Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 504 Қаулысы.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 42) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидасы бекітілсін.

      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіру ықтимал қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 7 шілдедегі № 666 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2003 ж., № 28, 274-құжат);

      2) "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 7 шілдедегі № 666 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 16 сәуірдегі № 528 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы 2009 ж., № 19, 172-құжат).

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 12 мамырдағы
№ 504 қаулысымен
бекітілген

Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидасы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру қағидасы (бұдан әрі - Қағида) "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 42) тармақшасына сәйкес әзірленді және заңды және жеке тұлғалардың әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметін жүзеге асыруға рұқсаттар беру тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:

      1) азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және азаматтық және эксперименттік авиация қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және мемлекеттік авиация қызметі саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      3) әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсаттар беру (бұдан әрі - рұқсат) - осы Қағидада белгіленген тәртіппен азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар беретін, заңды және жеке тұлғалардың әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметті жүзеге асыру құқығын растайтын құжат;

      4) әуеайлақ маңындағы аумақ - әуеайлақтың бақылау нүктесінде орналасқан орталығы және азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган айқындайтын радиусы бар жер бетіндегі аумақ.

      3. Әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметке:

      1) әуеайлақ маңындағы аумақта және әуе трассалары шегіндегі жерлерде орналасқан объектілерді, электр беру желілерін, басқа да кедергілерді салу;

      2) олардың салдарынан әуе кеңістігінде электрмагниттік, жарықтық, акустикалық, корпускулярлық және сәуле шығарудың өзге де түрлері жүргізілетін жұмыстар;

      3) құстардың жаппай жиналуына немесе ұшу көрінімінің нашарлауына (түтін шоғырлануы салдарынан) әкеп соқтыратын объектілерді орналастыру;

      4) әуе кеңістігін пайдаланумен тікелей байланысты емес, бірақ әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне, олардың жабдықтарына және ондағы адамдарға әсер ететін басқа да қызмет жатады.

      4. Қызметтің ұшу қауіпсіздігіне әсерін және осындай қызметті жүзеге асыру нәтижесінде әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігінің қатерін болдырмауға арналған қажетті іс-шараларды айқындауды азаматтық авиация әуеайлағы ауданында және әуеайлақтардан тысқары жерде әуежайды (әуеайлақты) пайдалануды жүзеге асыратын ұйымның бірінші басшысының шешімімен эуеайлақтарда құрылатын тұрақты жұмыс істейтін комиссия жүзеге асырады.

      Қызметтің ұшу қауіпсіздігіне әсерін және осындай қызметті жүзеге асыру нәтижесінде әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне қатерін болдырмауға арналған қажетті іс-шараларды айқындауды мемлекеттік авиацияның әуеайлақтарында мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның шешімімен құрылатын тұрақты жұмыс істейтін комиссия жүзеге асырады.

      Комиссия құрамына әуежайдың (әуеайлақтың), аэронавигация ұйымының өкілдері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіреді.

      Бірлесіп пайдалану және/немесе бірлесіп орналасу әуеайлақтарында әуежайды (әуеайлақты) пайдалануды жүзеге асыратын ұйымның бірінші басшысының шешімімен құрылатын комиссия жұмыс істейді, оның құрамына мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның өкілдері де кіреді.

      5. Рұқсат алу:

      мыналарды:

      1) ұшу-қону жолағының ең жақын нүктесінен 4 км дейін қашықтықта кез келген биіктіктегі;

      шынайы (геометриялық) биіктігі әуеайлақ деңгейіне қатысты 45 метр және одан астам және ӘБН-нен 15 км шегінде орналасқан;

      шынайы (геометриялық) биіктігі жер деңгейіне қатысты 100 м және одан астам, ал әуеайлақ маңындағы аумақта - әуеайлақ деңгейіне қатысты 100 м және одан астам барлық объектілерді;

      2) авиациялық радиотехникалық құралдардың және жарық беретін сигнал жабдықтарының қалыпты жұмыс істеуі үшін кедергі келтіруі мүмкін байланыс, электр беру желілерін, сондай-ақ басқа да радио, электромагниттік және жарық арқылы сәулелену объектілерін;

      3) шығарылатын газдарды авариялық жағу үшін факелді құрылғылардың;

      Факелді құрылғылардың биіктігін анықтау кезінде жалын шығарудың ең жоғары ықтимал биіктігі ескеріледі;

      4) қызметі әуеайлақ (тікұшақ айлағы) аудандарындағы көрудің нашарлауына әкеп соғуы мүмкін өнеркәсіптік, өзге де кәсіпорындар мен құрылыстарды;

      5) жарылыс қаупі бар объектілерді орналастыру үшін талап етіледі.

