Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық өзендер суының сапасын қорғау туралы келісімді бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 1114 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2011 жылғы 22 ақпанда Пекин қаласында жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық өзендер суының сапасын қорғау туралы қоса берілген келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық
Республикасының Үкіметі арасындағы Трансшекаралық
өзендер суының сапасын қорғау туралы келісім

(2011 жылғы 20 қарашада күшіне енді -
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені,
2012 ж., N 6, 75-құжат)

      Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі (бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын),
      екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік қатынастар мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мақсатында,
      халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қабылданған бір-бірінің ішкі жұмыстарына араласпау, теңдік және бейбіт өмір сүру қағидаттары мен нормаларын басшылыққа ала отырып,
      сулы қоршаған ортаны сақтау, трансшекаралық өзендерді ластанудан қорғау және трансшекаралық өзендер суының сапасын қорғау үшін бүгінгі және келешек ұрпақ алдындағы өз жауапкершілігін сезіне отырып,
      Қазақстан мен Қытайдың трансшекаралық өзендері суының сапасын қорғау саласында ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатуға және мәселелерді бейбіт реттеуге ықпал етуге ниеттене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісім Тараптардың осы Келісімнің 3-бабында көрсетілген бағыттар бойынша ынтымақтастығы шеңберінде олардың трансшекаралық өзендер суының сапасын қорғау жөніндегі қызметін регламенттейді.

2-бап

      Осы Келісімде қолданылатын негізгі ұғымдар мен анықтамалар:
      1) «трансшекаралық өзендер» - Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Мемлекеттік шекара сызығын кесіп өтетін немесе Мемлекеттік шекара сызығында орналасқан өзендер;
      2) «трансшекаралық әсер» адам қызметінің себебінен трансшекаралық өзендер суы сапасының төмендеуі нәтижесінде туындайтын басқа Тарап мемлекетінің аумағындағы ластаушы көздері толығымен немесе ішінара басқа Тарап мемлекетінің аумағында орналасқан зиянды салдар.

3-бап

      Тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады:
      1) трансшекаралық өзендердің суы сапасының екі мемлекет үшін қолайлы нормаларын, мониторинг қағидаларын және оларды талдау әдістемелерін анықтау және келісу үшін бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін жүргізу;
      2) трансшекаралық өзендер суының сапасын мониторингілеуді, талдауды және бағалауды жүргізу;
      3) Тараптардың әрқайсысының трансшекаралық өзендердің ластануын болдырмау үшін қажетті шараларды әзірлеуі және қабылдауы, трансшекаралық әсерді ең төменгі деңгейге дейін азайту мақсатында оны жоюға күш жұмсау;
      4) Тараптардың келісім бойынша мынадай:
      трансшекаралық өзендер суының сапасын мониторингілеудің, талдаудың және бағалаудың нәтижелері;
      трансшекаралық әсер етуге қабілетті трансшекаралық өзендерде ірі төтенше жағдайлардың орын алғаны;
      трансшекаралық әсер етуге қабілетті трансшекаралық өзендердегі судың ластануы орын алғаны;
      трансшекаралық өзендердің ластануын болдырмау жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат алмасуы;
      5) Тараптардың жұмыс тетігін құруы және трансшекаралық әсер ететін трансшекаралық өзендерде төтенше жағдайлар орын алған кезде өзара қолдау негізінде трансшекаралық әсерді жою немесе азайту жөнінде тиісті операциялар қабылдау;
      6) трансшекаралық өзендер суының сапасын мониторингілеу және ластануды бақылау саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу бойынша трансшекаралық өзендер суы сапасының өзгеру үрдістерін зерттеулер және басқа салалар бойынша ғылыми конференциялар мен семинарлар өткізу;
      7) трансшекаралық өзендер суының сапасын қорғау саласында жаңа технологияларды қолдануға ықпал ету;
      8) трансшекаралық өзендер суының сапасын қорғау саласындағы ғылыми зерттеу ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктердің ынтымақтастығына ықпал ету;
      9) Тараптардың әрқайсысының трансшекаралық өзендер суы сапасының жай-күйіне айтарлықтай трансшекаралық әсер етуі мүмкін ластану көздерін анықтау жөнінде қажетті зерттеулер жүргізуі, трансшекаралық әсерді болдырмау, шектеу және азайту жөнінде шаралар қабылдау;
      10) Тараптар мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес трансшекаралық өзендер суы сапасының жай-күйі, сондай-ақ оларды қорғау жөніндегі шаралар туралы жұртшылықты хабардар ету;
      11) Тараптармен келісілген ынтымақтастықтың өзге салалары.

4-бап

      1. Тараптардың осы Келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті органдары:
      Қазақстан тарапынан - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі;
      Қытай тарапынан - Қытай Халық Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі болып табылады.
      2. Құзыретті органдардың атаулары мен функциялары өзгерген жағдайда басқа Тарапты дипломатиялық арналар арқылы уақтылы хабардар ету керек.

5-бап

      1. Осы Келісімді үйлестіру және іске асыру мақсатында Тараптар Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай комиссиясын (бұдан әрі - Комиссия) құрады.
      Комиссия өз қызметі туралы ереже әзірлейді. Комиссия жылына бір рет отырыс өткізеді.
      2. Комиссияның шеңберінде Трансшекаралық өзендер суының сапасын мониторингілеу, талдау және бағалау жөніндегі жұмыс тобы және Төтенше жағдайларға жедел ден қою және ластануды болдырмау жөніндегі жұмыс тобы құрылады. Қажет болған жағдайда басқа жұмыс топтары құрылады. Жұмыс топтары өз кестесіне сәйкес жыл сайын кемінде бір кездесу өткізеді.
      Жоғарыда көрсетілген отырыстар екі мемлекеттің аумағында кезек-кезек өткізіледі. Қабылдаушы тарап отырыс өткізілетін орын мен көлік құралдарын береді. Tapaптар іссапарға және тұруға байланысты қаржылық шығыстардың өздері көтереді. Комиссияның жұмыс тілдері орыс және қытай тілдері болып табылады.

6-бап

      Осы Келісім Тараптардың мемлекеттері қатысушылары болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын Тараптардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.

7-бап

      1. Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, Тараптардың әрқайсысы осы Келісімді іске асыру шеңберінде басқа Тараптан өзі алған ақпаратты үшінші тарапқа бермеуге міндеттенеді.
      2. Осы Келісімді іске асыру кезінде Тараптардың әрқайсысы мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтерді басқа Тарапқа бермеуге құқылы.

8-бап

      Тараптар осы Келісімді іске асыруға байланысты қаржылық шығыстарды Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде өздері көтереді.

9-бап

      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісуі бойынша жеке хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

10-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру және қолдану жөнінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар жолымен шешеді.

11-бап

      1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күнінен бастап күшіне енеді.
      2. Осы Келісім бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірде біреуі кезекті кезең аяқталғанға дейін кемінде алты ай бұрын басқа Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы өзінің оның қолданысын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, келесі бес жылдық кезеңдерге өздігінен ұзартылады.
      2011 жылғы 22 ақпанда Бейжің қаласында әрқайсысы қазақ, қытай және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіндердің бірдей күші бар.
      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде және қолдануда келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар орыс және қытай тілдеріндегі мәтіндерін басшылыққа алатын болады.

      Қазақстан Республикасының      Қытай Халық Республикасының
            Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертуі. Бұдан әрі Келісімнің қытай тіліндегі мәтіні тіркелген.