Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "133", "132-1", "270" деген цифрлар тиісінше "135", "134", "308" деген цифрлармен ауыстырылды - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
Адамды саудаға салуға байланысты Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды дұрыс әрі біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы
қаулы етеді:
1. Адамды саудаға салғаны үшін жауапкершілікті анықтайтын заңнаманың дұрыс қолданылуы адамның құқықтары мен бостандықтарын тиісінше қамтамасыз ететініне қылмыстық процесті жүргізуші органдардың назары аударылсын.
Адам саудасына байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар деп Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 116-бабында, 125-бабының үшінші бөлігінің 2 тармағында, 126-бабының үшінші бөлігінің 2 тармағында, 128, 134, 135, 308, 309-баптарында көзделген құқық бұзушылықтар танылады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).2. ҚК 128 және 135-баптарында көзделген қылмыстардың объективті жағы адамның құқықтары мен бостандықтарына қол сұғуды білдіреді және адамды сатып алу-сату немесе адамға қатысты өзге де мәмілелер жасасу, оны пайдалану, азғырып-көндіру, тасу, беру, жасыру, сондай-ақ пайдалану мақсатында өзге де әрекеттер жасаудан байқалады.
ҚК-нің 128-бабының бірінші бөлігі және ҚК-нің 135-бабының бірінші бөлігі бойынша әрекеттерді саралау үшін осы баптардың диспозициясында көрсетілген іс-әрекеттердің ең болмағанда біреуінің жасалу фактісінің анықталғаны жеткілікті.
ҚК-нің 128, 135-баптары бойынша жәбірленушіге қатысты сатып алу-сатуды және өзге де мәмілелер жасауды саралау үшін пайдаланудың арнайы мақсатының бар болуы талап етілмейді, себебі адам мәмілелердің объектісі болып табылмайды және мұндай мәмілелер оларды жасасқан сәттен бастап жарамсыз деп танылады.
Адамды пайдаланудың мақсаты жәбірленушіні азғырып көндіру, тасымалдау, беру, жасыру, сондай-ақ ҚК-нің 128, 135-баптарында көзделген өзге де іс-әрекеттер кезінде міндетті белгі болып табылады.
Адамды саудаға салумен байланысты қылмыстың объектісі адамның бостандығы, оның жеке басының қауіпсіздігі, құқықтары мен заңды мүдделері, ар-намысы мен қадір-қасиеті, тұратын жерін, қызмет түрі мен мамандықты еркін таңдау құқығы болып табылады.
Адамды сатып алу-сатудың немесе оған қатысты өзге де мәмілелерді жасасудың субъективті жағы тікелей ниетпен сипатталады. Сондықтан әрекетті ҚК-нің 128-бабының бірінші бөлігі бойынша және ҚК-нің 135-бабының бірінші бөлігі бойынша саралау үшін осындай мәмілелердің қандай мақсатпен жасалғаны маңызды емес.
Адамды азғырып-көндіру, тасу, беру, жасыру кезінде қылмыстың субъективті жағы тікелей ниетпен сипатталады, ал қылмыстың мақсаты адамды пайдалану болып табылады.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).3. Адамды сатып алу-сату деп бір тарап (сатушы) басқа тарапқа (сатып алушыға) адамды белгілі бір сыйақы үшін беретін құқыққа қайшы ақылы мәмілені түсінген жөн.
ҚК-нің 128-бабы бойынша не ҚК-нің 135-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеліп соқтыратын өзге мәмілелерге адамды сыйға тартуды (адамды басқа бір адамға тегін беру), айырбастауды (адамды әлденеге айырбастау), алмастыруды (бір адамды басқа бір адаммен ауыстыру), жалға беруді (адамды ақыға уақытша иеленуге және пайдалануға беру), адамды тараптар арасында жасалған мәміле бойынша міндеттеменің орындалуын қамтамасыз етудің кепілі ретінде қалдыруды, адамды төлем ретінде пайдалануды, адамды қандай да бір мүліктік емес сипатта пайда табу мақсатында беруді және басқаларды жатқызған жөн.
4. Адамға қатысты сатып алу-сату немесе өзге де мәмілелер жасасуды адам басқа адамдарға берілген сәттен бастап аяқталған қылмыс деп есептеген жөн. Бұл ретте адамды сатқаны немесе өзге де мәмілелерді жасасқаны үшін сыйақы алу уақыты маңызды емес.
Адамның жәбірленушіге қатысты сатып алу-сатумен немесе басқа да мәмілелер жасауымен қатар жезөкшелікпен айналысуға тартуы не пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлығы не осы жәбірленушіні басқа нысандарда пайдалану мақсатынсыз (мысалы, еңбек етуге, қайыршылықпен айланысуға мәжбүрлеу және басқалар) жезөкшелікпен айналысуға притондар ұйымдастыруы, ұстауы, сот дәлелденді деп таныған әрбір іс-әрекет тиісті баптардың жиынтығы бойынша дербес саралануға тиіс: мәміле жасағаны үшін ҚК-нің 128, 135-баптары бойынша, жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін ҚК-нің 134, 308-баптары бойынша, жеңгетайлық немесе притондар ұйымдастырғаны және ұстағаны үшін ҚК-нің 309-бабы бойынша.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).5. Адамды азғырып-көндіру деп жәбірленушіні қандай да бір жұмыстарды немесе қандай да бір қызметті, соның ішінде, егер оны пайдалану мақсатымен байланысты болса құқыққа қайшы қызметті атқаруға келісуіне қол жеткізу түсініледі. Азғырып-көндіру тәсілдері әртүрлі: сыйақы жөнінде уәде беру, жұмыс ұсыну, алдау, азғыру, бопсалау, қорқыту, қоқан-лоқы көрсету және басқалар болуы мүмкін.
Адамды саудаға салған кезде азғырып көндірудің аражігін жезөкшелікпен айналысуға тартудан аяқталу сәті бойынша ажыратқан жөн: азғырып көндірілген адамның оны пайдалануды жүзеге асыруға келісімін алған сәттен бастап азғырып көндіру аяқталды деп саналады, жезөкшелікпен айналысуға тарту оны аталған қызмет түріне көндіре алғандығына немесе алмағандығына қарамастан, жезөкшелікпен айналысуға тартуға бағытталған іс-қимылдардың жазылған тәсілдерінің бірі жасалған кезден бастап аяқталды деп саналады.
Азғырып көндіру кезінде адамның пиғылы жезөкшелікпен айналысуға тартуға ғана бағытталған жағдайда, жасалған іс-әрекет ҚК-нің тиісті 308 немесе 134-баптары бойынша қылмыстық-құқықтық бағалауға жатады, себебі сексуалдық пайдалану мақсатында азғырып көндіргені және жезөкшелікпен айналысуға тартқаны үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заңның нормалары ҚК-нің 12-бабының үшінші бөлігінде көзделген бәсекелестік жағдайында болады. Жезөкшелікпен айналысуға тарту және пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық ҚК-нің 128, 135-баптарына қатысты арнайы нормалар болып табылатын пайдалану нысандарының бір түрін білдіреді.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).6. Адамды тасу адамды пайдалану мақсатында бір жерден екінші жерге, соның ішінде бір елді мекеннің ішінде оның орнын ауыстыруға байланысты қасақана жасалатын іс-әрекетті білдіреді. Бұл ретте көлік түрі, адамды тасымалдау уақыты мен тәсілдері әрекетті саралау үшін маңызды емес. Адамды тасу апарылатын адамды тек оған біреудің ілесуімен жеткізуді ғана емес, сондай-ақ апарылатын жәбірленушіге баратын жеріне дейін жол жүру құжаттарын сатып әперуді, жәбірленушінің ол жерге өз бетімен жетуін білдіреді. Жеткізу жүзеге асырыла бастаған сәттен аяқталды деп есептеледі.
7. Жәбірленушіні беру деп оны пайдаланатын адамға тікелей беруді түсінген жөн.
Өзінің немесе басқа адамдардың адамды пайдалану мақсатында берген және алған адамдардың іс-әрекеттері ҚК-нің 128-бабының тиісті бөлігі бойынша, ал кәмелетке толмағанға қатысты - ҚК-нің 135-бабының тиісті бөлігі бойынша, сондай-ақ адамдар тобының алдын ала сөз байласу белгісі бойынша саралауға жатады.
8. Адамды кейін пайдалану мақсатымен жасыру деп жәбірленушіні құқық қорғау органдарынан, туыстары мен басқа адамдардан жасыруды түсінген жөн (мысалы, арнайы үй-жайларға жасыру, қандай аумаққа болса да шығуына мүмкіндік бермеу, жәбірленушінің жеке өзіне немесе психикалық белсенділігінің төмендеуіне дәрі-дәрмек арқылы ықпал ету). Жасыру жәбірленушінің өзін жасырумен қатар оны табуды қиындататын өзге де іс-әрекеттерден (құжаттарын, сыртқы бейнесін өзгерту және тағы басқалар) байқалады.
9. "Адамды пайдалану" ұғымын ҚК-нің 128, 135-баптарына лайықтап айқындау кезінде ҚК-нің 3-бабының 1-тармағын басшылыққа алған жөн.
ҚК-нің 128-бабында көзделген пайдаланудың түрлі нысаны бар (сексуалдық пайдалану, мәжбүрлі еңбек, қайыршылықпен айналысу және т.б.). ҚК еңбегін пайдалану немесе қайыршылықпен айналысу сияқты адамды пайдалану нысандарын жеке арнайы нормаға бөлмейді. Сондықтан жәбірленушіні жезөкшелікпен айналысуға тарту және алынған табыстарды иемденіп алу, сонымен қатар пайдаланудың басқа да нысандары (мәжбүрлі еңбек және т.б.) арқылы одан әрі пайдалану үшін жәбірленушіге қатысты сатып алу-сату не өзге де мәмілелерді жасасу жағдайларында мұндай әрекеттер кінәлі адамның бір мақсатқа – жәбірленушіні пайдалануға қол жеткізу үшін ортақ ниетпен біріккен іс-әрекеттерді жасағанын куәландырады және ҚК-нің 308, 134-баптары бойынша қосымша сараланбастан, ҚК-нің 128 немесе 135-баптарында көзделген бір қылмыс ретінде сараланады.
Егер ҚК-нің 128-бабының екінші бөлігінде көрсетілген ықпал ету құралдарының кез келгені пайдаланылса, жәбірленушінің жоспарланған пайдалануға келісімі назарға алынбайды.
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).10. Жәбірленушіні жыныстық сипаттағы іс-әрекеттерді жасау (азғындық іс-әрекеттер, порнографиялық түсірілімдер, бейне-клиптер жасау) үшін мәжбүрлеп пайдалану ҚК-нің 128, 135-баптарының диспозициясымен қамтылады және ҚК-нің 134-бабы бойынша не ҚК-нің 308-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.
Жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі кезінде ҚК-нің 12-бабының үшінші бөлігіне сәйкес қылмыстардың жиынтығы болмайды және іс-әрекет тиісті арнайы норма бойынша саралануға тиіс, сондықтан жезөкшелікпен айналысуға тарту және пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық ҚК-нің 128 немесе 135-бабының диспозияцияларында көзделген адам саудасы кезінде сексуалдық пайдалану жөніндегі әрекеттерге қатысты арнайы нормалар бола тұра, ҚК-нің 128, 135-баптары бойынша қосымша сараланбастан, ҚК-нің тиісті 134, 308 немесе 309-баптары бойынша саралануға тиіс.
Соттардың ҚК-нің 309-бабында көзделген притон ұйымдастыру, притонды ұстау және пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық дербес әрекет болып табылатындығын және өздігінен жеке-жеке қылмыс құрамын құрайтындығын ескергені жөн. Жезөкшелікпен айналысу үшін притонды ұстамай оны ұйымдастыру не жеңгетайлықпен айналыспай осындай притонды ұстау ғана немесе притонды ұйымдастырмай және ұстамай пайдакүнемдiк мақсаттағы жеңгетайлық болуы мүмкін.
Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).11. ҚК-нің 128, 135-баптарында көрсетілген іс-әрекеттердің ең болмағанда біреуі өздеріне қатысты тікелей жасалған адамдарды жәбірленушілер деп таныған жөн. Соттар жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттер өзіне қатысты жасалған адамға келтірілген зиянды анықтау қажет болған кезде арнайы білімі бар адамдарды тартуға құқылы.
Қылмыстық процесті жүргізуші органдар жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сотқа дейінгі іс жүргізу барысында Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 47, 96, 97-баптарында, сонымен қатар сот талқылауы ҚПК-нің 98-бабында көзделген шараларды қабылдауға міндетті.
ҚПК-нің 47-бабына сәйкес, олар жәбірленушінің ішкі мән-жайлары мен жеке өміріне қатысты мәліметтердің құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
Жәбірленушілер заңсыз көшіп-қонғаны, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені, елден шығарып жіберу туралы шешімді орындамағаны, елде болу ережесін бұзғаны, жалған құжаттарды пайдаланғаны, еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін, егер жәбірленушілер осы әрекеттерді оларды сатуға байланысты жасаса жауапкершілікке тартуға жатпайды.
Ескерту. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).12. Адамды саудаға салу екі және одан да көп адамға қатысты бір мезгілде не әртүрлі уақытта жасалуы мүмкін. Кінәлі адамның іс-әрекеттерін қылмыстардың бірнеше мәрте қайталану не екі және одан да көп адамға қатысты жасалу белгілері бойынша саралау кезінде оның ниетінің бағытын, нақты іс-әрекеттерінің сипатын, қылмыстар арасындағы уақытты және жасалған қылмыстың басқа да мән-жайларын негізге алған жөн.
Әр түрлі уақытта бірнеше жәбірленушілерге қатысты бірыңғай ниетпен қамтылмаған іс-әрекеттер ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 2-тармағы бойынша және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 2-тармағы бойынша саралауға жатады.
Кінәлі адамның бірыңғай ниетпен екі және одан да көп адамға қатысты жасаған іс-әрекеттері ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 6-тармағы бойынша және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 5-тармағы бойынша саралауға жатады.
Адам саудасына байланысты аяқталған қылмысты жасаған, қылмысты жасауға дайындалған және оқталған адамның іс-әрекеттері қылмыстардың жиынтығын құрайды.
Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).13. Кінәлі адамның іс-әрекеттерін ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 7-тармағы және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 6-тармағы бойынша саралау үшін адамды саудаға салудың ауыстырып салу немесе өзгедей пайдалану үшін жәбірленушінің органдарын немесе тінін алу мақсатында жасалғанын анықтау қажет.
Адамның органдары мен тінін алуға мәжбүр етуге немесе заңсыз алуға байланысты іс-әрекеттер, адамға емес оның органдары мен тініне ғана заңсыз мәмілелер жасау ҚК-нің 116-бабының тиісті бөлігі бойынша бөлек сараланады.
Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).14. ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 8-тармағы, ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 7-тармағы бойынша адамды саудаға салғаны үшін жауаптылық жәбірленушіні алдаған немесе оның сеніміне қиянат жасаған жағдайларда туындайды. Жәбірленуші осының нәтижесінде кінәлі адамның оны сату, оны пайдалануға бағытталған өзге де мәмілелер мен іс-әрекеттерді жасау ниетімен әрекет жасап жүргенін білмегендіктен еріксіз күйде қалады.
Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).15. Мемлекеттік не мемлекеттік емес ұйымдарда жұмыс істей жүріп өзінің қызмет бабын пайдаланып қылмыс жасаған лауазымды адамның іс-әрекеттерін ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 9-тармағы және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 8-тармағы бойынша саралаған жөн. Лауазымды адамның адамдарды саудаға салуы осы қылмыстың саралаушы белгісі болып табылады және ҚК-нің 361-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді.
Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).16. Кінәлі адамға материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған жәбірленушіге қатысты әрекеттер ҚК-нің 128-бабы екінші бөлігінің 10-тармағы және ҚК-нің 135-бабы екінші бөлігінің 10-тармағы бойынша сараланады.
Жәбірленушінің материалдық тәуелділікте болуы, мысалы, оның кінәлі адамның асырауында толық немесе ішінара болуынан, кінәлі адамның тұрғын үй-жайында тұруынан байқалуы мүмкін. Жәбірленушінің кінәлі адамға кез келген материалдық емес тәуелділікте болуын (мысалы, отбасылық қатынастар, бағыныштының басшыға, оқушының оқытушыға тәуелді болуы) өзге тәуелділік деп түсіну қажет.
Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).17. Адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге әкету (жөнелту), Қазақстан Республикасына әкелу немесе бір шет мемлекеттен басқа мемлекетке Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасу (транзит) мақсатында жасалған әрекеттер, сол сияқты осындай әрекеттерді жасау мақсатында адамды Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге әкету, Қазақстан Республикасына әкелу немесе бір шет мемлекеттен басқа мемлекетке Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасып, адамды саудаға салу әрекеттері үшін ҚК-нің 128 және 135-баптарының үшінші бөліктері бойынша жауаптылық көзделеді.
18. Қылмыстық топ - ҚК-нің 3-бабы 24-тармағының түсініктемесіне сәйкес ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым, қылмыстық қоғам, трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым, трансұлттық қылмыстық қоғам, террористік топ, экстремистік топ, банда, заңсыз әскериленген құрылым жасаған адамды саудаға салу ҚК-нің 128-бабы төртінші бөлігінің 1-тармағы және 135-бабы төртінші бөлігінің 1-тармағы бойынша сараланады.
Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).19. Абайсызда жәбірленушінің өліміне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан адамды саудаға салу кінәнің екі нысаны бар қылмыс жасауды көздейтінін ескеру қажет. Абайсыздан жәбірленушінің өліміне не өзге де ауыр салдарға әкеп соққан, ҚК-нің 128-бабында немесе ҚК-нің 135-бабында көзделген әрекеттерді жасау қосымша саралауды талап етпейді.
Өзге де ауыр зардаптар деп психикалық күйзеліс және басқа да ауыр сырқаттар танылуы мүмкін. Егер жәбірленушіні пайдалану барысында оған қатысты басқа қасақана қылмыстар жасалса (мысалы: кісі өлтіру, зорлау, АИТВ/ЖИТС-ты, венерологиялық ауруларды жұқтыру, заңсыз аборт жасау және тағы басқалар), онда жасалған әрекет қылмыстар жиынтығы бойынша саралауға жатады.
20. Адамды пайдалану мақсатында ұрлау немесе бас бостандығынан заңсыз айыру және адам саудасына байланысты одан кейінгі қылмыстық әрекеттер ҚК-нің 125-бабы үшінші бөлігінің 2-тармағы немесе ҚК-нің 126-бабы үшінші бөлігінің 2-тармағы бойынша және ҚК-нің 128 немесе 135-баптарының тиісті бөліктерімен қылмыстар жиынтығы бойынша саралануға жатады.
Пайдалану мақсатында басып алу және кеңістікте зорлап көшіру элементтерісіз жәбірленушіні алдап ұрлау, одан әрі тасымалдау - адамды саудаға салу кезінде пайдалану мақсатында адамды азғырып көндіруді және тасымалдауды құрайды және тұтастай алғанда жасалған іс-әрекетті ҚК-нің 125-бабының үшінші бөлігінің 2 тармағында көзделген қылмыстық-құқық норманы қолданбастан, ҚК-нің 128-бабының тиісті бөлігі бойынша ғана саралаған жөн.
Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 31.03.2017 № 3 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).21. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес, осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының Төрағасы | Б.Бекназаров |
Қазақстан Республикасы | |
Жоғарғы Сотының судьясы, | |
жалпы отырыс хатшысы | Д.Нұралин |