Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 380 қаулысы.

      "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 84-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.05.2025 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидалары бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды шетелдiктерге асырап алуға беру ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2002 жылғы 12 қарашадағы № 1197 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 40, 407-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 30 наурыздағы
№ 380 қаулысымен
бекітілген

      Ескерту. Қағидаға мәтін бойынша орыс тілінде өзгеріс енгізіледі, мемлекеттік тілдегі мәтін өзгермейді - ҚР Үкіметінің 18.03.2020 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 84-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленген және:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды (бұдан әрі – балалар) азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстарына асырап алуға беру;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға беру;

      3) Жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкінде (бұдан әрі - Республикалық деректер банкі) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың орталықтандырылған есебінде тұрған (бұдан әрі - орталықтандырылған есепке алу) балаларды Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге асырап алуға беру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.05.2025 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Тууы Кодексте белгіленген тәртіппен тіркелген кәмелетке толмаған балаларға қатысты олардың толық тән саулығын, психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуын, тәрбиеленуі мен білім алуын қамтамасыз ету мүмкіндіктері ескеріліп, баланың мүддесінде ғана асырап алуға жол беріледі.

      Бұл ретте баланың жасы, естиярлық дәрежесі және өзін асырап алуға келісімі ескеріледі, сондай-ақ оның ұлты, белгілі бір дін мен мәдениетті ұстанатыны, ана тілі, тәрбиелеу мен оқытуда сабақтастықты қамтамасыз ету мүмкіндігі ескерілуі мүмкін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.05.2025 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2-1. Бала асырап алу кезінде оның туыстарының, ал туыстары болмаған жағдайда тіркелген некеде тұратын (ерлі-зайыпты) адамдардың басым құқығы болады.

      Ескерту. Қағидалар 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 08.05.2025 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Жалғыз ата-анасы немесе екеуі де:

      1) қайтыс болған;

      2) баладан бас тартқан;

      3) ата-ана құқықтарынан айрылған және олар қалпына келтірілмеген;

      4) туыстарына, асырап алынатын баланың (балалардың) анасымен немесе әкесімен некеде (ерлі-зайыптылықта) тұратын адамдарға баланы асырап алуға келісім берген;

      5) сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз, хабар-ошарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған;

      6) белгісіз болған жағдайда, балалар асырап алуға жатады.

      Ата-аналары белгісіз тауып алынған (тастанды) баланы асырап алу Кодексте белгіленген тәртіппен Кодекстің 196-бабына сәйкес хаттама немесе ішкі істер органдары немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган берген акт, оның туу туралы куәлігі және баланың тууын тіркеуді растайтын туу туралы акт жазбасының көшірмесі болған жағдайда жүзеге асырылады.

      Перзентханада (бөлімшеде) немесе өзге де медициналық ұйымда қалдырылған баланы асырап алу бала қалдырылған мекеме әкімшілігі жасаған тиісті акті болған кезде Кодексте белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Асырап алу балалардың мүдделерiне сай келетiн және балалар өздерінің туыстығы туралы білмеген, бірге тұрмаған және бірге тәрбиеленбеген жағдайларды қоспағанда, бір отбасында тәрбиеленген ағалы-iнiлілер мен апалы-сiңлiлілердi (қарындастарды) әртүрлi адамдардың асырап алуына жол берiлмейдi.

      Қазақстан Республикасының азаматтарымен некеде тұратын шетелдіктердің Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы Қазақстан Республикасының аумағында асырап алуы осы Кодексте шетелдіктер үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      Ата-аналары ата-ана құқықтарынан айырылған жағдайда баланы соттың ата-аналарды ата-ана құқықтарынан айыру туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты ай өткен соң асырап алуға болады.

      Ата-аналарының біреуі ата-ана құқықтарынан айырылған баланы асырап алуға екінші ата-анасының келісімімен жол беріледі.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгерістер енгізілді - ҚР Үкіметінің 24.10.2016 № 614 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 18.03.2020 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 08.05.2025 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      4. Мыналарды:

      1) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектеулі деп таныған адамдарды;

      2) сот біреуін әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлеті шектеулі деп таныған ерлi-зайыптыларды;

      3) сот ата-ана құқығынан айырған немесе сот ата-ана құқықтарын шектеген адамдарды;

      4) өзiне Қазақстан Республикасының заңдарында жүктелген мiндеттердi тиiсiнше орындамағаны үшiн қорғаншы немесе қамқоршы, патронат тәрбиеші, баланы қабылдайтын ата-ана, баланы қабылдайтын кәсіби тәрбиеші мiндеттерінен шеттетiлген адамдарды;

      5) егер сот олардың кінәсі бойынша бала асырап алудың күшiн жойса, бұрынғы асырап алушыларды;

      6) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган белгілеген аурулар тізбесіне сәйкес денсаулық жағдайына байланысты ата-ана құқығын жүзеге асыра алмайтын адамдарды;

      7) тұрақты тұратын жері жоқ адамдарды;

      8) дәстүрге жат жыныстық бағдар ұстанатын адамдарды;

      9) соттылығы бар немесе болған, қылмыстық қудалауға ұшырап отырған немесе ұшыраған адамдарды (өздеріне қатысты қылмыстық қудалау Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтары негізінде тоқтатылған адамдарды қоспағанда);

      10) азаматтығы жоқ адамдарды;

      11) бала асырап алу кезінде асырап алынған баланы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейімен қамтамасыз ететін табысы жоқ адамдарды;

      12) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда динамикалық бақылауда тұрған адамдарды;

      13) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, Кодекстің 91-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен психологиялық даярлықтан өтпеген Қазақстан Республикасының азаматтарын (баланың жақын туыстарын қоспағанда) қоспағанда, кәмелетке толған адамдар бала асырап алушы бола алады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4-1. Бiр-бiрiмен некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) адамдар бiр баланы бiрге асырап ала алмайды.

      Бiр адам туған бауыр болып табылатын немесе бір-бірімен өзара туыстық қатынасы жоқ бiрнеше баланы асырап алуына болады.

      Егер бала асырап алуға тілек білдірген адамдар некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса) не өзге адамдармен бірге тұрса, жұбайына (зайыбына) не бірге тұратын адамдарға 91-баптың 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 8), 9) және 13) тармақшаларында белгіленген талаптар колданылады.

      Бала асырап алуға тілек білдірген адамдармен бірге тұратын өзге адамдарға бірге тұрып жатқан, некеден (ерлі-зайыптылықтан), туыстықтан, жекжаттықтан, бала асырап алудан немесе баланы тәрбиеге алудың өзге де нысанынан туындайтын мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтармен және міндеттермен байланысқан отбасы мүшелері, сондай-ақ іс жүзінде бірге тұрып жатқан, бірақ некеде тұрмайтын (ерлі-зайыпты емес) бірге тұратын адамдар жатады.

      Ескерту. 1-тарау 4-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Бала асырап алушы мен асырап алынатын баланың жас айырмасы кемінде он алты жас болуға тиіс. Сот дәлелді деп таныған себептер бойынша жас айырмасы қысқартылуы мүмкін.

      Баланы өгей әкесі (өгей шешесі) асырап алған кезде, осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген жас айырмасының болуы талап етілмейді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.10.2016 № 614 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның (бұдан әрі – орган) осы Қағидалардың 3-тармағының 1)-3), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген балаларды асырап алуға рұқсат беруі үшін қызмет тәртібі мен құрамын Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы айқындайтын комиссияның (бұдан әрі – комиссия) қорытындысы негіз болып табылады.

      Баланы өгей әкесі (өгей шешесі) асырап алған немесе баланы ата-аналарының келісімі бойынша туыстары асырап алған жағдайда, асырап алудың баланың мүдделеріне сәйкестігі туралы қорытынды талап етілмейді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.10.2016 № 614 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 18.03.2020 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-параграф. "Балаларды азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстарына беру тәртібі

      Ескерту. 1-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Балалар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын туыстарына және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын туыстарына асырап алуға беріледі.

      8. Балалардың Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және оларды асырап алуға тілек білдірген туыстары бала тұратын жердегі органға немесе Республикалық деректер банкі арқылы:

      1) баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш;

      2) бірге тұратын адамдардың (бар болса) бала асырап алуға жазбаша келісімін;

      3) жиынтық табыс мөлшері туралы анықтаманы;

      4) туысының, сондай-ақ некеде тұрған болса, жұбайының (зайыбының) және бірге тұратын өзге адамдардың (бар болса) денсаулық жағдайы туралы "Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12127 болып тіркелген) бекітілген тізбеге сәйкес ауруларының жоқ екенін растайтын анықтаманы;

      5) тұрғынжайды пайдалану құқығын растайтын құжаттың көшірмесін (меншік құқығында тұрғын үй болмаған жағдайда);

      6) психологиялық даярлықтан өткені туралы сертификат ұсынады.

      Жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер, баланың туу туралы куәлігі, туу туралы анықтама, неке қию туралы куәлік ("АХАЖ тіркеу пункті" цифрлық жүйесінде мәліметтер болмаған кезде), "Наркология" психикалық денсаулық орталығынан, "Психиатрия" психикалық денсаулық орталығынан динамикалық бақылаудағы жай-күйі (немесе динамикалық бақылауда болмауы) туралы мәліметтер "Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 мамырдағы № ҚР ДСМ-49/2020 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20665 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша туысының және жұбайының (зайыбының) (егер некеде тұрса) және бірге тұратын өзге де адамдардың (бар болса) тұрғын үйіне меншік құқығын растайтын құжаттарды орган "цифрлық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік цифрлық жүйелерден алады.

      Соттылығының бар-жоғы туралы мәліметтерді, сондай-ақ сотпен әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған тұлғалардың, туысының, жұбайының (зайыбының) (егер некеде тұрса) және бірге тұратын өзге адамдардың (бар болса) арнайы есебінде мәліметтерінің бар-жоғы туралы ақпаратты орган Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің цифрлық жүйелерінен алады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, орган цифрлық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға туысының келісімін алады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын туыстары баланың тұратын жері бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органына одан әрі жөнелту үшін Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органына (бұдан әрі – уәкілетті орган):

      1) баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш;

      2) табыстары туралы анықтама;

      3) отбасы жағдайы туралы анықтама;

      4) паспорттардың көшірмелерін;

      5) туысының, сондай-ақ некеде тұрған болса, жұбайының (зайыбының) және бірге тұратын өзге адамдардың (бар болса) денсаулық жағдайы, оның ішінде психикалық жағдайы туралы, есірткіге (уытты), алкогольге тәуелділігінің жоқтығын туралы анықтамалар;

      6) туысының, сондай-ақ некеде тұрған болса, жұбайының (зайыбының), және бірге тұратын өзге адамдардың (бар болса) соттылығының жоқтығы туралы анықтамалар;

      7) жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімін;

      8) тұрғын үйінің бар-жоғын растайтын құжатты;

      9) бала асырап алу жөніндегі уәкілетті шетелдік мемлекеттік органдар мен ұйымдар арнайы беретін әлеуетті бала асырап алушылардың жеке басының адамгершілік қасиеттері туралы анықтаманы;

      10) қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы берген, бала асырап алуға құқығын растайтын құжатты;

      11) асырап алынған баланың Қазақстан Республикасынан қабылдаушы мемлекетке баруына рұқсатты;

      12) мынадай:

      асырап алынған баланың Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде тіркелуі;

      18 жасқа толғанға дейін асырап алынған балада Қазақстан Республикасы азаматтығының сақталуы және оның Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерiнде есепте болуы;

      кездейсоқ мән-жайлар болғанда қамқоршылардың белгіленуі туралы міндеттемелерді ұсынады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.05.2025 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      10. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын және бала асырап алуға үміткер туыстар Қазақстан Республикасына кіру визалары болған кезде Қазақстан Республикасына келеді. Кіру визаларын Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерi береді.

      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, визаларды беруге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органының шақыруы негіз болып табылады.

      11. Бала білім беру, медициналық және өзге де ұйымда болған жағдайда бала тұратын жердегі орган бала асырап алуға тілек білдіру туралы өтініш келіп түскен кезден бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде балаға бару және онымен қарым-қатынас жасау үшін туыстарына осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Республикалық деректер банкі қалыптастырған жолдама береді.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 08.05.2025 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      12. Азаматтығы мен тұратын жеріне және баланың болу жеріне (отбасында немесе білім беру, медициналық және өзге де ұйымда) қарамастан туыстар жеке өзі:

      1) баланың тұрақты тұрғылықты жерінде онымен кемінде екі апта тікелей қатынасады (баламен, оның әдеттерімен, талғамымен, мінезінің ерекшеліктерімен танысу, серуендеу, ойындар);

      2) бала туралы толық ақпарат алады және оның құжаттарымен танысады;

      3) баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындымен танысу фактісін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жазбаша нысанда растайды;

      4) тілек білдірсе, бала тұратын білім беру, медициналық және өзге де ұйым өкілінің қатысуымен асырап алынатын баланы тәуелсіз медициналық куәландырудан өткізу үшін медициналық мекемеге жүгінеді.

      13. Асырап алынатын бала тұратын жердегі орган комиссияның қорытындысы негізінде баланы асырап алуға беру туралы рұқсатты азаматтығына қарамастан туыстарының онымен жеке қарым-қатынас жасау фактісі туралы мәліметтерді көрсете отырып сотқа жолдайды.

      14. Азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстарының бала асырап алуы олардың өтініштері негізінде бала асырап алушылардың өздерінің, орган өкілінің, сондай-ақ прокурордың міндетті қатысуымен баланың болу жері бойынша соттың шешімімен жүргізіледі.

      15. Бала асырап алушылар бала асырап алушының жеке басын растайтын құжатты және заңды күшіне енген сот шешімін ұсына отырып, баланы ол тұратын жерден жеке өзі алып кетуге міндетті.

      16. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын туыстары асырап алған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында асырап алынған баланың тұрғылықты жері бойынша орган оның тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесін бақылауды жүзеге асырады.

      17. Азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстары бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша органға асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есептер ұсынады.

2-параграф. Балаларды Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға беру тәртібі

      Ескерту. 2-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      18. Балалар Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына асырап алуға беріледі.

      18-1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын бала асырап алуға кандидаттар бала тұратын жердегі органға немесе Республикалық деректер банкі арқылы:

      1) баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтініш;

      2) бірге тұратын адамдардың (бар болса)бала асырап алуға жазбаша келісімін;

      3) жиынтық табыс мөлшері туралы анықтаманы;

      4) туысының, сондай-ақ некеде тұрған болса жұбайының (зайыбының) және бірге тұратын өзге адамдардың (бар болса) денсаулық жағдайы туралы "Адамның бала асырап алуы, оны қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронатқа қабылдап алуы мүмкін болмайтын аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 тамыздағы № 692 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12127 болып тіркелген) бекітілген, тізбеге сәйкес ауруларының жоқ екенін растайтын анықтаманы;

      5) тұрғынжайды пайдалану құқығын растайтын құжаттың көшірмесін (меншік құқығында тұрғын үй болмаған жағдайда);

      6) психологиялық даярлықтан өткені туралы сертификат ұсынады.

      Жеке басын куәландыратын құжаттар туралы мәліметтер, баланың туу туралы куәлігі, туу туралы анықтама, неке қию туралы куәлік ("АХАЖ тіркеу пункті" цифрлық жүйесінде мәліметтер болмаған кезде), "Наркология" психикалық денсаулық орталығынан, "Психиатрия" психикалық денсаулық орталығынан динамикалық бақылаудағы жай-күйі (немесе динамикалық байқылауда болмауы) туралы мәліметтер "Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік қызметтер көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 18 мамырдағы № ҚР ДСМ-49/2020 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20665 болып тіркелген) бекітілген нысан бойынша туысының және жұбайының (зайыбының) (егер некеде тұрса) және бірге тұратын өзге де адамдардың (бар болса) тұрғын үйіне меншік құқығын растайтын құжаттарды орган "цифрлық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік цифрлық жүйелерден алады.

      Соттылығының бар-жоғы туралы мәліметтерді, сондай-ақ сотпен әрекетке қабілетсіз және әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған тұлғалардың, туысының, жұбайының (зайыбының) (егер некеде тұрса) және бірге тұратын өзге адамдардың (бар болса) арнайы есебінде мәліметтерінің бар-жоғы туралы ақпаратты орган Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің цифрлық жүйелерінен алады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, орган цифрлық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға туысының келісім алады.

      Ескерту. Қағидалар 18-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 08.05.2025 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын бала асырап алуға үміткерлер Республикалық деректер банкінде баланы таңдап, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Республикалық деректер банкінде қалыптастырылған, баламен танысуға арналған жолдаманың негізінде баламен жеке танысады.

      Баламен танысу қорытындылары бойынша бала асырап алуға үміткерлер баламен одан әрі қарым-қатынас жасаудан бас тартуды немесе келісімін Республикалық деректер банкінде бетбелгіні басу арқылы растайды және өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қояды.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.03.2020 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      20. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары баламен жеке танысқаннан кейін:

      1) орган өкілінің қатысуымен тиісті білім беру, медициналық және өзге де ұйымның ережесіне сәйкес режим талаптарын сақтай отырып, баланың тұрақты тұрғылықты жерінде баламен кемінде екі апта тікелей қатынасады (баламен, оның әдеттерімен, талғамымен, мінезінің ерекшеліктерімен жеке танысу, серуендеу, ойындар);

      2) бала асырап алу туралы толық ақпарат алады және оның құжаттарымен танысады;

      3) баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындымен танысу фактісін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жазбаша нысанда растайды;

      4) тілек білдірсе, бала орналасқан білім беру, медициналық және өзге де ұйым өкілінің қатысуымен асырап алынатын баланы тәуелсіз медициналық куәландырудан өткізу үшін медициналық мекемеге жүгінеді;

      5) екі апталық қарым-қатынастың соңғы күні бала асырап алу рәсімінен бас тартуды немесе оған одан әрі қатысуды Республикалық деректер банкінде растайды және өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қояды.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.03.2020 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      21. Асырап алынатын баланың болу жері бойынша орган комиссияның қорытындысы негізінде баланы асырап алуға беру туралы рұқсатты Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының онымен жеке қарым-қатынас жасау фактісі туралы мәліметтерді көрсете отырып сотқа жібереді.

      22. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының бала асырап алуы олардың өтініштері негізінде бала асырап алушылардың өздерінің, орган өкілінің, сондай-ақ прокурордың міндетті қатысуымен баланың болу жері бойынша соттың шешімімен жүргізіледі.

      23. Бала асырап алушының жеке басын растайтын құжатты және заңды күшіне енген сот шешімін ұсына отырып, бала асырап алушылар баланы ол тұратын жерден жеке өзі алып кетуге міндетті.

      24. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары асырап алған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында асырап алынған баланың тұрғылықты жері бойынша орган оның тұрмыс жағдайлары мен тәрбиесін бақылауды жүзеге асырады.

      25. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемінде бір рет бала асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша органға асырап алынған баланың тұрмыс, оқу, тәрбие жағдайы және денсаулық жағдайы туралы есептер ұсынады.

3-параграф. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге асырап алуға беру тәртібі

      Ескерту. 3-параграфтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      26. Шетелдіктердің бала асырап алуына балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында Қазақстан Республикасымен тең мәнді халықаралық міндеттемелері бар елдердің азаматтарына ғана рұқсат етіледі.

      Орталықтандырылған есепте тұрған балаларды шетелдіктердің асырап алуына беру оларды азаматтығы мен тұратын жеріне қарамастан туыстарына, Қазақстан Республикасының аумағында және одан тыс жерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына тәрбиелеуге беру мүмкін болмаған жағдайда, орталықтандырылған есепке қойылған күннен бастап үш ай өткен соң жүзеге асырылады.

      Шетелдіктерге асырап алуға берілген балалар Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуға дейін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде есепке қойылуы тиіс.

      Ескерту. 26-тармаққа өзгеріс енгізілді- ҚР Үкіметінің 07.06.2013 № 584 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      27. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, бала асырап алуға үміткер және белгіленген тәртіппен бала асырап алу жөніндегі аккредиттелген агенттіктер арқылы тіркелген шетелдіктер уәкілетті органға Республикалық деректер банкі арқылы:

      1) баланы асырап алуға тілек білдіргені туралы жазбаша өтінішті;

      2) табыстары туралы анықтаманы;

      3) отбасы жағдайы туралы анықтаманы;

      4) паспорттардың көшірмелерін;

      5) баланы асырап алуға үміткер тұлғаның, сондай-ақ некеде тұрған болса, оның жұбайының (зайыбының) және бірге тұратын өзге адамдардың (бар болса) денсаулық жағдайы туралы, оның ішінде психикалық, мінез-құлықтық бұзылыстардың (аурулардың), оның ішінде психоактивті заттарды қолдануға байланысты аурулардың, есірткіге (уытқұмарлыққа) тәуелділіктің жоқтығы туралы анықтамалар;

      6) баланы асырап алуға үміткер тұлғаның, сондай-ақ некеде тұрған болса, жұбайының (зайыбының) және бірге тұратын өзге адамдардың (бар болса) соттылығының жоқтығы туралы анықтамалар;

      7) жақын туыстарының бала асырап алуға жазбаша келісімін;

      8) достарының немесе көршілерінің кемінде үш ұсыным хатын;

      9) тұрғын үйінің бар-жоқтығын растайтын құжатты;

      10) бала асырап алу жөніндегі уәкілетті шетелдік мемлекеттік органдар мен ұйымдардың ықтимал бала асырап алушылардың жеке басының адамгершілік қасиеттері туралы арнайы берген анықтамасын;

      11) бала асырап алуға құқығын растайтын қабылдаушы мемлекеттің құзыретті органы берген құжатты;

      12) асырап алынған баланың Қазақстан Республикасынан қабылдаушы мемлекетке баруына рұқсатты;

      13) мынадай:

      асырап алынған баланың Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде тіркелуі;

      18 жасқа толғанға дейін асырап алынған балада Қазақстан Республикасы азаматтығының сақталуы және оның Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде есепте болуы;

      кездейсоқ жағдаяттар кезінде қамқоршыларды белгілеу туралы міндеттемелерді ұсынады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.10.2016 № 614 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 08.05.2025 № 320 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен; өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 12.03.2026 № 165 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      28. Уәкілетті орган Республикалық деректер банкі арқылы аккредиттелген агенттікке Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге баланың құжаттарын танысу үшін жібереді.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.10.2016 № 614 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер баланың құжаттарымен танысу фактісі туралы жазбаша растауды және онымен одан әрі танысуға келісімді ұсынады.

      30. Бала асырап алуға үміткер шетелдіктер Қазақстан Республикасына кіру визалары болған кезде Қазақстан Республикасына келеді. Кіру визаларын Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерi береді.

      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында өзгеше көзделмесе, визаларды беруге уәкілетті органның шақыруы негіз болып табылады.

      Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын азаматтар уәкілетті органнан келу мерзімдері туралы хабарлама алғаннан кейін Қазақстан Республикасына кіреді.