      6. Орналасу орнына қарамастан, осы Қағиданың 5-тармағы 1) тармақшасының үшінші абзацында, 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген объектілерді орналастыруға мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган рұқсат береді.

      7. ӘБН-нен 15 км жақын қашықтықта тағам қалдықтарын тастайтын орындарды, аң фермаларын, қасапханаларды және құстарды тартумен және олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін басқа да объектілер құрылысын орналастыруға тыйым салынады.

      8. Ғимараттар мен құрылыстардың иелері ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында осы объектілерге түнде және күндіз көрінетін таңбалық белгілер мен құрылғыларды өз есебінен орнатуға міндетті.

      Таңбалау белгілері мен құрылғыларды орналастыру Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген Қазақстан Республикасында азаматтық авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға жарамдылық нормаларына және әуеайлақтарды (тікұшақайлақтарды), автомобиль жолдарының әуеайлақ учаскілерін пайдалануға жарамдылық нормаларына және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгілеген Қазақстан Республикасының мемлекеттік авиациясы әуеайлақтарына қойылатын тактика-техникалық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Әуеайлақтарды айырып-тану үшін қабылданған таңбалық белгілер мен құрылғыларға ұқсайтын қандай да бір белгілер мен құрылғыларды әуеайлақ ауданында орнатуға жол берілмейді.

2. Рұқсатты беру және кері қайтарып алу тәртібі

      10. Рұқсатты азаматтық және мемлекеттік авиация салаларындағы уәкілетті органдар өз құзыреті шегінде:

      1) осы Қағиданың 4-тармағына сәйкес құрылатын комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) әуеайлақ маңындағы аумақ шекаралары шегінде осы Қағиданың 5-тармағы 1) тармақшасының екінші абзацында, сондай-ақ осы Қағиданың 5-тармағының 2)-5) тармақшаларында белгіленген жағдайларда беретін қорытындысы;

      2) әуеайлақ маңындағы аумақ шекаралары шегінен тыс осы Қағиданың 5-тармағы 1) тармақшасының үшінші және төртінші абзацтарында, сондай-ақ осы Қағиданың 5-тармағының 2)-5) тармақшаларында белгіленген жағдайларда кедергілер туралы электрондық дерекқорға ие жобалық ұйымның қорытындысы негізінде береді.

      11. Осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген қызметке қорытынды алу үшін жеке және заңды тұлғалар Комиссияға (осы Қағиданың 10-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда - тиісті ұйымға) мынадай құжаттарды қоса бере отырып, еркін нысанда өтінім жібереді:

      1) әуеайлақ маңындағы аумақта және әуе трассалары шегіндегі жерлерде орналасқан объектілерді, электр беру желілерін, кедергілерді салу үшін:

      құрылыс объектілерінің тізбесі;

      объектіден ӘБН-ге дейінгі аралықты көрсете отырып, құрылыс кезінде пайдаланылатын құрылыстардың, діңгектердің, құрылыс крандарының биіктігі туралы деректер;

      объектіден ӘБН-ге дейінгі аралықты көрсете отырып, құрылыс учаскелеріндегі жер бетінің абсолюттік белгілері деректері, қалаға немесе елді мекенге орнықтырылған құрылыс объектілерін салу учаскесі белгіленген жергілікті жер бедерінің картасы;

      электр беру желілерінің кернеуі туралы мәліметтер;

      электр беру желілері (оның ішінде бұрыштық, тоғандар, өзендер, темір жолдар мен автомобиль жолдары арқылы өтетін) биіктігінің деректері;

