"Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 27 маусымдағы № 859 қаулысына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 22 мамырдағы № 509 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 27 маусымдағы № 859 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 59, 818-құжат) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алуды жүргізу қағидаларында:
      мынадай мазмұндағы 10-1, 10-2, 10-3-тармақтармен толықтырылсын:
      «10-1. Ұйымдардың басшылары жеті жұмыс күнінің ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) ЖӘБО-на әскери міндеттілердің, әскерге шақырылушылар мен әскерге шақыру жасына дейінгілердің сандық және сапалық құрамын растайтын құжаттарды ұсынады.
      10-2. Азаматтық хал актілерін жазу органдары жеті жұмыс күнінің ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) ЖӘБО-на әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылардың тегін, аты мен әкесінің атын (ол бар болған кезде), туған күні мен жерін ауыстырғаны туралы, сондай-ақ әскери міндеттінің немесе әскерге шақырылушының қайтыс болғанын тіркеу жағдайлары туралы хабарлайды.
      10-3. Халықты әлеуметтік қорғау органдары жеті жұмыс күнінің ішінде аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) ЖӘБО-на мүгедек деп танылған барлық әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы хабарлайды.»;
      64-тармақтың 3) тармақшасы алынып тасталсын;
      мынадай мазмұндағы 64-1-тармақпен толықтырылсын:
      «64-1. Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу және тіркеу есебінен алу туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың мемлекеттік ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) ЖӘБО-сына беріледі.».
      2. Орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдар бұрын қабылданған нормативтік құқықтық актілерді осы қаулыға сәйкес келтірсін.
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов