Меншік нысанына қарамастан кәсіпорындарда мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалу сапасына бақылауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 шілдедегі № 968 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 қаңтардағы Заңының 7-бабының 26-3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Меншік нысанына қарамастан кәсіпорындарда мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалу сапасына бақылауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 25 шілдедегі
№ 968 қаулысымен   
бекітілген      

Меншік нысанына қарамастан кәсіпорындарда мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалу сапасына бақылауды жүзеге асыру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Меншік нысанына қарамастан кәсіпорындарда мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалу сапасына бақылауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 26-3) тармақшасына, «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және меншік нысанына қарамастан, кәсіпорындарда (бұдан әрі – ұйымдар) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қорғаныстық тапсырысының (бұдан әрі – қорғаныстық тапсырыс) орындалу сапасын бақылауды іске асыру тәртібін айқындайды.
      2. Меншік нысанына қарамастан, ұйымдарда мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалу сапасын бақылауды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери өкілдіктері (бұдан әрі – әскери өкілдіктер) құрылады.
      Әскери өкілдіктердің жарғысын және құрамын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бекітеді.
      Әскери өкілдіктердің лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі белгілеген біліктілік талаптарына сәйкес болуы тиіс.
      3. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалу сапасын бақылау Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының (бұдан әрі – тапсырыс беруші) мүддесі үшін кәсіпорындар жеткізетін тауарлар (өнімдер), жұмыстар және қызметтерге (бұдан әрі – өнім) қатысты жүзеге асырылады.
      4. Әскери өкілдіктердің басшылары ұйымдардың басшыларымен өнімдерді, жасаумен, әзірлеумен, сынаумен, қабылдаумен және жеткізумен байланысты барлық мәселелер бойынша, сондай-ақ әскери өкілдіктер жұмысының шартын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.
      5. Әскери өкілдіктер өнімнің сапасын бақылау жөніндегі өз қызметін ұйым және тапсырыс беруші арасындағы шарт негізінде жүзеге асырады.
      Әскери өкілдіктер қорғаныстық тапсырыстың шеңберінде жеткізілетін өнімнің сапасын бақылауды жүзеге асыру мәселелері жөнінде шарттың орындалуының барлық мерзімінде тапсырыс берушінің басшылығымен өзара іс-қимыл жасайды.

2. Меншік нысанына қарамастан, кәсіпорындарда мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындау сапасын бақылауды жүзеге асыру тәртібі

