Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 қарашадағы № 1371 Қаулысы.

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылыс және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 22 қарашадағы
№ 1371 қаулысымен
бекітілген

Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау
және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік органдардың атауы жазылған мандайшаларды дайындау және оларды әкімшілік ғимараттарда орналастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды дайындау және Қазақстан Республикасының аумағындағы әкімшілік ғимараттарда орналастыру тәртібін реттейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшалар - мемлекеттік органның атауы туралы анықтамалық ақпараты бар қасбеттің қабырғалық элементі;

      2) мемлекеттік органдар - Конституциямен, заңдарымен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен мемлекеттің атынан:

      мінез-құлықтың жалпыға ортақ қағидаларын белгілейтін актілерді шығару;

      әлеуметтік маңызы бар қоғамдық қатынастарды басқару және реттеу;

      мемлекет белгілеген жалпыға ортақ мінез-құлық қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруға уәкілеттік берілген мемлекеттік мекемелер;

      3) төсем - маңдайшалардың негіздеріне арналған сәнді рамка.

2. Мемлекеттік органдардың атауы жазылған маңдайшаларды
дайындау және орналастыру

      3. Маңдайша кемінде 60x80 сантиметр мөлшерінде жасалуға тиіс. Қажет болған жағдайда маңдайшаның мөлшерін ұлғайтуға болады, бұл ретте 3/4 арақатынасы сақталуы тиіс.

      Маңдайшаны көлденең де, сондай-ақ тігінен де орналастыруға болады.

      4. Маңдайша қалыңдығы 1 сантиметрден 4 сантиметрге дейінгі төсемге орналастырылады, төсемде мемлекеттік органның атауы жазылған графикалық жазба болады.

      5. Маңдайшаларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы орналастырылады.

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы маңдайшаның жоғарғы үштен бір бөлігінің ортасында орналастырылады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының диаметрі мынадай ара қатынасқа сәйкес келуге тиіс:

      көлденең орналасқан жағдайда: маңдайшаның биіктігі елтаңбаның диаметріне 1/5;

      тігінен орналасқан жағдайда: маңдайшаның биіктігі елтаңбаның диаметріне 1/6.

      6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының астына маңдайшаның 2/3 бөлігінен төмен мемлекеттік органның атауы жазылады. Маңдайша мәтіні әріптерінің биіктігі кемінде 3 сантиметр болуы тиіс. Полотноның реңі көк түсті, ал әріптер алтын түсті болуға тиіс.

      7. Маңдайшаның жиегі ені кемінде 3 сантиметр алтын түсті рамкамен қоршалады.

      8. Әріптердің шрифті "Book Antiqua".

      9. Егер мемлекеттік мекеме орталық, жергілікті өкілді және атқарушы органның құрылымдық немесе ведомстволық бағыныстағы бөлімшелері болып табылса, онда маңдайшада мемлекеттік органның атауын көрсету қажет.

      Осы жазба Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының үстінде ортада орналасады. Жазбадағы әріптердің мөлшері кемінде 2 сантиметр болады.

      10. Мемлекеттік органның атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде, қажет болған жағдайда басқа да тілдерде жазылуға тиіс.

      11. Мемлекеттік органның атауы мемлекеттік және орыс тілдерінде және басқа да тілдерде дайындалып, орналастырылған жағдайда олар бір-бірінен жеке орналасқан әртүрлі маңдайша түрінде жасалады.

      12. Мәтінде шетелдік сөздерді, оның ішінде латын әріптерімен жазылған сөздерді, қысқартылған атауларды және аббревиатураларды пайдалануға болмайды.

      13. Маңдайшаны орналастыратын орын мемлекеттік органның атауы мен орналасқан жері туралы ақпарат беруге және оған кіретін жерді көрсетуге тиіс. Маңдайша ғимараттың қасбетінде үй-жайға кіреберістен 10 метр қашықтық шегінде немесе мемлекеттік орган алып отырған үй-жай шегінде орналасуға тиіс.

      14. Жұмыс уақытының режимі, қабылдау кестесі және басшылардың тегі сияқты басқа да ақпараттық деректерді маңдайшаға немесе мемлекеттік органның атауымен қатар орналастыруға болмайды.

      15. Қасбеттегі маңдайшаларға кешкі уақытта жарық түсірілуге тиіс.

      16. Мемлекеттік орган маңдайшаларды дайындауды, келісуді, ресімдеуді және орнатуды жүзеге асырады.

      17. Мемлекеттік органдар мен мемлекеттік мекемелердің маңдайшалары олардың ресми атауы немесе мемлекеттік мекеменің бағыныстылығы өзгерген жағдайда, маңдайшалар табиғи тозудың және моральдық ескірудің салдарынан, сондай-ақ қажет болған жағдайда аумақтық орналасқан жерді ауыстырған (көшкен) кезде ауыстырылады.

      18. Маңдайшаларды мемлекеттік орган пайдаланудың бүкіл кезеңінде тиісті техникалық және эстетикалық жай-күйде күтіп ұстауға тиіс.