Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) «Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 наурыздағы № 330 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 15, 120-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемінің тізбесінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі қызмет алушылардың мынадай:
1) психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға (бұдан әрі – балалар);
2) тірек-қозғалыс аппараты бұзылған мүгедек балаларға (бұдан әрі – ТҚА бұзылған балалар);
3) психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектер (бұдан әрі – 18 жастан асқан адамдар);
4) бірінші және екінші топтағы мүгедектер (бұдан әрі – мүгедектер);
5) жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдар (бұдан әрі – қарттар);
6) белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар (бұдан әрі – үйсіз адамдар) қатарынан дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты ағзасының функциялары тұрақты бұзылған адамдарға (отбасыларға) және (немесе) белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, сондай-ақ жасының ұлғаюына байланысты өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз адамдарға (отбасыларға) ұсынылады.»;
3-тармақта:
оныншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«қарттарға, мүгедектерге және үйсіз адамдарға хат жазуда және оқуда көмек көрсету;»;
мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
«үйсіз адамдарды қабылдау және уақытша орналастыру;
үйсіз адамдарға төсектік орын, жиһаз беру, төсек-орын жабдықтарымен, жеке гигиена заттары және іш киіммен қамтамасыз ету;
жүріп-тұруы қиын және өзіне-өзі күтім жасауға қабілетсіз қарттар мен мүгедектердің болуына жағдай жасау;
үйсіз адамдардың санитарлық-гигиеналық рәсімдерді (душ немесе ванна бөлмелері, дәретхана) жүзеге асыруы үшін жағдай жасау;
жол жүру құжаттарын сатып алу және сапар кезінде тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету арқылы үйсіз адамдарды бұрынғы тұрған жеріне қайтаруға жәрдемдесу;
тұратын жері бойынша тіркелу үшін құжаттарын рәсімдеуге жәрдемдесу.»;
4-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
«емдеуге мұқтаж үйсіз адамдарды денсаулық сақтау мекемелеріне орналастыруға және еріп жүруге жәрдемдесу.»;
5-тармақта:
төртінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«мүгедектермен, қарттармен және үйсіз адамдармен психопрофилактикалық жұмыс;»;
мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:
«психологиялық консультация беру;
шұғыл психологиялық көмек;
өзара қолдау топтарында, қарым-қатынас клубтарында сабақ өткізу.»;
7-тармақта:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Қызмет алушылардың бойында еңбек дағдыларын қалыптастыруға, 18 жастан асқан адамдардың, мүгедектердің, қарттардың және үйсіз адамдардың бойында қалған еңбек дағдыларын сақтау мен дамытуға және еңбек қызметiн ұйымдастыруға бағытталған әлеуметтiк-еңбек қызметтерi мыналарды қамтиды:»;
төртінші абзац алып тасталсын;
жетінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«қызмет алушыларды қолжетімді кәсіптік дағдыларға үйрету жөніндегі іс-шараларды өткізуге жәрдемдесу;»;
мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
«үйсіз адамдарды қоғамдық пайдалы жұмыстарға қатыстыру.»;
10-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
«үйсіз адамдар қатарындағы қарттар мен мүгедектерді халықты әлеуметтік қорғаудың стационарлық мекемелеріне орналастыру үшін қажетті құжаттарды ресімдеуге жәрдемдесу.»;
2) Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 16.07.2015 № 532 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізiледі) қаулысымен.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 16.07.2015 № 532 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізiледі) қаулысымен.
2. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және осы қаулы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарын, Алматы, Астана қалаларын қоспағанда, 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2012 жылғы 10 ақпандағы
№ 214 қаулысына
қосымша
Ескерту. Қосымшаның күші жойылды - ҚР Үкіметінің 16.07.2015 № 532 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгізiледі) қаулысымен.