      6. Тапсырыс берушіге жеткізілетін өнім техникалық құжаттар мен стандарттардың талаптарына, сондай-ақ жеткізу келісімшарттарының шарттарына сәйкес келуі тиіс.
      Өнімді сериялық өндіру үшін техникалық құжат белгіленген тәртіппен бекітіледі.
      7. Өнім тапсырыс беруші және ұйымдар арасындағы келісімшарттарда көрсетілген санда және мерзімде талап етілетін сапасымен жеткізіледі.
      8. Әскери өкілеттіктер өнімнің сапасын өндіру мен құрастырудың кез-келген кезеңін бақылауды, сондай-ақ қажетті жағдайларда жеке бұйымдарды және жинау бірліктерін таңдап тексеруді, бөлшектеуді және сынауды іске асырады. Осындай тексерудің тәртібі, сондай-ақ бөлшектеуге жататын бұйымдар мен жинау бірліктерінің саны, оларды сынаудың әдістемесі әскери өкілеттіктің бастығы мен ұйымдар басшылығы арасындағы келісім бойынша белгіленеді.
      9. Өнімді дайындау сапасын тексеру, сынау және қабылдап алу оның техникалық құжаттар талаптарына сәйкес болуын тексеру бұйымдарды, жинау бірліктерін, тетіктерді бақылаудың тұтас, таңдап, ұшпа және басқа да түрлерін және де технологиялық үдерістің операцияларын өткізу жолымен іске асырылады.
      Бұл ретте тұтас бақылау тек барынша жауаптылығы жоғары, орындалу сапасын әскери өкілдік дайындау мен сынаудың келесі кезеңдерінде тексере алмайтын бұйымдар, жинау бірліктері, тетіктер және технологиялық үдерістің операциялары, сондай-ақ өндірісте игеру кезеңінде тұрған өнімдер үшін ғана қаралуы мүмкін.
      Әскери өкілдіктердің бақылау тиімділігін арттыру мақсатында қажет болған жағдайда жинау бірліктері, тетіктер және технологиялық үдерістің операциялары және бүкіл бұйымның қабылдап алу әдістемелері (бақылау карталары) әзірленеді.
      10. Ұйымдар және әскери өкілдіктердің өнімнің сапасын бақылау мен қабылдап алу жөніндегі қызметін жүзеге асыру үшін негіздер өнімдерді жеткізуге тапсырыс беруші мен ұйымдар арасындағы шарттар болып табылады.
      Осы келісімшарттар негізінде әскери өкілеттіктер бақылауға және қабылдап алуға жататын өнімдердің номенклатурасын жасайды және оны тапсырыс берушінің жоғары тұрған басшысы бекітеді.
      11. Әскери өкілдіктің бастығы жасалған келісімшарттарға, техникалық шарттардың талаптарына сәйкес, сондай-ақ өнімді дайындау технологиясының және сапасын бақылаудың ерекшелігін ескере отырып, әскери өкілдіктер қабылдайтын бұйымдардың, жинау бірліктерінің және техникалық үдеріс операцияларының тізбесін белгілейді.
      Тізбе ұйым жетекшісіне жолданады және өнімді пайдалану және сапасын бақылау қорытындыларына байланысты ұдайы нақтыланып тұрады.
      12. Әскери өкілдіктерге бақылау және сынау үшін ұсынылатын бұйымдар, жинау бірліктері, тетіктер, технологиялық үдеріс операциялары алдын ала техникалық құжаттар талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеріледі және ұйымның техникалық бақылау бөлімі (бұдан әрі – ТББ) қабылдайды.
      Өнімді әскери өкілдіктердің қабылдап алуы ТББ өкілінің қатысуымен өткізіледі. Тұтас және таңдап бақылау кезінде өнімді қабылдау-тапсыру және кезеңдік сынақтар нормативтік-техникалық құжаттарда (бұдан әрі – НТҚ) белгіленген көлемде және жүйелілікте өткізіледі.
      13. Әскери өкілдіктерге бұйымдарды, жинау бірліктерін, тетіктерді және технологиялық үдеріс операцияларын қабылдауға ұсыну НТҚ бекіткен нысандағы ұсыныс құжаты бойынша жасалады.
      Таңдап бақылау әскери өкілдіктерге толық ұсынылған бұйымдардың партиясынан іске асырылады. Ұсыныс құжатында бұл жағдайда осы партияға кіретін бұйымдардың зауыттық нөмірлері мен бұйымдардың таңбалары көрсетілуі тиіс.
      Өнім өнімнің техникалық құжаттар талаптарына сәйкестігі туралы куәландыратын ілеспе құжаттармен (формулярлар, паспорттар, заттаңба, бағыт карталары) бірге ұсынылады.
      Ілеспе құжаттардың саны мен нысаны техникалық құжаттармен немесе ұйым және әскери өкілдіктер басшыларының бірлескен шешімдерімен белгіленеді. Ұсынылатын өнімнің құрамына кезеңдік сынақтарға бөлек салынатын, өздері дайындаған жиынтықтаушы бұйымдар енгізілген жағдайда әскери өкілдіктер осы бұйымдардың сапасы көрсетілген сынақтардың оң нәтижелерімен бекітілгенін тексеруге міндетті.
      Бұйымдарда қымбат бағалы материалдар қолданылған кезде олардың қоспасы туралы деректер мемлекеттік стандартқа сәйкес осы бұйымдардың формулярларында, паспорттарында немесе заттаңбаларында көрсетіледі.
      Жинау бірліктерін, тетіктерді, технологиялық үдеріс операцияларын қабылдап алу кезінде, сондай-ақ толық бұйымды қабылдау-тапсыру және басқа да сынақ санаттары кезінде алынған параметрлер сынақ хаттамаларында немесе сынақ өткізген адамдар қолдарын қоятын, техникалық құжаттарда көзделген басқа да құжаттарда жазылады (бекітіледі).
      Өнімді қабылдап алған соң әскери өкіл қабылдап алудың біткен уақытын (өнімді ұсыну уақыты ұсыныс құжатын қабылдаған кезде белгіленеді) белгілеп, ұсыныс және ілеспе құжаттарын толтырады, сондай-ақ техникалық құжаттарда көрсетілген жағдайда өнімді пломбалайды және таңбалайды. Таңдап бақылау кезінде партияны қабылдап алу қорытындысында сынақ жасалған бұйымдардың зауыттық нөмірлері көрсетіледі.
      14. Қабылдап алу үдерісінде ұсынылатын өнім тіпті техникалық құжаттардың тек бір ғана талабына сәйкессіздігі анықталған кезде өнім анықталған ақауларды жою, қайтадан тексеру үшін және қайтадан ұсыну сынақтары мен ТББ қабылдап алуынан соң қайтадан ұсыну үшін ұйымға қайтарылады.
      Әскери өкілдік екінші рет ұсынылған өнімді қабылдап алудың алдында ұйымнан ақауы бар өнімді дайындау және ұсыну себептерін анықтауды, сондай-ақ оларды жою мен алдын алу шараларын қабылдауды талап етуге міндетті.
      Анықталған ақаулардың талдау нәтижелері және ұйым қабылдаған шаралар қайталама хабарламаға қосылған актіде көрсетіледі.
      Егер әскери өкілдіктер кері қайтарған бұйым (партия) қайтадан ұсынылса, онда ресімделген акт әскери өкілдіктерге келесі бұйымды (партияны) ұсыну хабарламасымен бірге ұсынылады.
      15. Қайта өткізілген қабылдау-тапсыру сынағынан өтпеген бұйым жарамсыз деп табылады және жарамды өнімдерден оқшауланады.
      Қайта өткізілген сынақты көтермеген бұйым (партия), жасалған техникалық құжаттар бойынша жасалған бұйымдарды (партияларды), алғашқы жүйелі ұсынымдарда түбегейлі жарамсыз деп табылған бұйымдарды (партияларды) сынақтан өткізу және қабылдап алу тоқтатылады, бұл туралы тапсырыс берушіге баяндалады және ұйым жетекшісіне ескертіледі.
      Жаппай өндірілетін бұйымдар және қабылдауға жүйелі түрде ұсынылғандардың айқындалған санынан, қайтадан ұсынғандарды қоса алғанда жүйелі түрде жарамсыз деп табылған бұйымдардың (партиялардың) санын салааралық қолданудың жиынтықтаушы бұйымдары үшін қабылдауды тоқтату туралы шешім қабылданады, бұйымға НТҚ талаптарына сәйкестігі белгіленеді.
      16. Әскери өкілдіктер мынадай мақсатта өткізілетін техниканың кезеңдік сынақтарына қатысады:
      1) бұйымның (партияның) сапасын кезеңдік бақылау;
      2) алда болатын және кезекті сынақтар арасындағы кезеңде тұрақты технологиялық үдерісті бақылау;
      3) бұйымдарды қолданыстағы нормативтік-техникалық және технологиялық құжаттар бойынша дайындауды және оларды қабылдап алуды жалғастыру мүмкіндігін растау.
      Ұйым шығаруды алғаш рет бастаған немесе кезеңдік сынақтар үшін белгіленген мерзімі өтіп кеткен уақыттан соң шығаруы қайта басталған бұйымдарды қабылдап алудан бұрын кезеңдік сынақтар өткізіледі (егер қосымша сынақтар көлемі немесе сынақтардың арнайы дәрежелері НТҚ-мен көзделмесе).
      17. Әскери өкілдіктер ұйымның сынақтарды өткізу орындарын, сынақтарды өткізу мерзімдерін көрсете отырып, қабылданатын өнімдердің және өздері шығаратын жиынтықтаушы бұйымдардың барлық атаулары бойынша кезеңдік сынақтарды өткізу кестесін жасауына, сынақтар нәтижелері бойынша құжаттарды рәсімдеуге және кезеңдік сынақтардың актісін (есебін) бекітуге беруге қатысады.
      Кезеңдік сынақтарды өткізу кестесін ұйым жетекшісі (бас инженер) және әскери өкілдіктің бастығы бекітеді.
      Сынақтарды өткізу үшін үлгілерді әскери өкілдіктер бақылауға алынған кезеңде дайындалған және бақылауға алынған партиялар мен қабылдау-тапсыру сынақтарынан өткен бұйымдардан таңдап алады. Бұйымдарды таңдап алу актімен ресімделеді.
      Барлық таңдап алынған үлгілер сынақтың осы дәрежесі үшін техникалық шарттармен көзделген толық көлемде кезеңдік сынақтарға тартылады.
      Егер кезеңдік бақылауларды тапсырыс беруші немесе сыналатын бұйымдарды дайындаушы емес ұйымдар жүргізсе, кезеңдік сынақтарды жүргізу кестесі мен олардың нәтижелері бойынша актілер (есептер) НТҚ белгіленген тәртіппен толтырылады және бекітіледі.
      18. Кезеңдік сынақтар нәтижелері бойынша ұйым акт (есеп) толтырады, оны ұйым жетекшісі (бас инженер) және әскери өкілдіктердің бастығы бекітеді. Бұл ретте әскери өкілдіктер техникалық талаптарға сәйкес сынақ нәтижелері таратылатын өнімнің (партияның) нақты дайындалу мерзімін (бақылау кезеңін) көрсете отырып, сынақ нәтижелерін дайындайды.
      Бұйымдарды сынақтардан өткізу нәтижелерін бағалау кезінде техникалық құжаттарға сәйкес өткізілетін осы бұйымдардың құрамдық бөлшектері мен өздері шығаратын жиынтықтаушы элементтердің сынақтарының нәтижелері және сынақтардан кейінгі бөлшектеу мен ақаулар табу кезінде алынған деректер есепке алынады.
      19. Кезеңдік сынақтардың нәтижелері жарамсыз болған жағдайда қабылданған өнімді бұдан әрі қабылдап алу және тиеу тоқтатылады, бұл туралы тапсырыс берушіге жедел түрде баяндалады және ұйым жетекшісіне хабарланады. Анықталған ақаулардың себептері мен сипатын анықтау үшін нәтижелерге мұқият талдау жүргізіледі. Алғашқы кезеңдік сынақтардың қанағаттанарлықсыз нәтижелері актімен ресімделеді.
      Талдау нәтижелері бойынша кезеңдік сынақтар кезінде табылған ақаулардың тізбесі жасалады, одан әрі қайта кезеңдік сынақтар жүргізе отырып, анықталған кемшіліктерді (қажет болса тиелген бұйымдарда да) жою және алдын алу бойынша шаралар әзірленеді және жүзеге асырылады. Қайталама сынақтар кезеңдік сынақтардың толық көлемінде түзеуден өткен немесе жаңадан дайындалған бұйымдарға (партияларға) ақауларды жою бойынша шаралар орындалған соң жүргізіледі. Бұл ретте бұйымдарды ұсыну туралы хабарламамен бірге кезеңдік сынақтар кезінде анықталған ақаулардың жойылғанын және олардың алдын алу бойынша шаралар қабылданғанын растайтын материалдар (сынақтардың актілері, хаттамалары) ұсынылады.
      Анықталған ақаулардың сипатына қарай техникалық негізделген жағдайларда әскери өкілдіктердің бастығымен келісім бойынша рұқсат етіледі және тапсырыс беруші қайталама кезеңдік сынақтарды өткізеді.
      Өнімдерді қабылдау әскери өкілдіктер анықтаған ақауларды жою және қайталама кезеңдік сынақтардың оң нәтижелерін алу жөніндегі іс-шараларға келісу жүргізгеннен кейін қайта қалпына келтіріледі.
      20. Толық жиынтықталған дайын өнімді түпкілікті қабылдау ұйым директоры (бас инженері) және ТББ бастығы қолдарын қойған хабарлама, сондай-ақ өнімнің дайындығын және оның келісімшарт талаптарына сәйкестігін куәландыратын паспорт (формуляр) немесе басқа құжат алынған соң жүргізіледі.
      Қабылдау-тапсыру сынақтарынан өткен, толық жиынтықталған, ұйым және әскери өкілдіктер пломбалаған (егер техникалық құжаттарда немесе келісімшартта өзгеше көрсетілмесе) және сапасы техникалық құжаттарда көзделген кезеңдік және басқа да сынақтармен расталған өнім ғана түпкілікті қабылданған боп саналады. Осыған сәйкес жағдайларда өнім оралуы (қапталуы) және тасымалдау ыдысына салынуы тиіс.
      Тапсырыс берушімен келісімшарт бойынша дайындалып, қабылданған өнімге әскери өкілдіктердің бастығы өнімнің келісімшарт талаптарына сәйкестігі туралы белгіленген нысанда екі расталған көшірмесімен бірге ұйымға куәлік береді (Осы Қағидаға қосымша).
      Кооперациялар бойынша жеткізілетін әскери техника бұйымдарын қабылдап алу жағдайында әскери өкілдіктер бастығы түпкілікті қабылданып алынған өнімге осы өнімді жеткізуге келісімшартта көзделген оны қабылдап алу туралы құжатты ресімдейді. Құжат нысаны әскери өкілдіктермен келісіледі.
      21. Өндіріс аяқтамаған, жиынтықталмаған, белгіленген сынақтар өткізілмеген және басқа да келісімшарт талаптарына сәйкессіздіктері бар өнімге түпкілікті қабылдап алу туралы куәлік немесе басқа құжат беруге тыйым салынады.
      22. Қорғаныс тапсырыстарының өнімдеріне бөлінген бюджеттік қаражатты тиімді пайдалану мақсатында әскери өкілдіктер тікелей және кооперация тәртібінде іске асырылатын өнімдерді әзірлеудің және өндірудің барлық сатыларындағы шығындардың негізделуін бақылайды, сондай-ақ тапсырыс берушінің қаражаты есебінен өнімді әзірлеу және өндіру кезінде ұйымдар жасаған немесе сатып алған материалдық құндылықтарға есептеуді жүргізеді.

3. Ұйымдарда әскери өкілдіктердің қызметін ұйымдастыру

      23. Әскери өкілдіктер ұйымдарда белгіленген ішкі тәртіп ережесін ескере отырып өз жұмысын ұйымдастырады. Әскери өкілдіктердің әскери қызметшілерінің және азаматтық персоналдарының қызметтік, өндірістік және қоймалық жайларына рұқсаттамасы кәсіпорындарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
      24. Әскери өкілдіктердің жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін ұйымдардың басшылары өнімдердің сапасын бақылау және қабылдау үшін қажетті құжаттармен, анықтамалық материалдармен және ғылыми-техникалық ақпараттармен, бақылау-өлшеу аспаптарымен, құрал-жабдықтармен және жарықтандырумен, сондай-ақ сынақтарды өткізу, сапасын бақылау және өнімдерді қабылдау үшін қажетті өндірістік персоналмен, қолданыстағы санитарлық нормалар бойынша жабдықталған қызметтік жайлармен, құпия және құпия емес іс жүргізу қызмет көрсетулерімен, қажетті ұйымдастыру техникасымен, кәсіпорындарда бар байланыс құралдарымен, сондай-ақ қабылданған өнімдерді қабылдау және сүйемелдеу үшін әскери бөлімдерден келген жеке құрам үшін үй-жайлармен қамтамасыз етеді.
      25. Әскери өкілдіктер мен ұйымдардың басшылары өнімдерді әзірлеумен, шығарумен, сынаумен, қабылдаумен және жеткізумен, сондай-ақ әскери өкілдіктердің жұмыс шартын қамтамасыз етумен байланысты туындайтын мәселелерді бірлесіп шешеді және осы мәселелерді жеке қарайды және олар бойынша шешім қабылдайды.
      26. Әскери өкілдіктер ұйымдар әкімшіліктерінің қызметтік ісіне, ал ұйымдар әкімшіліктері – әскери өкілдіктердің қызметтік ісіне араласпайды.
      27. Әскери өкілдіктер және олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген тәртіпте және негізде жауапты болады.

Меншік нысанына қарамастан,
кәсіпорындарда мемлекеттік
қорғаныстық тапсырысты  
орындау сапасын бақылауды
жүзеге асыру қағидаларына
қосымша        

мөртаңба
  орны

№ ________ КУӘЛІК

_______________ ұйымына ол хабарлама бойынша, техникалық шарттарға
және 20___ ж. «____» __________ № _____ шартқа толық сәйкестікте
дайындаған және жиынтықтаған, төменде аталған өнімдерінің пайдалануға
жарамды деп танылғанын және көрсетілген шарт есебіне қабылданғанын
растау үшін № _______________ әскери өкілдік берген.

№№

Жеткізу ведомосінің позиция нөмірі

Өнімнің атауы

Өлшем бірлігі

Саны

Ескертпе

1

2

3

4

5

6







                    № ________________________ әскери өкілдік басшысы
                           Т.А.Ә. қолы
М.О.
«____» ____________ 20___ ж.

               Осы куәлікте аталған өнім жауапты сақтауға қабылданды.

                                    Ұйым бастығы ____________________
                                    Т.А.Ә. қолы

М.О.
«____» ____________ 20___ ж.