      31. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, бала асырап алуға үміткер шетелдіктердің келуі туралы хабарламаны және құжаттарын уәкілетті орган баланың болу жері бойынша тиісті органды одан әрі хабардар ету үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың білім беруді басқару органына белгіленген мерзімде жібереді.

      32. Уәкілетті орган республикалық деректер банкі арқылы берген жолдамаға сәйкес бала тұратын жердегі органға келгеннен кейін Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер бала орналасқан білім беру, медициналық және өзге де ұйымға барады және:

      1) баланы таңдайды, орган өкілінің және қажет болған жағдайда аудармашының қатысуымен тиісті білім беру, медициналық және өзге де ұйымның ережесіне сәйкес режим талаптарын сақтай отырып, онымен кемінде төрт апта тікелей қатынасады (баламен, оның әдеттерімен, талғамымен, мінезінің ерекшеліктерімен жеке танысу, серуендеу, ойындар);

      2) баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындымен танысу фактісін осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жазбаша нысанда растайды;

      3) тілек білдірсе, бала орналасқан білім беру, медициналық және өзге де ұйым өкілінің қатысуымен асырап алынатын баланы тәуелсіз медициналық куәландырудан өткізу үшін медициналық мекемеге жүгінеді;

      4) бала асырап алу рәсімінен бас тартуды немесе оған одан әрі қатысуды осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жазбаша растайды.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 24.10.2016 № 614 (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      33. Асырап алынатын баланың болу жері бойынша орган комиссияның қорытындысы негізінде баланы асырап алуға беру туралы рұқсатты Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, бала асырап алуға үміткер шетелдіктердің осы баламен жеке қарым-қатынас жасау фактісі туралы мәліметтерді көрсете отырып сотқа жібереді.

      34. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің бала асырап алуы олардың өтініштері негізінде бала асырап алушылардың өздерінің, орган өкілінің, сондай-ақ прокурордың міндетті қатысуымен баланың болу жері бойынша соттың шешімімен жүргізіледі.

      35. Бала асырап алушылар бала асырап алушының жеке басын растайтын құжатты және заңды күшіне енген сот шешімін ұсына отырып, баланы оның болу жері бойынша жеке өзі алып кетуге міндетті.

      36. Бала асырап алудан бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын азаматтарға, шетелдіктерге олардың құжаттары аккредиттелген агенттік арқылы қайтарылады.

      37. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары және шетелдіктер бала асырап алушының және баланың тұрғылықты елінде орналасқан бала асырап алу жөніндегі аккредиттелген агенттіктер арқылы бала он сегіз жасқа толғанға дейiн оның тұрмыс жағдайы, білім алу, тәрбиелену және денсаулық жағдайы туралы есептерді уәкілетті органға бала асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін алғашқы үш жылда әр алты ай сайын, кейінгі жылдары – жылына кемінде бір рет фотосуреттерiн қосып жiберiп отырады.

      38. Кодекстің 86-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда есептерді ұсынудың кезеңділігі уәкілетті органның шешімі бойынша белгіленеді.

      39. Бала асырап алушының және баланың тұрғылықты елінде орналасқан бала асырап алу жөніндегі аккредиттелген агенттіктер есептерді уәкілетті органға Қазақстан Республикасының аумағындағы өз филиалдары және (немесе) өкілдіктері арқылы ұсынады.

      40. Қазақстан Республикасынан тыс жерде тұрақты тұратын туыстарына және Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктерге асырап алуға берілген балаларға бақылау жасауды Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерi және уәкілетті орган жүзеге асырады.

      41. Қазақстан Республикасының консулдық лауазымды адамы консулдық округ шегінде, сондай-ақ аккредиттелген агенттіктің қызметкерлері шетелдіктердің асырап алуына берілген балаларға бақылау жасауды жүзеге асырады, сондай-ақ кәмелет жасқа толғанға дейін баланың тұрмыс және тәрбиелену жағдайларына сәйкестігін тексеру мақсатында бала асырап алушыларға барады.

