Мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелерін реттейтін заңнаманың кейбір нормаларын қылмыстық сот ісін жүргізуде қолдану туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2013 жылғы 13 желтоқсандағы № 3 нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

      Мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамасын дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурыздағы № 349-1 «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңының (бұдан әрі - Мемлекеттік құпиялар туралы Заң) 1-бабына сәйкес, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қабылданған нормаларына қайшы келмейтін әскери, экономикалық, ғылыми-техникалық, сыртқы экономикалық, сыртқы саяси, барлаушылық, қарсы барлаушылық, жедел-іздестірушілік және өзге де қызметті тиімді жүзеге асыру мақсатымен мемлекет олардың таратылуын шектейтін, мемлекеттік және қызметтік құпияларды құрайтын, мемлекет қорғайтын мәліметтер - мемлекеттік құпиялар деп танылатыны түсіндірілсін.
      2. 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 172173 және 386-баптарында көзделген қылмыстармен келтірілген нұқсанның мөлшері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 17 шілдедегі № 701 қаулысымен бекітілген, «Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді жария ету немесе жоғалту салдарынан Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне немесе мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мүдделеріне келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиянның, сондай-ақ мәліметтер көздерінің иесіне оларды құпияландыру нәтижесінде келтірілетін нұқсан мөлшерін анықтау ережесіне» (бұдан әрі - Ереже) сәйкес белгіленеді.
      3. Нұқсан мөлшерін анықтауды мемлекеттік органның немесе ұйымның мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссиясы (бұдан әрі - ТЖІК) қылмыстық іс бойынша сотқа дейін іс жүргізу сатысында жүзеге асырады. Ұйымда ТЖІК болмаған жағдайда нұқсан мөлшерін анықтауды мәлімет жоғалған немесе жария етілген ұйымдағы басшының бұйрығымен құрылатын сараптама комиссиясы (бұдан әрі - сараптама комиссиясы) жүргізеді.
      4. Қылмыстық іс бойынша нұқсанның мөлшерін анықтау кезінде ТЖІК немесе сараптама комиссиясы Ереженің 8-тармағын басшылыққа алуы керек. Ереженің 9-тармағын қолданған жағдайда, ТЖІК немесе сараптама комиссиясы Ереженің 8-тармағында көрсетілген көрсеткіштерді өз қорытындысында осы көрсеткіштердің негіздері мен дәлелдерін көрсете отырып, міндетті түрде ескеруге тиіс.
      5. Қылмыстық процесті жүргізуші орган сараптама комиссиясының алдыңғы қорытындысы жеткіліксіз негізделген не оның тұжырымдары күмән тудырған жағдайларда нұқсан мөлшерін анықтау жөнінде қайтадан сараптамалық зерттеу тағайындайды, сараптаманы жүргізу ведомствоаралық сараптама комиссиясына тапсырылады. Көрсетілген комиссияның құрамы мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істеу жөнінде өкілеттіктер берілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары ТЖІК немесе сараптама комиссиялары мүшелерінен құрылады.
      6. ҚК-нің 172173 және 386-баптарында көзделген ауыр салдарға шет елдердің арнайы қызметтерінің, террористік және экстремистік ұйымдардың немесе ұйымдасқан қылмыстық топтардың иелігіне мәліметтердің көшуін, Қазақстан Республикасының сыртқы саяси мүдделеріне немесе ұлттық қауіпсіздігіне келтірілген нұқсанды, қылмыстық әрекеттердің салдарынан ғаламдық ғылыми зерттеулердің, мемлекеттік іс-шаралар мен халықаралық келіссөздердің өткізілмей қалуын, режимдік объектінің көшірілуін, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, осы органдарға құпия жәрдем көрсететін (көрсеткен) адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің қаза табуын, денсаулығына ауыр зиян келтірілуін не қамауға алынуын және т.с.с. жатқызған жөн.
      7. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелерін реттейтін заңнама қатаң сақтала отырып жүзеге асырылуға тиіс. Егер қылмыстық іс материалдарында мемлекеттік құпияны құрайтын мәліметтер болған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізуші орган, оларға қол жеткізуді шектеу туралы тиісті қаулы шығарып, қылмыстық процеске қатысушыларды бұл туралы жазбаша хабардар етуге және оларға осындай мәліметтерге қол жеткізу тәртібін түсіндіруге тиіс.
      Тиісті рұқсаты жоқ адамдардың мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен заңсыз танысу мүмкіндігін болдырмау мақсатында, мемлекеттік құпияларды қамтитын қылмыстық іс материалдарын құпия емес материалдардан бөлек іске (жеке томдарда) тіркеу ұсынылады.
      8. Қылмыстық істерді талқылау барлық соттар мен барлық сот сатыларында ашық жүргізіледі. Мемлекеттік құпияны қорғау мүдделеріне қайшы келген жағдайларда сот талқылауының жариялылығын сот қаулысының негізінде шектеуге болады. 1997 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ҚІЖК) 29-бабының 1-бөлігінде жабық сот талқылауын жүргізудің басқа да негіздері көзделген. Онда көрсетілген тізбе түпкілікті болып табылады және кеңінен түсіндіруге жатпайды.
      Қылмыстық іс бойынша ҚІЖК-нің 29-бабының 1-бөлігінде көзделген сот талқылауының жариялылығына соның ішінде мемлекеттік құпияларды қорғауға байланысты шектеу негіздері болмаған кезде адамның ауыр немесе аса ауыр қылмысты, мысалы бандитизм, терроризм және т.с.с. жасауының бір ғана фактісі жабық сот талқылауын өткізу үшін мән-жай болып табылмайды.
      9. ҚІЖК-нің 53-бабының 4-бөлігінің талаптарына сәйкес, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтері бар дәлелдемелер жабық сот отырысында зерттеледі. Оған тиісті нысан бойынша мемлекеттік құпияларға рұқсаты бар процеске қатысушылар ғана қатысады.
      Мемлекеттік құпияларға рұқсатты сот отырысына дейін соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган (сот аппараты) - судьяларға, алқабилерге, сот отырысының хатшысына және соттың басқа да қызметкерлеріне қатысты, прокуратура органдары - мемлекеттік айыптаушыға қатысты, әділет органдары - адвокаттарға және қылмыстық процестің басқа да қатысушыларына қатысты ресімдейді. Резервтің болмау себебі бойынша немесе заңмен көзделмеген өзге де негіздер бойынша адвокаттарға мемлекеттік құпияларға рұқсат беруді шектеуге жол берілмейді.
      Сот талқылауы кезінде қорғаушы ауыстырылған және мемлекеттік құпияларға рұқсаты жоқ басқа адвокат іске қатысқан жағдайда, сот адвокат тиісті рұқсат алуы үшін сот талқылауын кейінге қалдырады. Осы ретте соттың қаулысында ҚІЖК-нің 321-бабының 1-бөлігіне сәйкес, іс кейінге қалдырылатын мерзім, сондай-ақ әділет органдары адвокатқа қатысты мемлекеттік құпияларға рұқсатты ресімдеу туралы мәселені міндетті түрде шешетін мерзім белгіленеді.
      Төрағалық етуші мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтері бар дәлелдемелерді жабық сот отырысында зерттеу кезінде сот приставтарының, айдауылдардың және сот отырысын қамтамасыз ететін өзге де адамдардың мемлекеттік құпияларды жария етуіне жол бермейтін шараларды қабылдайды.
      10. ҚІЖК-нің 29-бабының 3-бөлігіне сәйкес, сот үкімі мен іс бойынша қабылданған қаулы барлық жағдайларда, соның ішінде жабық сот талқылауы өткізілген кезде көпшілік алдында ашық жария етіледі. Бұл ретте сот үкімдері мен қаулылары мемлекеттік құпияларды жария етуге жол бермейтін редакцияда баяндалуға тиіс. Іс бойынша қабылданған және көпшілікке ашық жария етілген сот үкімі мен қаулысы құпияландырылуға тиіс емес.
      11. Жедел-іздестіру іс-шараларын (бұдан әрі - ЖІІШ) ұйымдастыру мен өткізу тәсілі туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен мемлекеттік органдар әзірлейтін, құпияландыруға жататын мәліметтер тізбесі бар ведомстволық актілерге сәйкес қызметтік немесе мемлекеттік құпияны құрауы мүмкін.
      Осыған байланысты жедел-іздестіру қызметі процесінде алынған материалдар, олар ҚІЖК ережелеріне және мемлекеттік құпияларды қорғау мәселелерін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жиналған, тексерілген және бағаланған жағдайда ғана қылмыстық іс бойынша дәлелдеу барысында қолданылады.
      Қылмыстық процесте жедел-іздестіру қызметінің нәтижелерін пайдалану қажет болған жағдайда қылмыстық процесті жүргізуші орган «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңның 22-бабының және ҚІЖК-нің 130-бабының талаптарын ескере отырып, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді құпиясыздандыру туралы қаулы шығарады.
      12. ҚІЖК-нің 130-бабы 4-бөлігінің талаптарына сәйкес, қылмыстық ізге түсу органдары жедел-іздестіру қызметінің материалдарын ҚІЖК-нің 121 және (немесе) 123-баптарына сәйкес және ҚІЖК-нің 53 және 100-баптарының талаптарын сақтай отырып, заттай дәлелдемелер мен (немесе) құжаттар ретінде қылмыстық іске тіркейді.
      Жедел-іздестіру қызметінің нәтижелері бойынша алынған заттай дәлелдемелер мен құжаттарды қылмыстық іс материалдарының тізімдемесіне тіркеу міндетті болып табылады.
      Осы тармақта көрсетілген қылмыстық іс жүргізу заңының ескертпелерін сақтамау ҚІЖК-нің 116-бабының талаптарына сәйкес жедел-іздестіру қызметі барысында алынған нақты деректерді дәлелдемелер ретінде жарамсыз деп тануға әкеп соқтырады.
      13. Жедел-іздестіру қызметі нәтижесінде алынған дәлелдемелерді, соның ішінде нақты деректерді зерттеу және бағалау кезінде, соттың ҚІЖК-нің 130-бабы 2-бөлігінің ережелерін ескере отырып, жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органның қызметкерінен куә ретінде жауап алуға құқығы бар. Жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарға құпия негізде жәрдем көрсететін адамның келісімімен осы адамнан да куә ретінде ҚІЖК-нің 130-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауап алынуы мүмкін. Бұл ретте, егер ҚІЖК-нің 100-бабының негізінде оларға қатысты қауіпсіздік шаралары қолданылмаса, сот аталған адамдардан куә ретінде жауап алуды ҚІЖК-нің 351-бабы 1-6-бөліктерінің қағидалары бойынша жалпы тәртіппен жүзеге асырады.
      14. Тиісті қаулының негізінде қауіпсіздік іс жүргізу шаралары қолданылған куәден жауап алу ҚІЖК-нің 101-бабында және 351-бабының 7-бөлігінде көзделген қағидалар сақтала отырып жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда жауап алу басталар алдында судья (сот) процеске басқа қатысушылар болмаған кезде осы куәнің жеке басын өзі анықтауға, осы адамның куә бола алатынына көз жеткізуге, сондай-ақ оған қауіпсіздік шараларын қолданудың негізділігін тексеруге тиіс. Содан соң сот ҚІЖК-нің 101-бабының 2-бөлігінде белгіленген қағидалар бойынша, соның ішінде куәнің бүркеншік атын пайдалана отырып немесе сот отырысы залындағы басқа қатысушылардың оны танып қалуын болдырмайтын және сот талқылауына қатысқан басқа қатысушылар да оны сырттай бақылай алмайтындай жағдайда осындай куәдан жабық сот отырысында жауап алуды жүргізуге құқылы.
      Бұл ретте куәлардың және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын басқа да адамдардың қауіпсіздік шаралары осы адамдарға қатысты зорлық жасаудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де әрекеттің нақты қаупі болған кезде ғана ҚІЖК-нің 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес қабылдануы мүмкін екендігін ескеру керек.
      Қауіпсіздік шарасын қолданудың әрбір жағдайында соттар Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі № 72-II «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» Заңының 23-бабы талаптарының орындалған-орындалмағанын, соның ішінде қылмыстық процеске қатысушы адамдарға қатысты қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттің жасалу қаупінің анықталуына байланысты қылмыстық процесті жүргізуші органның оған негіздер болған жағдайда қылмыстық іс қозғауға міндетті екенін тексеруге тиіс.
      Куәдан өзінің шын есімімен де, бүркеншік атымен де бірнеше нұсқада жауап алуға жол берілмейді. Егер адамнан оған қауіпсіздік шаралары қолданылғанға дейін куә ретінде жауап алынса, онда одан жауап алу хаттамасы қылмыстық іс материалдарынан алынуға және қорғалатын адам туралы басқа да мәліметтермен бірге негізгі іс жүргізуден бөлек сақталуға тиіс. Бұдан әрі осы іс бойынша ҚІЖК-нің 100 және 101-баптарында белгіленген қағидаларға сәйкес одан куә ретінде жауап алу, оның бүркеншік атымен жүргізілуге тиіс.
      15. ҚІЖК-нің 24-бабы 1-бөлігінің талаптарын қамтамасыз ету мақсатында судьяға оның талап етуі бойынша Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 15 қыркүйектегі № 154-ХIII «Жедел-іздестіру қызметі туралы» Заңының (бұдан әрі - ЖІҚ туралы Заң) 5-бабының 4-тармағына сәйкес, қарастырылып жатқан қылмыстық іске қатысы бар құпия көмекшілер мен штаттағы жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтерді қоспағанда, қолда бар барлық жедел-қызмет құжаттары қосымша берілуге тиіс.
      Бұл ретте сот талап етілген құжаттарды зерттеу кезінде қылмыстық процесте пайдаланылмаған жедел-іздестіру қызметі нәтижелерінің, сондай-ақ құпиясыздандыруға жатпайтын өзге де мәліметтердің, соның ішінде жедел-іздестіру қызметін ұйымдастыру туралы, нақты ЖІІШ туралы, дереккөздер мен ақпарат алу тәсілдері туралы мәліметтердің жария етілуіне жол бермейтін қажетті шараларды қабылдауға міндетті.
      16. Айыпталушының жеке басын сипаттайтын мән-жайлар қылмыстық процесте ҚІЖК-нің 117-бабы 1-бөлігінің 5-тармағына сәйкес дәлелдеуге жатады. Сондықтан, қылмыстық ізге түсу органдары мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтері бар жедел-қызметтік құжаттардың бар екені туралы сілтеме жасалған қылмыстық іс материалдарына айыпталушының заңға қарсы әрекеттерге қатысуы туралы немесе оның жеке басын теріс сипаттайтын өзге де деректерді тіркеген жағдайларда, сот  осы құжаттарды талап етуге және зерттеуге құқылы. Ресми құжаттармен расталмаған жедел мәліметтер назарға алынуға тиіс емес. Бұл ретте адамның ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы болу фактісі ҚК-нің  235-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс құрамын құрайтынын және қылмыстық процесте дәлелдеуге жататынын назарда ұстаған жөн.
      17. Дәлелдемелері арнайы жедел-іздестіру іс-шараларының (бұдан әрі - АЖІІШ) нәтижесінде алынған қылмыстық істер бойынша прокурор санкция берген осы іс-шараны өткізу туралы қаулыны іс материалдарына тіркеу міндетті болып табылады. Егер ЖІҚ туралы Заңның 12-бабының 6-тармағына сәйкес, АЖІІШ прокурордың санкциясынсыз өткізілген болса, онда АЖІІШ-нің заңдылығы туралы прокурордың қаулысы АЖІІШ өткізу туралы қаулымен бірге қылмыстық іс материалдарына тіркеледі.
      Прокурор санкция берген АЖІІШ өткізу туралы қаулының немесе прокурордың АЖІІШ-нің заңдылығы туралы қаулының қылмыстық іс материалдарында болмауы АЖІІШ нәтижелері бойынша алынған нақты деректерді дәлелдемелер ретінде жарамсыз деп тану үшін негіз болып табылады.
      18. Жедел сатып алу немесе өзге ЖІІШ (арнайы немесе жалпы) өткізілгеннен кейін, жалғастырылмайтын, бір мезгілде ғана жүзеге асырылатын қылмыстарды құжаттандыру үшін, мысалы, есірткі құралдарын өткізу, осындай қылмысты анықтау үшін нақ сол адамға қатысты қайтадан АЖІІШ өткізуге оны өткізудің заңда көзделген негіздері көрсетіле отырып тиісті қаулы шығару арқылы жол беріледі.
      19. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1-тармағына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми түрде жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының төрағасы              Қ.Мәми

      Қазақстан Республикасы
      Жоғарғы Сотының судьясы,
      жалпы отырыс хатшысы                  Д.Нұралин