«Магистральдық құбыр туралы» 2012 жылғы 22 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Магистральдық мұнай құбырларын пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Ахметова
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 4 желтоқсандағы
№ 1542 қаулысымен
бекітілген
Магистральдық мұнай құбырларын пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Магистральдық мұнай құбырларын пайдалану қағидалары «Магистральдық құбыр туралы» 2012 жылғы 22 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және қолданыстағы, консервациядағы және жойылатын магистральдық мұнай құбырларының және олардың объектілерінің меншік иелеріне, сондай-ақ таратылатын магистральдық мұнай құбырларының объектілерінде жұмыстарды жүзеге асыратын меншік иесі болып табылмайтын операторларға, жеке және заңды тұлғаларға магистральдық мұнай құбырларын пайдалану тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авария — ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылардың бұзылуы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауіпті заттардың шығарындылары;
2) автоматтандырылған жүйе - персоналдан және оның қызметін автоматтандыру құралдары кешенінен тұратын, белгіленген бақылау және басқару функцияларын орындаудың ақпараттық технологиясын іске асыратын жүйе;
3) ағымдағы жөндеу (жабдық) - ауыстыруға және (немесе) жеке бөліктерді қалпына келтіруге арналған жабдық пен құрылыстардың жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз ету немесе қалпына келтіру үшін орындалатын жөндеу жұмыстары;
4) бөлімше - мұнай құбыры басқармасы; орталық өндірістік қызмет көрсету базасы; бас мұнай айдау станциясы; мұнай айдау станциясы; авариялық қалпына келтіру тірек пункті; авариялық қалпына келтіру пункті; реттеу зертханасы мен мұнайды тасымалдау және магистральдық мұнай құбырларды қауіпсіз пайдалану үшін қажет басқа қызметтер;
5) диспетчерлік байланыс (арна) - мұнай тасымалдауды ұйымдастырушы жедел-техникалық персоналға ұсынылатын таңдаулы және топтық қатты дауысты байланыс;
6) жедел-диспетчерлік басқару - мұнайды тасымалдау үшін магистральдық құбырды пайдаланудың технологиялық режимдерін орталықтандырылған басқару;
7) жөндеу - магистральдық мұнай құбырдың желілік бөлігінің және (немесе) оның объектілерінің толық немесе ішінара пайдалану ресурсының жарамдылығын немесе жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар (операциялар) кешені;
8) жөндеу (жабдықты) - магистральдық мұнай құбыры жабдығы мен құрылыстарының іске жарамдылығын, жұмысқа қабілеттілігін, ресурсын қалпына келтіру бойынша операциялар кешені;
9) күрделі жөндеу (жабдықты) - жабдық пен құрылыстар ресурсының базалықты қоса алғанда, оның кез келген бөлігін ауыстыра немесе қалпына келтіре отырып, іске жарамдылығын қалпына келтіру үшін немесе толық не толыққа жақын қалпына келтіру үшін орындалатын жөндеу жұмыстары;
10) құбырішілік диагностика - құбырішілік диагностикалық снарядтарды қолдана отырып, мұнай құбырының ақаулары туралы ақпарат алуды қамтамасыз ететін жұмыстар кешені;
11) құбырішілік диагностикалық снаряд (дефектоскоп) — мұнай құбырының қабырғалары мен пісіру жіктерінің ақаулары туралы деректерді бақылау және тіркеу құралдарымен жарақталған, құбыр ішімен айдалатын мұнай ағынымен жылжып отыратын құрылғы;
12) оператор - мұнайды магистральдық мұнай құбырмен тасымалдауды және (немесе) оны пайдалануды жүзеге асыратын магистральдық мұнай құбырдың меншік иесі немесе магистральдық мұнай құбырға өзге де заңды негізде иелік ететін заңды тұлға не олар уәкілеттік берген, операторлық қызметтер көрсететін ұйым;
13) өндірістік-технологиялық байланыс - магистральдық мұнай құбырларын пайдалану кезінде өндіріс ішілік қызметті және технологиялық процестерді басқаруға арналған, ведомстволық байланыс желісі бойынша ұсынылатын байланыс;
14) резервуар паркі - мұнайды қабылдау, сақтау және айдаудың технологиялық операцияларын орындауға арналған өзара байланысқан резервуарлар кешені;
15) магистральдық мұнай құбыры - мұнайды қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз ететін желілік бөліктен және объектілерден тұратын, техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттар талаптарына сәйкес келетін бірыңғай өндірістік-технологиялық кешені;
16) магистральдық мұнай құбырының желілік бөлігі - мұнайды тікелей тасымалдауды жүзеге асырылатын жерасты, суасты, жербеті, жерүсті мұнай құбырлары;
17) магистральдық мұнай құбырын жою - магистральдық мұнай құбырын бөлшектеу және (немесе) қайта бейіндеу және қоршаған ортаны адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз және одан әрі пайдалану үшін жарамды күйге келтіру жөніндегі іс-шаралар кешені;
18) магистральдық мұнай кұбырды консервациялау - магистральдық мұнай құбырды пайдаланудан шығару кезінде оның жарамды техникалық күйде сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешені;
19) магистральдық мұнай құбырының мұнай айдау станциясы - мұнайды магистральдық мұнай құбыры арқылы қабылдауға және айдауға арналған құрылыстар мен құрылғылар кешені;
20) магистральдық мұнай құбырын жылыту пункті - магистральдық мұнай құбыр арқылы айдалатын мұнайды жылытуды қамтамасыз ететін құрылыстар мен жабдықтар кешені;
21) магистральдың мұнай құбырының объектісі - оның қауіпсіз және сенімді пайдалануын қамтамасыз ететін мұнай құбырларды, ғимараттарды, негізгі және қосалқы жабдықты, қондырғылар мен басқа да құрылғыларын қамтитын технологиялық кешені (магистральдық мұнай құбырының бөлігі);
22) магистральдық мұнай құбырын пайдалану - магистральдық мұнай құбырлары объектілерінің үзіліссіз, тиісті және тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті, оның ішінде техникалық қызмет көрсетуді, жөндеуді, техникалық диагностикалауды қызмет және жедел-диспетчерлік басқаруды қоса алғандағы қызмет;
23) магистральдық мұнай құбырларының сенімділігі - магистральдық мұнай құбырларының берілген режимдерге және пайдалану, техникалық қызмет көрсету, жөндеу, сақтау мен тасымалдау шарттарына сәйкес келетін берілген шектерде белгіленген пайдалану көрсеткіштерінің уақыт мәнісін сақтай отырып берілген функцияларды орындау қасиеті;
24) техникалық диагностика - объектінің техникалық жай-күйін анықтаудың теориясын, әдістері мен құралдарын қамтитын білім саласы;
25) техникалық диагностикалау - магистральдық мұнай құбырдың техникалық жай-күйін айқындауға арналған жұмыстар мен ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар кешені;
26) техникалық жай-күйі - жабдық пен құрылыстың сыртқы ортаның белгілі жағдайында белгілі уақытта объектінің техникалық құжаттамасында белгіленген параметрлер мәнісімен сипатталатын жай-күйі;
27) техникалық жай-күйін бақылау - жабдық пен құрылыс параметрлері мәнісінің техникалық құжаттама талаптарына сәйкестігін тексеру және осы негізде уақыттың осы сәтінде берілген техникалық жай-күйінің түрлерінің бірін (техникалық жай-күй түрлері: іске жарамды, жарамсыз, жұмысқа қабілеті бар, жұмысқа қабілетсіз) анықтау;
28) техникалық жай-күйі бойынша жөндеу (жабдықтарды) - техникалық жай-күйі мерзімді түрде және нормативтік құжаттамада белгіленген көлемде бақыланатын, ал жұмыстардың көлемі мен жөндеуді бастау жабдық пен құрылыстардың техникалық жай-күйімен анықталатын жөндеу;
29) техникалық қызмет көрсету - магистральдық мұнай құбырының техникалық жай-күйін бақылау, тазалау, майлау, реттеу және магистральдық мұнай құбыры объектілерінің жұмысқа қабілеттілігі мен жарамдылығын қолдау бойынша басқа операциялар;
30) технологиялық процесті бақылау - технологиялық процесс сипаттамаларының, режимдері мен басқа да көрсеткіштерінің белгіленген талаптарға (нормативтерге) сәйкестігін тексеру.
