"Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы" акционерлік қоғамын құрудың кейбір мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 мамырдағы № 647 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» мемлекеттік мекемесі жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз үлеспен қатысатын «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – серіктестік) қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) серіктестік жарғысының бекітілуін;
      2) серіктестіктің Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
      3) серіктестіктің мемлекеттік қатысу үлесін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне беруді қамтамасыз етсін.
      3. «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» акционерлік қоғамы одан жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы» акционерлік қоғамын (бұдан әрі - қоғам) бөлу жолымен қайта ұйымдастырылсын.
      4. Сейсмология саласында ғылыми зерттеулер мен бақылау жүргізу, жер сілкіністерін, күшті табиғи және техногендік сейсмикалық оқиғалардың зияны мен салдарын азайтуды болжау, сейсмикалық қауіп пен тәуекелді бағалау қоғам қызметінің негізгі мәні болып айқындалсын.
      5. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) «Сейсмология институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мемлекеттік қатысу үлесін беру арқылы қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруды қамтамасыз етсін;
      2) қоғамның жарғысын бекітсін және оның Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      3) қоғам акцияларының пакетін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне берсін.
      6. Осы қаулының 234 және 5-тармақтарында көрсетілген іс-шаралар орындалғаннан кейін серіктестіктің мемлекеттік қатысу үлесі қоғамның акцияларын төлеуге берілсін.
      7. Мүдделі мемлекеттік органдар осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
      8. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
      9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2012 жылғы 21 мамырдағы
№ 647 қаулысымен 
бекітілген     

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір
шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
      «Астана қаласы» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-150-жолмен толықтырылсын:
      «21-150. «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы».
      2. «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
      иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 222-39-4-жолмен толықтырылсын:
      «222-39-4. «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы» АҚ».
      3. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 21 шілдедегі № 700 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2006 ж., № 27, 290-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:
      «2. Мемлекеттік мекемелер» деген бөлімде:
      реттік нөмірі 18-жол алынып тасталсын;
      «3. Акционерлік қоғамдар» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 25-жолмен толықтырылсын:
      «25. Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы».
      4. «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген жалпымемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 59-3-жолмен толықтырылсын:
      «59-3. «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы 100 %»».
      5. «Министрліктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердегі адам санын ескере отырып, штат санының лимиттерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 сәуірдегі № 339 қаулысында:
      көрсетілген қаулымен бекітілген министрліктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелеріндегі адам санын ескере отырып, штат санының лимиттерінде:
      3-бөлімнің 3-бағанында:
      «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, оның аумақтық органдарын және оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерді ескере отырып, оның ішінде» деген жолдағы «22629» деген сандар «22590» деген сандармен ауыстырылсын;
      «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер, оның ішінде» деген жолдағы «19276» деген сандар «19237» деген сандармен ауыстырылсын;
      «Қазселденқорғау» деген жолдағы «459» деген сандар «420» деген сандармен ауыстырылсын;
      12-бөлімнің 3-бағанында:
      «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, оның аумақтық органдарын және оған ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерді ескере отырып, оның ішінде» деген жолдағы «2916,5» деген сандар «2620,5» деген сандармен ауыстырылсын;
      «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелерді ескере отырып, оның ішінде» деген жолдағы «2144,5» деген сандар «1848,5» деген сандармен ауыстырылсын;
      «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция 296» деген жол алынып тасталсын.
      6. «Базалық қаржыландыру субъектілері болып табылатын ұйымдардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 13 мамырдағы № 511 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 38, 461-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген базалық қаржыландыру субъектілері болып табылатын ұйымдардың тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі» деген бөлім:
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 42-1-жолмен толықтырылсын:
      «42-1. «Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы»;
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 49-1-жолмен толықтырылсын:
      «49-1. «Сейсмологиялық тәжірибе-әдістемелік экспедициясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі».