Ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 884 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңының 5-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 29 маусымдағы
№ 884 қаулысымен   
бекітілген     

Ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме
саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес және 2010 жылғы 9 желтоқсанда қол қойылған Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасымалы жүйелері арқылы газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағидалары туралы келісімді іске асыру мақсатында әзірленді және ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) көтерме саудада өткізу – тауарлық, сұйытылған мұнай газын және (немесе) сұйытылған табиғи газды одан әрі өткізу мақсатында ішкі нарықта не Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызмет;
      2) уәкілетті орган – газды өндіруді, тасымалдауды (тасуды), сақтауды және көтерме саудада өткізуді, сондай-ақ елді мекендердің шекаралары шегінен тыс тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді және тұтынуды мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
      Осы Қағидаларда пайдаланылатын терминдер мен ұғымдар Заңға сәйкес қолданылады.

2. Тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын
айқындау тәртібі

      3. Ішкі нарықта тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағалары әрбір облыс, республикалық қала, астана үшін жеке жартыжылдыққа белгіленеді.
      Тауарлық газбен жабдықтауы жоқ өңірлер үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізу шекті бағасының деңгейі есептелмейді.
      4. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың шегіндегі барлық газ тарату жүйелері үшін көтерме саудада өткізудің бірыңғай шекті бағасы белгіленеді.
      5. Егер тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын есептеу үшін пайдаланылатын тауарлық газдың бағалары жөніндегі деректер шетел валютасында берілген болса, өткен жартыжылдық үшін теңгенің осындай шетел валютасына шаққандағы орташа арифметикалық бағамы қолданылады.
      6. Тауарлық газды көтерме саудада өткізудің алдағы жартыжылдыққа арналған шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін уәкілетті орган мына формула бойынша әзірлейді:

(Psw+ TR1) x Qsw + (Pim + TR2) x Qim + (Pd x K + TR3) x QdP=--------------------------------------------------------------
Qsw + Qim + Qd
 

      мұнда,
      P – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы, мың шаршы метрі үшін теңге;
      Psw – ортаазиялық және (немесе) ресейлік газды Қарашығанақ кен орнының өңделген газына қарсы беру жөніндегі мәмілелердің (бұдан әрі – қарсы беру жөніндегі мәмілелер) шеңберінде өткізілетін тауарлық газдың Қазақстан Республикасының Үкіметі жоспарланған кезеңге бекіткен бағасы, мың шаршы метрі үшін теңге. Қарсы беру жөніндегі мәмілелердің шеңберінде өткізілетін тауарлық газдың жоспарланған кезеңге бекітілген бағасы болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының Үкіметі неғұрлым кеш кезеңге бекіткен тауарлық газдың бағасы қолданылады. Қазақстан Республикасының Үкіметі қарсы беру жөніндегі мәмілелердің шеңберінде берілетін тауарлық газдың екі және одан астам бағасын бекіткен жағдайда осындай беру бойынша тауарлық газдың орташа өлшемді бағасы қолданылады;
      TR1 – табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен тарифтер негізінде айқындалатын, қарсы беру жөніндегі мәмілелердің шеңберінде берілетін тауарлық газды өткізу орнынан Қазақстан Республикасының шекарасына дейін тасымалдау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар, сондай-ақ оны Қазақстан Республикасының шекарасынан облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың газ тарату жүйелеріне дейін тасымалдау және жерасты газ қоймаларында сақтау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар, мың шаршы метрі үшін теңге;
      Qsw – қарсы беру жөніндегі мәмілелердің шеңберінде тауарлық газды облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға берудің тиісті кезеңге арналған жоспарланатын көлемі, мың шаршы метр;
      Pim – импорттық беру жөніндегі мәмілелердің шеңберінде Қазақстан Республикасының шекарасындағы тауарлық газдың жоспарланған кезеңге арналған орташа өлшемді бағасы, мың шаршы метрі үшін теңге;
      TR2 – табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен тарифтер негізінде айқындалатын, импорттық тауарлық газды өткізу орнынан Қазақстан Республикасының шекарасына дейін тасымалдау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар, сондай-ақ оны Қазақстан Республикасының шекарасынан облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың газ тарату жүйелеріне дейін тасымалдау және жерасты газ қоймаларында сақтау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар, мың шаршы метрі үшін теңге;
      Qim – импорттық беру жөніндегі мәмілелердің шеңберінде тауарлық газды облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға берудің тиісті кезеңге арналған жоспарланатын көлемі, мың шаршы метр;
      Pd – Ресей Федерациясының аумағы арқылы тауарлық газды тасымалдау жөніндегі шығыстарды есептемегенде Ресей Федерациясының газ өндіруші субъектілерінде тауарлық газдың өткен жартыжылдыққа белгіленген ең төмен бағасы, мың шаршы метрі үшін теңге;
      К – Қазақстан Республикасындағы халықтың жан басына шаққандағы ақшалай кірісі деңгейінің Ресей Федерациясындағы халықтың жан басына шаққандағы өткен күнтізбелік жылғы ақшалай кірісінің деңгейіне арақатынасын көрсететін, ол бойынша деректерді осындай коэффициентті есептеу сәтінде Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі және Ресей Федерациясы Мемлекеттік статистика федералдық қызметі жариялаған түзету коэффициенті;
      TR3 – табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен тарифтер негізінде айқындалатын, Қазақстанда шығарылған тауарлық газды Қазақстан Республикасының газ өндіруші өңірлерінен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың газ тарату жүйелеріне дейін тасымалдау және тауарлық газды жерасты газ қоймаларында сақтау жөніндегі орташа өлшемді шығыстар, мың шаршы метрі үшін теңге;
      Qd – Қазақстан Республикасының газ өндіруші өңірлерінен облысқа, республикалық маңызы бар қалаға, астанаға тауарлық газды берудің тиісті кезеңге арналған жоспарланатын көлемі, мың шаршы метр.
      Осы тармақтың мақсаттары үшін қарсы беру жөніндегі мәмілелердің шеңберінде берілетін тауарлық газдың орташа өлшемді бағасы деп есептелетін кезеңдегі осындай тауарлық газды өткізу жөніндегі барлық мәмілелердің жалпы сомасының оны өткізудің жалпы көлеміне қатынасы түсініледі.
      7. Табиғи монополиялар салаларда және реттелетін нарықтарда реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган бекіткен тауарлық газды тасымалдауға және (немесе) сақтауға арналған тарифтердің тұтынушылардың әртүрлі санаттары үшін айырмасы болған жағдайда тиісті облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағалары тұтынушылардың әрбір санаты үшін жеке есептеледі.
      8. Осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес әзірленген облыс, республикалық маңызы бар қала, астана үшін тауарлық газдың жоспарланған кезеңге арналған шекті бағасының деңгейі жөніндегі ұсыныстар тауарлық газдың шекті бағасының деңгейін ағымдағы деңгеймен салыстырғанда күнтізбелік бір жылдың ішінде он бес пайыздан астамға өзгертуді көздей алмайды.

3. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті
бағаларын айқындау тәртібі

      9. Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағалары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мыналар:
      1) сұйытылған мұнай газын өндірушілер;
      2) меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде өздеріне тиесілі көмірсутек шикізатын өңдеу процесінде шығарылған сұйытылған мұнай газының меншік иелері;
      3) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде өндірілген және Қазақстан Республикасының аумағына тұтыну үшін әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері үшін тоқсан сайын белгіленеді және қолданылады.
      10. Газ желісі ұйымдарының сұйытылған мұнай газын газ толтырушы пункттерге және (немесе) автогаз құю станцияларының иелеріне көтерме саудада өткізуінің бағасын мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      11. Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасы мыналар:
      1) сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі объектілерде – сұйытылған мұнай газын өндірушілер, меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде өздеріне тиесілі көмірсутек шикізатын өңдеу процесінде шығарылған сұйытылған мұнай газының меншік иелері үшін;
      2) Қазақстан Республикасының шекарасында – Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде өндірілген және Қазақстан Республикасының аумағына тұтыну үшін әкелінген сұйытылған мұнай газының меншік иелері үшін белгіленеді.
      12. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген адамдар ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасынан асырмай сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің бағасын дербес төмендетуге және арттыруға құқылы.
      13. Егер сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын есептеу үшін пайдаланылатын сұйытылған мұнай газының бағалары жөніндегі деректер шетел валютасында берілген болса, өткен тоқсан үшін теңгенің осындай шетел валютасына шаққандағы орташа арифметикалық бағамы қолданылады.
      14. Сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің алдағы тоқсанға арналған шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті орган алдағы тоқсанға мына формула бойынша әзірлейді:

P = (Pw – TRexp) x К

      мұнда,
      P – көтерме саудада өткізудің бірінші буыны үшін ішкі нарықта сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағасы, бір тоннасы үшін теңге;
      Pw – өткен тоқсан үшін жыл сайынғы баға белгілеудің орташа арифметикалық мәні ретінде айқындалатын сұйытылған мұнай газына әлемдік баға, бір тоннасы үшін теңге. Осы тармақтың мақсаттары үшін баға кесу «Argus Media (Russia) Ltd. (Petroleumargus)» компаниясының «Аргус сұйытылған газ және конденсат» ақпарат көзінде жарияланатын ақпараттың негізінде шетел валютасында белорусь-поляк шекарасындағы (СПБТ daf Брест), ал жоғарыда көрсетілген ақпарат көзінде сұйытылған мұнай газына арналған баға туралы ақпарат болмаған кезде – Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасында айқындалатын басқа көздердің деректері бойынша сұйытылған мұнай газының бағасын белгілеуді білдіреді;
      TRexp – Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге сұйытылған мұнай газын өткізу жөніндегі мәмілелердің мониторингі негізінде уәкілетті орган айқындайтын өткен тоқсан үшін Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сұйытылған мұнай газын өндіру жөніндегі объектілерден Белорусь-Польша шекарасына дейін сұйытылған мұнай газын тасымалдау жөніндегі орташа арифметикалық шығыстар, бір тоннасы үшін теңге;
      К – Қазақстан Республикасындағы халықтың жан басына шаққандағы ақшалай кірісі деңгейінің Ресей Федерациясындағы халықтың жан басына шаққандағы өткен күнтізбелік жылғы ақшалай кірісінің деңгейіне арақатынасты көрсететін, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің және Ресей Федерациясы Мемлекеттік статистика федералдық қызметінің деректері негізінде есептелетін түзету коэффициенті.
      15. Осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес әзірленген сұйытылған мұнай газының жоспарлы кезеңге арналған шекті бағасының деңгейі жөніндегі ұсыныстар сұйытылған мұнай газының шекті бағасының деңгейін ағымдағы деңгеймен салыстырғанда күнтізбелік бір жылдың ішінде он бес пайыздан астамға өзгертуді көздей алмайды.

4. Тауарлық газды және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада
өткізудің шекті бағаларын келісу және бекіту

      16. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің алдағы тоқсанға арналған шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті орган тиісті жартыжылдық басталғанға дейін күнтізбелік алпыс бес күннен кешіктірмей әзірлейді және әзірлеу кезінде пайдаланылған деректерді қоса бере отырып, стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органға келісуге енгізеді.
      Ұсыныстарды келісу мерзімі күнтізбелік жиырма бес күннен аспауға тиіс.
      17. Стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган уәкілетті органда тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсынылған ұсыныстарды келісу үшін қажетті қосымша ақпаратты сұратуға құқылы, ол осындай сұрау салу алынған күнінен бастап күнтізбелік бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынылуға тиіс.
      18. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 16-тармағында көрсетілген ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті орган тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды келісуден бас тартуға құқылы.
      Бұл ретте тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағалары ағымдағы кезеңнің деңгейінде сақталады.
      19. Стратегиялық және экономикалық жоспарлау, бюджет саясатын әзірлеу мен қалыптастыру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісілген тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдарға қарауға жібереді.
      20. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстарды мүдделі органдардың келісу мерзімі күнтізбелік он күннен аспауға тиіс.
      21. Мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының деңгейі жөніндегі ұсыныстар жоспарланатын кезең басталғанға дейін бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасының Үкіметіне жіберіледі.
      22. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген ұсыныстардың негізінде жоспарланатын кезең басталғанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірілмейтін мерзімде ішкі нарықта тауарлық және сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын бекітеді.
      23. Тауарлық, сұйытылған мұнай газын көтерме саудада өткізудің бекітілген шекті бағалары тауарлық, сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын және реттелетін нарық субъектілері болып табылатын адамдар үшін белгіленетін бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын айқындау кезінде пайдаланылады.