Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 12 ақпандағы № 126 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер енгізілсін:
      1) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде:
       36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «36. Кадрлық және ұйымдастырушылық сипаттағыны қоспағанда, қаулылардың жобалары Конституцияға, заңнамалық актілерге, Президенттің, Үкімет пен Премьер-Министрдің актілеріне сәйкестік мәніне заңдық сараптама жүргізуге жауапты Әділет министрлігімен, сондай-ақ Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен міндетті түрде келісілуге тиіс. Әділет және/немесе Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің қорытындысы теріс болған жағдайда, егер Премьер-Министр өзгеше айқындамаса, қаулының жобасы Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізілмейді.»;
       78-тармақтың алтыншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізілетін Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларына әзірлеуші мемлекеттік органның, Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің бірінші басшылары міндетті түрде бұрыштама соғады.»;
       79-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «2) Премьер-Министр (Премьер-Министрдің міндетін атқарушы тұлға), Кеңсе Басшысы, жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның әрі Әділет және Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің, басшылары бұрыштама соққан Президент актісінің тиісті бланкідегі жобасы. Мүдделі мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының бұрыштамалары Президент Жарлығы жобасының келісу парағына ғана қойылады. Президент актісінің жобасы мен оған қосымшаның әр парағына жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы қол қоюы тиіс.
      Премьер-Министрдің Кеңсесінде пысықталған Президент актісінің енгізілетін жобасына Үкіметке енгізілген Президент актісінің әзірлеуші органның, Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің бірінші басшыларының бұрыштамасы бар жобасын қоса тіркеуге рұқсат етіледі;»;
       88-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «88-1. Заң жобалары Конституцияға, заңнамалық актілерге сәйкестігі мәніне заңдық сараптама жүргізуге жауапты Әділет министрлігімен, сондай-ақ заң жобасын республикалық бюджет қаражатымен қамтамасыз етуге және мемлекеттік жоспарлау жүйесіне, халықаралық экономикалық интеграция, сауда қызметі бағыттарына, мемлекеттік басқару жүйесін дамытуға, әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі басымдықтарына сәйкестігі мәніне сараптама жүргізуге жауапты Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен міндетті түрде келісілуге тиіс. Әділет және/немесе Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктері теріс қорытынды берген жағдайда, егер Премьер-Министр өзгеше айқындамаса, заң жобасы Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізілмейді.»;
       98-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «98-2. Таныстыруға заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы және лауазымды тұлғалары, тиісті заң жобасын келісуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың басшылары, заң жобасын әзірлеуге қатысқан коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ғылыми сараптама жүргізуді жүзеге асырған сарапшылар шақырылады. Әділет және Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің басшылары заң жобаларын таныстыруға міндетті түрде қатысады.»;
       101-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «101. Үкіметтің бастамасы бойынша Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін заң жобаларының түпнұсқаларына міндетті түрде: заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның, Әділет және Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің басшылары, Кеңсе Басшысы және Премьер-Министр (оның міндетін атқарушы тұлға) бұрыштама соғуға тиіс. Үкімет бланкісіне шығарылған заң жобасына түсіндірме жазбаға Кеңсе Басшысы бұрыштама соғады және Премьер-Министр (оның міндетін атқарушы тұлға) қол қояды. Заң жобаларының түпнұсқалары Парламент Мәжілісіне қағаз және электрондық тасығыштарда (электрондық құжаттар форматында) енгізіледі.»;
       105-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «105. Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, оның ішінде мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін заң жобалары бойынша Үкімет Парламентке мемлекеттік және орыс тілдерінде қорытынды ұсынады.
      Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, Үкіметке келіп түскен заңнамалық актілердің жобалары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралуға тиіс.
      Қорытынды дайындауға жауапты ретінде айқындалған мемлекеттік орган Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесіп, заң жобалау қызметінің мәселелері бойынша Ведомствоаралық комиссияның қарауына мемлекеттік кірістерді ықтимал қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ықтимал ұлғайту бөлігінде алдын ала қаржы-экономикалық есептерді енгізеді.
      Ведомствоаралық комиссия заң жобасы Кеңседе тіркелген күнінен бастап 15 күн мерзімде не Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының тапсырмасында белгіленген неғұрлым қысқа мерзімде депутаттар бастамашылық жасаған заң жобасын оң не өзгеше бағалау жөнінде ұсыныстар әзірлейді.
      Үкімет қорытындысының жобасын Ведомствоаралық комиссияның ұсыныстарын ескере отырып, заң жобасында реттелетін қатынастар құзыретіне енетін мемлекеттік орган әзірлейді. Қорытындының жобасы мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалады және міндетті түрде Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен келіп түскен күнінен бастап 3 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде келісіледі (олардың басшылары бұрыштама соғады). Қажет болған кезде қорытындының жобасына әзірлеуші мемлекеттік кірістерді ықтимал қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ықтимал ұлғайту бөлігінде қаржы-экономикалық есептерді қоса тіркейді.
      Парламент депутаттары бастамашылық жасаған, Үкіметтің Регламентіне сәйкес дайындалған Үкіметтің заң жобаларына қорытындылардың жобаларын Премьер-Министрдің Кеңсесіне енгізген кезде әзірлеуші мемлекеттік орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы заң жобалау қызметінің мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімінің көшірмесін, Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктері хаттарының көшірмелерін қоса тіркейді, сондай-ақ қажет болған жағдайда әзірлеуші қорытындының жобасына мемлекеттік кірістерді ықтимал қысқарту немесе мемлекеттік шығыстарды ықтимал ұлғайту бөлігінде қаржы-экономикалық есептерді қоса тіркейді.»;
       109-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «109. Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасына Парламент енгізген тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды немесе мемлекеттік кірістерді азайтуды болжайтын заң жобасын Парламент Мәжілісінің не Сенатының жалпы отырысында қарағанға дейін күнтізбелік 20 (жиырма) күннен кешіктірмей әзірлеуші салыстырма кесте түрінде әзірлеушінің алдын ала ұстанымын қамтитын қысқаша түйінмен Кеңсеге жібереді, оларды Кеңсе Басшысы осы өзгерістер мен толықтырулар бойынша Үкіметтің бірыңғай ұстанымын әзірлеу үшін Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.»;
       109-1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
      «Үкімет қорытындысының жобасы мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалады және Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен міндетті түрде келісіледі (олардың басшылары бұрыштама қояды не мемлекеттік органның бірінші басшысының қолы қойылған тиісті хат ұсынылады) және егер, тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Кеңсеге енгізіледі.»;
       113-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
      «113. Парламент қабылдаған және Премьер-Министрге қолын қойып бекітуге жіберілетін барлық заңдар бойынша заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік орган (немесе оның құзыретіне орай) Әділет, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерімен келісім бойынша заң қабылданған күнінен бастап бес күн мерзімде қорытынды дайындайды және Кеңсеге жібереді, онда міндетті түрде мыналар:
      1) заң жобасының тұжырымдамасы;
      2) Үкімет бастамашылық жасаған заң жобасын Парламентте қарау кезінде депутаттар енгізген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәліметтер;
      3) қабылданған заңда Қазақстан Республикасының Конституциясына, қолданыстағы заңнамалық актілерге қарама-қайшылықтардың болуы туралы және оған байланысты қосымша қаржы шығыстары, экономикалық және құқықтық салдарлар туралы ақпарат;
      4) заңның Премьер-Министрдің қолы қойылып бекітілу мүмкіндігі туралы қорытынды жазылады.
      Қорытындыдан басқа Кеңсеге Әділет және Экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің, сондай-ақ мәселелері Парламент қабылдаған заң қозғайтын өзге де мемлекеттік органдардың хаттарының көшірмелері міндетті түрде енгізіледі.»;
      көрсетілген қаулыға 1-1-қосымша осы қаулының 1-қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
      2) «Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1116 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 41, 528-құжат):
      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің мәселелері»;
       1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі туралы ереже бекітілсін.»;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігі туралы ереже осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі туралы ереженің 21-тармағының 5) тармақшасы 2013 жылғы 26 наурызға дейін қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2013 жылғы 12 ақпандағы
№ 126 қаулысына  
1-қосымша     

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің Регламентіне
1-1-қосымша     

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министріне  

Қазақстан Республикасы Үкіметінің ____ жылғы «___» ______ мәжілісіне

                Қазақстан Республикасының Үкіметі
                      қаулысының жобасы бойынша
                               АНЫҚТАМА

      «_____________________________________________________________»
                             (жобаның атауы)
      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі
      «_____________________________________________________________»
                             (жобаның атауы)
      Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын қарап,
мынаны хабарлайды.
Әзірлеуші орган - __________________________________________________.
                     (жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның атауы)
Жобаны әзірлеу үшін мыналар негіз болып табылады:
_____________________________________________________________________
(Президенттің, Үкіметтің немесе Премьер-Министрдің актісі тармағының
нөмірі,
_____________________________________________________________________
(қабылданған күні мен атауы не тапсырманы кім бергені, оның нөмірі
мен күні, бастамашылық жасалуы көрсетіледі)
      Жобада мыналар көзделеді (Жобаны қабылдау неге негізделген):
      Жобаны қабылдау __________________________ мүмкіндік береді.
      Әзірлеушінің ақпараты бойынша жобаны іске асыру мемлекеттік
бюджеттен қаржы шығындарын талап етпейді (жобаны іске асыруға
байланысты болжанатын қаржы шығындары, республикалық бюджетте
көзделген (көзделмеген) бюджет қаражатын талап етеді және/немесе
республикалық бюджеттен және/немесе басқа да қаржыландыру көздерінен
қосымша қаржы бөлуді талап етеді (талап етпейді).
      Жоба Экономика және бюджеттік жоспарлау (Министр (вице-министр)
- тегі және аты-жөні), Әділет (Министр (вице-министр) - тегі және
аты-жөні) министрліктерімен, өзге де мемлекеттік органдармен
келісілді.
      Премьер-Министр Кеңсесінің жобаға ескертулері жоқ (мынадай
ескертулері бар). Заң бөлімінің қорытындысы қоса беріліп отыр.
      Айтылғандардың негізінде жобаны Үкімет мүшелерінің дауыс
беруіне шығаруға болады (пысықталған жағдайда «пысықталған
редакциясында» деп көрсетіледі) немесе жобаны қайтарған немесе жобаны
пысықтауға жіберген жөн деп пайымдаймыз.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі
      Кеңсесінің Басшысы

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің      
2013 жылғы 12 ақпандағы
№ 126 қаулысына   
2-қосымша      

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 28 қазандағы
№ 1116 қаулысымен 
бекітілген      

Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау
министрлігі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) - стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, салық және бюджет саясаты, сондай-ақ кеден ісі саласындағы саясат, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу және борыш, мемлекеттік инвестициялық саясат және инвестицияларды қолдау саясаты, қолайлы инвестициялық ахуалды жасау, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу, табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар, халықаралық экономикалық және қаржы қатынастары, оның ішінде халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу, сыртқы сауда қызметін реттеу және дамыту, ішкі сауданы реттеу және дамыту, мемлекеттік активтерді басқару, оның ішінде корпоративтік басқару сапасын арттыру, мемлекеттік басқару жүйесін дамыту, жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру, халықтың көші-қоны, «жасыл экономиканы» дамыту салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік атқарушы органы болып табылады.
      2. Министрліктің ведомствосы - Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Сауда комитеті бар.
      3. Министрлік өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Министрлік мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрі мен мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
      5. Министрлік азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Егер Министрлікке заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Министрлік өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Министрлік басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Министрліктің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Министрліктің заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, сол жақ жағалау, Орынбор көшесі, № 8 үй, 7 кіреберіс, «Министрліктер үйі» әкімшілік ғимараты.
      10. Министрліктің толық атауы - «Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі» мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Министрліктің құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Министрліктің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен  жүзеге асырылады.
      13. Министрліктің кәсіпкерлік субъектілерімен Министрліктің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Министрлікке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізі міндеттері,
функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Министрліктің миссиясы:
      стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым міндеттерін іске асыруға бағдарланған мемлекеттік жоспарлаудың біртұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ сауда қызметін дамыту.
      15. Міндеттері:
      1. Мынадай:
      1) стратегиялық жоспарлау;
      2) салық және бюджет саясаты, сондай-ақ кеден ісі саласындағы саясат;
      3) бюджеттік жоспарлау;
      4) мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу және борыш;
      5) мемлекеттік инвестициялық саясат;
      6) инвестицияларды қолдау;
      7) қолайлы инвестициялық ахуал жасау;
      8) халықтың көші-қоны;
      9) мемлекеттік-жеке меншік әріптестік;
      10) бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу;
      11) табиғи монополиялар мен реттелетін нарықтар;
      12) халықаралық экономикалық және қаржы қатынастары, оның ішінде халықаралық экономикалық интеграцияны реттеу;
      13) сыртқы сауда қызметін реттеу және дамыту;
      14) ішкі сауданы реттеу және дамыту;
      15) мемлекеттік активтерді басқару, оның ішінде корпоративтік басқару сапасын арттыру;
      16) мемлекеттік басқару жүйесін дамыту;
      17) жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру;
      18) «жасыл экономиканы» дамыту салаларындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
      2. Сауданы дамыту саласында мемлекеттік саясатты іске асыру.
      16. Функциялары:
      1. Орталық аппараттың функциялары:
      1) Қазақстан Республикасының Стратегиялық даму жоспарын әзірлеу, түзету, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау;
      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеу, реттеу, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау;
      3) мемлекеттік бағдарламалар тізбесін қалыптастыру, түзету;
      4) Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының жобаларын келісу;
      5) Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуын мониторингілеу және бағалау;
      6) орталық мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын (стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар жобаларын) келісу;
      7) өз құзыреті шегінде облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың стратегиялық жоспарларының жобаларын (стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар жобаларын) келісу;
      8) мемлекеттік органдардың Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігінің деңгейін арттыру жөніндегі қызметін үйлестіру;
      9) мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      10) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі әдіснамалық басшылық, сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу;
      11) Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы жолдауларының ережелерін іске асыру мақсатында әзірленетін жалпыұлттық іс-шаралар жоспарларын әзірлеу және мониторингілеу;
      12) мемлекеттік органдардың елдің экономикалық саясатын қалыптастыру және іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіру;
      13) республиканың әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу;
      14) макроэкономикалық болжамның әдіснамасы мен құралдарын жетілдіру;
      15) экономикалық саясат шараларының негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге әсерін бағалау;
      16) әлемдік экономикадағы ахуалды талдау, әлеуетті сыртқы тәуекелдерді және олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін бағалау;
      17) әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеуді әдіснамалық қамтамасыз ету;
      18) республиканың макроэкономикалық көрсеткіштерін мониторингілеу және талдау;
      19) салық және бюджет саясатын, сондай-ақ кеден ісі саласындағы саясатты қалыптастыру;
      20) әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ескере отырып, мемлекеттік және республикалық бюджетке, Ұлттық қорға Бірыңғай бюджеттік сыныптаманың санаттары, сыныптары мен кіші сыныптары бойынша түсетін түсімдерді болжау;
      21) бюджеттік жоспарлау саласындағы басшылық және салааралық үйлестіру;
      22) салық және бюджет заңнамасын, сондай-ақ кеден ісі саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      23) тиісті жоспарлы кезеңге республикалық бюджет, бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар жобаларын әзірлеу және оларды Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсыну;
      24) бюджеттік қаржыландыру көлемімен қамтамасыз етілу бөлігінде мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, аумақтарды дамыту бағдарламаларын келісуді жүзеге асыру;
      25) бюджеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      26) бюджеттік жоспарлау жүйесінің жұмыс істеуін әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
      27) Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын, оның жасалу тәртібін, бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшеліктерінің құрылымын әзірлеу және бекіту;
      28) бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну тәртібін әзірлеу және бекіту;
      29) Республикалық бюджет комиссиясының қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
      30) бюджет түсімдерін болжау әдістемесін әзірлеу және бекіту;
      31) шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының болжамдарын жасау;
      32) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдерін қарау және оларға қорытындылар дайындау;
      33) стратегиялық жоспарлар жобаларының немесе стратегиялық жоспарларға өзгерістер мен толықтырулар жобаларының құрамында республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштерін олардың стратегиялық мақсаттармен, стратегиялық бағыттар міндеттерімен өзара байланысы мәніне қарау;
      34) стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламалар жобаларында ұсынылған нәтижелілік пен тиімділік көрсеткіштерін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісі қызметінің функцияларына, өкілеттіліктеріне, бағыттарына сәйкестігі мәніне қарау;
      35) Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджет туралы заңын іске асыру туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңын іске асыру туралы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулыларының жобаларын әзірлеу;
      36) төтенше мемлекеттік бюджетті әзірлеу;
      37) республикалық бюджетті нақтылау (түзету) және секвестрлеу бойынша ұсыныстар енгізу;
      38) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшасының бақылау шоты мен бюджеттер деңгейлері арасындағы бюджет түсімдерін бөлу кестесін әзірлеу және бекіту;
      39) үш жылдық кезеңге арналған республикалық және облыстық бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемдері туралы Қазақстан Республикасы Заңы жобасына жергілікті бюджет кірістерін болжамдау;
      40) бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингін әдіснамалық қамтамасыз етуді жүзеге асыру;
      41) заңнамамен белгіленген тәртіппен техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеуге немесе түзетуге және техникалық-экономикалық негіздемелерге қажетті сараптамалар жүргізуге арналған бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің инвестициялық ұсыныстарын Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару үшін қорытындылар қалыптастыру;
      42) жаңа объектілер құру (салу), жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау кезеңінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингін жасау;
      43) жаңа объектілерді құру (салу), жұмыс істеп тұрғандарын реконструкциялау кезеңінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестициялардың іске асырылуы мониторингін жүзеге асыру;
      44) республикалық және жергілікті бюджеттерді жоспарлауды әдіснамалық қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджеттік инвестициялар мониторингін әдіснамалық қамтамасыз ету;
      45) заңды тұлғалардың жарғылық капиталында мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру туралы бюджеттік бағдарламалардың қаржылық-экономикалық негіздемелерін бағалауды Қазақстан Республикасының бюджеттік және өзге де заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан жүзеге асыру;
      46) шоғырландырылған, мемлекеттік және республикалық бюджеттердің түсімдері мен шығыстарының болжамын, бюджеттің тапшылығын қамтитын үш жылдық кезеңге арналған бюджет параметрлерінің болжамы;
      47) әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған шығыстардың жаңа бастамаларын айқындау;
      48) мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу және борыш, мемлекет кепілгерлігі бойынша борыш саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      49) үкіметтік борыш пен жергілікті атқарушы орган борышының лимитін, мемлекеттік кепілдіктер мен мемлекет кепілгерліктерін ұсыну лимиттерін айқындау;
      50) рентабельдігі төмен келісімшарттар бойынша пайдалы қазбаларды өндіруге салықтың жеке ставкасының нақты мөлшерлері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      51) пайдалы қазбаларды барлауды, өндіруді, бірлесіп барлау мен өндіруді жүргізуге не барлауға және (немесе) өндіруге байланысты емес жер асты құрылыстарын салуға және (немесе) пайдалануға арналған келісімшарттардың, сондай-ақ оларға толықтырулардың жобаларына экономикалық сараптама жүргізу;
      52) пайдалы қазбаларды өндіру бойынша жұмыстар жүргізуге арналған жобалау құжаттарына техникалық-экономикалық негіздемеге экономикалық сараптама жүргізу;
      53) мемлекеттік инвестициялық саясатты қалыптастыру және іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      54) инвестицияларды қолдау саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және қолайлы инвестициялық ахуалды жасау бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      55) республикалық бюджеттік инвестициялар саясатын қалыптастыру;
      56) басым республикалық бюджеттік инвестициялардың тізбесін қалыптастыру;
      57) экономикаға мемлекеттік және жеке инвестицияларды тарту саясатын қалыптастыру;
      58) бюджеттік инвестициялар мен концессияларды жоспарлауды әдіснамалық қамтамасыз ету;
      59) білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісім бойынша білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау объектілеріне қажеттілікті айқындау және инвестициялық жобалардың тізбесін қалыптастыру әдістемесін әзірлеу және бекіту;
      60) бюджеттік инвестициялардың, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге немесе түзетуге арналған инвестициялық ұсыныстарының экономикалық негіздемесі бойынша қорытындылар дайындауды ұйымдастыру;
      61) Республикалық бюджет комиссиясының қарауына техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеуге немесе түзетуге және техникалық-экономикалық негіздемелердің қажетті сараптамаларын жүргізуге инвестициялық және/немесе концессиялық ұсыныстарды енгізу;
      62) мемлекеттік кепілдіктер беру үшін инвестициялық жобаларды іріктеуді жүзеге асыру;
      63) мемлекет кепілгерлігін беру үшін концессиялық жобаларды іріктеуді жүзеге асыру;
      64) бюджеттен концессиялық жобаны бірлесіп қаржыландыру бойынша Республикалық бюджет комиссиясының қарауына ұсыныстар енгізу;
      65) бірлесіп қаржыландыру шартында концессиялық жобаларды қарау және бюджет жобасына іріктеу;
      66) концессия саласындағы құжаттарға экономикалық сараптама жүргізу үшін концессия мәселелері бойынша мамандандырылған ұйымды тарту;
      67) заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен іске асырылуы жоспарланатын республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың, бюджеттік инвестициялардың, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлғаға мемлекеттік кепілдік беру үшін инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасын жүргізу үшін құжаттар жіберу;
      68) концессиялық жобаларды консультациялық сүйемелдеу бойынша қызметтердің тізбесін қалыптастыру;
      69) республикалық бюджеттік инвестициялық және концессиялық жобалардың тізбесін қалыптастыру, техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу немесе түзету, сондай-ақ тиісті бөлінетін бюджеттік бағдарламаның қаражаты есебінен жүзеге асырылатын қажетті сараптамаларды жүргізу;
      70) орта мерзімді кезеңде концессияға беруге ұсынылатын объектілер тізбесін қалыптастыру;
      71) бюджеттен бірлесіп қаржыландыру шартында бюджеттік инвестициялық жобалардың, концессиялық жобалардың іске асырылуын бағалау және оларға бағалау жүргізу әдістемесін айқындау;
      72) бюджеттік инвестициялар және концессиялар мәселелері бойынша сараптама өткізу құнын айқындау және құжаттаманы бағалау әдістемесін бекіту;
      73) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру, пайдалану және басқару тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      74) «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу;
      75) жергілікті мемлекеттік басқарудың жұмыс істеу тетіктерін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      76) байланысты гранттарды тартуға өтінімдер тізбесін қалыптастыру және Қазақстан Республикасының Үкіметіне оларды бағалауға негізделген байланысты гранттарды пайдалану туралы жиынтық есепті ұсыну;
      77) экономика салаларында мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің тетіктерін қолданудың институционалдық және заңнамалық негізін құру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      78) бюджетаралық қатынастар бойынша саясатты айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      79) республикалық бюджеттен өңірлерді дамытуға арналған нысаналы трансферттерді бөлу бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      80) жалпы сипаттағы трансферттерді есептеу әдістемесін әзірлеу;
      81) республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің үш жылдық кезеңге арналған көлемі туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу;
      82) бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      83) бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган әзірлеген тауарлардың өзара алмасу өлшемдерін, оларды сатып алуға қолжетімділікті, сондай-ақ қаржылық ұйымдарға қатысты тауар нарығының шекараларын айқындай отырып, тауар нарығындағы бәсекелі ортаның жай-күйіне талдау және бағалау жүргізу әдістемесін келісу;
      84) бәсекелестікті қорғау және монополиялық қызметті шектеу саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган әзірлеген монополиялық жоғары (төмен) және монополиялық төмен бағаларды анықтау жөніндегі әдістемені келісу;
      85) Қазақстан Республикасының монополияға қарсы заңнамасын жетілдіру жөнінде шаралар әзірлеу;
      86) Қазақстан Республикасының Үкіметіне реттеуші және монополияға қарсы органдармен бірлесіп, тауар нарығын реттелетін нарықтарға жатқызу жөнінде, оның ішінде мемлекет реттейтін бағалар енгізу орынды болатын өнімдер, тауарлар және қызметтер номенклатурасы бойынша ұсыныстар енгізу;
      87) табиғи монополияны реттеу саласында және реттелетін нарықтарда саясатты қалыптастыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      88) табиғи монополиялар саласында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган әзірлеген табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтерді (бағаларды, алымдар ставкаларын) немесе олардың шекті деңгейлерін есептеудің кемсітпейтін әдістемелерін келісу;
      89) табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын қолдану тәжірибесін қорыту және осының негізінде әдістемелік ұсынымдар әзірлеу;
      90) табиғи монополиялар саласында және реттелетін нарықтарда басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган әзірлеген табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтеріне (тауарларына, жұмыстарына) тарифтің шекті деңгейін бекіту кезіндегі шығындарды қалыптастырудың ерекше тәртібін келісу;
      91) телекоммуникация және пошта байланысы саласындағы нарықтарды қоспағанда, тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) және тауар нарықтарының субъектілері инфрақұрылымына кемсітпейтін қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында тауар нарықтарын талдау бойынша әдістемелік ұсынымдарды бекіту;
      92) тариф саясатын, тауарлар және қызметтер нарығында, табиғи монополиялар саласында баға белгілеу саласындағы саясатты айқындау;
      93) Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну үшін табиғи монополиялар субъектілерінің реттелетін қызметтерінің (тауарларының, жұмыстарының) тізбесін қалыптастыру;
      94) Министрліктің құзыреті шегінде халықаралық ынтымақтастық;
      95) мемлекеттік органдардың халықаралық экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жұмысын үйлестіру, халықаралық қаржы және экономикалық ұйымдармен, сыртқы көмекті үйлестіру және олардың қызметі мәселелері бойынша донор елдермен, рейтингтік агенттіктермен өзара іс-қимыл жасау;
      96) халықаралық сауда және экономикалық ұйымдармен келіссөздерде, сондай-ақ екіжақты бастамалар шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан өкілдік ету;
      97) халықаралық және өңірлік ұйымдар, оның ішінде ЕурАзЭҚ шеңберіндегі Кеден одағы, Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі, сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістіктің халықаралық шарттарын әзірлеу жөнінде ұсыныстар әзірлеу және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;
      98) Қазақстан Республикасы қатысушы болып табылатын сауда-экономикалық салада халықаралық шарттарды орындаудың мониторингін, Қазақстан Республикасы экономикалық ынтымақтастығының басым бағыттарын айқындау бойынша ұсыныстар дайындауды жүзеге асыру;
      99) сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын қолдану жөнінде ұсыныстар әзірлеу және қорытындылар дайындау;
      100) тарифтік квоталарды қолданудың орындылығы туралы қорытындылар дайындау;
      101) қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын, оның ішінде уақытша шараларды қолдану жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      102) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тәуекелдер дәрежесін бағалау өлшемдерін міндетті ведомстволық есептіліктің және тексеру парақтарының нысандарын әзірлеу және бекіту;
      103) қолданыстағы және жоспарланатын субсидиялар туралы хабарламалар дайындау және Бірыңғай экономикалық кеңістік елдеріне жіберу;
      104) Қазақстан Республикасына, сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістік елдеріне берілетін және беруге жоспарланатын субсидиялардың өнеркәсіптік субсидиялар берудің бірыңғай қағидалары туралы келісімге сәйкестігі туралы тексеру жүргізу;
      105) мемлекеттік активтерді басқару, оның ішінде корпоративтік басқару сапасын арттыру саласында мемлекеттік саясатты әзірлеу;
      106) жарғылық капиталына мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдарда ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ корпоративтік басқаруды бағалау;
      107) мемлекеттік мүлікті басқаруды талдау және бағалау;
      108) мемлекет жалғыз акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың стратегиялары мен даму жоспарларын келісу;
      109) мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларын іске асыруды бағалау;
      110) мемлекеттік мүлік жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларын және даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау тәртібін әзірлеу;
      111) мемлекеттік мүлік жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау тәртібін әзірлеу;
      112) мемлекеттік мүлік жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекет акционері болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму стратегияларының және даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу мен ұсыну тәртібін әзірлеу;
      113) мемлекеттік мүлік жөніндегі орталық уәкілетті органмен бірлесіп, мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің және мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуы бойынша есептерді әзірлеу мен ұсыну тәртібін әзірлеу;
      114) мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      115) мемлекеттік басқару органдарының қызметін функционалдық талдау;
      116) мемлекеттік бюджет және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сметасы (бюджеті) есебінен қамтылған Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      117) мемлекеттік бюджет және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сметасы (бюджеті) есебінен қамтылған Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасын әзірлеу;
      118) мемлекеттік қызметтер тізілімін әзірлеу, жүргізу және мониторингілеу тәртібін айқындау;
      119) мемлекеттік қызметтер тізілімін әзірлеу, жүргізу және мониторингілеу мен мемлекеттік қызметтер стандарттарын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізу;
      120) мемлекеттік қызметтер регламентін әзірлеу бойынша әдіснамалық көмек;
      121) мемлекеттік қызметтердің стандарттары мен регламенттерін әзірлеу мониторингі және оның тәртібін айқындау;
      122) мемлекеттік қызметтердің өзіндік құнын есептеу тәртібін айқындау;
      123) орталық мемлекеттік және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін бағалау жүйесінің жұмыс істеуін әдіснамалық қамтамасыз ету;
      124) қадағаланатын саладағы/аядағы/өңірдегі стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін орталық атқарушы органдары қызметінің тиімділігін бағалау;
      125) орталық мемлекеттік органдары қызметінің тиімділігін жалпы бағалау;
      126) Қазақстан Республикасының жұмылдыру жоспарын және тауарларды өндірудің, жұмыстарды орындаудың және қызметтер көрсетудің тиісті кезеңге арналған жоспарын мемлекеттік органдардың қатысуымен әзірлеу, мемлекеттік органдардың, облыстар, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдіктерінің жұмылдыру жоспарларын келісу;
      127) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау номенклатурасы мен көлемі бойынша ұсыныстар қалыптастыруға қатысу;
      128) жұмылдыру даярлығы саласында мемлекеттік органдар қызметін үйлестіру;
      129) жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласында ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және әдістемелік қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмылдыру органдары мамандарының біліктілігін арттыру;
      130) мемлекеттік органдардың ұсынымдары бойынша жұмылдыру тапсырыстары бар ұйымдар банкрот болған, қайта ұйымдастырылған, таратылған, жұмысының бейіні өзгерген кезде белгіленген жұмылдыру тапсырыстарын алу және беру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізу;
      131) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттерінің тізбесін келісу;
      132) Қазақстан Республикасында жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру қағидаларында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының жұмылдыру әзірлігін бағалауды жүзеге асыру және ол туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне жыл сайын баяндау;
      133) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың әскери міндеттілерді брондау бойынша жұмысын үйлестіру;
      134) Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның, Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің, Әкімшілік реформаны жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның, Сауда саясатының мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның қызметін қамтамасыз ету және Министрліктің құзыреті шегінде халықаралық экономикалық ұйымдарға және басқа да консультативтік-кеңесші органдарға қатысуы;
      135) Министрліктің құзыреті шегінде ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыру және тиісті салада ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша жұмыстарды үйлестіру;
      136) Министрліктің құзыреті шегінде мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік ақпараттық жүйелерді, мемлекеттік органдардың ақпараттық-коммуникациялық желілерін дамыту, олардың Қазақстан Республикасының бірыңғай ақпараттық кеңістігіндегі үйлесімділігі мен өзара іс-қимылын қамтамасыз ету;
      137) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
      138) Министрліктің құзыреті шегінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісу және олар бойынша қорытындылар беру;
      139) заң жобаларының ғылыми-экономикалық сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру;
      140) тоқсан сайын аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталары ұсынатын тауардың шығарылуы туралы берілген сертификаттар бойынша ақпаратты талдау арқылы мониторингілеу, сондай-ақ ішкі айналым, Кеден одағы тауарының және (немесе) шетел тауарына уәкілетті органның (ұйымның) мәртебесін айқындау үшін тауардың шығарылуы туралы сертификат беруді мониторингілеу;
      141) сауда қызметін дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;
      142) халықтың сауда алаңымен қамтамасыз етілуінің ең төменгі нормативтерін әзірлеу;
      143) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілетін шекті бөлшек сауда бағаларын белгілеу және оларға жыл сайынғы шекті мәндер негізінде бағаларды айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу;
      144) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының және оларға шекті жол берілетін бөлшек сауда бағалары мөлшерінің шекті мәндерін белгілеу тәртібін әзірлеу;
      145) сауда өкілдіктерін қаржылық және кадрлық қамтамасыз ету;
      146) тауар биржаларының қызметін мемлекеттік реттеу;
      147) тауар биржаларын дамыту саласындағы бағдарламалық құжаттарды әзірлеу;
      148) тауар биржаларының қызметін реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, бекіту;
      149) тауар биржалары арқылы өткізілетін биржалық тауарлардың тізбесін және ұсынылатын партиялардың ең аз мөлшерін қалыптастыру және бекіту жөнінде, сондай-ақ оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
      150) халықтың көші-қонын реттеу жөніндегі шаралар туралы ұсыныстар әзірлеу;
      151) Министрліктің құзыреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу;
      152) халықтың көші-қоны мәселелері бойынша бағдарламалық құжаттарды әзірлеу;
      153) «жасыл экономиканы» дамытудың мемлекеттік саясатын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу.
      2. Ведомствоның функциялары:
      1) республикалық және халықаралық көрмелерді, жәрмеңкелерді өткізуге бастамашылық жасау, оларға қатысу және ұйымдастыру;
      2) сауда қызметі саласында орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының қызметін үйлестіру;
      3) Қазақстан Республикасының аумағында сандық шектеулерді қолданбай талқылау объектісі болып табылатын тауарлар импортын лицензиялау;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жекелеген тауарлардың экспорты мен импортын лицензиялау;
      5) құзыреті шегінде жекелеген тауарлар түрлерінің импортына рұқсаттар беру;
      6) лицензиялық бақылау;
      7) лицензиялардың тізілімін жүргізу;
      8) тауар биржалары саласындағы қызметті лицензиялауды жүзеге асыру;
      9) коммерциялық немесе Қазақстан Республикасының заңымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, тауар биржаларының қызметі және биржалық сауда мәселелері жөніндегі ақпаратты жариялау;
      10) тауар биржаларының қызметін талдау және оған мониторинг жүргізу;
      11) тауарларды өндіру және сату үшін қолайлы жағдайлар жасау;
      12) «Тауар биржалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тауар биржалары саласындағы мемлекеттік бақылау;
      13) тауар биржаларын дамыту саласындағы бағдарламалық құжаттарды іске асыру;
      14) сауда өкілдіктерінің қызметін бақылау.
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) өз құзыреті шегінде орындалуы міндетті нормативтік құқықтық актілер қабылдау;
      2) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпаратты және материалдарды сұрату және алу;
      3) қолданыстағы заңнамалық актілерде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Министрлікке басшылықты Министрлікке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Министрліктің бірінші басшысын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Министрліктің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары (вице-министрлері) болады.
      21. Министрліктің бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) өз орынбасарларының міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
      2) заңнамаға сәйкес Министрлік қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, өз құзыретіне жататын еңбек қатынастарының мәселелерін шешеді;
      3) ведомстволардың құзыретін және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды;
      4) қызметінде өзінің бақылауындағы ведомстволардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      5) жауапты хатшының келісімі бойынша ведомстволар басшыларының орынбасарларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      6) заңнамада белгіленген тәртіппен еңбек қатынастарының мәселелері өз құзыретіне жататын Министрліктің қызметкерлеріне тәртіптік жаза мен көтермелеу шараларын қолданады;
      7) ведомстволардың актілерінің әрекетін толық немесе бір бөлігін тоқтатады немесе тоқтата тұрады;
      8) Министрдің бұйрықтарына қол қояды.
      Министрліктің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
      23. Министрліктің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын жауапты хатшы басқарады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      24. Министрлікте заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
      Министрлік мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      25. Министрлікте бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      26. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Министрлік, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      27. Министрлікті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы
ұйымдардың тізбесі

      1. «Экономикалық зерттеулер институты» акционерлік қоғамы.
      2. «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамы.
      3. «Сауда саясатын дамыту орталығы» акционерлік қоғамы.
      4. «Стресті активтер қоры» акционерлік қоғамы.

Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы
мемлекеттік мекемелердің тізбесі

      1. «Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Сауда өкілдігі» мемлекеттік мекемесі.