      Шетелдіктер асырап алған Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде есепке қою мен Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің бақылауды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі айқындайды.

      Ескерту. 41-тармаққа өзгеріс енгізілді- ҚР Үкіметінің 07.06.2013 № 584 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).

      42. Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген агенттіктер асырап алынған балалардың өлімі, оларға қатыгездік көрсету, олардың бала асырап алушылар отбасында бейімделуінің мүмкін еместігі, бала асырап алудың күшін жою және (немесе) балаларды қайта орналастыру жағдайларының анықталу фактілері туралы уәкілетті органды және баланы асырап алу туралы сот шешімі шыққан жер бойынша органды бес жұмыс күні ішінде хабардар етеді.

  Қазақстан Республикасының
азаматтары болып табылатын
балаларды асырап алуға беру
қағидаларына
1-қосымша
  Туысқандарға арналған нысан

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 18.03.2020 № 123 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Жолдама берген ұйымның бланкісі

  _________________________
  _________________________
  (жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз
қалған балаларға арналған
ұйымның мекенжайы және
телефоны) директоры (бас
дәрігері)
  _________________________
(мекеме басшысының Т.А.Ә.
(бар болса)) _____ № _______

Туысқандарының/Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының балаға баруға және онымен қарым-қатынас жасауына жолдама (көрсетілген танысу күніне ғана жарамды)

      Бала _______________ танысуға және кемінде 2/4 апта қарым-қатынас

      Т.А.Ә. (бар болса)

      жасау үшін туысқандары/бала асырап алуға үміткерлер _____________ берілді.

      (қажеттінің астын сызу) Т.А.Ә. (бар болса)

      Қабылданған шешім туралы мәліметтер_________________________

      (келісім, бас тарту)

      ___________________________________________________________

      (туысқандарының/бала асырап алуға үміткерлердің қолы)

      жолдаманы берген органның басшысы ____________________________

      Т.А.Ә. (бар болса), қолы М.О.

  Қазақстан Республикасының
азаматтары болып табылатын
балаларды асырап алуға беру
қағидаларына 2-қосымша

      Қорғаншылық және қамқоршылық

      жөніндегі функцияларды жүзеге

      асыратын органға

      _____________________________

      (Т.А.Ә.)

Баланың денсаулық жағдайы туралы медициналық
қорытындымен танысу туралы
ӨТІНІШ

      Мен (біз),

      ____________________________________________________________________

      (Т.А.Ә.)

      маған (бізге) бала асырап алуды ресімдеу үшін ұсынылған бала

      ____________________________________________________________________

      (баланың/балалардың Т.А.Ә., туған күні)

      ____________________________________________________________________

      денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындымен таныстым (тық).

      Баланың денсаулық жағдайы менің (біздің) тілегімізге (тілектерімізге) сай келеді/келмейді.

  Т.А.Ә.
(қолы)
Қазақстан Республикасының
азаматтары болып табылатын
балаларды асырап алуға беру
қағидаларына 3-қосымша

      Білім беру органы

      ___________________________

      (Т.А.Ә.)

Баламен қарым-қатынас жасау нәтижелері бойынша
ӨТІНІШ

      Мен (біз),

      _____________________________________________________________________

      (Т.А.Ә.)

      баламен _____________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      (Т.А.Ә.)

      (жолдама ____________________________________________________________

      (жолдама берген орган атауы)

      ___________ № _____________),

      оның жеке ісімен, медициналық картасымен жеке таныстым (таныстық),

      _____________________________________________________________________

      (қандай мәліметтер қосымша ұсынылды)

      _____________________________________________________________________

      (себептер көрсетіледі)

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      себептен бала асырап алуды ресімдеуден бас тартамын (мыз)/бала асырап алуға келісемін (міз)

      Т.А.Ә. ___________________________

      ___________________________

      (қолы, күні)

      Аудармашының деректері

      ___________________________