Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің қызметінде ақпараттық технологияларды қолдануға бірыңғай тәсілдер туралы келісімді бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 20 мамырдағы № 551 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. 2009 жылғы 9 маусымда Мәскеуде қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің қызметінде ақпараттық технологияларды қолдануға бірыңғай тәсілдер туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                               К. Мәсімов

Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің
кеден қызметтерінің қызметінде ақпараттық технологияларды
қолдануға бірыңғай тәсілдер туралы
КЕЛІСІМ

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (ЕурАзЭҚ) мүше мемлекеттердің үкіметтері,
      1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шартты және 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарын тиімді кедендік бақылауды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта тең құқықтық бәсекелестікке, макроэкономикалық тұрақтылыққа және келісілген салық, ақша-кредит, валюта-қаржы және кедендік саясатын қамтамасыз етуге ықпал етуге ниет білдіре отырып;
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді жеделдету мен оңайлатуды, тауарлар мен көлік құралдарын тасымалдау қауіпсіздігін және Тараптар мемлекеттерінің экономикалық мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ тауарлар мен көлік құралдарын заңсыз өткізудің алдын алуды көздей отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Осы Келісімде терминдер мынадай анықтамаларда қолданылады:
      «автоматтандырылған жүйе» - персоналдан және көрсетілген персоналдың қызметін автоматтандыру құралдарының кешенінен тұратын, белгіленген функцияларды орындаудың ақпараттық технологиясын іске асыратын жүйе;
      «ақпаратты қорғау» - ақпараттың тұтастығы мен сақталуын қамтамасыз ету, оны санкцияланбаған өзгертуге немесе жоюға жол бермеу, қол жеткізу шектелген ақпараттың құпиялылығын сақтау, ақпаратқа қол жеткізу құқығын іске асыру, сондай-ақ ақпаратты өңдеу, беру және сақтау құралдарына санкцияланбаған әсер етуге жол бермеу мақсатында құқықтық, ұйымдастырушылық және техникалық (бағдарламалық-техникалық) шараларды қабылдау;
      «ақпарат» - оларды ұсыну нысанына қарамастан тұлғалар, заттар, фактілер, оқиғалар, құбылыстар және үдерістер туралы мәліметтер;
      «ақпараттық ресурс» - ақпараттық жүйелерде қамтылған құжаттандырылған ақпараттың жиынтығы (деректер қоры, ақпараттың басқа да массивтері);
      «ақпараттық жүйе» - деректер базасында қамтылған ақпараттың және оны өңдеуді қамтамасыз ететін ақпараттық технологиялар мен техникалық құралдардың жиынтығы;
      «ақпараттық технологиялар» - ақпаратты іздеу, жинақтау, сақтау, өңдеу, беру, тарату үдерістері, әдістері және осындай процестер мен әдістерді жүзеге асыру тәсілдері;
      «ақпараттық-телекоммуникациялық желі» - қол жеткізу есептеу техникасының құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылатын ақпаратты байланыс желілері арқылы беруге арналған технологиялық жүйе;
      «куәландыратын орталық» - қолтаңба кілттерінің сертификаттарын басқару және Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасына сәйкес өзге қызмет көрсету бойынша функцияларды орындайтын заңды тұлға.

2-бап

      Осы Келісімнің мақсаты мынадай міндеттерді орындаудың тиімділігін арттыру үшін Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің қызметінде ақпараттық технологияларды қолдануға бірыңғай тәсілдерді әзірлеу болып табылады:
      ақпаратты тиісті қорғау кезінде кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау тетіктерінің ақпараттық ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету;
      кедендік ресімдеу мен кедендік бақылаудың уақытын қысқарту;
      Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекараларында кедендік бақылау рәсімдерін оңайлату үшін, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекаралары арқылы өткізу пункттерінде бірлескен кедендік бақылауды Ұйымдастыру үшін жағдай жасау;
      ақпараттық өзара іс-қимыл негізінде Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық ресурстарын ықпалдастыру;
      Тараптар мемлекеттерінің кедендік қызметтері автоматтандырылған жүйелерінің ақпараттық сәйкестігін қамтамасыз ету;
      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасында ақпараттық алмасудың жеделдігін арттыру.

3-бап

      Ақпараттық технологияларды қолдануға бірыңғай тәсілдерді әзірлеу үшін Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері мынадай міндеттерді бірлесіп шешеді:
      халықаралық практиканы ескере отырып, Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық технологияларды пайдалану саласында Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасын және Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі халықаралық шарттарды жетілдіру бойынша ұсыныстарды дайындау;
      кеден қызметтерінің ақпараттық ресурстарын қалыптастыру және пайдалану тәртібін және Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің қарамағындағы ақпараттық ресурстарда қамтылған ақпаратты құжаттандыруға қойылатын талаптарды әзірлеу;
      куәландыратын орталықтар жүйесінің жұмыс істеуін ескере отырып, Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің тиімді ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін ықпалдасқан ақпараттық-телекоммуникациялық желіні дамыту;
      ақпараттық жүйелерді, ақпараттық технологияларды және оларды қамтамасыз ету құралдарын кеден мақсаттары үшін пайдалану тәртібі мен шарттарын әзірлеу;
      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылын жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты жіктеу мен кодтаудың біріздендірілген жүйесін қалыптастыру;
      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері қызметінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері үшін жаңа ақпараттық жүйелерді жасау жөніндегі жұмыстарды үйлестіру және консультациялар өткізу.

4-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері ақпарат алмасуды өз құзыреті шегінде және Тараптардың әрқайсысы мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

5-бап

      Кедендік реттеу мәселелері бойынша ақпаратқа мемлекетаралық деңгейде қол жеткізуді қамтамасыз ету және Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің алдында тұрған міндеттерді шешу кезінде оны бірлесіп пайдалану үшін Тараптар ақпараттық ресурстарды ықпалдастыру және оларға регламенттелген рұқсаты бар уәкілетті тұлғаларды айқындау жөніндегі іс-шараларды өткізеді.

6-бап

      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ықпалдасқан ақпараттық-телекоммуникациялық желісі:
      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің қазіргі заманғы телекоммуникациялық қызметтердің кешенін пайдалануына;
      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимылы кезінде пайдаланылатын техникалық шешімдерді біріздендіруге;
      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері арасында ақпаратты сапалы және сенімді беру мақсатында ақпараттық-телекоммуникациялық байланыс желілерін қосуды қамтамасыз етуге;
      Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің кеден қызметіне басқа Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық ресурстарына қол жеткізуді ұсынуға арналған.

7-бап

      Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің ақпараттық өзара іс-қимыл жасау және Тараптардың электрондық құжаттардың заңды күшін тану тәртібі Тараптардың жеке Келісімімен айқындалады.

8-бап

      Тараптар осы Келісімге сәйкес алынған ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етеді.
      Тараптар осы Келісімге сәйкес Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері алған ақпаратты кедендік мақсаттарда пайдаланады және ақпаратты берген Тараптың жазбаша келісімінсіз оны үшінші тараптарға бере алмайды.

9-бап

      Тараптар ақпаратты ашық пайдалану байланыс желілері арқылы берген кезде санкцияланбаған қол жеткізуден немесе өзгертуден, сондай-ақ компьютерлік шабуылдар мен вирустардың әсерінен Тараптардың әрқайсысы мемлекетінің заңнамасына сәйкес сертификатталған ақпаратты қорғау құралдарын пайдалану негізінде автоматтандырылған жүйелердегі, ақпараттық ресурстардағы және ақпараттық-телекоммуникациялық желілердегі Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтерінде қолданылатын ақпаратты қорғауды қамтамасыз етеді.
      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері Тараптар мемлекеттерінің тиісті қызметтері сертификаттаған ақпаратты қорғау құралдарының тізбесін қалыптастырады.

10-бап

      Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері өз мемлекеттерінің заңнамасына сәйкес өзара іс-қимыл үдерісінде алынған бағдарламалық-техникалық құралдарды және ақпараттық технологияларды пайдалану кезінде зияткерлік меншіктің қорғалуын қамтамасыз етеді.

11-бап

      Ақпараттық технологияларды енгізу және пайдалану үдерісін басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында Тараптар мемлекеттерінің кеден қызметтері ақпараттық технологияларды пайдаланудың тұрақты мониторингін жүзеге асырады және Тараптар мемлекеттері кеден қызметтерінің қызметіндегі ақпараттық технологиялар саласында мемлекеттік саясатты түзету жөнінде ұсыныстарды қалыптастырады.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты Тараптар арасындағы даулар мен келіспеушіліктерді Тараптар келіссөздер және консультациялар жолымен шешеді. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дауды мүдделі Тараптардың кез келгені Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға береді.

13-бап

      Осы Келісімге Тараптар өзара келісім бойынша осы Келісімнің 15-бабында көзделген тәртіппен жеке хаттамалармен ресімделетін және күшіне енетін өзгерістер енгізуі мүмкін.

14-бап

      Күшіне енгеннен кейін осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа кірген басқа мемлекеттердің оған қосылуы үшін ашық. Осы Келісімге қосылу туралы құжаттар депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекетке қатысты осы Келісім қосылу туралы құжатты депозитарий алған күнінен бастап күшіне енеді.

15-бап

      Осы Келісім Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық комитеті болып табылатын депозитарий Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күнінен бастап күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады. Кез келген Тарап депозитарийге тиісті жазбаша хабарламаны жібере отырып, осы Келісімнен шыға алады. Мұндай Тарап үшін осы Келісімнің қолданылуы депозитарий жазбаша хабарлама алған күнінен бастап 12 ай өткеннен кейін тоқтатылады.
      Осы Келісімге сәйкес алынған ақпаратты қорғау бойынша міндеттеме оның қолданысы тоқтатылғандығына немесе Тараптардың қандай да бірінің одан шығуына қарамастан күшінде қалады.
      2009 жылғы 9 маусымда Мәскеу қаласында бір түпнұсқа дана орыс тілінде жасалды.
      Түпнұсқа дана Тараптарға оның куәландырылған көшірмесін жіберетін депозитарийде сақталады.

      Беларусь              Қазақстан               Қырғыз
   Республикасының       Республикасының      Республикасының
   Үкіметі үшін            Үкіметі үшін         Үкіметі үшін

      Ресей               Тәжікстан
  Федерациясының         Республикасының
   Үкіметі үшін           Үкіметі үшін

      Осымен 2009 жылғы 9 маусымда Мәскеу қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің қызметінде ақпараттық технологияларды қолдануға бірыңғай тәсілдер туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің осы аудармасы орыс тіліндегі мәтінге сәйкес келетінін куәландырамын.

      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрлігі
      Кадр жұмыстарын үйлестіру
      және бақылау департаментінің
      Басқарма бастығы                         Б. Ахметжанова

      2009 жылғы 9 маусымда Мәскеу қаласында қол қойылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінде ақпараттық технологияларда қолданудың бірыңғай тәсілдері туралы келісімнің куәландырылған көшірмесінің куәландырған көшірмесі екендігін растаймын.

      Қазақстан Республикасы
      Сыртқы істер министрлігі
      Халықаралық құқық
      департаментінің
      Басқарма бастығы                        Н. Сәкенов