2. Магистральдық мұнай құбырларын пайдалану тәртібі
1. Магистральдық мұнай құбырларына техникалық қызмет көрсету, жөндеу және диагностикалау
3. Магистральдық мұнай құбырларын пайдалану бойынша жұмысты ұйымдастыруды оның меншік иесі жүзеге асырады.
4. Магистральдық мұнай құбырлары белгіленген тәртіпте жобалық құжаттамада көзделген барлық құрылыстарды және өзге де объектілерді қабылдап алғанға дейін магистральдық мұнай құбырларын пайдалануға жол берілмейді.
5. Мұнай тасымалдауды және магистральдық мұнай құбырларын қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету үшін мына өндірістік бөлімшелер құрылады: мұнай құбыры басқармасы, желілік өндірістік-диспетчерлік станциялар, мұнай айдау станциялары, авариялық қалпына келтіру тірек пунктері, талдамалық зертханалар және басқа да қызметтер, олардың міндеттеріне мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жасалатын мұнай тасымалдау бойынша қызметтерді ұсыну жөніндегі шарттардың негізінде магистральдық мұнай құбырлары бойынша мұнайды қабылдау және оны тасымалдау;
2) магистральдық құбырға қабылданған және соңғы тасымалдау пунктіне тапсырылатын мұнай партиясының санын есепке алу және сапасын тексеру;
3) мерзімді диагностикалық зерттеулер жүргізу және магистральдық мұнай құбырларының құрылыстары мен технологиялық жабдығына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін ұйымдастыру арқылы магистральдық мұнай құбырлары мен оның объектілерінің сенімді және қауіпсіз пайдалануын қамтамасыз ету;
4) авариялық жағдайлардың алдын алу, болуы мүмкін авариялар мен оның салдарын жою;
5) магистральдық мұнай құбырларын немесе оның объектілерін тізімнен шығару кезінде жою.
6. Магистральдық мұнай құбырларының немесе оның объектілеріне техникалық қызмет көрсетуді және жөндеуді ұйымдастыру жүйесі орталықтандырылған, объекті бойынша, аралас болуы мүмкін.
7. Магистральдық мұнай құбырларының құрылысына арналған жобалық және атқару құжаттары, сынақ актілері, техникалық қызмет көрсетуге арналған жұмыс құжаттамасы, сондай-ақ авариялар мен оқиғаларды тексеру материалдары магистральдық мұнай құбырларының меншік иелерінде оны жалпы пайдалану мерзімі барысында сақталуға тиіс.
8. Магистральдық мұнай құбырларыны немесе оның объектілерін пайдалануға жататын нормативтік-техникалық және нормативтік құжаттама тікелей өндірістік бөлімшелерде сақталуы қажет.
9. Мұнай айдау станциялары магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігіне, құю пункттеріне, мұнайды жылыту пункттеріне, объекті ішіндегі құрылыстарға (резервуарлар, қысымды сыйымдылықтар, қазандар және т.б.) жүргізілетін магистральдық мұнай құбырларының пайдаланылатын объектілері мен құрылыстарына техникалық паспорттар толтырылады. Магистральдық мұнай құбырлары объектілерінің жабдығы мен құрылыстарының техникалық паспорттары, жобалық және атқарушы құжаттарын сақтау орны, пайдалану тәртібін ұлттық оператор немесе заңды тұлға - магистральдық мұнай құбырының меншік иесі (операторы) белгілейді.
10. Магистральдық мұнай құбырларын үздіксіз және қауіпсіз пайдалану мақсатында меншік иесі, оператор меншік иесі емес болып табылатын, сондай-ақ магистральдық мұнай құбырлары объектілерінде жұмысын жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар мұнай құбырларында қысымды және температураны өлшейтін құралдарын:
1) әр желілік ысырманың екі жағынан;
2) су кедергісінен өтетін аралықтың әрбір желісінің екі жағынан жағадағы ысырмаға дейін және одан кейін;
3) мұнай айдау станциялары араларындағы соңғы айдау пунктіндегі қабылдайтын құбыр ысырмасы жанында;
4) іске қосу және қабылдау, сондай-ақ тазалау және диагностика жасау құралдарын өткізу тораптарының екі жағына;
5) мұнай құбырын мұнайды жылыту орнына, мұнайды жылыту станциясына тораптарды қосқанға дейін және одан кейін;
6) мұнай құбырының бойлық бейінінің ерекше сипатты нүктелерінде орнатады.
Мұнай құбыры мен тазалау жабдығының іске қосу және қабылдау тораптары тазалау және диагностика құралдарынан өту сигнализаторларымен жабдықталады.
11. Мұнай құбырында желілік бекіту арматурасын орналастыру мұнай құбырын салу (қалпына келтіру, кеңейту, техникалық қайта жарақтау, жетілдіру, күрделі жөндеу) жобасында белгіленеді және ол авария мен істен шығу жағдайында шығындардың барынша аз болуы үшін трассаның бейінін ескеру керек.
12. Бекіту арматурасына, тазалау және диагностика жасау құралдарын іске қосу және қабылдау тораптарына қызмет көрсетуші персоналдың еркін кіруі қамтамасыз етіледі және олар зақымданудан және бөгде адамдардың басқаруынан қорғалады.
13. Мұнай құбырына орнатылатын бекіту арматурасы іске жарамды күйде ұсталады, технологиялық схемаларға сәйкес толықтырылады және нөмірленеді, бекіту қалыптарын көрсететін белгілері, ашық және жабық бағыттарын білдіретін жазбалары мен сілтегіштер болады.
14. Желілік бекіту арматурасын орналастыру алаңдары жоспарланады, жер беті және жер асты суларынан қорғалады, қоршалады. Алаңдарға көлік құралдары үшін кірме жолы қарастырылады.
15. Бекіту арматурасын басқару тораптарына қызмет көрсетуші персоналдың кедергісіз кіруі қамтамасыз етіледі.
Бекіту арматурасын ашу және жабу бойынша операциялар диспетчердің нұсқауы бойынша жүргізіледі.
16. Мұнай құбырына аралық мұнай айдау станцияларын қосу орындарында мұнай құбырына тазалау және диагностика жасау құрылғыларын өткізу тораптары немесе тазалау және диагностика жасау құрылғыларын іске қосу және қабылдаудың бөлек және біріктірілген тораптары орнатылады. Мұнай құбырының соңғы учаскесінде, сондай-ақ мұнай айдау станцияларына жалғанған мұнай құбырларының соңғы учаскелеріне тазалау және диагностика жасау құрылғылары орнатылады.
