Экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесін құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 13 наурыздағы № 232 қаулысы

Қолданыстағы

      Экономикалық интеграция және Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуі шеңберінде экономиканың жаңа жағдайларға интеграциялануы және бейімделуі мәселелері бойынша талдамалық жұмысты үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес құрамда экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) құрылсын.
      2. Қоса беріліп отырған Үйлестіру кеңесі туралы ереже бекітілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 13 наурыздағы
№ 232 қаулысына   
қосымша        

Экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі үйлестіру
кеңесінің құрамы

Келімбетов               - Қазақстан Республикасы Премьер-
Қайрат Нематұлы            Министрінің орынбасары, төраға

Жақсылықов               - Қазақстан Республикасы Экономика және
Тимур Мекешұлы             бюджеттік жоспарлау вице-министрінің
                           міндетін атқарушы, төрағаның орынбасары

Бәкенов                  - Қазақстан Республикасы Экономика және
Ернар Бахытжанұлы          бюджеттік жоспарлау министрлігі
                           Халықаралық экономикалық интеграцияны
                           реттеу департаментінің директоры, хатшы

Ақышев                   - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі
Данияр Талғатұлы           Төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

Көмекбаев                - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет
Әли Амантайұлы             істері агенттігі төрағасының орынбасары
                           (келісім бойынша)

Жошыбаев                 - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер
Рәпіл Сейітханұлы          министрлігінің жауапты хатшысы

Сафинов                  - Қазақстан Республикасы Мұнай және газ
Қанатбек Бейсенбекұлы      министрлігінің жауапты хатшысы

Pay                      - Қазақстан Республикасының Индустрия және
Альберт Павлович           жаңа технологиялар бірінші вице-министрі

Ақшолақов                - Қазақстан Республикасының Мұнай және газ
Болат Оралұлы              вице-министрі

Байжүнісов               - Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау
Ерік Әбенұлы               вице-министрі

Баймолдина               - Қазақстан Республикасының Әділет
Зәуреш Хамитқызы           министрінің орынбасары

Бектұров                 - Қазақстан Республикасының Көлік және
Азат Ғаббасұлы             коммуникация вице-министрі

Бөрібаев                 - Қазақстан Республикасының Мәдениет және
Асқар Исмайылұлы           ақпарат вице-министрі

Громов                   - Қазақстан Республикасының Қорғаныс
Сергей Николаевич          министрінің орынбасары

Дәленов                  - Қазақстан Республикасының Қаржы
Руслан Ерболатұлы          вице-министрі

Егемберді                - Қазақстан Республикасының Еңбек және
Ерғали Қуандықұлы          халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

Ысқақов                  - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны
Марлен Нұрахметұлы         қорғау вице-министрі

Ордабаев                 - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер
Самат Исламұлы             министрінің орынбасары

Смайылов                 - Қазақстан Республикасының Төтенше
Жанболат Амангелдіұлы      жағдайлар вице-министрі

Тұрғымбаев               - Қазақстан Республикасының Ішкі істер
Ерлан Заманбекұлы          министрінің орынбасары

Өмірияев                 - Қазақстан Республикасының Ауыл
Мүслім Тайырұлы            шаруашылығы вице-министрі

Шаяхметов                - Қазақстан Республикасының Білім және
Саят Болатұлы              ғылым вице-министрі

Жарқынбаев               - Қазақстан Республикасы Статистика
Жасер Әзімханұлы           агенттігі төрағасының орынбасары

Дүйсебаев                - Қазақстан Республикасы Табиғи
Асылбек Жексенбайұлы       монополияларды реттеу агенттігі
                           төрағасының орынбасары

Мәтішев                  - Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті
Әлиакпар Болатұлы          қорғау агенттігі төрағасының орынбасары

Омаров                   - Қазақстан Республикасы Спорт және дене
Мұрат Ескелдіұлы           шынықтыру істері агенттігі төрағасының
                           орынбасары

Шаймағамбетов            - Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш
Еркін Мұстафаұлы           агенттігі төрағасының орынбасары

Дүйсебаев                - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік
Әбілсейіт Оразақынұлы      комитеті қызметінің директоры (келісім
                           бойынша)

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2013 жылғы 13 наурыздағы
№ 232 қаулысымен  
бекітілген      

Экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі
туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, өзге де нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
      3. Кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен, жеке кәсіпкерлік субъектілерімен және олардың бірлестіктерімен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуі, сондай-ақ интеграцияны одан әрі дамыту және Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселелері бойынша өзара іс-қимылда жүзеге асырады.
      4. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатқа ие.

2. Кеңестің міндеттері мен функциялары

      5. Кеңестің негізгі міндеттері:
      1) Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) шешімдері мен ұсынымдары бойынша ұсыныстар қалыптастыру;
      2) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуіне байланысты проблемалық мәселелерді талдауды жүзеге асыру;
      3) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуіне байланысты, сондай-ақ интеграцияны одан әрі дамыту және Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселелерін шешуде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын, ұйымдарын, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін, жеке кәсіпкерлік субъектілерін және олардың бірлестіктерін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      4) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық базасын құрайтын халықаралық шарттардың, Комиссия шешімдерінің қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
      6. Негізгі міндеттерді орындау мақсатында Кеңес мынадай функцияларды атқарады:
      1) экономикалық интеграцияны дамыту жағдайларында ұлттық экономикада бәсекеге қабілетті өндірістердің дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша ұсыныстарды қарайды;
      2) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық базасын Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына имплементациялау, стратегиялық мақсаттарға және мемлекеттік органдар мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының тиімділігі мен өзара іс-қимылын арттырудың міндеттеріне қол жеткізу, Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру шеңберінде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша ұсыныстар, ұсынымдар және консультативтік қорытындылар дайындайды және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
      3) экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі зерттеулердің өзекті тақырыптары бойынша ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін үйлестіру бойынша ұсыныстар әзірлейді.

3. Кеңестің құқықтары

      7. Кеңес өз міндеттерін жүзеге асыру мақсатында Қазақстан
Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
      1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті құжаттарды, материалдарды және экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі ақпаратты сұратады;
      2) Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуі, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақты одан әрі интеграциялауды дамыту және құру мәселелері бойынша ұсынымдар береді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізеді;
      3) Қазақстан Республикасы мемлекеттік ұйымдарының, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің, жеке кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерінің өкілдерін Кеңес отырыстарына шақырады және тыңдайды;
      4) Кеңес шеңберінде экономикалық интеграция проблематикасының жекелеген бағыттары бойынша арнайы жұмыс топтарын құрады.

4. Кеңес қызметін ұйымдастыру

      8. Кеңесті төраға басқарады.
      9. Кеңес төрағасы:
      1) Кеңестің жұмысына жалпы басшылықты жүзеге асырады;
      2) Кеңес отырыстарында төрағалық етеді;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі алдында Кеңес жұмысының қорытындылары туралы есеп береді.
      10. Кеңес хатшысы:
      1) Кеңес жұмысының жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
      2) Кеңес отырыстарының күн тәртібі жобасын қалыптастырады;
      3) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдердің жобаларын дайындауды ұйымдастырады;
      4) Кеңес мүшелері мен шақырылған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің, жеке кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктерінің өкілдеріне Кеңестің кезекті отырысының өткізілетін орны, уақыты мен күн тәртібі туралы хабарлайды;
      5) Кеңес отырыстарының хаттамаларынан үзінді көшірмелерді өзінің қолын қою арқылы куәландырады.
      11. Кеңестің отырысын төраға өз бастамасы, Кеңес төрағасы орынбасарының бастамасы не Кеңес мүшесінің бастамасы бойынша Кеңестің қарауына ұсынылатын материалдар негізінде шақырады.
      12. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда кемінде бір рет өткізіледі және егер онда Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Кеңес отырыстарын өткізудің нәтижелері бойынша хаттама жасалады, оған міндетті түрде барлық мүшелері қол қояды.
      13. Кеңес отырыстарына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін басқа да мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасының ғылыми-зерттеу органдарының, бизнес-қоғамдастықтарының және өзге де ұйымдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
      14. Төраға болмаған кезде отырыстарда Кеңес төрағасының орынбасары төрағалық етеді.
      15. Кеңес шешімдері ашық дауыс берумен қабылданады және Кеңеске қатысып отырған мүшелердің көпшілігі дауыс берсе, шешім қабылданған болып есептеледі.
      16. Кеңес мүшелері шешім қабылдауда тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
      17. Кеңес мүшелері ерекше пікір білдіруге құқылы, пікір білдірілген жағдайда ол жазбаша түрде баяндалуға және хаттамаға қоса тіркелуге тиіс.
      18. Қажет болған жағдайда, Кеңес шешімдері Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарына Кеңес отырыстарының хаттамасынан үзінді көшірмелерді жолдау арқылы жеткізіледі.
      19. Кеңестің жұмыс органының функцияларын Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жүзеге асырады.
      20. Кеңестің жұмыс органы:
      1) Кеңесте қарау үшін ұсыныстарды жинауды жүзеге асырады, Кеңестің қарауына мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар енгізетін ұсыныстарды қалыптастырады;
      2) Кеңес шешімдерінің орындалуын бақылайды;
      3) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдардан Кеңестің міндеттерін орындау үшін қажетті ақпаратты сұратады.