезінде оларды өндіру немесе қайта өңдеу үшін пайдаланылатын жылу және электр энергиясының, машиналардың, жабдықтар мен құралдардың шығарылған жері ескерілмейді.
7-бөлім. Тарифтік преференцияларды беру шарттары
1. Егер тауар осы Ережеде белгіленген шығарылу критерийлеріне сәйкес келсе, сондай-ақ егер:
1) тауарға қатысты құжаттармен расталған тікелей сатып алу және тікелей жеткізу қағидалары сақталса;
2) әкелінетін елдің кеден органына қолдану мерзімі өтіп кетпеген, осы Ереженің № 2 қосымшасында келтірілген оны ресімдеуге қойылатын талаптарға сәйкес толтырылған (ресімделген) сертификат немесе осы Ереженің 9-бөлімінің 10-тармағында көзделген жағдайда, тауардың шығарылуы туралы декларация ұсынылса;
3) бенефициар елдер осы Ереженің 10-бөлімінің 1 және 2-тармақтарында көзделген әкімшілік ынтымақтастыққа қойылатын талаптарды сақтаса, бенифициар елдерден шығарылған тауарларға қатысты тарифтік преференциялар беріледі.
2. Шығарылуы анықталмаған немесе шығарылуы анықталған, бірақ оларға қатысты тарифтік преференциялар беріле алмайтын тауарлар әкелінетін елге Кеден одағына мүше мемлекеттердің тарифтік реттеу талаптарына сәйкес әкелінеді.
3. Осы бөлімнің 2-тармағында көрсетілген тауарларға қатысты, әкелінетін елдің кеден органына әкелінетін елде кедендік декларация тіркелген (сертификаттың бұрмаланғандығы белгіленген жағдайлардан басқа) күнінен бастап 12 ай өткенге дейін олардың шығарылуы тиісінше куәландыруды (сертификатты және қажет болған кезде тауарлардың шығарылған елін растайтын басқа құжаттарды беру) ұсынған және тарифтік преференцияларды беру шарттарын сақтаған жағдайда, тарифтік преференциялар берілуі (қалпына келтірілуі) мүмкін.
8-бөлім. Тура беру және тікелей сатып алу қағидалары
1. Бенефициар елдерден шығарылған тауарларға қатысты тарифтік преференциялар, осындай тауарларды осы елдерден тікелей сатып алу және оларды Кеден одағының бірыңғай кеден аумағына тура беру шартымен ғана беріледі.
2. Егер импорттаушы оны осындай тауар шығарылатын бенефициар елде кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде белгіленген тәртіппен тіркелген тұлғадан сатып алса, тауар тікелей сатып алынған болып қаралады.
3. Осындай тауарлар шығарылатын бенефициар елден Кеден одағына мүше мемлекет болып табылмайтын басқа мемлекеттің аумағы арқылы алып өткізбей, Кеден одағының бірыңғай кеден аумағына тасымалданатын тауарлардың берілуі тура беру болып есептеледі.
4. Тура беру қағидасына тауарлар транзиттеу елдерінде, оның ішінде оларды осы елдердің аумағында уақытша қоймаға қою кезінде кедендік бақылауда болу шартымен, географиялық, көліктік, техникалық немесе экономикалық себептердің салдарынан Кеден одағына мүше мемлекет болып табылмайтын бір немесе бірнеше елдің аумағы арқылы тасымалданатын тауарлар сай келеді.
Тауарлардың кедендік бақылауда болуын құжаттамамен растау ретінде транзит елдері арқылы экспорттаушы бенефициар елден өткізу маршрутын куәландыратын көліктік құжаттар немесе тауардың нақты сипаттамасын беретін, тауарларды ауыстырып тиеу аудару/қайта тиеу күнін, көлік құралдарының атауларын көрсететін және транзиттеу елінде тауарлар болған жағдайларды куәландыратын транзиттеу елінің кеден органы берген құжат қарастырылуы мүмкін.
5. Мына шарттарды орындаған кезде:
1) тауарлар бенефициар елдің аумағынан көрме немесе жәрмеңке өткізілетін елдің аумағына берілгенде және оларды өткізу кезінде кедендік бақылауда болғанда;
2) тауарлар оларды көрмеге немесе жәрмеңкеге жөнелткен кезден бастап көрсетуден басқа қандай да бір өзге мақсаттарға пайдаланылмағанда;
3) тауарлардың табиғи тозуы не тасымалдаудың және сақтаудың қалыпты жағдайлары кезінде кемуі салдарынан болған жай-күйіндегі өзгерістерді ескермегенде, тауарлар Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына олардың көрмеге немесе жәрмеңкеге жөнелтілген кездегі жай-күйінде әкелінгенде импорттаушы көрмелерде немесе жәрмеңкелерде сатып алған тауарлар тура беру қағидаларына сай келеді.
6. Тура беру және тікелей сатып алу қағидаларының сақталуын растайтын құжаттар Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдарына ұсынылуға тиіс. Аталған құжаттар кеден органдарына ұсынылмаған жағдайда, тарифтік преференциялар берілмейді.
Кеден органы кедендік декларацияны тіркеген күнінен бастап 12 ай ішінде кеден органдарына осы тармақта көрсетілген құжаттар ұсынылған жағдайда, тарифтік преференциялар қолданылады (қалпына келтіріледі).
9-бөлім. Құжаттамалық куәландыру
1. Тауардың бенефициар елде шығарылғанын куәландыру үшін тарифтік преференцияларды беру мақсатында «А» нысанындағы тауардың шығарылуы туралы сертификатты ресімдеуге қойылатын талаптарға (№ 2 қосымша) сәйкес толтырылған сертификаттың (№ 1 қосымша) түпнұсқасы ұсынылады.
2. Сертификат бір тауар партиясына ресімделеді және беріледі.
3. Тарифтік преференциялар беру мақсатында сертификаттың қолданылу мерзімі оның берілген күнінен бастап 12 аймен шектеледі.
4. Сертификат ағылшын тілінде толтырылады. Қажет болған кезде, кеден органдары сертификат ұсынылатын кеден органына Кеден одағына мүше мемлекеттің мемлекеттік тіліне сертификаттың аударылуын талап етуі мүмкін.
5. Кеден органдарына сертификат басылған түрде қағаз жеткізгіште ұсынылады.
Тауарларды электрондық нысанда кедендік декларациялау кезінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес көзделген жағдайларда және тәртіппен тауарлар шығарылғанға дейін сертификатты сканерленген түрде ұсынуға жол беріледі. Бұл ретте, кеден органының сұрау салуы бойынша қағаз жеткізгіште сертификаттың түпнұсқасы ұсынылуға тиіс. Қағаз жеткізгіште сертификаттың түпнұсқасы кеден органының сұрау салуы бойынша ұсынылмаған жағдайда тарифтік преференциялар берілмейді.
6. Сертификаттың түпнұсқасы кеден органында сақталады.
7. Сертификаттағы тауардың сипаттамасы оны кеден органы кедендік декларациялау кезінде мәлімделген тауармен сәйкестендіруі үшін жеткілікті болуы тиіс.
8. Тарифтік преференциялар сертификатта көрсетілген тауардың санына қатысты ұсынылады. Берілген тауарлардың іс жүзіндегі салмағы сертификатта көрсетілген салмағының 5 %-ынан аспаған жағдайда, тарифтік преференциялар тауардың іс жүзіндегі салмағына қатысты беріледі.
9. Сертификат жоғалған немесе бүлінген жағдайда, оның бенефициар елдің уәкілетті органы куәландырған оны телнұсқасы (көшірмесі) қабылданады.
10. Құны коммерциялық құжаттарға сәйкес 5000 АҚШ долларына балама сомадан аспайтын тауарлардың шағын партияларының өтуін куәландыру үшін тарифтік преференцияларды беру мақсатында сертификатты ұсыну талап етілмейді. Бұл жағдайда, тауардың шығарылуы туралы декларация ұсынылады.
Тауардың шығарылуы туралы декларацияда мәлімделген тауардың шығарылған елі туралы мәліметтердің анық еместігі белгілері анықталған жағдайда, Кеден одағының кеден заңнамасына сәйкес тауардың шығарылған елін растайтын құжатты ұсыну талап етілмейтін жағдайларды қоспағанда, кеден органының дәлелді талабы бойынша сертификаттың түпнұсқасы ұсынылады.
10-бөлім. Әкімшілік ынтымақтастық
1. Еуразиялық экономикалық комиссия бенефициар елдерден тауарлардың шығарылуы туралы сертификаттарды, декларацияларды куәландыратын және верификациялайтын бенефициар елдердің уәкілетті органдарының атаулары мен мекенжайлары туралы ақпаратты осы органдар пайдаланатын мөрлер бедерлерінің үлгілерімен бірге алады (егер осындай елдердің ұлттық заңнамасымен және тауарлардың шығарылуы туралы сертификаттар мен декларацияларды беру және верификациялау жөніндегі өкілеттіктер әртүрлі органдарға берілген болса).
Мөрлер бедерлерінің үлгілері түпнұсқада ұсынылуы тиіс және олардың төлнұсқалылығына бірмәнді сәйкестендіруді жүргізу мақсатында үшін анық болуы тиіс.
2. Бенефициар елдер Еуразиялық экономикалық комиссия осы бөлімнің 1-тармағында көрсетілген ақпараттың кез келген өзгерістері туралы дереу хабар береді.
3. Еуразиялық экономикалық комиссиясы осы бөлімнің 1-тармағының талаптарына сай келетін бенефициар елдерден алынған ақпаратты Кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органдарына дереу жібереді. Кеден одағына мүше мемлекеттердің орталық кеден органдарына бұдан бұрын жіберілген ақпарат өзгерген жағдайда, Еуразиялық экономикалық комиссия осындай ақпарат бенефициар елдің өтінішінде бар болған жағдайда бенефициар елдің уәкілетті органының жаңа мөрлері пайдаланылатын күнді көрсетеді.
4. Еуразиялық экономикалық комиссия өзінің ресми интернет-сайтында бенифициар елдерден алынған осы бөлімнің 1-тармағының талаптарына сай келетін бенефициар елдердің уәкілетті органдарының атауы және олардың мекенжайлары туралы ақпаратты орналастырады.
5. Осы бөлімнің талаптарына жауап беретін ақпаратты бермей, осы бөлімнің талаптарына жауап бермейтін ақпаратты берген бенефициар елдерде шығарылатын тауарларға қатысты тарифтік преференциялар берілмейді.
6. Әрбір бенефициар ел осы Ережені, оның ішінде әкімшілік ынтымақтастық шарттарын сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдайды.
7. Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы сертификаттың берілмегенін немесе сертификатта (тауардың шығарылуы туралы декларацияда) анық емес мәліметтердің қамтылғандығын көрсететін белгілерді байқаған кезде Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы бенефициар-елдердің уәкілетті органына сертификаттың (тауардың шығарылуы туралы декларацияның) төлнұсқалылығын және (немесе) ондағы мәліметтердің анықтығын растауды немесе қосымша не нақтылайтын, оның ішінде тауарлардың шығарылу критерийлерінің орындалуы және (немесе) соның негізінде осындай сертификат берілген құжаттардың көшірмелері туралы мәліметтерді беруді дәлелді түрде өтініп, сұрау салумен жүгінуге құқылы.
Верификациялау туралы сұрау салуға тексерілген сертификаттың (тауардың шығарылуы туралы декларацияның) көшірмесі қоса беріледі.
Сұрау салуда оны жолдаудың себебі және (немесе) іріктеу негізінде верификациялау жүргізілетін жағдайларды қоспағанда, сертификатта (тауардың шығарылуы туралы декларацияда) қандай мәліметтер анық емес болуы мүмкін екендігін көрсететін басқа да қосымша ақпарат көрсетіледі.
8. Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы бенефициар елдердің уәкілетті органдарына сұрау салуды жолдаған кезде верификациялау нәтижесін алғанға дейін әкелінетін тауарларға қатысты тарифтік преференциялар берілмейді.
Верификациялау нәтижелері туралы ақпарат мүмкіндігінше қысқа мерзімде сұрау салуды жолдаған кеден органына жіберілуге тиіс.
Алынған нәтижелер тауарлардың шығарылған елін растайтын құжаттардың төпнұсқасы болып табылатынын және (немесе) сұрау салуда көрсетілген тауарлар осы Ережеге сәйкес бенефициар елдерде шығарылған тауарлар болып табылатыны туралы, сондай-ақ осы Ереженің басқа талаптарын орындау туралы дәлме-дәл растауы тиіс.
