"Оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлғаларды тіркеу және оларды тіркеуден алу" мемлекеттік қызмет стандартын бекіту және "Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысына толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 желтоқсандағы № 1498 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 34-бабының 2-тармағына, «Әкімшілік рәсімдер туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңының 9-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған «Оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлғаларды тіркеу және оларды тіркеуден алу» мемлекеттік қызмет стандарты бекітілсін.
      2. «Жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 шілдедегі № 745 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 44, 401-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тізілімінде:
      «Кәсіпкерлердің заңды және жеке тұлғаларын тіркеу» деген 2-бөлімде:
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 39-1-жолмен толықтырылсын:

«

39-1.

Оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлғаларды тіркеу және оларды тіркеуден алу

Жеке тұлғалар

Қаржымині

Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті

Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті

Алушының қызметті ұсынушы тұлғамен тікелей өзара іс-қимылы кезінде

                                                                  ».

      3. Осы қаулы 2012 жылғы 30 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                             К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің     
2011 жылғы 8 желтоқсандағы
№ 1498 қаулысымен 
бекітілген    

«Оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және
(немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге
асыруға құқығы бар тұлғаларды тіркеу және оларды
тіркеуден алу» мемлекеттік қызмет стандарты

1. Жалпы ережелер

      1. «Оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлғаларды тіркеу және оларды тіркеуден алу» мемлекеттік қызметті (бұдан әрі - мемлекеттік қызмет) «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Комитет) Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Жеңіс даңғылы, 11, 922-кабинет мекенжайы бойынша көрсетеді.
      2. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нысаны: автоматтандырылмаған.
      3. Мемлекеттік қызмет «Банкроттық туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 10-2-бабының 1) тармақшасы негізінде көрсетіледі.
      4. Мемлекеттік қызметті көрсетудің тәртібі туралы ақпарат Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында:www.mіnfіn.kz, Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті бөлімінде орналасады.
      5. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нәтижелері:
      оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыруға құқығы бар тұлғаларды тіркеу туралы жазбаша растауды жіберу (беру), сондай-ақ оның деректерін оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыру мақсатында тіркелген тұлғалардың бірыңғай тізіліміне енгізу;
      тіркеуден бас тартқан жағдайда бас тарту себептерін көрсете отырып дәлелді жауапты жіберу (беру);
      тіркеу туралы өтініште көрсетілген деректерге өзгерістер енгізу;
      оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыратын тұлғаны тіркеуден алу болып табылады.
      6. Мемлекеттік қызмет оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыруға құқығы бар дара кәсіпкер - жеке тұлғаларға (бұдан әрі - тұтынушы) көрсетіледі.
      7. Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімдері:
      1) мемлекеттік қызмет тұтынушы осы Стандарттың 11-тармағында көзделген қажетті құжаттарды тапсырған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетіледі;
      2) тұтынушы өтініш берген күні сол жерде көрсетілетін мемлекеттік қызметті алған кезде құжаттарды тапсыру үшін күтудің рұқсат берілген ең ұзақ уақыты отыз минутты құрайды;
      3) тұтынушы өтініш берген күні сол жерде көрсетілетін мемлекеттік қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат берілген ең ұзақ уақыты отыз минутты құрайды;
      тіркеу туралы өтініште көрсетілген деректер өзгерген кезде, Комитетте тіркелген тұлға өзгерістер туындаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде өзгерістер туралы көрсете отырып Комитетке өтініш береді;
      оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыру мақсатында тіркелген тұлғаны тіркеуден алу тұтынушының өтініш беруінсіз осы Стандарттың 17-тармағында көзделген жағдайлар басталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
      8. Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі.
      9. Комитеттің жұмыс кестесі: жұмыс күндері сағат 9.00-ден бастап сағат 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден бастап 14.30-ға дейін; демалыс күндері: сенбі, жексенбі және мереке күндері.
      Қабылдау кезек күту тәртібімен, алдын ала жазылусыз және жеделдетілген қызмет көрсетусіз жүзеге асырылады.
      10. Комитетте мемлекеттік қызмет көрсету үшін үй-жайлардың қауіпсіздік талаптарына сай келетін күту орны мен құжаттарды толтыру орны бар, дене мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін жағдай жасалған.

2. Мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі

      11. Оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыру мақсатында Комитетте тіркеуден өту үшін мынадай талаптар белгіленеді:
      1) дара кәсіпкер ретінде тіркелу;
      2) жоғары заң немесе экономикалық білімінің болуы;
      3) білім беру ұйымдарында оңалтушы, конкурстық басқарушылардың, сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыру бойынша даярлықтан өту;
      4) мынадай: экономикалық, қаржы, есеп-талдамалық, бақылау-тексеру, құқықтық қызметі салаларының бірінде не заңды тұлғаның бірінші басшысы лауазымында кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесінің болуы.
      Мемлекеттік қызметті алу үшін тұтынушы Комитетке:
      тіркеу кезінде - мынадай құжаттарды:
      1) белгіленген нысан бойынша өтінішті;
      2) жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесін;
      3) жоғары заң және (немесе) экономикалық білімі туралы дипломдарының көшірмелерін;
      4) сырттай байқау әкімшісінің, оңалтушы, конкурстық басқарушылардың қызметін жүзеге асыру бойынша даярлықтан өткендігін растайтын, білім беру ұйымы берген құжаттың көшірмесін;
      5) еңбек қызметін, оның еңбек өтілін растайтын құжаттардың көшірмелерін;
      6) өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша, ұсынылғанға дейін кемінде бір ай бұрын берілген соттылығының жоқ екендігі туралы анықтаманы;
      7) өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша ұсынылғанға дейін кемінде бір ай бұрын наркологиялық және психиатриялық диспансерлер берген медициналық анықтамаларды тапсырады.
      Комитетке құжаттардың көшірмелері салыстыру үшін түпнұсқаларымен бір мезгілде не құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері ұсынылады;
      тіркеу туралы өтініште көрсетілген деректерге өзгерістер енгізу кезінде белгіленген нысан бойынша өтініш;
      тіркеуден алу кезінде белгіленген нысан бойынша өтініш.
      12. Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініштердің нысандарын Комитеттің тікелей іс жүргізуге жауапты лауазымды тұлғасынан немесе Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсының:www.mіnfіn.kz, Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті бөлімі мекенжайы бойынша алуға болады.
      13. Мемлекеттік қызметті алу үшін өтініштің толтырылған нысаны мен қажетті құжаттарды тұтынушы Комитеттің іс жүргізуге жауапты лауазымды тұлғасына қолма-қол немесе 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Жеңіс даңғылы, 11, № 922-кабинет, телефон 8 (7172) 71-85-35 мекенжайы бойынша пошта байланысы арқылы береді.
      14. Тұтынушыға:
      1) сұратылған мемлекеттік қызмет түрін;
      2) қоса берілген құжаттардың саны мен атауларын;
      3) құжаттарды қабылдаудың күнін (уақытын);
      4) өзі келген кезде тұтынушыға қолма-қол мемлекеттік қызметтерді алудың күні мен орнын;
      5) құжаттарды ресімдеуге өтінішті қабылдаған уәкілетті лауазымды тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын көрсете отырып, тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы тізімдеменің көшірмесі беріледі (жіберіледі).
      15. Дайын құжаттарды тұтынушыға не оның өкіліне беру осы Стандарттың 14-тармағына сәйкес құжаттардың қабылданғаны туралы тізімдеменің негізінде өзі келген кезде қолма-қол немесе пошта байланысы арқылы жүзеге асырылады.
      16. Мемлекеттік қызметті ұсынудан бас тарту үшін:
      1) осы Стандарттың 11-тармағында көзделген құжаттардың толық тізбесінің ұсынылмауы;
      2) осы Стандарттың 11-тармағында белгіленген талаптарға тұтынушының сәйкес келмеуі;
      3) тұтынушыға қатысты оның аталған қызмет түрімен айналысуына тыйым салатын заңды күшіне енген сот актісінің болуы;
      4) тұтынушы Заңның 9-бабының 8-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген негіздердің бірі бойынша бұрын тіркеуден алынуы.
      Осы тармақшаның ережелері Заңның 9-бабының 8-тармағының 2) тармақшасында көзделген негіздер бойынша бұрын тіркеуден алынған тұтынушыға үш жыл ішінде қолданылады;
      5) тұтынушының заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болуы;
      6) тұтынушы сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз не әрекет қабілеттілігі шектеулі деп танылған жағдайлар негіз болып табылады.
      Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген бас тарту жағдайын қоспағанда, Комитет мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту себебі туралы тұтынушыға бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жазбаша хабарлайды.
      Осы Стандарттың 11-тармағында көзделген құжаттардың толық тізбесін ұсынбаған жағдайда, Комитет тұтынушыға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту себебі туралы құжаттарды тапсырған сәттен бастап екі жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жазбаша хабарлайды.
      17. Комитеттің оңалтушы және (немесе) конкурстық басқарушылардың және (немесе) сырттай байқау әкімшісінің қызметін жүзеге асыру мақсатында тіркелген тұлғаларды тіркеуден алуы:
      1) тіркеуден алу туралы өтініш беру;
      2) Заңның 9-бабының 12-тармағының 1) тармақшасында және (немесе) Заңның 41-1-бабының 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша бір жыл ішінде бірнеше рет шеттетілген;
      3) еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан шеттетілген жағдайларды қоспағанда, Заңның 9-бабының 12-тармағының 2) және 3) тармақшаларында және Заңның 41-1-бабының 3-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздердің бірі бойынша шеттетілген;
      4) тіркеу кезінде оның дұрыс емес мәліметтер ұсыну фактісі анықталған жағдайларда жүргізіледі.
      Тіркеуден алынған тұлғаға мұндай шешім қабылданған сәттен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей хабарлама тапсырылады (жіберіледі).

3. Жұмыс қағидаттары

      18. Комитеттің мемлекеттік қызмет көрсететін лауазымды тұлғалары өз қызметінде мынадай қағидаттарды басшылыққа алады:
      1) адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау;
      2) заңдылықты сақтау;
      3) көрсетілетін қызмет туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсыну;
      4) сыпайы және әдепті болу;
      5) құжаттарды қарау кезінде төрешілдік пен сөзбұйдаға салуға жол бермеу, белгіленген мерзімде олар бойынша қажетті шаралар қабылдау;
      6) қызметті тұтынушы құжаттарының мазмұны туралы ақпараттың сақталуын, қорғалуын және құпиялылығын қамтамасыз ету.

4. Жұмыс нәтижелері

      19. Тұтынушыларға мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелері осы стандартқа қосымшаға сәйкес сапасы мен қолжетімділік көрсеткіштерімен өлшенеді.
      20. Мемлекеттік қызмет көрсету бөлігінде Комитеттің жұмысы бағаланатын мемлекеттік қызметтің сапа және тиімділік көрсеткіштерінің нысаналы мәні жыл сайын Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің бұйрығымен бекітіледі.

5. Шағымдану тәртібі

      21. Тұтынушы Комитет төрағасына не оны алмастыратын тұлғаға Комитеттің уәкілетті лауазымды тұлғаларының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдана алады.
      Тұтынушы уәкілетті лауазымды тұлғалардың әрекетіне шағымдану тәртібі туралы ақпаратты Комитеттің мемлекеттік және еңбек тәртібінің сақталуына жауапты құрылымдық бөлімшесінен (87172) 71-75-20, 71-85-35 телефондары арқылы не мына мекенжайы бойынша: 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Жеңіс даңғылы, 11, кабинет № 808 кабинеттен ала алады. Комитеттің күнделікті жұмыс кестесі: жұмыс күндері сағат 9.00-ден бастап сағат 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден бастап сағат 14.30-ға дейін, демалыс күндері: сенбі, жексенбі және мереке күндері.
      22. Егер тұтынушы қабылданған шараларға қанағаттанбаса немесе мәселе жоғары тұрған сатыда қарауды талап етсе, тұтынушы шағымды жазбаша түрде Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің (бұдан әрі - Министр) атына жібере алады.
      Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша Министрдің немесе оны алмастыратын адамның атына шағымдар жазбаша түрде пошта арқылы немесе: 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Жеңіс даңғылы, № 105-кабинет, телефон 8 (7172) 71-77-60 мекенжайы бойынша қолма-қол қабылданады.
      23. Дұрыс қызмет көрсетілмеген жағдайда шағым Комитетке жазбаша түрде пошта арқылы немесе: 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Жеңіс даңғылы, 11, № 922-кабинет, телефон 8 (7172) 71-85-35 мекенжайы бойынша қолма-қол тапсырылады.
      Азаматтарды қабылдау Комитет басшылығының азаматтарды қабылдау кестесіне сәйкес жүзеге асырылады. Азаматтарды қабылдау кестесі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсындаwww.mіnfіn.kz, Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті бөлімінде жарияланған.
      24. Көрсетілген мемлекеттік қызмет нәтижелерімен келіспеген жағдайда тұтынушы заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.
      25. Шағым және дұрыс көрсетілмегені үшін не көрсетілген қызметтің нәтижесімен келіспеуге шағымды қамтитын өзге құжаттар еркін жазбаша (баспа) нысанда беріледі.
      26. Қолма-қол қабылданған шағым жеке (заңды) тұлғалар өтініштерін есепке алу журналында тіркеледі.
      Тіркелген күні мен уақыты, өтінішті қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетілген талон шағымның қабылданғанын растау болып табылады.
      Шағымның қаралу барысы туралы ақпаратты Комитеттің қызметкерінен: 8 (7172) 71-85-35 телефоны арқылы алуға болады.
      Шағымдарды қарау «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы Заңында көзделген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырылады.

«Оңалтушы және (немесе) конкурстық
басқарушылардың және (немесе) 
сырттай байқау әкімшісінің қызметін
жүзеге асыруға құқығы бар   
тұлғаларды тіркеу және оларды
тіркеуден алу» мемлекеттік қызмет
стандартына қосымша     

Кесте. Сапа және тиімділік көрсеткіштерінің мәні

Сапа және тиімділік көрсеткіштері

Көрсеткіштің нормативтік мәні

Көрсеткіштің келесі жылғы нысаналы мәні

Көрсеткіштің есепті жылдағы ағымдағы мәні

1

2

3

4

1. Уақтылылығы

1.1. Құжаттарды тапсырған сәттен бастап белгіленген мерзімде қызметті ұсыну оқиғаларының %-ы (үлесі)

100



2. Сапасы

2.1. Қызметті ұсыну үдерісінің сапасына қанағаттанған тұтынушылардың %-ы (үлесі)

85



3. Қол жетімділік

3.1. Қызметті ұсынудың сапасына және оны ұсыну тәртібі туралы ақпаратқа қанағаттанған тұтынушылардың %-ы (үлесі)

80



3.2. Ақпаратқа электронды түрде қол жеткізуге болатын қызметтер %-ы (үлесі)

100



4. Шағымдану үдерісі

4.1. Шағымданудың қолданыстағы тәртібіне қанағаттанған тұтынушылардың %-ы (үлесі)

90



5. Сыпайылық

5.1. Персоналдың сыпайылығына қанағаттанған тұтынушылардың %-ы (үлесі)

100