Электр немесе жылу желілеріне қосудың және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді қосудың ең таяу нүктелерін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 қаңтардағы № 119 Қаулысы

Қолданыстағы

      "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі Заңының 5-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Электр немесе жылу желілеріне қосудың және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді қосудың ең таяу нүктелерін айқындау қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы  
Үкіметінің       
2012 жылғы 19 қаңтардағы  
№ 119 қаулысымен   
бекітілген       

Электр немесе жылу желілеріне қосудың және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді қосудың ең таяу нүктелерін айқындау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Электр немесе жылу желілеріне қосудың және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді қосудың ең таяу нүктелерін айқындау қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" 2009 жылғы 4 шілдедегі (бұдан әрі - Заң), "Электр энергетикасы туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі заңдарына сәйкес әзірленді және электр немесе жылу желілеріне қосатын және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді қосатын ең таяу нүктені айқындау тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) жылу желілеріне қосудың ең таяу нүктесі - жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіден жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесінде жылу көзі параметрлеріне сәйкес келетін параметрлермен елді мекенді жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіне дейінгі құбыр ойығының ең таяу нүктесі;
      2) электр желілеріне қосудың ең таяу нүктесі - энергия беруші ұйымның жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымның энергетикалық қондырғысы электр желілерімен нақты қосылатын ең таяу жері;
      3) қолданыстағы электр немесе жылу желілерін нығайту - электр немесе жылу желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі жаңа объектіні қосқан кезде энергия беруші ұйым өткізетін, электр және жылу желілерінің техникалық жай-күйі тұрғысынан талап етілетін және техникалық шарттар негізінде өткізілетін бірқатар іс-шаралар;
      4) жүйелік оператор - орталықтандырылған жедел диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуді қамтамасыз етуді, энергия жүйесіндегі теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызметтер көрсетуді және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінен қосалқы қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша беруді, оған техникалық қызмет көрсетуді және оны пайдалану әзірлігінде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұйым;
      5) тапсырыс беруші (инвестор) - жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні салу жобасын іске асыруға ниет білдірген және (немесе) кіріскен тұлға.

2. Электр желілеріне қосудың ең таяу нүктесін айқындау тәртібі

      3. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді электр желілеріне қосудың ең таяу нүктесін айқындау техникалық-экономикалық есеп негізінде инвестор анықтайтын тоқтың экономикалық негізделген тығыздығын сақтай отырып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектінің белгіленген қуатын беру шарттарына сәйкес келуі тиіс.
      4. Инвестордың жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні электр желілеріне қосудың ең таяу нүктесін айқындауға арналған өтінімі энергия беруші ұйымға беріледі және жаңартылатын энергия көздері қондырғысы туралы мынадай мәліметтерді қамтиды:
      1) қондырғының атауы және түрі;
      2) учаскенің артықшылықпен орналасуы (олардың географиялық картада алдын ала орналастырылуын көрсете отырып, агрегаттарды орналастырудың балама нұсқаларының тізбесі);
      3) барлық қондырғының рұқсат етілген қуаты (Соs көрсете отырып, ең жоғары мегаватта және/немесе мегаваттарда, мегавольтамперлерде);
      4) күтілетін өнімділігі (айына мегаватт/сағат);
      5) қосалқы жүйенің, оның ішінде реактивтік қуаттың күтілетін энергия тұтынуы;
      6) қондырғының конструкциясы/конфигурациясы;
      7) кез келген ұйытқу жүктемесінің жаратылысы;
      8) ұсынылған энергия қондырғысы пайдаланатын технология;
      9) пайдалануға берудің болжамды іске қосу күні;
      10) белсенді қуаттың мегаваттардағы ең аз өндірілуі;
      11) мегавольтампердің, мегаваттың атаулы мәні, бойлық осі бойынша өтпелі реактивтік кедергісі, қысқа тұйықталу қатынасы, үйлестірілген генераторлары/қозғалтқыштары бар энергия қондырғысының тұрақты серпіні;
      12) арттырушы трансформатордың мегавольтамперінің атаулы мәні және тікелей тізбектелген реактивті кедергі (mах/mіn тармақтануы кезінде);
      13) қоздырғыштың түрі және санаты.
      5. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінімдер түскен күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде электр желілеріне қосудың ең таяу нүктесін айқындау туралы шешімді қабылдайды және өзінің шешімін акті нысанында ресімдейді.
      Акт жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні ең таяу нүктеге қосу туралы ақпараты, қосу бойынша жұмыстың аяқталу мерзімдері туралы ақпаратты қамтиды.

3. Жылу желілеріне қосудың ең таяу нүктесін айқындау тәртібі

      6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі обьектіні жылу желілеріне қосудың ең таяу нүктесін айқындау инвестордың техникалық-экономикалық есебінің негізінде айқындалатын экономикалық негізделген гидравликалық режимдерін сақтау кезінде жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіндегі жылу көздерінің тиісті параметрлеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектінің жылу көздері параметрлерінің шарттарына сәйкес келуі тиіс.
      7. Инвестордың жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні жылу желілеріне қосудың ең таяу нүктесін айқындауға арналған өтінімі энергия беруші ұйымға беріледі және мынадай мәліметтерді қамтиды:
      1) пайдаланылатын жаңартылатын энергия көзінің түрі, жылу желілеріне қосудың ұсынылатын нүктесі, берілетін жылу энергиясының мөлшерін реттеу тәсілі;
      2) жылу көздерінің параметрлері және басқа тұтынушылардың жүктемелерін ескере отырып қосатын нүктелердегі гидравликалық режимі;
      3) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптардың орнату бойынша талаптар;
      4) жылу желілерін салу тәсілі (жерүсті немесе жерасты);
      5) жылыту-желдеткіш және технологиялық жүктемелерді және ыстық сумен жабдықтау жүктемесін қосудың жылу схемасы;
      6) температуралық кесте және желілік судың шығыны;
      7) салынатын немесе қайта жаңартылатын жылу желілерінің теңгерімдік және пайдалану тиесілігі және тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекаралары.
      8. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінім түскен күннен бастап он күнтізбелік күннен кешіктірмейтін мерзімде жаңартылған энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні жылу желілеріне қосудың ең таяу нүктесін айқындау туралы шешім қабылдайды және өзінің шешімін жазбаша акті нысанында ресімдейді.
      Акт жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні ең таяу нүктеге қосу туралы ақпаратты, қосу бойынша жұмыстың аяқталу мерзімдері туралы ақпаратты қамтиды.

4. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі
объектілерді қосу тәртібі

      9. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді электр және жылу желілеріне қосу үшін инвестор жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні қосудың ең таяу нүктесін айқындау туралы шешім алғаннан кейін, жаңартылған энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні электр желілеріне қосу схемасын және (немесе) жаңартылған энергия көздерін пайдалану жөніндегі обьектіні жылу желілеріне қосу схемасын қоса бере отырып, техникалық шарт алуға өтінімді энергия беруші ұйымға береді.
      10. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі обьектіні  электр желілеріне қосуға арналған техникалық шартты мамандандырылған жобалық ұйым әзірлеген және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілерді электр желілеріне қосу схемасын қамтыған электр станциясының қосылу схемасы (қуатты беру) негізінде энергия беруші ұйым береді.
      11. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарт инвестор ұсынған мамандандырылған жобалық ұйым әзірлеген және жылу желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектінің қосылу схемасын қамтыған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектінің қосылу схемасы негізінде беріледі.
      12. Егер қосылатын құрылғының параметрлері электр және жылу желілерінің шекті параметрлерінің жоғарылауына алып келмесе, онда энергия беруші ұйым жаңартылған энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні қосуға арналған қажетті техникалық шарттарды әзірлейді.
      13. Инвестордың техникалық шарт алуға арналған өтінімін энергия беруші ұйым, егер қолданыстағы электр немесе жылу желілерін күшейтуді талап етпесе, он бес жұмыс күнінен кешіктірмей қарайды. Қосу желілерді күшейтуді талап еткен жағдайда, өтінімді қарау күні өтінім түскен күнінен бастап бір айдан аспауы тиіс.
      Техникалық шарттарды электр беруші ұйым техникалық шарттарды алуға арналған өтінімді қарау мерзімі өткен соң үш күн ішінде береді.
      14. Егер өңірлік электр желілеріне жүктемесі немесе шығару қуаты 0,1- ден 10 МВт-ға дейін жаңартылатын энергия көздері жөніндегі объекті қосылса, энергия беруші ұйым өтініш түскен күннен бастап бес күнтізбелік күн ішінде Жүйелік операторға хабарлайды және қосуға арналған өтінімнің көшірмесін жібереді. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектіні 10 МВт-тан асатын қуатқа қосқан кезде энергия беруші ұйым өтінімді Жүйелік оператормен келісуге жібереді.
      Жүйелік оператор өтінімді өтінім түскен күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде келіседі.
      15. Инвестордың техникалық шарттарды алуға арналған өтінімді қарау нәтижесі бойынша энергия беруші ұйым өтінім түскен күннен бастап он бес күнтізбелік күнінен кешіктірмей, энергия беруші ұйым айқындаған қосу нүктесін, қосу бойынша жұмысты аяқтаудың болжамды күнін көрсете отырып, жаңартылатын энергия көздері жөніндегі объектіні электр немесе жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды береді.
      Техникалық шартты беру және қайта ресімдеу үшін ақы алынбайды.
      16. Қосуға арналған техникалық шарттардың қолданылу мерзімі, оны инвестор қабылдағаннан кейін, тараптардың уағдаластығы бойынша, бірақ қолданыстағы жобалау және құрылыс нормалары негізінде айқындалған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілердің жобалау алдындағы зерттеулер, жобалау және салу кезеңдері үшін қажетті мерзімнен кем емес мерзім белгіленеді және 3 жылдан аспауы тиіс.
      17. Жаңартылған энергия көздерін пайдалану жөніндегі объектілерді электр беруші ұйымдардың желілеріне қосу қуаттарды беру схемасы және алынған техникалық шарттар негізінде объектіні пайдалануға бергеннен кейін жүргізіледі.