"Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 20 маусымдағы № 667 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 325 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 25.04.2015 № 325 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 26 ақпандағы № 220 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 12, 86-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген қаулымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінде:
      156-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
      «Мемлекеттік мекеме бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының 433 «Мемлекеттік кәсіпорындардың үй-жайларын, ғимараттарын, құрылыстарын күрделі жөндеу» ерекшелігі бойынша:
      мемлекеттік кәсіпорындардың үй-жайларын, ғимараттарын, құрылыстарын қалпына келтіруді және күрделі жөндеуді жүргізу үшін мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстық рәсімдерді өткізген жағдайда ағымдағы қаржы жылына арналған шарт сомасының;
      мемлекеттік кәсіпорындардың үй-жайларын, ғимараттарын, құрылыстарын қалпына келтіруді және күрделі жөндеуді жүргізу үшін республикалық немесе коммуналдық меншіктегі мемлекеттік кәсіпорындарды қаржыландыруға ағымдағы қаржы жылына көзделген соманың 30 пайызынан аспайтын аванстық (алдын ала) төлемді жүзеге асырады.»;
      190-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «190. Мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес:
      мемлекеттік мекемелерге қызмет көрсету кестесінің сақталуын;
      төлеуге берілетін шотты ұсыну заңдылығы мен негізділігін;
      төлеуге берілетін шотта көрсетілген деректемелердің дұрыстығын;
      ақша алушылардың пайдасына төлемдерді жүзеге асыру бойынша міндеттемелерді орындаудың уақтылылығы мен толықтығын;
      жасасқан азаматтық-құқықтық мәмілелерге сәйкес тауарлардың, орындалған жұмыстардың және (немесе) көрсетілген қызметтердің жеткізілуін растаудың дұрыстығын;
      тіркелген азаматтық-құқықтық мәміле бойынша аванстық төлемнің сомасын қоспағанда, төлем жүргізген кезде шот-фактуралардың немесе тауарларды жеткізу туралы жүкқұжаттың (актінің) немесе орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер актісінің көшірмелерін немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге құжат түрін беруді;
      олар бойынша жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы даярлау құны ғимараттарды, құрылыстарды, жолдарды салуға не қайта құруға, үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды, жолдарды және басқа да объектілерді күрделі жөндеуге байланысты шығыстар бойынша аванстан кейінгі төлемді жүргізу кезінде жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын ұсынуды қамтамасыз етеді және ол үшін жауапты болады.
      Аванстық төлем сомасын қоспағанда, негізгі құралдарды және материалдық емес активтерді сатып алу үшін республикалық немесе коммуналдық меншіктегі мемлекеттік кәсіпорындарды қаржыландыру бойынша төлем жүргізу кезінде мемлекеттік мекеме мемлекеттік кәсіпорын мен көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) беруші арасында жасалған шартқа сәйкес тауарды жеткізу туралы шот-фактуралардың немесе жүкқұжаттың (актінің) немесе көрсетілген қызметтер актісінің олар ұсынған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге құжаттың көшірмелерін қазынашылықтың аумақтық бөлімшесіне береді. Бұл ретте көрсетілген құжаттардың әрбір парағы мемлекеттік мекеменің түпнұсқалық мөрінің бедерімен куәландырылады және орталық атқарушы органның жауапты хатшысының (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттігі жүктелген лауазымды адамның), олар болмаған жағдайда, мемлекеттік мекеме басшысының немесе ол уәкілеттік берген адамның қолы қойылады.
      Аванстық төлем сомасын қоспағанда, мемлекеттік мекеме бұрыш мемлекеттік кәсіпорындар жасасқан, аяқталып келе жатқан ұзақ мерзімді шарттар бойынша ғимараттар мен құрылыстарды салу үшін, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың үй-жайларын, ғимараттарын, құрылыстарын қалпына келтіру және күрделі жөндеу үшін республикалық немесе коммуналдық меншіктегі мемлекеттік кәсіпорындарды қаржыландыру бойынша төлем жүргізу кезінде қазынашылықтың аумақтық бөлімшесіне мемлекеттік кәсіпорын мен көрсетілетін қызметтерді (тауарларды, жұмыстарды) беруші арасында жасалған шартқа сәйкес тауарларды жеткізу туралы шот-фактуралардың немесе жүкқұжаттың (актінің) немесе орындалған жұмыстар актісінің немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген, мемлекеттік кәсіпорын мемлекеттік мекемеге ұсынған өзге құжаттың көшірмелерін ұсынады.
      Осы тармақтың үшінші бөлігінде көрсетілген құжаттардың әрбір парағы мемлекеттік мекеменің түпнұсқалық мөрінің бедерімен куәландырылады және орталық атқарушы органның жауапты хатшысының (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы орган жауапты хатшысының өкілеттігі жүктелген лауазымды адамның), олар болмаған жағдайда, мемлекеттік мекеме басшысының немесе ол уәкілеттік берген адамның қолы қойылады.»;
      197-тармақтың екінші бөлігінің он үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
      «аванстық төлем пайызы республикалық немесе коммуналдық меншіктегі мемлекеттік кәсіпорындарды қаржыландыруды қоспағанда, осы Ереженің 156 - 161-тармақтарында көзделген мөлшерінен асып кеткен;»;
      215-тармақтың бірінші бөлігінің бесінші абзацындағы «болып табылады.» деген сөздер «;» белгісімен ауыстырылып, мынадай редакциядағы абзацпен толықтырылсын:
      «жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы болып табылады.».
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                  К. Мәсімов