11-бөлім. Тарифтік преференцияларды беруден бас тарту үшін
негіздер
1. Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары, егер:
1) осы Ереженің 7-бөлімінде көзделген тарифтік преференцияларды берудің шарттары сақталмаған;
2) Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден органдары бенефициар елдің уәкілетті органдарынан сертификаттың берілмегені, күшінің жойылғандығы (бас тартылғандығы) немесе жарамсыз, анық емес немесе толық емес құжаттардың және (немесе) мәліметтердің негізінде берілгендігі туралы мәліметтер алған;
3) сертификатта сипатталған тауарды кедендік декларациялау кезінде мәлімделген тауармен сәйкестендіру мүмкін болмаса;
4) осы Ереженің 10-бөлімінің 7-тармағында көрсетілген сұрау салу жолданған күннен бастап 6 ай ішінде бенефициар елдің уәкілетті органынан сұратылған сертификатқа (тауардың шығарылуы туралы декларацияға) қатысты жауап алмаған немесе алынған верификациялау нәтижелері сертификаттардың (тауардың шығарылуы туралы декларациялардың) төлнұсқалылығын және (немесе) тауарлардың нақты шығарылғанын анықтауға мүмкіндік бермеген;
5) осы Ереженің 9-бөлімінің 5, 10-тармақтарында көзделген жағдайларда, кеден органының талабы бойынша сертификаттың түпнұсқасы ұсынылмаған жағдайларда, бенефициар елден шығарылатын және әкелінетін тауарларға қатысты тарифтік преференцияларды беруден бас тартады.
2. Осы Ереженің 7-бөлімі 1-тармағының 1)–3) тармақшаларында көзделген тарифтік преференцияларды беру шарттары сақталмаған жағдайда, Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы бенефициар елдердің уәкілетті органына сертификатты верификациялауды жүргізу туралы сұрау салуды жолдамастан тарифтік преференцияларды беруден бас тарту туралы шешімді қабылдайды.
3. Тарифтік преференцияларды беру мақсаттары үшін тиісті түрде ресімделген сертификат немесе сұратылған мәлімет ұсынылғанға дейін тауар бенефициар елден шығарылған болып саналмайды.
Бенефициар елдің уәкілетті органынан сертификаттың (тауарлардың шығарылуы туралы декларацияның) төлнұсқалылығын және (немесе) онда қамтылған мәліметтердің анықтығын растайтын немесе қосымша не нақтылайтын, оның ішінде тауарлардың шығарылу критерийлерінің орындалуы туралы мәліметтері бар жауап алынғаннан кейін, егер осындай жауап сұрау салу жолданған күннен бастап 6 айдан кешіктірілмей сұрау салған Кеден одағына мүше мемлекеттің кеден органы алған болса, осындай тауар үшін тарифтік преференциялар ұсынылады.
Тауарлардың дамушы және
аз дамыған, Кеден одағы тарифтік
преференцияларының бірыңғай
жүйесін пайдаланушы елдерден
шығарылғанын айқындау ережесіне
№ 1 қосымша
Тауарлардың дамушы және аз дамыған,
Кеден одағы тарифтік
преференцияларының бірыңғай жүйесін
пайдаланушы елдерден шығарылғанын
айқындау ережесіне
№ 2 қосымша
«А» нысанындағы тауарлардың шығарылуы туралы сертификаттарды
ресімдеуге қойылатын талаптар
Жалпы ережелер
«А» нысанындағы тауардың шығарылуы туралы сертификат (бұдан әрі – сертификат) бланкісі қорғаныш торкөзі немесе қорғаныш түсті жиегі бар типографиялық тәсілмен қағазда дайындалады және Ережеге 1-қосымшада келтірілген ағылшын немесе француз тілдеріндегі сертификат үлгісіне сәйкес болуға тиіс.
Сертификатты толтыру бойынша талаптары бар ескертпе бланкінің келесі жағында типографиялық тәсілмен сертификат толтырылған сол тілде және кез келген басқа тілде де басылуы мүмкін не толығымен немесе ішінара болмауы мүмкін.
Сертификат (төменде көрсетілген жекелеген белгілерді қоспағанда) баспа тәсілімен толтырылған болуға тиіс.
Сертификатта адамдардың қолтаңбасының факсимилесін пайдалануға, қандай да бір тазартулардың және түзетулердің болуына жол берілмейді. Сертификатқа енгізілетін түзетулер қате деректерді сызып тастау және қажетті мәліметтерді басу жолымен жүргізілуі мүмкін. Әрбір осындай түзету сертификатты беруге уәкілетті құзыретті органның мөрімен куәландырылады.
Бір сертификатта бірнеше тауар туралы мәліметтер мәлімделуі мүмкін.
Сертификатта міндетті түрде анықтама (тіркеу) нөмірі қойылуы, сондай-ақ 1, 7–9, 11 және 12-бағандары толтырылуы тиіс.
Сертификаттың 5–10-бағандарында, пайдаланылмаған орындар, сондай-ақ оған қосымша парақтар оларға қандай да бір қосымша мәліметтерді енгізудің алдын алу мақсатында сызып тасталуға тиіс.
Сертификаттың оң жақ жоғары бұрышында орналасқан баған
Сертификаттың анықтама (тіркеу) нөмірі көрсетіледі. Сертификаттың анықтама (тіркеу) нөмірін қолмен жазуға жол беріледі.
Сертификат берілген елдің атауы көрсетіледі.
1-баған
Тауарды экспорттаушының (берушінің), келісім шарт бойынша тауарды сатушының немесе тауарды өндірушінің атауы мен мекенжайы көрсетіледі.
2-баған
Алушының немесе сатып алушының атауы мен мекенжайы көрсетіледі.
Бағанды толтырмауға жол беріледі.
3-баған
Тауарлар мен көлік құралдарының тасымалдау маршруты туралы мәліметтер (белгілі болу мүмкіндігіне қарай) көрсетіледі.
4-баған
Арнайы белгілер үшін пайдаланылады.
Бүлінген не жоғалған сертификаттың телнұсқасы берілген жағдайда, 4-бағанда бенефициар елдің уәкілетті органы «duplicate» деген белгі қояды. Бұл ретте, сертификат телнұсқасының қолданылу мерзімі сертификат түпнұсқасы берілген күнінен бастап есептеледі.
Егер тауар жөнелтілгеннен кейін сертификат берілген жағдайда, бағанда «issued retrospectively» немесе «issued retroactively» деген белгілі қойылады.
Бенефициар елдің уәкілетті органы қандай да бір себептер бойынша бұрын берілген сертификаттың күшін жойған кезде 4-бағанына жаңадан берілген сертификат «issued instead» деген жазба жазылады, бұл күші жойылған сертификаттың нөмірі мен күні көрсетіле отырып оның орнына сертификат берілгенін белгілеуге мүмкіндік береді.
Бағанды толтырмауға жол беріледі.
5-баған
Бір сертификатта бірнеше тауар туралы мәліметтер мәлімделген жағдайда, әрбір тауардың алдына оның сертификаттағы реттік нөмірі көрсетіледі.
Бағанды толтырмауға жол беріледі.
6-баған
Жүк орындарының саны мен таңбалау туралы деректер көрсетіледі. Егер сертификатта бірнеше тауар туралы мәліметтер көрсетілсе, деректер олардың арасындағы жоларалықтарсыз беріледі немесе мұндай жоларалықтар үстінен сызылады. «no marks» немесе «N/M» деп жазуға жол беріледі.
Бағанды толтырмауға жол беріледі.
7-баған
Тауардың коммерциялық атауы, өңделу түрі (мысалы, жас, кептірілген, тұздалған және т.б.), оның моделі, маркасы, кедендік декларациялау мақсаты үшін мәлімделгенмен тауарларды біркелкі сәйкестендіруді жүргізуге мүмкіндік беретін басқа деректер, сондай-ақ өлшеп орау, орам түрі және тауар орындарының саны көрсетіледі.
