Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 маусымдағы № 573 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 38, 333-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1-тармақта «тиімділігін» деген сөз «тиімділігіне бағалау жүргізу» деген сөздермен ауыстырылсын;
көрсетілген қаулымен бекітілген Облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарының бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу ережесінде:
7-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«6) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімінің өңірлік даму жөніндегі орталық уәкілетті органға бағалау нәтижелері бойынша ақпарат ұсыну мерзімдерін қамтиды.»;
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«11. Тиімділікті бағалауды жалпы әдіснамалық жетекшілік етуді өңірлік даму жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.»;
15-тармақ мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:
«7) мемлекеттік органдарды құқықтық қамтамасыз ету.»;
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«16. Осы Ереженің 15-тармағында көрсетілген қызметтің әрбір бағыты бойынша Жүйенің 10-тармағында айқындалған тиімділікті бағалауды жүргізуге уәкілетті орталық мемлекеттік органдар атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау өлшемдері мен көрсеткіштері айқындалатын өңірлік даму жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісілген тиісті әдістемелерді әзірлейді және бекітеді.»;
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«23. Қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және іске асыру тиімділігін бағалау жөніндегі әдістемені әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді өңірлік даму жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.»;
32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«32. Осы бағыт бойынша тиімділікті бағалауды облыс әкімінің аппараты жүзеге асырады.»;
мынадай мазмұндағы 4.7-бөліммен толықтырылсын:
«4.7. Мемлекеттік органдарды құқықтық қамтамасыз ету тиімділігін бағалау
40-1. Осы бағыт бойынша бағалау аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарын құқықтық қамтамасыз ету бойынша шаралардың тиімділігін айқындау мақсатында жүзеге асырылады.
40-2. Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдарын құқықтық қамтамасыз етудің тиімділігін бағалауды облыс әкімінің аппараты жүзеге асырады.
40-3. Мемлекеттік органдарды құқықтық қамтамасыз ету тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлеу мен бекітуді және оны әдіснамалық сүйемелдеуді Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жүзеге асырады.»;
50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«50. Атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жалпы бағалау нәтижелері туралы қорытындының және атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері туралы Өңірлік сараптау комиссиясының сараптама қорытындысының форматтарын Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесімен келісім бойынша өңірлік даму жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайды.»;
53-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«53. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі ағымдағы жылдың 25 шілдесінен кешіктірмей, өңірлік даму жөніндегі орталық уәкілетті органға тиімділікке бағалау жүргізгені туралы есептік ақпаратты береді. Өңірлік даму жөніндегі орталық уәкілетті орган ағымдағы жылдың 15 тамызынан кешіктірмей облыстар, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдерінің есептері негізінде Жүйенің 58-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдарды бағалау бөлігінде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган берген жалпы тиімділікке бағалау нәтижелерін ескере отырып, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне қорытылған ақпаратты жібереді.»;
мынадай мазмұндағы 6.1-бөліммен толықтырылсын:
«6.1. Қайта ұйымдастырылған және таратылған мемлекеттік органдарға бағалау жүргізу тәртібі
60-1. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын жылдың бірінші жартыжылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда осы органды бағалау құқықтық мирасқор мемлекеттік органды бағалау шеңберінде жүзеге асырылады және құқықтық мирасқор мемлекеттік органды бағалаудың жиынтық балын есептеген кезде ескеріледі.
60-2. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын жылдың екінші жартыжылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде осы органды бағалау жүзеге асырылмайды. Бағаланатын жылдың екінші жартыжылдығында қайта ұйымдастырылған немесе таратылған мемлекеттік органның қызметін талдау құқықтық мирасқор мемлекеттік органды бағалау шеңберінде ескеріледі және ұсынымдар ретінде пайдаланылады.
60-3. Бағаланатын мемлекеттік орган бағаланатын кезеңнен кейінгі жылдың басынан бастап мемлекеттік органдардың есепті деректерді беру мерзімдерін бағалау кестесінде белгілегенге дейінгі кезеңде қайта ұйымдастырылған немесе таратылған кезде осы мемлекеттік органды бағалау бағаланатын кезеңдегі нәтижелер ескеріле отырып, жүзеге асырылады. Берілген функциялар мен өкілеттіктер бойынша бағалау нәтижелері құқықтық мирасқор мемлекеттік органға ұсынымдар ретінде беріледі.».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов