Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы басшы құрамның біліктілігін арттыру республикалық курсы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнын қайта ұйымдастыру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 5 қарашадағы N 1299 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің «Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы басшылық құрамның біліктілігін арттыру республикалық курсы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын «Азаматтық қорғау республикалық оқу-әдістемелік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - Серіктестік) қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.
      2. Серіктестік қызметінің негізгі мәні төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс саласындағы басшылық құрам мен мамандардың біліктілігін арттыру, оларды даярлау және қайта даярлау, ұйымдар мен азаматтарға әдістемелік көмек көрсету болып белгіленсін.
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Серіктестіктің жарғысын бекітуді;
      2) Қазақстан Республикасы әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;
      3) Серіктестіктің мемлекеттік қатысу үлестерін иелену мен пайдалану құқығын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне беруді;
      4) осы қаулыны іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.
      4. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.
      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің    
2011 жылғы 5 қарашадағы
№ 1299 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. «Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесі туралы»
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 25 маусымдағы № 790
қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 29, 256-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі» деген бөлімдегі реттік нөмірі 109-жол алынып тасталсын.
      2. «Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:
      «Алматы қаласы» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 123-134-жолмен толықтырылсын:
      «123-134 «Азаматтық қорғау республикалық оқу-әдістемелік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
      3. «Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:
      көрсетілген қаулыға қосымшада:
      «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 295-6-жолмен толықтырылсын:
      «295-6 «Азаматтық қорғау республикалық оқу-әдістемелік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
      4. «Республикалық мемлекеттік меншіктің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 11 маусымдағы № 483 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 19, 214-құжат):
      1) көрсетілген қаулымен бекітілген жалпы мемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестердің) тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі» деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 29-7-жолмен толықтырылсын:
      «29-7 «Азаматтық қорғау республикалық оқу-әдістемелік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 100 %»;
      2) көрсетілген қаулымен бекітілген жалпы мемлекеттік міндеттерді орындау үшін қажетті республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың тізбесінде:
      «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі» деген бөлімдегі реттік нөмірі 97-жол алынып тасталсын.
      5. «Дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі, оларды иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының өнім берушіні таңдауды және олармен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтін нормаларын қолданбай тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы № 1355 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2008 ж., № 50, 567-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы мемлекетке тиесілі, оларды иелену және пайдалану құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар «Мемлекеттік сатып aлу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының өнім берушіні таңдауды және олармен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтін нормаларын қолданбай тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесі:
      мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 63-3-жолмен толықтырылсын:
«63-3    «Азаматтық қорғау      Қазақстан Республикасы
         республикалық оқу-     Төтенше жағдайлар
         әдістемелік орталығы»  министрлігі»
         жауапкершілігі
         шектеулі серіктестігі                                  ».