Жасөспірімдер үйі туралы үлгі қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 406 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 7 маусымдағы № 374 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 07.06.2022 № 374 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 13 желтоқсандағы Заңының 22-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жасөспірімдер үйі туралы үлгі қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Премьер-Министрі

К.Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 30 наурыздағы
№ 406 қаулысымен
бекітілген

Жасөспірімдер үйі туралы үлгі қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жасөспірімдер үйі (әлеуметтік бейімделу орталықтары) (бұдан әрі - Жасөспірімдер үйі) туралы үлгі қағидалары "Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 13 желтоқсандағы Заңының 22-бабына сәйкес әзірленді және меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жасөспірімдер үйлері қызметінің тәртібін айқындайды.

      2. Жасөспірімдер үйі қоғамда жүріп-тұру нормалары мен қағидаларын қабылдауға және сақтауға қабілетті тұлғаны қалыптастыруға бағытталған балалар ауылдары тәрбиеленушілерінің және балалар үйлері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат түлектерінің (бұдан әрі - әлеуметтік бейімделуден өтіп жатқан адамдар) әлеуметтік бейімделуіне көмек көрсету мақсатында құрылады.

      3. Балалар ауылының, балалар үйінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың теңгеріміндегі жатақхана немесе пәтерлер Жасөспірімдер үйін білдіреді.

      Жергілікті атқарушы органдардың шешімімен Жасөспірімдер үйі мемлекеттік мекеме нысанындағы дербес заңды тұлға ретінде құрылады және жұмыс істейді.

      4. Жасөспірімдер үйі әлеуметтік бейімделуден өтіп жатқан адамдардың тәрбиеленуіне, білім алуына, мамандық таңдауына көмек көрсетуге және дербес өмірге дайындалуына жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді.

      5. Жасөспірімдер үйі балалар ауылының, балалар үйінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың әкімшілігімен, қорғаншылық және қамқоршылық, білім беру органдарымен, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер саласындағы уәкілетті органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

      Дербес заңды тұлға ретінде жұмыс істейтін Жасөспірімдер үйі қорғаншылық және қамқоршылық, білім беру органдарымен, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, ішкі істер саласындағы уәкілетті органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

      6. Жасөспірімдер үйін басқаруды балалар ауылының, балалар үйінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың әкімшілігі балалар ауылы, балалар үйі, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат әкімшілігінің ұсынуы бойынша лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын Жасөспірімдер үйінің директорымен бірлесіп жүзеге асырады. Балалар ауылының, балалар үйінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың әкімшілігі мен Жасөспірімдер үйі директорының өзара іс-қимылы Жарғымен айқындалады.

      Дербес тұлға ретінде жұмыс істейтін Жасөспірімдер үйін басқаруды құрылтайшы лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын Жасөспірімдер үйінің директоры жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік бейімделуден өтіп жатқан адамдарды қабылдау
тәртібі

      7. Балалар ауылы, балалар үйі, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат әкімшілігінің шешімі негізінде Жасөспірімдер үйінде, сондай-ақ дербес заңды тұлға ретінде жұмыс істейтін Жасөспірімдер үйінде жергілікті атқарушы органдардың шешімі негізінде психоневрологиялық аурулары бар адамдарды қоспағанда, он алты жастан жиырма үш жасқа дейінгі балалар ауылдарының тәрбиеленушілері және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері әлеуметтік бейімделуден етеді.

      8. Жасөспірімдер үйіне түсуге тілек білдірген балалар ауылдарының тәрбиеленушілері және балалар үйлерінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері мына құжаттарды:

      1) өтінішті;

      2) облыстардың, Астана мен Алматы қалалары білім басқармаларының жолдамасын;

      3) жеке куәліктің түпнұсқасын және көшірмесін (құжаттың түпнұсқасы көшірмесімен салыстырып тексеруден кейін әлеуметтік бейімделуден өтіп жатқан тұлғаға қайтарылады);

      4) денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық саулығы, есірткіге (уытқұмарлыққа), алкогольге тәуелді еместігі туралы анықтаманы;

      5) ата-аналары туралы мәліметті (ата-анасының қайтыс болуы, ата-ана құқықтарының шектелуі немесе олардан айрылуы, ата-анасының хабар-ошарсыз кетті деп танылуы, олардың қайтыс болды деп жариялануы, әрекетке қабілетсіз, әрекетке қабілеті шектеулі деп танылуы, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуі, ата-анасының іздестірілуі, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруы, оның ішінде ата-анасының өз баласын стационарлық үлгідегі тәрбиелеу, емдеу және медициналық-әлеуметтік мекемесінен алудан бас тартуы, сондай-ақ ата-ана қамқоршылығы болмаған өзге де жағдайлар);

      6) жақын туысқандарының (аса жақын және жақын аға-інілерінің және апа-сіңлілерінің, атасының, әжесінің) болуы туралы анықтаманы;

      7) оқу немесе жұмыс орнынан анықтаманы ұсынады.

      9. Балалар ауылының, балалар үйінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат жанындағы Жасөспірімдер үйіне қабылдау аталған ұйым басшысының бұйрығымен жүргізіледі.

      Дербес заңды тұлға ретінде жұмыс істейтін Жасөспірімдер үйіне қабылдау Жасөспірімдер үйі директорының бұйрығымен жүргізіледі.

      10. Түлекті (тәрбиеленушіні) әлеуметтік бейімделуден өту үшін қабылдау кезінде Жасөспірімдер үйінің әкімшілігі оны Жасөспірімдер үйінде тұру ережелерімен, оның құқықтарымен және міндеттерімен таныстырады.

      11. Балалар ауылының, балалар үйінің, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттың жанындағы Жасөспірімдер үйінде әлеуметтік бейімделуден өтіп жатқан он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі адамдардың мүдделерін осы ұйымдардың әкімшілігі білдіреді және қорғайды.

      Дербес заңды тұлға ретінде жұмыс істейтін Жасөспірімдер үйінде әлеуметтік бейімделуден етіп жатқан он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі адамдардың мүдделерін Жасөспірімдер үйінің әкімшілігі білдіреді және қорғайды.

      12. Әлеуметтік бейімделуден өтіп жатқан он алты жастан он сегіз жасқа дейінгі адамдар өз табысына, стипендиясына, жәрдемақыларына, өзге де әлеуметтік төлемдерге және өздері жасаған зияткерлік меншік құқығы объектілеріне дербес иелік етеді, сондай-ақ ұсақ тұрмыстық мәмілелерді жасайды.

      13. Жеткілікті негіздер болған кезде қорғаншылық және қамқоршылық органы әлеуметтік бейімделуден өтіп жатқан кәмелетке толмаған адамдардың өз табысына, стипендиясына, жәрдемақыларына, өзге де әлеуметтік төлемдеріне және өздері жасаған зияткерлік меншік құқығы объектілеріне өз бетінше иелік ету құқығын шектейді немесе одан айырады.

      14. Әлеуметтік бейімделуден өтіп жатқан адамдардың құқықтары мен міндеттері балалар ауылының әкімшілігі, балалар үйі және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат пен түлек (тәрбиеленуші) арасында жасалған Жасөспірімдер үйінде бағып-күту туралы шарт негізінде айқындалады.

      Дербес заңды тұлға ретінде жұмыс істейтін Жасөспірімдер үйінде әлеуметтік бейімделуден өтіп жатқан адамдардың құқықтары мен міндеттері Жасөспірімдер үйінің әкімшілігі мен түлек (тәрбиеленуші) арасында жасалған Жасөспірімдер үйінде бағып-күту туралы шарт негізінде айқындалады.

      15. Жасөспірімдер үйінде бағып-күту туралы шартты бұзу әлеуметтік бейімделуден өтіп жатқан адамның Жасөспірімдер үйі жатақханасындағы орынға құқығын тоқтатады.