Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне "Қолжетімді тұрғын үй - 2020" бағдарламасы шеңберінде 2013 жылға арналған тұрғын үй кұрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үйлерді жобалауға, салуға және (немесе) сатып алуға кредит беру шарттары туралы туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 25 ақпандағы № 174 қаулысы

Қолданыстағы

      «2013 - 2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 қарашадағы № 1520 қаулысының 15-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы шеңберінде 2013 жылға арналған тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үйлерді жобалауға, салуға және (немесе) сатып алуға кредит беру шарттары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарымен кредиттік шарттар жасасуды;
      2) кредиттік шарттар талаптарының орындалуын бақылауды;
      3) бюджеттік кредиттердің мақсатты және тиімді пайдаланылуын, өтелуін және қызмет көрсетілуін бақылау мен мониторингілеуді қамтамасыз етсін.
      3. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігіне және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне кредиттерді игеру туралы ақпарат берсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігіне жүктелсін .
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С.Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің       
2013 жылғы 25 ақпандағы
№ 174 қаулысымен   
бекітілген       

Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы шеңберінде 2013 жылға арналған тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үйлерді жобалауға, салуға және (немесе) сатып алуға кредит беру шарттары

      1. Қарыз алушыларға кредиттер беру үшін мынадай негізгі шарттар
белгіленеді:
      1) облыстардың, Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдарының (бұдан әрі - қарыз алушылар) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігіне (бұдан әрі - кредитор) мәслихаттардың 2013 жылға арналған облыстық бюджеттерде, Астана және Алматы қалаларының бюджеттерінде тиісті түсімдерді көздейтін шешімдерін ұсынуы;
      2) «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы қарыз алушыларға 30152400000 (отыз миллиард жүз елу екі миллион төрт жүз мың) теңге сомасында кредиттер тұрғын үйлерді жобалауға, салуға және (немесе) сатып алуға 9 (тоғыз) жыл мерзімге сыйақының 0,01 % ставкасы бойынша беріледі;
      3) кредиттерді игеру кезеңі кредитордың шотынан кредиттер аударылған сәттен бастап есептеледі және 2014 жылғы 10 желтоқсанда аяқталады.
      2. Кредиттерді беру, өтеу және қызмет көрсету жөніндегі қосымша
шарттар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес кредиттік
шартта белгіленеді.