      дүниенің жақтары бойынша бағдарланған жергілікті жер бедерін ескере және ауқымын көрсете отырып, электр беру желілері трассасының жоспары;

      әуежай ауданындағы объектілер мен кедергілердің ұзақтығы туралы деректер;

      дүниенің тарабы бойынша бағдарланған жергілікті жер бедерін ескере және ауқымын көрсете отырып, объектілер мен кедергілер ұзақтығының жоспары;

      2) олардың салдарынан әуе кеңістігінде электромагниттік, жарықтық, акустикалық, корпускулярлық және сәуле шығарудың өзге де түрлері жүргізілетін жұмыстар жүргізу үшін:

      учаскенің бастапқы және соңғы пункттері туралы деректер және бүкіл трассаның атаулары (аумағы бойынша трасса өтетін облысты, ауданды көрсете отырып);

      радио сәуле шығаратын құрылғылардың мақсаты туралы деректер, жұмыс жиілігі, қуаттылығы, сәуле шығару бағыттылығы, антенналық құрылғылардың биіктігі;

      3) құстардың жаппай жиналуына немесе ұшу көрінімінің нашарлауына әкеп соқтыратын объектілерді орналастыру үшін объектінің орналасу орны туралы деректер, ӘБН-ге дейінгі аралық ұсынылады;

      4) әуе кеңістігінде материалдық объектілердің тасмалдануына тікелей байланысты емес, бірақ әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне, олардың жабдықтарына және ондағы адамдарға әсер ететін басқа да қызметті жүзеге асыру тәртібі және шарттары туралы мәліметтер.

      12. Әуеайлақ ауданынан тыс аумақта осы Қағиданың 3-тармағында көрсетілген қызметке қорытынды алу үшін жеке және заңды тұлғалар тиісті ұйымға осы Қағиданың 10-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайларда еркін нысандағы өтінімді жібереді, онда мынадай ақпарат көрсетіледі:

      объектінің орналасқан жерінің географиялық координаталары;

      объектінің абсолюттік (теңіз деңгейінен) және геометриялық биіктігі туралы мәліметтер;

      объектінің мақсаты (радио сәуле шығаратын құрылғылар үшін қосымша жұмыс жиілігі, қуаттылығы, сәуле шығару бағыттылығы көрсетіледі);

      объектіні күндізгі және түнгі таңбалаудың сипаты.

      13. Рұқсатты алу үшін жеке және заңды тұлғалар уәкілетті органға рұқсатты алу үшін еркін нысанда өтінім береді.

      14. Заңды тұлғалар заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы не куәлікті қоса бере отырып, рұқсат алуға өтінімді бірінші басшының қолы қойылып, мөр басылған ұйымның бланкісінде ұсынады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 21.05.2013 № 507 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      15. Жеке тұлғалар рұқсат алу үшін өтінімді үйінің мекенжайын көрсете отырып ұсынады. Дара кәсіпкерлер сондай-ақ дара кәсіпкердің мемлекеттік тіркелуі туралы куәлікті ұсынады.

      16. Өтінімге осы Қағиданың 10, 11, 12-тармақтарында көрсетілген құжаттар, сондай-ақ осы Қағиданың 6-тармағында көрсетілген жағдайларда мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның келісімі қоса беріледі.

      17. Рұқсат алуға арналған өтінімді азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар құратын комиссия оны алған сәттен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.

      18. Рұқсатты азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар көрсетілген комиссияның оң қорытындысы негізінде үш жұмыс күні ішінде береді.

      19. Рұқсатты беруге арналған өтінімді қарау мерзімі мынадай жағдайда:

      Осы Қағиданың 16-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмаса;

      ұсынылған құжаттарда көрсетілген мәліметтер дұрыс емес және/немесе толық емес болса, тоқтатыла тұрады.

      20. Рұқсат азаматтық және мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органдар комиссиясының теріс қорытындысы болған жағдайда, сондай-ақ осы Қағиданың 6-тармағында көзделген жағдайларда мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның келісуі болмаған жағдайларда берілмейді.

      21. Рұқсат иеліктен шығарылмайтын болып табылады және тегін беріледі.