«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Заңының 49-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағына Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарлар бойынша есепке жатқызу әдісімен қосылған құн салығын төлеуді қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Yкiметiнің
2011 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1705 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының аумағына Кеден одағына
мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарлар бойынша
есепке жатқызу әдісімен қосылған құн салығын төлеуді қолдану
қағидалары
1. Осы Қағидалар «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Енгізу туралы заң) 49-1-бабына сәйкес әзірленген және Заңның 49-1-бабында көрсетілген, Қазақстан Республикасының аумағына Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарлар бойынша (бұдан әрі – ҚҚС) есепке жатқызу әдісімен қосылған құн салығын төлеу тәртібін айқындайды.
2. Қазақстан Республикасының аумағына Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарлар бойынша есепке жатқызу әдісімен ҚҚС төлеу мынадай шарттарды орындағанда:
1) тауарлар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, қосылған құн салығын есепке жатқызу әдiсiмен төленетін тауарлар тiзбесiне (бұдан әрі – Тізбе) енгізілген;
2) Тізбеде көрсетілген тауарлардың импорты бойынша төленуге жатқызылған ҚҚС сомасын ҚҚС жөніндегі декларацияда көрсету бойынша және салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсімін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша, көрсетілген тауарларды мақсатты пайдалану туралы міндеттеме (бұдан әрі – Міндеттеме) салық қызметі органына табыс етілген жағдайда жүзеге асырылады.
3. Міндеттемені ҚҚС төлеуші салық қызметі органына салық кезеңінен кейінгі айдың жиырмасынан кешіктірмей, Салық кодексінің 276-20-бабының 3-тармағында көрсетілген импортталатын тауарлар мен құжаттар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларациямен бір мезгілде табыс етеді.
4. Міндеттемеге Қазақстан Республикасының аумағына Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан импортталатын тауарларды әкелу кезінде шартқа (келісімшартқа) Қазақстан Республикасының кеден органы беретін Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының коды бойынша қорытынды қоса беріледі. Бұл ретте егер шартта (келісімшартта) мұндай тауарды бірнеше рет жеткізу көзделген жағдайда, онда Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының коды бойынша қорытындының түпнұсқасы тек бірінші жеткізу бойынша беріледі, ал кейінгі жеткізулер бойынша осындай қорытындының көшірмесі беріледі.
5. Міндеттеме екі данада толтырылады, оның біреуі қабылданғаны туралы салық органының белгісімен салық төлеушіге қайтарылады.
6. Міндеттеменің негізінде тауарларды әкелу ҚҚС іс жүзінде төлемей, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен акцизделетін тауарлар бойынша акциздерді төлеу шартымен жүргізіледі.
7. Міндеттемеде көрсетілген ҚҚС сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен есептеу және есепке жатқызумен бір мезгілде ҚҚС бойынша декларацияда көрсетіледі.
8. Мүлікті қаржылық лизингке беруді қоспағанда, Енгізу туралы заңның 49-1-бабында көрсетілген тауарларды одан әрі өткізуге ҚҚС салуға жатады.
9. Қазақстан Республикасының аумағына тауарларды әкелген күннен бастап талап ету мерзімі ішінде Енгізу туралы заңның 49-1-бабында айқындалған талаптар бұзылған жағдайда, әкелінетін тауарларға ҚҚС Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерде тауарлар әкелу кезінде ҚҚС төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұлдар есептеле отырып, төленуге тиіс.
Осы Қағидалардың ережелері Қазақстан Республикасының аумағына Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумағынан лизинг шарттары (келісімшарттары) бойынша импортталған тауарларға да, сыйақы есептелмей, лизинг шартында көзделген лизинг төлемінің сомасына келетін ҚҚС сомасы бөлігінде қолданылады.