Егер тауарларды сипаттау үшін баған жолында орын жетіспесе, сертификатты куәландырушы бенефициар елдің уәкілетті органының қолтаңбасымен және мөрімен куәландырылуы және сертификаттың негізгі парағымен бірдей тіркеу нөмірі болуы тиіс, сертификаттың негізі парағы сияқты осындай бланкілерді орындалған қосымша парақтары пайдаланылады.
Осы бағанда келісімшарттың өзіндік ерекшелігіне сілтеме болған жағдайда, соңғысының көшірмесі де бенефициар елдің уәкілетті органының мөрімен куәландырылуы тиіс.
Егер сертификатта бірнеше тауар туралы мәліметтер көрсетілсе, тауарлардың сипаттамасы олардың арасындағы жоларалықтарсыз беріледі немесе мұндай жоларалықтар арылу критерийлері үстінен сызылады.
8-баған
Тауардың шығарылу критерийлері көрсетіледі:
«Р» - тауар толығымен бенефициар елде өндірілген;
«Y» (франко-зауыт шартындағы өнімнің бағасында бенефициар елде шығарылмаған және (немесе) шығарылуы белгісіз материалдар құнының пайыздық үлесін көрсетіле отырып, мысалы «Y15 %») - тауар жеткілікті өңдеуге немесе қайта өңдеуге ұшыраған;
«Рk» - тауар бенефициар елдердің бірінде өндірілген және басқа бенефициар елдерде (бір немесе бірнеше) өңдеуге немесе қайта өңдеуге ұшыраған.
Тауардың шығарылуы критерийлері сертификаттың 7-бағанында мәлімделген әрбір тауар үшін белгіленуі тиіс.
Егер сертификатта әртүрлі тауарлар мәлімделсе, олардың бір бөлігі Тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестірілген жүйесінің төрт мәнді тауар позициясының бірінде жіктеледі, 8-бағанда осы төрт мәнді тауар позициясының барлық тауарлары үшін шығарылу критерийлерінің бір әріппен белгіленуін көрсетуге жол беріледі.
9-баған
Тауардың салмағы (брутто) немесе тауар саны туралы өзге де деректер көрсетіледі. Егер сертификатта бірнеше тауар мәлімделсе, тауардың салмағы (брутто) немесе саны туралы өзге де деректер атаудың әрқайсысы үшін жеке беріледі.
10-баған
Шот-фактураның (инвойстың) немесе шот-проформаның нөмірі мен күні көрсетіледі. Бағанда сертификатта мәлімделген барлық тауар үшін бір жалпы шот-фактура (инвойс) немесе шот-проформа сияқты, қажет болған кезде кейбір жеке аталған тауарлар үшін бірнеше шот-фактура (инвойс) немесе шот-проформа да көрсетіледі.
Бағанды толтырмауға жол беріледі.
11-баған
Бағанда сертификаттың куәландырылған күні мен жері, бенефициар елдің уәкілетті органының атауы мен мөрі туралы деректер, сондай-ақ көрсетілген органның лауазымды адамының қолтаңбасы қамтылады.
Сертификаттың куәландырылған күні, орны және тауар шығарылған елдің тілінде бенефициар елдің уәкілетті органының атауы туралы деректерді көрсетуге жол беріледі.
Баспадан өзге тәсілмен сертификаттың куәландырылған күні мен орнын көрсетуге жол беріледі.
Қажет болған кезде мөрдің төлнұсқалылығын сәйкестендіруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін оның анық бедері болуы тиіс.
Қолтаңба сертификаттың төлнұсқалығын растайтын қосымша ақпарат ретінде қаралады.
12-баған
Жоғарғы жолда тауардың шығарылған елінің атауы көрсетіледі.
Ортаңғы жолда Кеден одағына мүше мемлекеттің атауы көрсетіледі.
Төменгі жолда сертификаттың толтырылған орны мен күні көрсетіледі. Сертификатта берілген мәліметтерге 1-бағанда көрсетілген экспорттаушының (берушінің) уәкілетті адамы осы бағанда қол қояды. Бағанда экспорттаушы (беруші) мөрінің болу міндетті талап болып табылмайды.
Тауар шығарылған елдің тілінде сертификатты толтыру орны және күні туралы деректерді көрсетуге жол беріледі.
Сертификаттың куәландырылған күнін және орнын баспадан өзге тәсілмен көрсетуге жол беріледі.