«Қазақстан Республикасының Патент заңы» туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі Заңының 5-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілерін пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 30 маусымдағы
№ 888 қаулысымен
бекітілген
Өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілерін пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілерін пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Мемлекеттік құпиялар туралы» 1999 жылғы 15 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Мемлекеттік құпиялар туралы заң) және «Қазақстан Республикасының Патент заңы» туралы Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Патент заңы) сәйкес әзірленді және өнеркәсіптік меншік объектілеріне өтінімді қарау үдерісінде оларды құпиялыға жатқызған кезде өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілерін пайдалану тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілері болып мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қамтитын өнертабыстар, пайдалы модельдер және өнеркәсіптік үлгілер түсініледі.
2. Өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілерін пайдалану тәртібі
3. Өнеркәсіптік меншік объектісіне қорғау құжатын беруге өтінім (бұдан әрі – өтінім) өнертабыстарды, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді қорғау саласындағы уәкілетті органның сараптама жасау ұйымына (бұдан әрі – сараптама жасау ұйымы) беріледі және Патент заңы мен осы Қағидаларға сәйкес қаралады.
4. Сараптама жасау ұйымына түскен өтінім мемлекеттік органдар әзірлеген және қабылдаған құпияландырылуға тиіс мәліметтердің ведомстволық тізбесіне (бұдан әрі – құпияландырылуға тиіс ведомстволық мәліметтер тізбесі) сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің болуы тұрғысынан қаралады.
5. Өтінімде мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтер анықталған жағдайда, сараптама жасау ұйымының ұсынысы бойынша өнертабыстарды, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) «Мемлекеттік органдардың мәліметтерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына жатқызу жөніндегі өкілеттіктер берілген лауазымды тұлғаларының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 13 сәуірдегі Жарлығына сәйкес белгіленген, өздерінің құзыретіне өнеркәсіптік меншіктің тиісті объектісін құпияландыру жататын тиісті мемлекеттік органдардың мамандарын шақыру арқылы өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілері жөніндегі ведомствоаралық комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) құрады.
6. Комиссия бес жұмыс күні ішінде құзыретіне өнеркәсіптік меншік объектісін құпияландыру жататын мемлекеттік органды айқындайды және өтінім түскен күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей оған Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) сәйкес өнеркәсіптік меншік объектісін құпияландыру туралы шешім қабылдау үшін өтінімнің тисті материалдарын жолдайды.
Өнеркәсіптік меншік объектісін құпияландыру туралы шешім қабылданған жағдайда, өтініш берушіге тиісті хабарлама жіберіледі.
7. Құпияландыру қажеттілігі расталған өнеркәсіптік меншіктің құпия объектісіне қорғау құжатын беруге келіп түскен өтінім бойынша сараптаманы Патент заңына сәйкес белгіленген тәртіппен сараптама жасау ұйымы жүргізеді. Бұл ретте өтінім берілген күнді және басымдықты, сараптама жасау тәртібін белгілеуге қатысты құпия емес өнеркәсіптік меншік объектілеріне өтінімдерге сараптама жүргізу бойынша нормативтік құқықтық актілердің талаптары қолданылады.
Өнеркәсіптік меншік объектілері Мемлекеттік құпиялар туралы заңға сәйкес Нұсқаулықтың және Құпияландырылуы тиіс ведомстволық мәліметтер тізбесінің негізінде құпияландырылады.
Өнеркәсіптік меншік объектілерін коммерциялық құпияны немесе мемлекеттік құпияны сақтауға байланысты емес басқа себептер бойынша сақтау мақсатында құпияландыруға жол берілмейді.
8. Өнеркәсіптік меншік объектісін құпияландырған мемлекеттік орган уәкілетті органға осындай шешімнің қабылданғаны туралы хабарлама жібереді.
9. Өнеркәсіптік меншік объектісін құпияландырудан бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда, өтінім өнертабыстарды, пайдалы модельдерді, өнеркәсіптік үлгілерді қорғау саласындағы заңнамаға сәйкес қаралады. Бұл жағдайда қарау мерзімі тиісінше комиссияның жұмысы уақытына ұзартылады.
10. Өнеркәсіптік меншік объектісін құпияландыру жөніндегі құқыққа қайшы әрекеттер туралы даулар сот тәртібінде қаралады.
11. Мемлекет құпия деп таныған өнеркәсiптiк меншiк объектiлерiне құқықтық қорғау берiлмейдi.
Белгіленген өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілері Мемлекеттік құпиялар туралы заңының 3-бабының ережелеріне сәйкес мемлекеттік меншік болып табылады.
Өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілерін қорғауды және пайдалану тәртібін мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес мемлекеттік органдар және ұйымдар жүзеге асырады.
3. Өнеркәсіптік меншік объектісінің құпиялылық дәрежесін өзгерту және құпиясыздандыру
12. Өнеркәсіптік меншік объектісінің құпиялылық дәрежесін өзгерту және құпиясыздандыру, құпиялылық белгісін өзгерту және алып тастау, сондай-ақ өнеркәсіптік меншіктің құпия объектілері туралы мәліметтерді беру Мемлекеттік құпиялар туралы заңға сәйкес жүзеге асырылады.
13. Өнеркәсіптік меншік объектісінің белгіленген құпиялылық дәрежесін өзгерту қажеттілігін қарауды өнеркәсіптік меншік объектісін құпияландыру қажеттілігін растаған мемлекеттік орган бес жылда кемінде бір рет жүргізеді. Мұндай қарау өтінім берушінің бастамасы бойынша да жүргізіледі.
14. Мәліметтерді құпиясыздандыру үшін:
Қазақстан Республикасында мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді ашық алмасу жөнінде Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелер қабылдауы;
объективті мән-жайлар өзгеріп, соның салдарынан мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді одан әрі қорғаудың мәні болмауы;
осы Заңның 11, 12, 13 және 14-баптарында белгіленген Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялары болып табылатын Мәліметтер тізбесінің өзгеруі;
мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтерді құпияландыру мерзімінің аяқталуы негіз болады.
Өнеркәсіптік меншік объектісін құпиясыздандыру кезінде өнеркәсіптік меншік объектісін құпияландыру туралы шешімді қабылдаған мемлекеттік орган өтінімнің қолда бар құпиясыздандырылған материалдарын уәкілетті органға жолдайды.
Өнеркәсіптік меншік объектісін құпиясыздандыру туралы шешім өтініш берушіге хабарланады.
15. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына өздеріне бағынысты лауазымды адамдар негізсіз құпияландырған мәліметтердің көздерін құпиясыздандыру жөнінде өкілеттік беріледі.
16. Құпиясыздандырылған өнеркәсіптік меншік объектісіне өтініш беруші сараптама жасау ұйымына заңнамада белгіленген тәртіппен қорғау құжатын беру туралы өтініш беруге құқылы.
17. Сараптама жасау ұйымы құпиясыздандырылған өнеркәсіптік меншік объектісінің өтінім материалдарын, олар бойынша бұрын тиісті мемлекеттік орган жүргізген сараптаманы ескере отырып қарайды.
18. Құпиясыздандырылған өнеркәсіптік меншік объектісіне қорғау құжатын беру Патент заңына сәйкес жүргізіледі.