Тораптардың құрастырмасы мұнай құбырларында қолданылатын отандық және шетелдік тазалау құрылғылары мен құбырішілік диагностикалық снарядтарды пайдалануға мүмкіндік беру жағдайы болған кезде жобаланады.
17. Торап құрастырмасының тұрақтылыгы мен беріктігі «ыстық» мұнайдың температуралық режимі әсерінен төмендегідей қамтамасыз етіледі:
1) біріктірілген тораптар - торап құрастырмасын рамалық орамагистральдық мұнай құбырларын орау, топырақпен қысу және құбырды торапқа жақын орнатылған «қатты» тірекке «зәкірді» құру есебінен;
2) жеке тораптар - топырақпен қысу және құбырды торапқа жақын орнатылған «қатты» тірекке зәкірді құру есебінен, тораптың жер бетіндегі бөлігі көлемін азайтумен, құбырлардың формасымен, «ыстық» мұнайдың іске қосу камерасына қысқа мерзімді әсер етуімен.
18. Мұнайды магистральдық мұнай құбырлары арқылы тасымалдауды қамтамасыз етуге магистральды мұнай құбыры бойынша мұнай тасымалдауды қамтамасыз етуге арналған қондырғылар және жабдықтар кешені болып табылатын бас мұнай айдау станциялары қолданылады.
19. Бас мұнай айдау станциялары технологиялық құрылыстарының құрамына кіреді: резервуар паркі, тірек сорғы станциясы, мұнайды есепке алу торабы, магистральдық сорғы станциясы, қысымды реттеу торабы немесе тірек және магистральдық сорғы агрегаттарындағы жиілікті-реттемелі электржетегі, лай ұстағыш сүзгілер, сақтандырғыш құрылғылары бар тораптар, технологиялық құбырлар, сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау, кәріз, өрт сөндіру, электрмен жабдықтау, автоматика, телемеханикалық автоматтандыру, байланыс жүйелері, электрхимиялық қорғау жүйесі, мұнайды жылыту пештері, есепке алу тораптары, өндірістік-тұрмыстық ғимараттар мен құрылыстар.
Резервуар паркін ескермегенде, аралық мұнай айдау станциясының технологиялық құрылыстарының құрамына: магистральдық сорғы станциясы, лай ұстағыш сүзгілер, қысымды реттеу торабы, қысым толқынын тегістеу жүйесі, сондай-ақ технологиялық мұнай құбырлар кіреді.
20. Резервуар паркі бар мұнай айдау станцияларына тікелей әсерлі сақтандырғыш клапандары бар тораптар мен резервуар паркі технологиялық құбырларын, сондай-ақ тірек және магистральдық сорғы станциялары арасында орнатылған технологиялық құбырлар мен жабдықты шамадан тыс қысымнан қорғауға арналған автоматты ашылатын ысырма орнатылуы ескеріледі.
21. Сақтандыру құрылғыларынан мұнайды резервуар паркіне кері айдау жеке мұнай құбыр бойынша жүзеге асырылады.
22. мұнай айдау станцияларының жабдығы мен жүйелерінің сенімділігі, қауіпсіздігі және пайдалану тиімділігі олардың тұрақты режимімен; жабдықтары мен коммуникацияларын жарамды жай-күйіне ұстап тұруды; жабдықтың техникалық жай-күйін үнемі (немесе мерзімді) бақылаумен; моральдық және физикалық тұрғыдан тозған жабдықты жаңғырту немесе ауыстырумен; істен шығудың алдын алумен қамтамасыз етеді.
23. Мұнай айдау станцияларының жабдығын жедел (кезекші) және пайдалану-жөндеу персоналы дайындаушылардың ұсынымдары негізінде әзірленген технологиялық регламенттердің, нұсқаулықтардың, пайдалану жөніндегі нұқсаулықтардың талаптарына сәйкес жүзеге асырады.
24. Құбырлардың парафинділеуінен, сондай-ақ мұнай құбырлары бойынша мұнайды айдап құюына байланысты энергияның жоғалуынан сақтау мақсатында мұнай жылыту пункттері пайдаланылады.
Мұнайды жылыту пункттері мұнай айдау станцияларының құрамында немесе дербес магистральдық мұнай құбырларының объектілері болуы мүмкін. Мұнай жылыту пункттері мұнайдың реалогиялық қасиеттерін өзгерту мақсатында магистральдық құбырмен айдалатын мұнайды (мұнай қоспасын) жылытуға арналған.
25. Мұнай жылыту пункттері объектілерінің құрамы және құрылыстар мен жабдықтың техникалық сипаттамалары жобамен белгіленеді.
26. Мұнайды жылыту температурасы мен мұнай жылыту пункттерінің резервуарларындағы қажетті мұнай қоры қоршаған ортаның ең төменгі температурасында келесі мұнай жылыту пункттеріне дейін аққыштығын сақтай отырып айдалатын мұнайдың шығынын өтеуді, сондай-ақ мұнай құбырын жоспарлы тоқтатқаннан кейін іске қосу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
27. Қатқыш мұнайды тасымалдау кезінде магистральдық мұнай құбырларының үзіліссіз, тиісті және тиімді жұмыс істеуі мақсатында шектелген учаскелердегі берілген қысым ресурсында (деңгей айырмасында) мұнай құбырының өткізу қабілетін арттыруға бағытталған турбуленттілікке қарсы қоспалар қолданылады.
28. мұнайдың қату температурасын төмендету және оның реологиялық қасиеттерін жақсарту үшін депрессорлық қоспалар қолданылады.
Қату температурасының, парафин шөгінділерінің, тұғырлығының және жылжудың шекті кернеуінің төмендеуі депрессорлық қоспа тиімділігін бағалау өлшемдері болып табылады.
29. Енгізілетін қоспа саны зертханалық жағдайларда орындалған реологиялық зерттеулердің негізінде, сондай-ақ өнеркәсіптік жағдайдағы сынамалау нәтижелері бойынша анықталып, мұнай айдау станциялары технологиялық картасында көрсетіледі.
30. Мұнайға қоспаны енгізу мөлшерлеу сорғылармен жүзеге асырылады.
Мөлшерлеу құрылғы мен қоспаларды сақтауға арналған сыйымдылықтың орналасу аумағы қоршалады және ескерту белгілерімен жабдықталады.
31. Депрессорлық қоспалар қүрамына кіретін парафиндердің еру температурасынан 5-10 оС жоғары тез қататын мұнайға араластырылады.
32. Мұнай айдау режимі қоспа мен мұнайдың біркелкі араласуымен қамтамасыз етіледі.
33. Мұнайдағы қоспаның шоғырлануын бақылау мұнай құбырынан
алынған сынама бойынша жүзеге асырылады.
34. Өнімдерді араластыру, жылыту және белгілі бір сапаға жеткізу бойынша технологиялық операциялар үшін магистральдық мұнай құбырларын бірқалыпты тиеу, мұнайды ең жоғарғы және маусымдық ауытқымалы тұтынуын өтеу, авариялық және стратегиялық қорды жинақтау мақсатында резервуар парктері пайдаланылады.
