«Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 20 шілдедегі Заңы 6-бабының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу қағидасы бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 3 қарашадағы
№ 1289 қаулысымен
бекітілген
Мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 20 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидада мынадай ұғымдар қолданылады:
1) мұнай беруші – осы Заңмен белгіленген шарттармен өздері өндірген, Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес заттай нысанда төленетін салықтар ретінде Қазақстан Республикасы алған, импортталған немесе жер қойнауын пайдаланушыдан тікелей сатып алынған шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын мұнай өнімдерін өндірушіге беретін жеке немесе заңды тұлға;
2) мұнай өнімдерін өндіруші – мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын және өндіріс паспорты бар жеке немесе заңды тұлға;
3) қуаты аз мұнай өнімдерін өндіруші – жобалық қуаты жылына сегіз жүз мың тоннадан кем шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу көлемін көздейтін технологиялық қондырғыларда мұнай өнімдерін өндіруді жүзеге асыратын мұнай өнімдерін өндіруші.
Осы Қағидада пайдаланылатын өзге ұғымдар Заңға және «Бәсекелестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қолданылады.
3. Мұнай өнімдерін өндірушілер өздерінің интернет-ресурстарында мұнай берушілер үшін шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтер тізбесі, бағалар, алым ставкалары, өндірілетін мұнай өнімдерінің номенклатурасы туралы ақпаратты орналастырады.
2. Мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу тәртібі
4. Мұнай өнімдерін өндірушінің қызметтеріне қол жеткізу құқығын алу үшін мұнай беруші мұнай өнімдерін өндірушіге тапсырыс хатпен немесе қолма-қол шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөнінде қызмет көрсетуге өтініш (бұдан әрі – өтініш) береді. Өтінішке осы Қағиданың 12-тармағында көрсетілген талаптардың сақталғанын растайтын құжаттар қоса беріледі.
5. Мұнай өнімдерін өндіруші өтініш келіп түскен кезде оны өтініштерді тіркеу журналында тіркейді, ол нөмірленуі, тігілуі және мұнай өнімдерін өндірушінің мөрімен бекітілуі тиіс. Өтініштерді тіркеу журналында өтініштің келіп түскен күні мен уақыты, сондай-ақ оның тіркеу нөмірі жазылады.
6. Мұнай берушінің сұрауы бойынша мұнай өнімдерін өндіруші өтініш көшірмесіне тіркеу нөмірі, күні және өтініштің келіп түскен уақыты көрсетілген тиісті бұрыштама қояды.
7. Өтініштерді тіркеуден бас тартуға жол берілмейді.
8. Мұнай беруші мұнай өндірушінің мұнай және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтерінен бас тартқан жағдайда, мұнай өнімдерін өндіруші тиісті қызметтерді кезек бойынша келесі тұрған және өтініші тіркеу журналында тіркелген мұнай берушіге көрсетеді.
9. Мұнай беруші өтініш ұсынған кезде мұнай өнімдерін өндіруші оған шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөнінде көрсетілетін қызметтер туралы, олардың құны, олардың өндірілетін мұнай өнімдерінің номенклатурасы туралы, олардың шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтерге қол жеткізу құқығын алу, олардың мұнай өнімдерін өндірушінің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі өндірістік қуатының шектелуі туралы хабарлайды.
10. Өтінішті қараған кезде мұнай өнімдерін өндіруші мұнай өнімдерін өндіру саласындағы уәкілетті орган бекіткен мұнай берушілердің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге қол жеткізу кестесін ескереді. Мұнай өнімдерін өндірушінің бос қуаты бар болған жағдайда, шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтер мұнай берушіге өтінішті тіркеу журналында көрсетілген кезекке сәйкес ұсынылады.
11. Мұнай берушінің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтерді алуға арналған өтінішін мұнай өнімдерін өндіруші мәлімделген көлемге қарамастан тең жағдайда қабылдайды.
12. Қуаты аз мұнай өнімдерін өндірушілерді қоспағанда, мұнай өнімдерін өндіруші мұнай берушіге мұнай және (немесе) газ конденсатын өңдеуге бірдей қол жеткізу мүмкіндігін, соның ішінде мына талаптар сақталған:
1) мұнай берушіде сатып алынатын (қабылданатын) шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының шыққан жерін растайтын құжат бар болған;
2) мұнай берушіде жеткізілетін шикі мұнайдың және (немесе) газ конденсатының сапасын растайтын құжат бар болған;
3) өзіне меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі жанармай құю станциялары немесе резервуарлар арқылы өңдеу нәтижесінде алынған мұнай өнімдерін бөлшектеп сатуды жүзеге асыратын мұнай берушіні қоспағанда, мұнай өнімдерін көтерме берушімен және (немесе) бөлшектеп сатушымен жасалған, өндірілген мұнай өнімдерін мұнай өнімдерін жеткізу жоспарына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың аумағына жеткізуді көздейтін мұнай өнімдерін жеткізу шарты бар болған жағдайда қамтамасыз етеді.
13. Мұнай берушінің шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөніндегі қызметтерді алуға арналған өтінішін мұнай өнімдерін өндіруші өтініштерді тіркеу журналында тіркелген сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды. Мұнай берушінің өтінішін қарау нәтижесі туралы мұнай өнімдерін өндіруші оған жазбаша нысанда хабарлайды.
14. Шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуге алған кезде мұнай өнімдерін өндіруші аккредиттелген тәуелсіз зертханада тексеруді жүзеге асыруға құқылы және сапа көрсеткіштері бұрын мәлімдегендерге сәйкес келмесе, шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеуден бас тартуға құқылы.
15. Мұнай өнімдерін өндіруші тарапынан шикі мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу жөнінде қызметтер көрсетуден бас тарту себептері мұндай бас тарту себептерін негіздей отырып, жазбаша нысанда беріледі.