Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 26 қарашадағы № 1237 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 47, 586-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі туралы ережеде:
13-тармақта:
75) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«75) өз құзыретi шегiнде электр және жылу энергиясын өндiру, беру және тұтыну, сондай-ақ электр қуатының дайындығын ұстап тұру және электр қуатының жүктемені көтеруге дайындығын қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсету саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлейдi;»;
84) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«84) электр энергиясын орталықтандырылған сауда нарығының операторын айқындайды;»;
мынадай мазмұндағы 84-1), 84-2), 84-3), 85-1), 101-1), 101-2), 101-3) 126-1), 126-2), 126-3), 126-4), 126-5), 126-6), 126-7), 126-8), 126-9), 126-10), 126-11), 126-12), 126-13), 126-14), 126-15), 126-16), 126-17), 126-18), 343-1), 343-2), 343-3), 343-4) және 343-5) тармақшалармен толықтырылсын:
«84-1) энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы жағдайлардағы жұмысқа дайындығы паспортының нысанын, оны алу тәртібін және мерзімін әзірлейді;
84-2) мемлекеттік техникалық инспектордың қызметтік куәлігінің, нөмірлік мөртабанның және пломбирдің үлгісін белгілейді;
84-3) мемлекеттік техникалық инспекторлар актілерінің нысандарын бекітеді;»;
«85-1) мемлекеттік техникалық инспекторға қызметтік куәлік, нөмірлік мөртабан және пломбир беру тәртібін бекітеді;»;
«101-1) энергия өндіруші ұйымдар үшін күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отын қорының нормаларын айқындау қағидаларын әзірлейді;
101-2) энергия өндіруші ұйымдар үшін күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отын қорының нормаларын әзірлейді;
101-3) электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектілері үшін электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің жұмыс істеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;»;
«126-1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жариялауға қойылатын талаптарды сақтай отырып, энергия өндіруші ұйымдардан инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат сұратады және алады;
126-2) электр қуатын орналастырудың перспективалық схемасын әзірлейді және бекітеді;
126-3) жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға тендер өткізеді;
126-4) жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған тендердің қорытындылары бойынша осы тендердің жеңімпазымен шарт жасасады;
126-5) жүйелік операторға тендер негізінде жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғылардың электр қуатының дайындығын ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы онымен шарт жасасу үшін жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға арналған тендердің жеңімпазын, электр қуатының дайындығын ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бағасын, көлемін және мерзімдерін айқындайды;
126-6) электр энергиясының және қуатының болжамды теңгерімдерін бекітеді;
126-7) электрмен жабдықтаудың үлгілік шартын әзірлейді;
126-8) жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғылардың құрылысына арналған үлгілік шартты әзірлейді;
126-9) жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғылардың электр қуатының дайындығын ұстап тұру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы үлгілік шартты әзірлейді;
126-10) жаңадан пайдалануға берілетін генерациялайтын қондырғыларды салуға тендер өткізу қағидаларын әзірлейді;
126-11) электр қуаты нарығын ұйымдастыру және оның жұмыс істеу қағидаларын әзірлейді;
126-12) Қазақстан Республикасының Үкіметіне жүйелік операторды айқындау бойынша ұсыныс енгізеді;
126-13) энергия өндіруші ұйымдардың заңнамада белгіленген тәртіппен уәкілетті органмен келісім жасасуға, онда көзделген инвестициялық міндеттемелерді орындауға және олардың орындалуы туралы есепті жыл сайын уәкілетті органға табыс ету бойынша талаптарды сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
126-14) энергия өндіруші ұйымдардың өткен күнтізбелік жыл үшін электр энергиясын өндіру мен өткізу шығындары, электр энергиясын өндіру мен өткізу көлемі бойынша есептерді жыл сайын уәкілетті органға беру бойынша талаптарды сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
126-15) энергия өндіруші ұйымдардың келісімде келесі жылға көзделген инвестициялардың көлемі мен бағыттары туралы мәліметтерді жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау бойынша талаптарды сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
126-16) энергия өндіруші ұйымдардың келісімде өткен жыл үшін көзделген инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы мәліметтерді жыл сайын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау бойынша талаптарды сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
126-17) энергия өндіруші ұйымдардың жария тыңдауларды өткізу туралы хабарландыруды жария тыңдауларды өткізгенге дейін кемінде күнтізбелік бес күн бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай отырып, келісімдерді орындау нәтижелері бойынша жария тыңдауларды мемлекеттік органдардың, тұтынушылардың және олардың қоғамдық бірлестіктерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, сондай-ақ тәуелсіз сарапшыларды шақыра отырып, жыл сайын өткізу бойынша талаптарды сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
126-18) энергия өндіруші ұйымдардың инвестициялық міндеттемелердің орындалуы туралы ақпарат беру бойынша талаптарды сақтауын мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;»;
«343-1) ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды жоспарлау және өткiзу бойынша ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметiне басшылық етуді жүзеге асырады;
343-2) ұлттық қауiпсiздiк жүйесiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;
343-3) ұлттық қауiпсiздiк саласындағы заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң сақталуын қамтамасыз етедi;
343-4) мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнаманы сақтай отырып, ұлттық қауіпсіздіктің жай-күйі мен оны қамтамасыз ету бойынша қолданылатын шаралар туралы халықты хабардар етеді, насихат және қарсы насихат жұмыстарын жүргізеді;
343-5) іс-әрекеттерi (немесе әрекетсiздiгi) Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерінiң бұзылуына, ұлттық қауiпсiздiгiне қауіп төнуіне әкеп соғатын лауазымды адамдарды, мемлекеттiк қызметшiлердi тиiсті жауаптылыққа тартады;».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметов