Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 22 тамыздағы № 1069 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы келісімге қол қоюға өкілеттік берілсін.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 22 тамыздағы
№ 1069 қаулысымен  
мақұлданған     

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасында мектеп салу туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі,
      екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды дамытуға, Тараптар мемлекеттері халықтарының арасындағы тарихи және мәдени байланыстарды нығайтуға ниет білдіре отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларының нормаларын ескере отырып,
      білімнің дамуын екі мемлекеттің мәдени өзара іс-қимылының және ынтымақтастығының маңызды шарты деп есептей отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімнің мақсаты қазақстандық тараптың «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы бөлетін 1 200 800 мың теңге мөлшеріндегі қаражаты есебінен Ош облысы Қарасу ауданының Ишкаван ауылында 900 орындық мектепті салу және оған іргелес жатқан аумақты (бұдан әрі – объект) абаттандыру болып табылады.

2-бап

      Қырғыз тарапы объектінің құрылысы үшін Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес қандай да бір міндеттемелерден босатылған 4,1 га мөлшеріндегі жер учаскесін ұсынады.

3-бап

      Қырғыз тарапы объектінің құрылысы бойынша бас мердігерді іріктеуді жүзеге асырады, ол өз кезегінде құрылысты Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Үкіметі қырғыз тарапының, бас мердігердің және қосалқы мердігерлердің міндеттемелеріне жауапты емес.
      Қазақстан тарапы 1-бапта көзделгеннен басқа қосымша қаражат бөлмейді.

4-бап

      Қырғыз тарапы Қырғыз Республикасының техникалық және нормативтік талаптарына сәйкес жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді, инженерлік желіге қосылу үшін және басқа да жұмыстарға қажетті рұқсат беру құжаттамаларын ресімдеуді, мемлекеттік сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді.

5-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке оның ажырамас бөлігі болып табылатын және жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

6-бап

      Осы Келісімнің ережелерін қолдануға және/немесе түсіндіруге байланысты даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды консультациялар және келіссөздер жолымен шешетін болады.

7-бап

      Осы Келісім Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа да халықаралық шарттардан туындайтын әр Тараптар мемлекетінің құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

8-бап

      Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама диломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім белгісіз мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күнінен бастап алты ай өткен соң өз қолданысын тоқтатады.

      20___ жылғы «___» __________ ___________ қаласында әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі барлық мәтіндердің күші бірдей.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру кезінде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінге жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының                Қырғыз Республикасының
            Үкіметі үшін                            Үкіметі үшін