Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы шекара маңы аумақтарында орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру жөніндегі келісімге қол қою туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 2 маусымдағы № 735 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы шекара маңы аумақтарында орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру жөніндегі келісімнің жобасы мақұлдансын.
      2. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Жамбылұлы Қаппаровқа Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы шекара маңы аумақтарында орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру жөніндегі келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.10.2013 N 1102 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2012 жылғы 2 маусымдағы
№ 735 қаулысымен  
мақұлданған    

Жоба

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы шекара маңы аумақтарында орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру жөніндегі
келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі,
      шекара маңы аумақтарында орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру жөніндегі жұмысты жақсарту және олар келтіретін залалды азайту мақсатында;
      орман және дала өрттеріне қарсы күрес жөнінде өзара көмек көрсету және тәжірибе алмасу мақсатында,
      орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың тиімді нысандарын дамытуға ұмтылыс білдіре отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар орман және дала учаскелерін өрттерден бірлесіп қорғау аймағын белгілейді, оған Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара шебінен әр Тарап мемлекетінің аумағында ені 10 километр белдеу енеді (бұдан әрі – шекара маңы аймағы).

2-бап

      1. Тараптар осы Келісімді іске асыру үшін мына құзыретті органдарды белгілейді:
      Қазақстан тарапынан – Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті, жергілікті атқарушы органдар;
      Ресей тарапынан – Орман шаруашылығы федералдық агенттігі, Ресей Федерациясы субъектілерінің мемлекеттік билік органдары, жергілікті өзін-өзі басқару органдары.
      2. Құзыретті органдардың атаулары өзгерген және/немесе олардың функциялары басқа органдарға берілген жағдайда бұл туралы Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бірін бірі хабардар етеді.
      Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 18.10.2013 N 1102  қаулысымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-бап

      Тараптардың құзыретті органдары:
      орман және дала өрттерінің алдын алуға бақылауды қамтамасыз етеді, шекара маңы аймағында орман және дала өрттерін болдырмау және жою жөніндегі іс-шараларды келіседі және іске асырады;
      өз мемлекеттерінің аумағында, оның ішінде шекара маңы аймағында орман және дала өрттерінің мемлекеттік шекара арқылы басқа Тарап мемлекетінің аумағына таралуына жол бермеу мақсатында оларды сөндіруді ұйымдастыру жөнінде шаралар қолданады;
      орман және дала өрттерін болдырмау және жою бойынша екі Тараптың қызметкерлері үшін оқу курстарын ұйымдастырады;
      трансшекаралық өрттер туындаған кезде өзара іс-қимыл жасау бойынша мемлекетаралық оқу-жаттығулар ұйымдастырады және өткізеді;
      осы Келісімнің шеңберінде ақпарат алмасады.

4-бап

      Әр тараптың құзыретті органдары шекара маңы аймағын өрттен бірлесіп қорғау үшін мамандандырылған диспетчерлік қызметтер (бұдан әрі – байланыс пункттері) құрады.

5-бап

      1. Әр тараптың құзыретті органдары өз мемлекетінің аумағында орман немесе дала өрті шыққан және оның басқа Тарап мемлекетінің аумағына таралу қаупі туындаған жағдайда немесе басқа Тарап мемлекетінің аумағындағы шекара маңы аймағында орман немесе дала өрті байқалған жағдайда оны жою жөнінде қажетті шаралар қолдану мақсатында байланыс пункттері арқылы ол туралы басқа Тараптың құзыретті органдарына уақтылы хабарлайды.
      2. Орман немесе дала өрті бір Тарап мемлекетінің аумағынан басқа Тарап мемлекетінің аумағына таралған жағдайда осы басқа Тараптың құзыретті органдары мемлекеті аумағынан өрт таралған Тараптың құзыретті органдарына көмекке, оның ішінде өрт сөндіру күштері мен құралдарын тарту жөнінде көмекке жүгіне алады, сондай-ақ өрттің себептері мен зардаптарына бірлесіп зерттеу жүргізе алады.
      3. Тараптардың құзыретті органдары бірлескен зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес шаралар қолданады.

6-бап

      1. Әр Тараптың құзыретті органдары шекара маңы аймағы шегінде өз мемлекеттерінің орманды және далалы аумақтарының өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша жергілікті халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
      2. Тараптардың құзыретті органдары шекара маңы аймағы аумағында минералды жолақтар, өртке қарсы үзілімдер құруды және оларға күтім жасауды қоса алғанда, ормандарды өртке қарсы жайластыру жөнінде тұрақты түрде іс-шаралар өткізеді.
      3. Тараптардың құзыретті органдары өрт қауіпі бар маусым бойы жерүсті, авиация және ғарыш құралдарымен шекара маңы аймағының жай-күйіне мониторинг ұйымдастырады және алынған деректерді осы Келісімнің 4-бабында көзделген байланыс пункттері арқылы алмасады.

7-бап

      1. Тараптардың құзыретті органдары орман және дала өрттерін сөндіруге көмек көрсету үшін өз мемлекеттерінің өрт сөндіру, авариялық-құтқару қызметтері мен құрамаларын тартады.
      2. Орман және дала өрттерін сөндіруге жұмылдырылған Тараптар мемлекеттерінің өрт сөндіру, авариялық-құтқару қызметтері мен құрамалары мүшелерінің мемлекеттік шекарадан өтуі Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысының заңнамасына және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Өрт сөндіруге қатысқан өрт сөндіру, авариялық-құтқару қызметі мен құрамасы қызметкерінің денсаулығына немесе өміріне келтірілген залалды өтеуді қоса алғанда, әлеуметтік қорғау өрт сөндіру орнына қарамастан, осы қызметкер азаматы болып табылатын Тарап мемлекетінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

8-бап

      1. Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге жеке хаттамалармен ресімделетін және оның ажырамас бөліктері болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
      2. Осы Келісімді түсіндіру немесе іске асыру жөніндегі даулар мен келіспеушіліктер Тараптардың құзыретті органдары арасында келіссөздер жүргізу мен өзара консультациялар өткізу жолымен шешіледі.

9-бап

      1. Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді және
5 жыл мерзімге жасалады.
      2. Осы Келісімнің қолданысы, егер Тараптардың бірде бірі кезекті бес жылдық кезең аяқталғанға дейін 6 айдан кешіктірмей өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы дипломатиялық арналар арқылы басқа Тарапты хабардар етпесе, келесі бес жылдық кезеңдерге автоматты түрде ұзартылады.

      2012 жылғы «____»__________ __________ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды, әрі екі мәтіннің де күші бірдей.

      Қазақстан Республикасының                 Ресей Федерациясының
      Үкіметі үшін                                 Үкіметі үшін