Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 қарашадағы № 1483 Қаулысы

Жаңартылған

      «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2015 № 95 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      1. Қоса беріліп отырған Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 23 қарашадағы
№ 1483 қаулысымен   
бекітілген      

Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша
Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің
ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өздерінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетіне (бұдан әрі - Комитет) беру тәртібін айқындайды.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 26.02.2015 № 95 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:
      1) автоматтандырылған жұмыс орын (бұдан әрі – АЖО) – ақпаратты жасауды, жинауды, өңдеуді, жинақтауды, сақтауды, іздестіруді, таратуды және тұтынуды қамтамасыз ететін аппараттық-бағдарламалық кешен;
      2) ақпараттық жүйе – аппараттық-бағдарламалық кешенді қолдана отырып, ақпаратты сақтауға, өңдеуге, іздестіруге, таратуға, беруге және ұсынуға арналған жүйе;
      3) ақпараттық ресурстар – электрондық түрде сақталатын (ақпараттық дерекқорлар), ақпараттық жүйелердегі ақпарат;
      4) ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға қатысушылар – Комитет және осы Қағидаларға сәйкес Комитетке өзінің ақпараттық жүйелерінен және ресурстарынан мәліметтер беретін тиісті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;
      5) Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлiк ортасы (бұдан әрі – МО БКО) – Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, ведомствоаралық ақпараттық-коммуникациялық желiден тұратын, басқару және ұйымдастыру мақсаттарын iске асыруға және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарын қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың өзара іс-әрекетіне арналған, сондай-ақ «электрондық үкiметтiң» электрондық ақпараттық ресурстары мен ақпараттық жүйелерiнiң өзара iс-әрекетін қамтамасыз етуге арналған телекоммуникациялар желiсi;
      6) МО АЖжР – Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелері мен ресурстары.

2. Ақпараттық жүйелерден және ресурстардан мәліметтер беру
тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өз МО  АЖжР-дан мәліметтерді Комитетке мынадай тәсілдер арқылы береді:
      1) сұрау салу және жауап беру режимінде МО БКО пайдалана отырып, МО АЖжР деректер қорына рұқсат беру арқылы;
      2) осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тәсіл арқылы мәліметтер беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, АЖО рұқсат беру арқылы;
      3) осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тәсіл арқылы мәліметтерді беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, Комитеттің ақпараттық ресурстарына мәліметтер енгізу арқылы;
      4) осы Қағидалардың 3-тармағының 1) – 3) тармақшаларында көрсетілген тәсілдер арқылы мәліметтер беру мүмкіндігі болмаған жағдайда, қағаз тасығышта.
      4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары қолжетімділігі шектелген электрондық ақпараттық ресурстардан мәліметтерді Комитетке мемлекеттік құпиялар туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, осы Қағидалардың 3-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген тәсілмен береді.
      5. Ақпараттық жүйелерден және ресурстардан берілетін мәліметтерді және оларды беру мерзімін ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға қатысушылар бірлесіп бекітілетін актіге сәйкес айқындайды.
      6. Ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға қатысушылар осы Қағидалардың шеңберінде алынған ақпараттың құпиялылығын сақтайды және өз қызметінің барысында алынған қызметтік, коммерциялық, банктік немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпаратты сақтаудың, қорғаудың және оның сақталуының режимін қамтамасыз етеді.