Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.07.2016 № 415 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
«Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуірдегі Заңының 4-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілер тізілімін жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 29 ақпандағы
№ 270 қаулысымен
бекітілген
Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілер
тізілімін жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілер тізілімін жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 12 сәуірдегі Заңының 4-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленген және Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілер тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілер тізілімін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) электрондық түрде мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізеді және уәкілетті органның www.mk.gov.kz. интернет-ресурсына орналастырылады.
2. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілер
тізілімін жүргізу тәртібі
3. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілер тізілімі мынадай мәліметтерді қамтитын тізбені білдіреді:
1) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушісінің атауы;
2) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушісінің орналасқан орны, байланыс телефондары және электрондық мекенжайы;
3) мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушісінің әділет органдарында мемлекеттік тіркелгені (қайта тіркелгені) туралы құжаттың нөмірі және күні;
4) тапсырыс берушінің атауы;
5) көрсетілетін қызметтің атауы;
6) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыруға шарт жасалған күн - шарттың жасалған күні, айы, жылы;
7) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру шартының аумақтық қазынашылық бөлімшелерде тіркелген күні;
8) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру шартының орындалу мерзімі - шарттың орындалатын айы және жылы;
9) ескертпе (ескертпеде осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 2), 3)және 8) тармақшаларында көзделген мәліметтердің өзгерістері көрсетіледі).
4. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы мемлекеттік органдар (бұдан әрі - мемлекеттік органдар) мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру шарты күшіне енгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген мәліметтерді уәкілетті органға жібереді.
5. Мемлекеттік органнан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілері туралы келіп түскен мәліметтерді уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілер тізіліміне енгізеді.
6. Мемлекеттік органдар осы Қағидалардың 3-тармағының 1), 2), 3) және 8) тармақшаларында көзделген мәліметтердің өзгергені туралы ақпаратты өзгерістер туындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға жазбаша жібереді.
7. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың өнім берушілер тізіліміне өзгерістерді уәкілетті орган мемлекеттік органдардан келіп түскен жазбаша ақпарат негізінде бес жұмыс күні ішінде жүргізеді.