"Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңының 34-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жыл сайынғы профилактикалық тексерілуін, медициналық және санаторийлік-курорттық емделуін қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнiң
2012 жылғы 8 мамырдағы
№ 596 қаулысымен
бекiтiлген
Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жыл сайынғы
профилактикалық тексерілуін, медициналық және санаторийлік-курорттық емделуін қамтамасыз ету қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің жыл сайынғы профилактикалық тексерілуін, медициналық және санаторийлік-курорттық емделуін қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ғарыш қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 6 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленген және ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұрған жағдайда, сондай-ақ олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерiнің жыл сайынғы профилактикалық тексерілуін, медициналық және санаторийлік-курорттық емделуін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының ғарышкерлігіне кандидат (бұдан әрi – ғарышкерлікке кандидат) – алдын ала iрiктеуден өткен және ғарышкер бiлiктiлiгiн алу үшiн даярлыққа жiберiлген Қазақстан Республикасының азаматы;
2) Қазақстан Республикасының ғарышкерi (бұдан әрi – ғарышкер) – даярлықтан өткен, ғарышкер (сынаушы ғарышкер, зерттеушi ғарышкер, нұсқаушы ғарышкер) бiлiктiлiгiнің және ғарышкер мәртебесiнің берілгені туралы құжаттар алған Қазақстан Республикасының азаматы;
3) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі – Қазақстан Республикасының азаматтарына және оралмандарға көрсетілетін медициналық көмектің медициналық қызметтер тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын бірыңғай көлемі.
2. Жыл сайынғы профилактикалық тексерілулерді және медициналық
қызмет көрсетуді қамтамасыз ету тәртібі
3. Ғарышкерлікке кандидаттың, ғарышкердің және олардың отбасы мүшелерінің жыл сайынғы профилактикалық тексерілуін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесінің медициналық ұйымдарында (бұдан әрі – медициналық ұйымдар) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.
4. Жыл сайын 15 қаңтарға ғарыш қызметі саласындағы уәкілетті орган ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге медициналық ұйымдарда жыл сайынғы профилактикалық тексерілуден өту мүмкіндігі туралы хабарлама жібереді.
5. Ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге және олардың отбасы мүшелеріне медициналық қызмет көрсету медициналық ұйымдарда жүзеге асырылады.
6. Медициналық көмек ғарышкерлікке кандидатқа, ғарышкерге және олардың отбасы мүшелеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес көрсетіледі.
7. Науқасты Қазақстан Республикасының стационарлық көмек көрсететін көп бейінді денсаулық сақтау ұйымдарына, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қарамағындағы республикалық ұйымдарға мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін ауыстыру қажеттiлігi туындаған жағдайда, мұндай ауыстыру заңнамада белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Санаторийлік-курорттық емделуді қамтамасыз ету тәртібі
8. Туа біткен және жүре пайда болған аурулардан, сондай-ақ жіті, созылмалы аурулар мен жарақаттардың салдарынан зардап шегетін ғарышкерлікке кандидат, ғарышкер және олардың отбасы мүшелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 қарашадағы № 1342 қаулысымен бекітілген Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту, оның ішінде балаларды медициналық оңалту қағидаларына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қалпына келтіру еміне және медициналық оңалтуға жіберіледі.