«Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 12) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының дивидендтік саясаты айқындалсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2013 жылғы 29 мамырдағы
№ 543 қаулысына
қосымша
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының
дивидендтік саясаты
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының дивидендтік саясаты (бұдан әрі – дивидендтік саясат) «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» 2012 жылғы 1 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының (бұдан әрі – қор) жарғысына және оның ішкі құжаттарына сәйкес әзірленді және қордың стратегиялық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Осы дивидендтік саясат қордың Директорлар кеңесі қордың өткен қаржы жылындағы таза табысын бөлу (шоғырландырылған негізде) тәртібі және Қордың бір жай акциясына шаққандағы дивидендтің бір жыл ішіндегі мөлшері туралы Қордың жалғыз акционеріне (бұдан әрі – жалғыз акционер) ұсыныстар дайындау кезінде басшылыққа алатын қағидаттарды айқындайды. Бұл ретте қордың Директорлар кеңесі жалғыз акционердің құқықтарын сақтау және дивидендтер төлеу арқылы да, қордың меншікті капиталын ұлғайту арқылы да оның кірісін арттыру мақсаттарын негізге алады.
2. Мақсаттары және негізгі қағидаттары
3. Осы дивидендтік саясат дивидендтердің мөлшерін айқындау және оларды жалғыз акционерге төлеу тетігінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді.
4. Дивидендтік саясат мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) жалғыз акционердің мүдделерін сақтау;
2) қордың және қор тобы компанияларының ұзақ мерзімді құнын ұлғайту;
3) қордың және қор тобы компанияларының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету; қордың қаражаты есебінен іске асырылатын инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қоса алғанда, қордың қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету;
4) дивидендтердің мөлшерін айқындау тетігінің ашықтығы;
5) жалғыз акционердің қысқа мерзімді (кіріс алу) және ұзақ мерзімді (қорды дамыту) мүдделерінің теңгерімділігі.
5. Қордың қор тобы компанияларымен қорға тиесілі акциялар пакеттеріне немесе қатысу үлестеріне дивидендтер төлеу мәселелері бойынша өзара қатынастарының негіздері мынадай қағидаттарды ескере отырып, қордың ішкі нормативтік құжатымен реттеледі:
1) қордың мемлекеттік акциялар пакетіне қордың дивидендтерді кепілді төлеуін қамтамасыз ету;
2) қордың қаражаты есебінен іске асырылатын қызметтің жаңа түрлері мен инвестициялық жобаларды қаржыландыруды қоса алғанда, қордың қызметін қаржыландыруды қамтамасыз ету;
3) қор тобы компанияларының дамуға, оның ішінде өзінің инвестициялық қызметіне жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру қажеттілігі;
4) компаниялардың қаржылық орнықтылығы мен өтімділігінің көрсеткіштері негізінде айқындалатын олардың кемелдену дәрежесіне және олардың қаржылық-экономикалық ахуалына байланысты қор тобының компаниялары дивидендтерінің мөлшерін айқындаудың сараланған тәсілі;
5) төлеуге жататын дивидендтердің мөлшерін қордың инвестициялық-инновациялық комитеті пайда есебінен игеруге мақұлдаған компаниялардың инвестициялық шығыстары сомасына азайту;
6) төлеуге жататын дивидендтердің мөлшерін компаниялардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарына капиталдандырылатын шығындар сомасына азайту;
7) қор тобының компаниялары (ковенанттары) жасасқан шарттарда белгіленген шектеулердің сақталуы: егер есептелген дивидендтердің сомасы компаниялар (ковенанттар) жасасқан шарттарда белгіленген шектеулерден асып кетсе, онда мұндай сома жол берілетін төлемге дейін азаюы жағына түзетіледі.
3. Дивидендтер есептеу мөлшерлерін айқындаудың негізгі тәсілдемесі
6. Қордың Директорлар кеңесі белгілеген тәртіппен бекіткен қордың даму жоспарында өткен қаржылық жылдың қорытындылары бойынша жалғыз акционерге төленетін қордың жоспарланатын дивидендтерінің көлемі көзделеді.
7. Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына және қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына (ҚЕХС) сәйкес жасалған қордың жылдық қаржылық есептілігінде көрсетілген қордың шоғырландырылған таза табысы сомасын ескере отырып, дивидендтер мөлшерінің есебі жүргізіледі.
8. Жалғыз акционерге қор төлейтін қордың есептік жылғы шоғырландырылған таза табысынан дивидендтерді есептеу мөлшерін есептік қаржы жылынан кейінгі жылға арналған республикалық бюджетте көзделген дивиденд сомасынан кем болмайтындай етіп жалғыз акционер белгілейді.
9. Егер жалғыз акционер өзгеше көздемесе, шоғырландырылған таза табысының қалған бөлігі мынадай:
1) өткен жылдардың шығындарын өтеу;
2) қор тобының инвестициялық бағдарламаларын іске асыру;
3) қордың Директорлар кеңесінің шешімі бойынша рентабельділігі төмен әлеуметтік маңызы бар және/немесе индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру;
4) өтеудің өзге көзі жоқ міндеттемелерді өтеу үшін резерв құру мақсаттарына қол жеткізу үшін қордың иелегінде қалады.
10. Қордың Директорлар кеңесі дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау үшін жалғыз акционердің қарауына қордың өткен қаржы жылындағы таза пайдасын бөлу (шоғырландырылған негізде) және қордың бір жай акциясына есеппен жылына дивидендтің мөлшері туралы ұсыныстарды береді.
4. Дивидендтерді төлеу нысаны мен мерзімі
11. Қордың жарғысына сәйкес дивидендтер жалғыз акционерге ақшамен төленеді.
12. Дивидендтер көрсетілген шешім қабылданған күнтізбелік жылдың аяқталуынан кешіктірілмей, жалғыз акционердің шешімімен белгіленген мерзімде төленеді.