35. Резервуар паркінің технологиялық жабдықтары өзінің құрамына мыналарды қосады:
1) сақтандыратын, тыныстық қақпақшалармен (стационарлық қақпақпен вертикальдік болат жұмыр резервуарлары); желдету келте құбырлармен (стационарлық қақпақпен және понтонмен вертикальдік болат жұмыр резервуарлары, жылжымалы қақпақпен вертикальдік болат жұмыр резервуарлары); оттан сақтандырғыштармен; қабылдау-үлестіру келте құбырларымен және олардың қалпына келтіруші жүйелерімен; сақпандармен; сынама іріктегіштермен; жүзбелі қақпақты су ағызғыштармен (жылжымалы қақпақпен вертикальдік болат жұмыр резервуарлары), сифонды шүмектермен; шөгіндіні шаю жүйесімен; люктермен; деңгей өлшегіштермен; бақылау, сигнал беру, қорғау аспаптарымен жабдықталған резервуарлар;
2) резервуар паркінің объектілерінде тұтануды анықтауға арналған құрылғы мен өрт сөндіру жабдығы;
3) резервуарларды орайтын мұнай құбырлары;
4) мұнайдың резервуарға ағуын және резервуардан ағуын тоқтататын ысырмалар;
5) осы резервуар паркінде орнатылған және технологиялық процестерді іске асыру үшін пайдаланылатын, энергиямен жабдықтау құрылғылары, қосалқы және басқа құрылғылар.
36. Магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігінің объектілеріне техникалық қызмет көрсету желілік бөлігінің объектілерін жұмысқа қабілетті және жарамды жай-күйде ұстау жөніндегі кешенді профилактикалық жұмыстарды орындауға негізделеді:
1) магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігінің жабдықтары мен құрылыстарына техникалық қызмет көрсетуді және ағымдағы жөндеуді;
2) мұнай құбырларының ішкі қуысын тазартуды қамтиды.
Магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігінің жабдықтары мен құрылыстарына техникалық қызмет көрсету жоспарлы профилактикалық (сақтандыру) іс-шарасы болып табылады және өзіне оның барлық құрамдас бөліктерін тексеруді, жабдықтар мен құрылыстардың жекелеген тораптарын реттеуді, тазартуды және майлауды, сондай-ақ сынау процесінде анықталған ұсақ ақауларды жоюды қосады.
37. Байқаулардың мерзімділігі жұмыстардың көлеміне, мұнай құбыры трассасының жер бедерінің күрделілігіне, жыл мезгіліне және желілік бөліктің құрылыстары мен жабдықтарының техникалық жай-күйіне байланысты әзірленген жоспарлар негізінде анықталады.
Жабдықтарын ағымдағы жөндеу желілік бөліктің құрылыстары жөніндегі жұмыстарды үнемі мұнай құбыры басқармаларының тиісті қызметтері әзірлеген жоспар-кестелер бойынша жыл бойы жүргізіледі.
38. Магистральдық мұнай құбырларының өткізу қабілетін қалпына келтіру және қабырғаларында шөгінділердің жинақталуын болдырмау, сондай-ақ мұнай құбырының учаскесін құбырішілік тексеруге дайындау мақсатында магистральдық мұнай құбырларының қуысын тазарту тазартушы құрылғыларды өткізу арқылы жүргізіледі.
39. Мұнайды қотару, құбырішілік инспекциялар жүргізу жоспарларын және оның қасиеттерін ескере отырып, мұнай құбырларын тазарту жөніндегі жұмыстардың жылдық жоспарлары жасалады және бекітіледі.
40. Беріктікке және саңылаусыздыққа сынау пайдаланылатын мұнай құбырының немесе оның учаскелерінің жұмыс қабілеттілігін растау құралы болып табылады және мынадай жағдайларда жүргізіледі:
1) егер олар құбырішілік диагностикаға ұшырамаса;
2) пайдаланудан 3 жыл және одан артық мерзімге мұнайдан босатылмаған мұнай құбырларын іске қосудың алдында;
3) пайдаланудан 1 жыл және одан артық мерзімде мұнайдан босатусыз мұнай құбырларын іске қосудың алдында жүргізіледі.
41. Әрбір авариялық қалпына келтіру пунктінде авариялық қалпына келтіру пункттеріне бекітілген мұнай құбырының учаскесіне техникалық қызмет көрсету және оны ағымдағы жөндеу жұмыстары жөніндегі жұмыстарды есепке алу журналы жүргізіледі.
42. Магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігін пайдаланатын қызметтер мынадай техникалық құжаттаманы әзірлейді және пайдаланады:
1) мұнай құбырының желілік бөлігін, желілік қараушылардың үйлері мен басқа да ғимараттарды және (немесе) құрылыстарды орналастыру және пайдалану үшін қажетті жер учаскелеріне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарының көшірмелері;
2) қызмет көрсету трассасының жоспарлары, бейіндері;
3) ықтимал аварияларды жою жоспарлары;
4) жергілікті жердің ахуалдық жоспары бар магистральдық мұнай құбырларының қызмет көрсету учаскесінің схемалары (өзендер мен сайлар арқылы өтетін жолдар, трасса бойындағы жолдар және жер бетіндегі коммуникациялар, автомобиль және темір жолдар, құбырлардың авариялық қоры сақталатын жерлер, электрхимиялық қорғану объектілері мен құралдарының орналасқан жерлері, техникалық дәліздің коммуникациялары, жақын орналасқан елді мекендер);
5) мұнай құбырына, су асты және әуе өткелдеріне техникалық паспорттар;
6) негізігі жабдықтың және қысымымен жұмыс істейтін ыдыстардың паспорттары;
7) өндірушінің арнайы және авариялық техникаға паспорттары мен нұсқаулықтары;
8) мұнай құбыры трассасының топографиялық түсірілген материалдары;
9) жоспарлы-сақтандыру жөндеу кестелері;
10) қызмет көрсететін персоналға арналған лауазымдық нұсқаулықтар және мамандық бойынша нұсқаулықтар;
11) техникалық дәліз объектілеріне қызмет көрсетуге арналған шарт (немесе нұсқаулық);
12) магистральдық мұнай құбырларының пайдалану жөніндегі техникалық құжаттама.
43. Магистральдық мұнай құбырына техникалық қызмет көрсету нәтижелелері бойынша барлық өзгерістер технологиялық схемаға енгізіледі және қызмет көрсететін персоналдың назарына жеткізіледі.
44. Магистральдық мұнай құбырының технологиялық жабдықтарына, жүйелеріне және құрылғыларына техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарының мерзімі мен кезеңділігі техникалық жай-күйіне байланысты өндіруші-зауыттың технологиялық жабдықты пайдалану нұсқауының талаптарына сәйкес белгіленеді.
45. Магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігі мен
объектілеріне диагностикалау магистральдық мұнай құбырларының
қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сенімділігін ұстау, істен шығуының алдын алу, іс жүзіндегі техникалық жай-күйін анықтау, оларды одан әрі жобалық технологиялық режимдерде пайдалану мүмкіндігін анықтау, ақаулар саны мен үлгілерін анықтау, оларды нақты жерлендіру және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жөндеудің неғұрлым тиімді әдістерін таңдау, шекті рұқсат етілген жұмыс қысымын есептеу, пайдалану процесінде магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігі мен объектілерді пайдалану мерзімін ұзарту ықтималдылығын анықтау үшін жүргізіледі.
46. Магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігі мен объектілеріне диагностикалау диагностикалық аспабы бар аттестатталған ұйымдары, сондай-ақ «Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы» 2002 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша қауіпті өндірістік объектілер қызметкерлерінің кәсіби дайындығын, қайтадан даярлаудан, біліктілікті арттырудан өткенін растайтын куәлігі бар мамандар жүзеге асырады.
47. Диагностикалау кезінде қолданылатын өлшеу құралдары ретінде
мынадай шаралар қолданылады:
1) диагностика құралдары тексеріледі және Қазақстан Республикасының өлшем бірліктерін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізіледі;
2) «SI» халықаралық бірліктер жүйесінің өлшем бірліктерінде немесе «SI» жүйесіне кірмейтін, бірақ техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның шешімімен Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат берілген өлшем бірліктерінде диагностика құралдары бөлінеді (өлшем ақпараты шкаласының, бейнеленуінің және т.б. болуы);
3) үлгіні бекіту немесе метрологиялық аттестаттау туралы сертификаттармен, тексеру туралы қолданыстағы куәліктермен, тексеру әдістемесімен, өндіруші-зауыт көздеген құжат жинағымен, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі пайдалану құжаттамасымен толықтырылады.
48. Магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігін диагностикалау мыналарды қамтиды:
1) мұнай құбырының құбырішілік диагностикасын;
2) бұзбайтын бақылау әдістерін қолдана отырып, мұнай құбыр
учаскелерінің сыртқы ақаулық тексеруін;
3) оқшаулаушы жабындардың жай-күйін және электрхимиялық қорғау
жүйесі құралдарының жұмыс тиімділігін бағалауды.
49. Диагностикалау мерзімділік нормаларын есепке ала отырып,
жоспарлы негізде жүргізіледі.
Диагностикалау нәтижелерінің негізінде мұнай құбырларының бұзылуының алдын алу жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар, сондай-ақ магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігін жөндеу жұмыстарының мерзімдері мен көлемдері жоспарланады.
50. Мұнай айдау станциясы жабдығының сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында диагностика жасау кезінде мынадай міндеттер қойылады:
1) жабдықтың техникалық жай-күйін анықтау, оның ішінде ақауларды (істен шығуларды) табу мен жіктеу, олардың дамуын болжау;
2) қалдық ресурсты анықтау және жабдықты пайдалану мерзімін ұзарту;
3) жөндеу мерзімдері мен көлемдерін, жабдықты ауыстыру - немесе жаңғырту қажеттілігін анықтау.
51. Диагностикалауға жататын жабдықтар номенклатурасын тиісті
бөлімше анықтайды.
Жаңа және жаңғыртылған мұнай айдау станцияларын жобалау кезінде негізгі және көмекші жабдықтарды диагностикалық бақылауының автоматтандырылған жүйелері көзделеді.
52. Жабдықтың іс жүзіндегі техникалық жай-күйін анықтау оның рұқсат етілген параметрлерінің ағындағы мәндеріне және негізгі мәндерге сәйкестігін тексеру және салыстыру негізінде жүргізіледі.
Жабдықтың техникалық жай-күйін бағалауға қажетті параметрлердің рұқсат етілген мәндері, сондай-ақ сенімділіктің іс жүзіндегі көрсеткіштері, іске қосулар мен бұрын орындалған диагностикалық және жөндеу жұмыстары нәтижелерінің санын есепке ала отырып, белгіленген жоспарлы бақылау жүргізу мерзімділігі техникалық құжаттамаларға сәйкес анықталады.
Бақыланатын параметрлердің негізгі мәндері диагностика бойынша жұмысты бастауға дейін, сондай-ақ жаңа немесе жөнделген жабдықты пайдалануға енгізуден, сондай-ақ бақыланатын параметрлерді өзгерткен торапты немесе бөлшекті ауыстырғаннан кейін анықталады.
53. Мұнай айдау станцияларының жабдығына диагностикалау шеңберінде техникалық жай-күйге жедел, жоспарлы және жоспардан тыс диагностика жүргізіледі.
Жедел (үздіксіз) диагностикалау - техникалық жай-күйді бақылау бақыланатын параметрлер туралы ақпараттың тұрақты түсуі кезінде үнемі болады.
Жедел диагностикалау көлеміне нормативтік құжаттамаға сәйкес кестеге сай жүргізілетін мұнай айдау станцияларының объектілерін техникалық тексеру кіреді.
Жоспарлы (мерзімді) диагностикалау - жабдықтың техникалық жай-күйін бағалауға, оның жұмыс қабілетін болжауға мүмкіндік беретін параметрлер бойынша мұнай айдау станциялары жабдығының іс жүзіндегі техникалық жай-күйін бақылау.
Жоспардан тыс диагностикалау - тұрақты бақыланатын параметрлердің мәндері кенет өзгерген жағдайда, сондай-ақ, егер жедел бақылау нәтижелері бойынша ақаудың ықтимал дамуы туралы шешім шығарылған жағдайда жүргізілетін мұнай айдау станциялары жабдығының техникалық жай-күйін бақылау.
54. Жабдықтың техникалық жай-күйін диагностикалау мен оның өзгеру себептерін талдау жүргізуге қажетті ақпарат көзі мынадай: пайдалану параметрлері, істен шығулар мен іске қосулар; жоспарлар мен диагностикалау және жөндеу жүргізу нәтижелері дерекқоры болып табылады.
55. Техникалық диагностикалау нәтижелері бойынша жабдықтың
техникалық жай-күйі туралы қорытынды беріледі.
56. Техникалық жай-күйді бағалау кезінде пайдаланылған параметрлер, сондай-ақ ресурсты диагностикалау мен болжау нәтижелері біртектес жабдықты пайдалану уақыты ішінде магистральдық мұнай құбырларының автоматтандырылған бақылау және басқару жүйесінің дерекқорында сақталады.
57. Сорғы агрегаттарының жұмыс қабілетін бақылау параметрлік және діріл-акустикалық өлшемдер бойынша диагностикалау кезінде жүзеге асырылады.
58. Магистральдық және тірек асты сорғы агрегаттарын параметрлік диагностикалау мынадай бақыланатын параметрлер бойынша олардың техникалық жай-күйін міндетті бағалауды: арын бойынша; тұтыну қуаты және сорғының пайдалы әрекет коэффициент бойынша; қысым бойынша; майдың, статор өзегінің, ротор байлауының және статордың, мойынтіректердің, салқындатқыш ортаның температурасы бойынша қамтамасыз етуі тиіс.
59. Параметрлік диагностикалау негізінде осы параметрлердің нашарлауын туғызатын себептер, сорғының арындық және энергетикалық сипаттамасын жақсарту және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу мен іске асыру анықталады, атқарымға қарай олардың өзгеру үрдісі анықталады.
60. Дірілді диагностикалық бақылау мен сорғы агрегатының жалпы техникалық жай-күйін бағалау мынадай өлшемдер бойынша жүргізіледі:
1) дірілдің рұқсат етілген деңгейі бойынша;
2) негізгі сипаттамаға қатысты дірілдің өзгеру жылдамдығы бойынша;
3) спектралдық сипаттамалар бойынша.
61. Діріл параметрлерлері бойынша сорғы агрегатының жұмыс істеу қабілетін бағалау жедел, жоспарлы және жоспардан тыс дірілді бақылау нәтижелері бойынша орындалады.
62. Жедел бақылау кезінде діріл шамасы туралы ақпаратты қолмен, автоматтандырылған немесе аралас тіркеу мүмкіндігімен қазіргі уақыт сәтіндегі және динамикадағы сорғы агрегатының діріл деңгейін тұрақты бақылау орындалады.
63. Жоспарлы дірілді диагностикалық бақылау кезінде сорғы агрегатының іс жүзіндегі техникалық жай-күйі бағаланады, жөндеуге дейінгі немесе келесі дірілді диагностикалық бақылауға дейінгі уақытты анықтай отырып, оның жұмыс қабілеті болжанады, жөндеу көлемі мен түрі, жөндеу сапасы нақтыланады.
64. Қосалқы сорғыларды жоспардан тыс дірілді диагностикалық бақылау кезінде тексеру уақытында анықталған бөгде шулар пайда болған жағдайда жүргізіледі.
65. Сорғы агрегаттарының біліктері нормативтік құжаттамаға сәйкес атқарымдарды және іске қосулар санын есепке ала отырып, кіріс және жоспарлы ақаулық бақылауға жатады.
66. Бекітпе арматурасының техникалық жай-күйін бағалауға
қолданылатын әдістер мен құралдар мыналарды қамтамасыз етеді:
1) сыртқы және ішкі герметикалықты бақылау;
2) корпус материалында, дәнекерлеу жіктерінде, шток нығыздағышындағы ақауларды анықтау;
3) редуктордың, электр жетектің, іске қосу және тоқтату аппаратурасының, ұштық және сәттік ажыратқыштардың жұмыс қабілетін бақылау.
67. Технологиялық мұнай құбырларының іс жүзіндегі техникалық жай-күйін анықтау үшін тексеру, сынақ (жоспарлы бақылау шеңберінде) жүргізіледі.
68. Пайдаланудың белгіленген мерзімін (белгіленген ресурс) өтеген мұнай айдау станциялары жабдығы оны одан әрі пайдалану немесе есептен шығару мүмкіндігі мен талаптарын анықтау мақсатында техникалық куәландыруға жатады.
69. Мұнай айдау станцияларының жабдығына техникалық қызмет көрсету мен жөндеу көлемі және мерзімділігі қосымша пайдалану мерзімі ішінде техникалық куәландыру нәтижелері бойынша белгіленеді.
70. Резервуарларды диагностикалау өндіруші-зауыттың техникалық құжаттамаларына сәйкес жүргізіледі.
71. Ішінара диагностикалау резервуарларды пайдаланудан шығармай жүргізіледі, толық - резервуарларды пайдаланудан шығарудан, оларды босатудан, тазартудан және газсыздандырудан кейін жүргізіледі.
72. Резервуарларды диагностикалау негізінде резервуар паркінің сенімді пайдалануды қамтамасыз ету мүмкіндігін есепке ала отырып резервуарларды жөндеу (оның ішінде күрделі жөндеу) кестесі жасалады.
73. Резервуардың жекелеген элементтерін немесе резервуардың барлығын жарамсыз ету толық диагностикалау нәтижелерін, пайдалану кезінде оның сенімділігін төмендететін барлық факторды есепке ала отырып, пайдалану талаптарын қарау негізінде жүргізіледі.
74. Резервуарды толық жарамсыз ету туралы мәселені шешу кезінде металдың механикалық қасиеттері және химиялық құрамы бойынша қанағаттанарлықсыз сапасы негіз болып табылады.
75. Мұнай құбырының желілік бөлігінің техникалық жай-күйін бағалау мен оны жөндеу қажеттілігі, жөндеу түрі мен тәсілін таңдау:
1) құбырішілік диагностика деректерін;
2) пайдалану кезеңінде мұнай құбырының қорғаныс әлеуетінің өзгерісі туралы деректерді;
3) оқшаулаушы жабын ақауының деректерін;
4) диагностика жүргізген мамандандырылған ұйымнан алынған тексерілген учаскелердің техникалық жай-күйін болжау және одан әрі пайдалану туралы ұсынымдарды;
5) бұрын анықталған ақаулар туралы мәліметтерді;
6) мұнай құбырының істен шығу ағынының өлшемін;
7) мұнай құбырының техникалық деректері мен олардың жобалық көрсеткіштерге сәйкестігін;
8) мұнай құбыры жүктемесінің іс жүзіндегі және болжанған көрсеткіштерін талдау негізінде жүргізіледі.
76. Талдау және алынған ақпаратты өңдеу нәтижелері бойынша:
1) мұнай құбырының ақауы бар учаскесінің орналасуын нақтылау;
2) тексерілген учаскенің жөндеуге жарамдылығын анықтау;
3) мұнай құбырының ықтимал бұзылуының алдын алу жөніндегі іс-шараларды жоспарлау;
4) жөндеу түрі мен әдісін таңдау, қаралған кезеңге және перспективада мұнай құбырының жүктемесін есепке ала отырып, мұнай құбыры ақауларының сипатына және оның жөндеуге жарамдылығына байланысты жөндеу жұмыстарының көлемдері мен мерзімдерін анықтау жүргізіледі.
77. Мұнай айдау станциялары объектілерінің (резервуарлар,
технологиялық мұнай құбырлары) техникалық жай-күйін бағалау кешенді
диагностикалау нәтижелерін талдау негізінде жүргізіледі.
78. Магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігіндегі жөндеу
жұмыстары мыналарды қамтиды:
1) ағымдағы жөндеу (вантуздар, ысырмалар, әуелік өткізгіштер, тазарту және диагностикалау құралдарын іске қосу және қабылдау тораптары, электрхимиялық қорғау жүйесінің құралдары және т.б.);
2) күрделі жөндеу (құбыр ауыстыру, оқшаулаушы жабынды ауыстыру, ішінара жөндеу);
3) авариялық қалпына келтіріп жөндеу.
79. Мұнай айдайтын станциялардың жабдығы үшін:
1) техникалық тексеру;
2) іс жүзіндегі техникалық жай-күйі (ағымдағы, күрделі) бойынша орындалған жөндеу немесе жоспарлы-сақтандыру жөндеу жүйесін таңдау кезінде жоспарлы жөндеу;
3) жоспардан тыс (авариялық қалпына келтіру) жөндеу;
4) регламенттік жұмыстар көзделеді.
80. Мұнай құбырын жөндеу жұмысын жоспарлау магистральдық мұнай құбырлары ғимараттарының және жабдығының техникалық жай-күйі туралы қорытындыны есепке ала отырып, құбырішілік диагностиканың техникалық есепте ақпарат ұсынылған ақауларды пайдаланудың шекті рұқсат етілген мерзіміне байланысты жүргізіледі.
81. Негізгі жөндеу жұмыстарын жүргізу мердігердің ұйымдастыру және дайындық жөніндегі іс-шараларды орындағаннан, мұнай құбыры учаскесінің трассасын жөндеуден қабылдағаннан және меншік иесінің (оператордың) уәкілетті адамдарының жұмыс жүргізуге жазбаша рұқсатынан кейін басталады.
82. Желілік бөліктің ағымдағы жөндеуі бекітілген кестеге сәйкес мұнай құбырына техникалық қызмет көрсете отырып орындалады.
83. Күнтізбелік жыл ішінде ағымдағы жөндеу жоспар-кестесіне орындалған тексерулер, зерттеулер, сынақтар нәтижелері бойынша толықтырулар енгізіледі.
Ағымдағы жөндеудің бекітілген жоспарымен көзделген жұмыс көлемдерін қысқартуға магистральдық мұнай құбырларының меншік иесінің (оператордың) келісімі бойынша рұқсат етіледі.
84. Мұнай құбырын жұмыс сипаты мен технологиясы бойынша күрделі
жөндеу мынадай түрлерге бөлінеді:
1) құбырларды ауыстырып күрделі жөндеуде мұнай құбырының ақауы бар учаскесі жаңа учаскеге толық ауыстырылады;
2) оқшаулаушы жабынды ауыстырып күрделі жөндеуде мұнай құбыры қабырғасының көтергіш қабілетін қалпына келтіре отырып, (қажетіне қарай) оқшаулаушы жабын толық ауыстырылады;
3) ішінара жөндеу, құбырішілік инспекциялық снарядтармен тексеру кезінде анықталған қабырғаның қауіпті және әлеуетті қауіпті ақаулары бар мұнай құбырының учаскелерін жөндеу, сондай-ақ күрделі учаскелерді жөндеу (жер үстіндегі және жер астындағы коммуникациялар мен желілік арматура тораптарына түйіскен учаскелермен қиысу орындары).
85. Жөндеу түрін таңдау (ішінара, құбырларды ауыстырып күрделі жөндеу, оқшаулаушы жабынды ауыстырып күрделі жөндеу):
1) жөндеу түрлері мен әдістері бойынша техникалық-экономикалық
көрсеткіштерге;
2) мұнай құбырының ұзындығы бойынша ақауларды бөлу тығыздығына;
3) оқшаулаушы жабынның жай-күйіне байланысты жүргізіледі.
86. Магистральдық мұнай құбырларының күрделі, сондай-ақ ішінара күрделі жөндеу, лицензиясы бар жобалаушы ұйым әзірлеген жобаға және жөндеу жүргізетін ұйым әзірлеген жұмыс жүргізу жобасына сәйкес орындалады.
87. Әрбір жөндеу мұнай құбырының паспортында көрсетіледі.
88. Жөндеу жұмыстары басталмас бұрын тапсырыс беруші мен мердігер техникалық дәліз құрылыстарының меншік иелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын бастау мен жүргізу мерзімдері туралы хабарлайды.
89. Жөндеу сапасын, технологиялық режимнің сақталуын және орындалған жұмыстарды техникалық қадағалауды жүзеге асыру үшін техникалық қызметтер мамандарының қатарынан жауапты адам тағайындалады. Сонымен қатар, осы мақсатта мамандандырылған ұйымдар тартылуы мүмкін.
90. Бекітпе арматурасын және мұнай құбырының желілік имараттарының механикалық жабдығын ағымдағы жөндеуді авариялық қалпына келтіру қызметтері, күрделі жөндеуді - мамандандырылған ұйымдар орындайды.
91. Электр техникалық қондырғыларды, электрхимиялық қорғау жүйесінің жабдығы мен құрылғыларын, магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігінің телемеханикалық автоматтандыру жүйелерін жөндеуді мамандырылған қызметтер орындайды.
92. Магистральдық мұнай құбырларын пайдаланудан шығару магистральдық мұнай құбырларының жөндеу, консервациялау немесе жою мақсатында жүзеге асырылады. Пайдаланудан шығару кезінде магистральдық мұнай құбырларының қауіпсіз жай-күйге ауыстырылады.
93. Магистральдық мұнай құбырларының объектісін қауіпті өндірістер тізбесінен алып тастау мақсатында оны пайдаланудан шығару (қауіпсіз жай-күйге ауыстыру) кезінде қабылданған шешімнің түпкілікті мақсатына байланысты мұнай құбырларын, жабдықты және сыйымдылықтарды мұнайдан босату, жанар-жағар май материалдарының қоймаларды жою, энергия тұтынуды (энергиямен жабдықтау) төмендету (ажырату) және мұнай айдау станциялары (бас мұнай айдау станциялары) басқа да жүйелерін қалыптастыру талаптарын өзгерту жөнінде бірқатар технологиялық іс-шаралар жүргізіледі.
94. Мұнай айдау станциялары (бас мұнай айдау станциялары) қауіпсіз жай-күйге ауыстыру жабдықты консервациялауға немесе объектіні жоюға алып келуі мүмкін.
95. Пайдаланудан уақытша шығарылған объектілердің жабдығының ақаусыздығы мен жұмыс қабілетін сақтау үшін іс-шаралар кешені (консервация) жүргізіледі және жұмыс істемейтін объектіге техникалық қызмет көрсету ұйымдастырылады.
96. Консервациялауға қалдық ресурсты және консервациялаудың орындылығын анықтау мақсатында алдын ала куәландырудан, техникалық диагностикалаудан, ақаулық тексеруден өткен жөнделген жабдық жатады.
97. Объектілерді (жабдықты) қайта іске қосу және оларды қолданысқа енгізу үшін жұмыстардың тізбесі, оларды орындау тәртібі мен мерзімдері көрсетіле отырып жұмыс бағдарламасы әзірленеді.
98. Қайта іске қосқаннан кейін магистральдық мұнай құбырлары объектілерінің жабдығын пайдалануға енгізу кезінде тексеру, аунату, сынақ және пайдалануға қабылдау өндіруші-зауыттың нұсқаулықтарының талаптарына сәйкес жүргізіледі.
99. Қайта іске қосқаннан магистральдық мұнай құбырларының объектісін бақылаумен пайдалану кезеңі жобалық құжаттамамен белгіленеді.
100. Объектілер мен жабдықты қайта монтаждау бойынша жұмыстарды орындау үшін қайта монтаждауға жобалық құжаттама әзірленеді.
101. Магистральдық мұнай құбырларының объектілерін пайдаланудан шығаруға арналған жобалық құжаттаманы келісу, бекіту, сараптама жүргізу, жұмыстардың жүргізілуін бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Магистральдық мұнай құбырларын жедел диспетчерлік басқару
102. Жедел диспетчерлік басқару магистральдық мұнай құбырларының объектілерін автоматтандыру магистральдық мұнай құбырларының берілген жұмыс істеу режимдерін тәулік бойы және үздіксіз қолдауды, жабдық жұмысын бақылауды, қызмет көрсетуші персоналдың оңтайлы санында жабдықты басқару кезінде операцияларды орындаудың қажетті дәйектілігі мен жабдықты автоматты қорғауды қамтамасыз етеді.
103. Магистральдық мұнай құбырларында автоматтандыру объектілері:
1) магистральдық, тіректі сорғылары, резервуар парктері бар бас мұнай айдау станцияларының;
2) магистральдық сорғылары бар аралық мұнай айдау станцияларының;
3) мұнай қыздыру станцияларының/пункттерінің;
4) мұнайды есепке алу торабы/мұнайдың саны мен сапасын өлшеу жүйесінің;
5) қосалқы инженерлік құрылыстарының;
6) магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігі болып табылады.
104. Магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігінің автоматтандыру жүйесі магистральдық мұнай құбырларының желілік бөлігінің технологиялық жабдығымен орталықтандырылған бақылау мен басқаруды қамтамасыз етуге және:
1) жұмыс істеп тұрған және ажыратылған мұнай құбырларындағы
қысымының;
2) «құбыр-жер» қорғау әлеуетінің шамасының;
3) электрхимиялық қорғау жүйесі станцияларынан шығатын ток және қысым шамасының;
4) мұнай шығынының;
5) мұнай температурасының;
6) қол тимеген топырақтың температурасының;
7) электрхимиялық қорғау жүйесі станцияларынан шығатын тоқты реттеуінің;
8) бақылау мен басқару пункті күзет сигнализациясының және технологиялық параметрлерінің іріктеу құдықтарының жай-күйінің;
9) желілік тиекті арматураның жай-күйі мен жағдайының;
10) электр-химиялық қорғау құралдарының жай-күйінің;
11) тазарту және диагностика құралдарының өту сигнализациясының;
12) бақылау мен басқару пункттегі ең төменгі температураның;
13) трасса бойындағы электр беру жолдарының кернеуі болуының;
14) тазалау және диагностика құралдары қабылдау-іске қосу камерасының жинау сыйымдылығындағы кемудің барынша деңгейінің сигнализациясын;
15) технологиялық параметрлерінің іріктеу құдықтарын судың басуының сигнализациясын;
16) (реклоузерлер) әуе, құрама, трасса бойындағы электр беру жолдарын секциялау автоматтық пункттерінің жай-күйінің;
17) электрхимиялық қорғау жүйесі құралдарының жұмыс режимімен басқарудың технологиялық параметрлерін өлшеуге арналған.
105. Төгу-құю эстакадаларын автоматтандыру жүйесі автоматтық
қорғауды, бақылауды және төгу-құю технологиялық процессті басқаруды
қамтамасыз етуге арналған және мынадай функциялардың орындалуын
қамтамасыз етеді:
1) негізгі технологиялық параметрлерді бақылауды;
2) технологиялық жабдық жұмысын қашықтан басқаруды;
3) технологиялық процессті технологиялық регламент бойынша
автоматты басқару.
106. Резервуар паркін автоматтандыру жүйесі автоматтық қорғау, бақылау және технологиялық процесті басқару функцияларын орындауды және резервуар паркінің технологиялық параметрлерін өлшеуді қамтамасыз етуге:
1) резервуарларда деңгей өлшеуге;
2) мұнай температурасын өлшеуге;
3) мұнайды жедел есепке алуға;
4) технологиялық жабдық жұмысын қашықтан басқаруға;
5) резервуарлық парк ысырмаларын және олардың жай-күйінің дабылын қашықтан басқаруға;
6) жабдықты технологиялық регламент бойынша автоматты басқаруға;
7) резервуарларда барынша көп және барынша аз деңгейлер туралы авариялық дабыл беруге;
8) қорғаныс іске қосылған кезде авариялық дабыл беруге арналған.
107. Мұнай қыздыру станциясын/пунктін автоматтандыру жүйесі авариясыз пайдалану мен технологиялық жабдықты қалыптастырудың талап етілген режимдерін:
1) негізгі технологиялық параметрлерді бақылауды;
2) технологиялық жабдық жұмысын қашықтан басқаруды;
3) жабдықты технологиялық регламент бойынша автоматты басқаруды жүзеге асыру арқылы технологиялық жабдықтың жұмыс істеуі.
108. Аварияға қарсы автоматты қорғаныстың негізгі тағайындаулары:
1) авариялық жағдайлардың туындауының алдын алу;
2) авариялық жағдайлар туындағанда, оның ішінде автоматтандыру жүйесінің бас тарту немесе персоналдың іс-қимылы қате болған кезде технологиялық процессін қауіпсіз жай-күйіне автоматтық ауыстыру;
3) авариялық дабылдардың белсенділігінің сақтауында жабдықтың бітеуі.
108. Аварияға қарсы автоматты қорғаныстың жүйесі қатарлас және станцияның технологиялық процестерін басқарудың автоматтандырылған жүйесінен тәуелсіз жұмыс істейді.
109. Жоспарлы жөндеу жұмыстарынан немесе авариялық тоқтатулардан кейін мұнай құбырын іске қосуды жергілікті басқару режиміндегі диспетчер жүргізеді.
Автоматтандыру жүйесімен жарақтандырылған мұнай құбырын берілген режимге шығаруды тікелей диспетчер жүзеге асырады, ал мұнай құбырларында автоматтандыру жүйесі болмаған кезде - диспетчердің басшылығымен жергілікті басқару режимінде жергілікті диспетчерлік пунктінің жедел персоналы жүзеге асырады.
110. Мұнай құбырларындағы барлық жоспарлы іске қосулар, тоқтатулар, қайта қосулар, режим өзгерту диспетчердің рұқсатымен жүргізіледі.
Мұнай құбырын тоқтатумен байланысты авариялық жағдайлар туындаған кезде диспетчер магистральдық мұнай құбырларының объектілерінде авариялық жағдайлар туындаған кездегі ішкі нұсқаулыққа сәйкес іс-қимыл жасайды.
111. Өндірістік-технологиялық байланыс құралдары мұнай құбырының жұмысын орталықтандырылған басқаруды ұйымдастыруға пайдаланылады, мұнай құбырының технологиялық процестерін басқарудың автоматтандырылған жүйесі үшін техникалық база болып табылады.
112. Өндірістік-технологиялық байланыс мынадай көлемде қарастырылуы тиіс:
1) бас диспетчерлік басқарма диспетчерінің аумақтық орталық диспетчерлік пунктінің диспетчерімен диспетчерлік байланысы;
2) орталық диспетчерлік пункті диспетчерінің магистральдық мұнай құбырларының мұнай құбыры басқармасы диспетчерімен, мұнай айдау станцияларымен, мұнай айдау станциясының операторларымен, құю станцияларымен және оған бағынысты басқа да жедел қызметтермен диспетчерлік байланысы;
3) мұнай құбыры басқармасы диспетчерінің мұнай айдау станциялары, мұнайды жылыту пункттерінің операторларымен, құю станцияларымен және оған бағынысты басқа да жедел қызметтермен диспетчерлік байланысы;
4) кеңес байланысына арналған селекторлық байланыс;
5) кеңес өткізуге арналған бейнеконференцбайланыс;
6) мұнай айдау станцияларымен, мұнайды жылыту пункттерімен, құю станцияларымен және оларға бағынысты басқа да жедел қызметтермен кеңес өткізуге арналған селекторлық байланыс;
7) мұнай құбыры басқармасы диспетчерінің мұнай айдау станцияларымен, мұнайды жылыту пункттерінің операторларымен, құю станцияларымен және оған бағынысты басқа да жедел қызметтермен байланысуға арналған селекторлық байланыс;
8) мұнай құбырын диспетчерлік бақылау және басқару жүйесіне (SСАDА) арналған байланыс арналары;
9) автоматтандырылған басқару жүйесіне арналған байланыс арналары;
10) халықаралық автоматты жедел-өндірістік телефон байланысы;
11) жергілікті автоматты жедел-өндірістік телефон байланысы;
12) халықаралық және жергілікті факсимильдік байланыс;
13) мұнай құбырының трассасындағы жылжымалы объектілермен транкингтік радиобайланыс;
14) бақылау мен басқару пунктімен телефон байланысы.