"Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Регламентi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысына толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 22 қазандағы № 1335 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Регламентi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат) мынадай толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Регламентiнде:
      8-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Тапсырмалардың жобаларын дайындау кезінде мыналар ескеріледі:
      1) көтеріліп отырған мәселелердің пысықталғандығы;
      2) стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға сәйкестігі;
      3) нәтижелілігі мен тиімділігі (нақты түпкі нәтижесі көрсетіледі);
      4) орындалу мерзімдерінің шынайылығы;
      5) экономикалық орындылығы мен ресурстармен қамтамасыз етілуі;
      6) өзге тапсырмалармен қайталанудың жоқтығы.»;
      32-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:
      «Қаулы (өкім) жобасында тапсырмалық сипаттағы ережелер бар болған жағдайда, мемлекеттік органдар осы Регламенттің 8-тармағының екінші абзацын басшылыққа алады.».
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           С. Ахметов