Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 21 желтоқсандағы № 1575 Қаулысы

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 1575 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.12.2016 № 904 қаулысымен.

      2. "Кейбір нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықта:

      157-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Кеңсе Үкімет қаулыларын және Премьер-Министр өкімдерін Әділет министрлігіне жіберген кезде құқықтық ақпараттың автоматтандырылған жүйесінде орналастыру үшін оларды әзірлеуші мемлекеттік органды ілеспе хатта көрсетеді.".

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің Регламентінде:

      мынадай мазмұндағы 34-1-тармақпен толықтырылсын:

      "34-1. Әзірлеуші мемлекеттік орган қаулы жобасын мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында кадрлық және ұйымдастырушылық мәселелерді, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды және (немесе) "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын қаулы жобаларын қоспағанда, қаулы жобасын, түсіндірме жазбаны және оған басқа қажетті құжаттарды осы Регламенттің 50-тармағының талаптарын ескеріп, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасау, орындау, өзгерту және тоқтату мәселелері бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырады.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындылары түскен күннен бастап оны жеті жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында орналастырады, ал онымен келіспеген жағдайда келіспеудің дәлелденген себептерін орналастырады.";

      74-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Кеңсе Үкімет қаулыларының және Премьер-Министр өкімдерінің куәландырылған көшірмелерін Әділет министрлігіне жіберген кезде құқықтық ақпараттың автоматтандырылған жүйесінде орналастыру үшін оларды әзірлеуші мемлекеттік органды ілеспе хатта көрсетеді.";

      82-тармақ мынадай мазмұндағы алтыншы және жетінші бөліктермен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік органдар ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін Заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасына ұсыныстарын уақтылы бермеген жағдайда, Әділет министрлігі тиісті мемлекеттік органның басшысына немесе оның міндетін атқарушы тұлғаға заң қызметі басшысын жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізеді.

      Заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасына ұсыныстар болмаған жағдайда тиісті мемлекеттік орган Әділет министрлігіне ұсыныстардың жоқтығы туралы хат жібереді.";

      мынадай мазмұндағы 84-1-тармақпен толықтырылсын:

      "84-1. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің немесе Премьер-Министр Кеңсесінің атына Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарында көзделмеген заң жобасын әзірлеу туралы ұсыныспен жүгінген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган алдын ала тиісті заң жобасының тұжырымдамасын әзірлейді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 21 тамыздағы № 840 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесіне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қарау үшін Әділет министрлігіне ұсынады.

      Заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның оң шешімі болмаған жағдайда Премьер-Министрдің Кеңсесі жоспардан тыс бастама жасалған заң жобасын әзірлеу туралы ұсынысты қараусыз қайтаруы мүмкін.";

      мынадай мазмұндағы 91-2-тармақпен толықтырылсын:

      "91-2. Әзірлеуші мемлекеттік орган заң жобасын мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберген күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында заң жобасын, түсіндірме жазбаны және оған басқа да қажетті құжаттарды осы Регламенттің 95-тармағының талаптарын ескере отырып, мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырады.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктерінің сараптамалық қорытындылар түскен күннен бастап оны жеті жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында орналастырады, ал онымен келіспеген жағдайда келіспеудің дәлелденген себептерін орналастырады.";

      мынадай мазмұндағы 114-2-тармақпен толықтырылсын:

      "114-2. Әзірлеуші мемлекеттік орган заңнамалық актіге қол қойылған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында өзі әзірлеуші болған заңның нақты мақсаттары, әлеуметтік-экономикалық және (немесе) құқықтық салдары, сондай-ақ болжанатын тиімділігі туралы ақпаратты қамтитын мемлекеттік және орыс тілдерінде, ал қажет болған жағдайда өзге де тілдерде баспасөз релизін орналастырады.

      Бұл ретте әзірлеуші мемлекеттік орган көрсетілген мерзімде осы баспасөз релизінің көшірмесін құқықтық ақпараттың автоматтандырылған жүйесінде орналастыру үшін Әділет министрлігіне жібереді.";

      120-1-тармақ мынадай мазмұндағы бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте әзірлеуші мемлекеттік орган көрсетілген мерзімде осы баспасөз релизінің көшірмесін құқықтық ақпараттың автоматтандырылған жүйесінде орналастыру үшін Әділет министрлігіне жібереді.".