Авиациялық оқу орталықтарына қойылатын сертификаттау талаптарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 сәуірдегі N 441 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 48) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Авиациялық оқу орталықтарына қойылатын сертификаттау талаптары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                           К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Үкіметінің       
2011 жылғы 25 сәуірдегі
№ 441 қаулысымен   
бекітілген      

Авиациялық оқу орталықтарына қойылатын сертификаттау талаптары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Авиациялық оқу орталықтарына қойылатын сертификаттау талаптары (бұдан әрі - Сертификаттау талаптары) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленген және авиациялық оқу орталықтарына қойылатын сертификаттау талаптарын белгілейді.
      2. Сертификаттау талаптары Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, авиация персоналын бастапқы даярлау, қайта даярлау және олардың кәсіптік деңгейін ұстау бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қолданылады.
      3. Осы Сертификаттау талаптарында мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
      авиациялық оқу орталығы - авиация персоналын даярлауды, қайта даярлауды және олардың кәсіптік деңгейін ұстауды жүзеге асыратын заңды тұлға;
      кәсіптік деңгейді ұстау - мақсаты кәсіби және әдістемелік шеберлікті жетілдіруге бағытталған білімі мен шеберлігін жаңарту және тереңдету болып табылатын авиация персоналын оқыту процесі;
      кәсіптік даярлық - авиация персоналын бастапқы даярлау, қайта даярлау немесе біліктілігін арттыру;
      бастапқы даярлау және қайта даярлау - мақсаты жаңа авиациялық кәсіпті, мамандықты және авиациялық техниканы игеру болып табылатын авиация персоналын оқыту процесі;
      сертификаттау талаптары - авиация персоналын ұйымдастыру, ұстау, даярлау деңгейі мен сапасына сәйкестігін белгілеу мақсатында ұсынылатын авиациялық оқу орталықтарына қойылатын талаптар;
      теориялық даярлық — білім алушы өту кезінде арнайы теориялық білімді игеретін, сондай-ақ оларды бекітілген оқу бағдарламаларына сәйкес ұстайтын және жетілдіретін авиация персоналын кәсіптік даярлау процесінің кезеңі;
      тренажерлық даярлық - білім алушы өту кезінде жаттығу қондырғыларының (авиациялық тренажерлерінің) әр түрінің көмегімен практикалық шеберлігі мен дағдыларын игеретін, ұстайтын және жетілдіретін авиация персоналын кәсіби даярлау процесінің кезеңі;
      ұшуға даярлық - білім алушы өту кезінде нақты жағдайларда ұшуды орындаудың практикалық шеберлігі мен дағдыларын игеретін және ұстайтын ұшу құрамын кәсіби даярлау процесінің кезеңі.

2. Авиациялық оқу орталықтарына қойылатын сертификаттау талаптары

2.1. Материалдық-мүліктік базаға қойылатын талаптар

      4. Авиация персоналын бастапқы даярлау, қайта даярлау және олардың кәсіптік деңгейін ұстау бойынша қызметті жүзеге асыру үшін авиациялық оқу орталығында мыналар болуы қажет:
      1) оқу бағдарламаларын іске асыру үшін қажетті көрнекі құралдармен, тренажерлермен, басқа апараттық-бағдарламалармен, сондай-ақ әдістемелік құжаттамасымен және дыбыстық-бейне құралдарының жиынтығымен жабдықталған оқу аудиториялары;
      2) ұшуға даярлықты жүзеге асыру мақсатында әуе кемелері мен
әуеайлақты (меншікті, не жалға алынған) пайдалану мүмкіндігі;
      3) қажетті әдебиеттер қорымен, оқыту материалдарымен жабдықталған кітапхана не мазмұны тыңдаушылардың жалпы пайдалануы үшін тиісті жабдықтары бар оқыту бағдарламаларының іске асырылуын толық канағаттандыратын электрондық кітапхана жүйесі болуы;
      4) жеке және жалпы пайдаланатын дыбыстық-бейне құралдарын, тренажерлерді, макеттерді, агрегаттар айнытпай көрсететіндерді, қондырғы тораптары мен желілерін қамтитын оқытудың техникалық құралдары;
      5) мыналарға:
      - педагог қызметкерлерге,
      - нұсқаушылар құрамына,
      - қызмет көрсетуші персоналға арналған кеңесетін үй-жайлардың қажетті саны;
      6) тұрмыстық үй-жайлар.

2.2. Теориялық даярлықты ұйымдастыруға қойылатын талаптар

      5. Теориялық даярлық сабақтарды тиімді өткізуді қамтамасыз ететін әдістермен және жазылатын материалды дайындаудың осы түрінің және көрнекілігінің мазмұнын толық көлемде ұсына отырып жүргізіледі.
      Оқыту процесін жоспарлау үшін бастапқы деректер мыналар болып табылады:
      1) бекітілген оқу жоспарлары мен бағдарламалары;
      2) оқу сыныптарының жабдықтарын ескере отырып, олардың өткізу қабілеттігі;
      3) оқу жоспарларының пәні бойынша оқу жүктемесін есептеу;
      4) авиациялық оқу орталығының жұмыс режимі;
      5) өтінімдер, шарттар не кәсіби даярлық бөлігіндегі басқа ынтымақтастық нысандары;
      6) авиациялық оқу орталығы ұйымдастыратын қосымша іс-шаралар (семинарлар, симпозиумдар, конференциялар, тренингтер және т.б.).
      6. Оқу процесін жоспарлау мыналарды қамтиды:
      1) оқу курстарының бір жылға арналған жоспар-кестесін жасау;
      2) курс құрамындағы пәндерді зерделеудің дәйектілігін анықтау;
      3) оқытушылардың/нұсқаушылардың оқу жүктемелерін бір жылға бөлу;
      4) теориялық және практикалық сабақтарды өткізу мерзімдерін бөлу;
      5) оқу сабақтарының, сынақтардың және емтихандардың кестесін жасау.
      7. Авиациялық оқу орталықтарында мынадай құжаттар болады:
      1) персоналды даярлау және рәсімдер бойынша нұсқаулық;
      2) оқытушы және нұсқаушылар құрамының жеке істері;
      3) оқыту курстарының бір жылға арналған жоспар-кестесі;
      4) мамандықтар мен даярлық түрлері бойынша оқу жоспарлары мен бағдарламалары;
      5) пайдалану бойынша құралдар мен нұсқаулықтарға сәйкес нормативтік құқықтық құжаттаманың даналары;
      6) бақылау сұрақтары, тестілер, емтихан билеттері;
      7) оқытушылардың біліктілігін арттыру жоспары;
      8) оқу сабақтарының журналдары;
      9) бақылау сабақтарына қатысу және ашық сабақтар журналы;
      10) оқуды аяқтау туралы куәлік (сертификаттар) беруді тіркеу журналы.
      8. Пәнді оқып аяқтағаннан кейін емтихандарды (сынақтарды) оқу сабақтарын жүргізген оқытушылар жүргізеді.
      Бастапқы даярлық курстарындағы бітіру емтихандарын авиациялық оқу орталығының басшысы тағайындайтын комиссия жүргізеді.

2.3 Тренажерлық даярлықты ұйымдастыруға қойылатын талаптар

      9. Тренажерлық даярлық сертификаттары бар немесе жарамдық нормаларына сәйкестігін куәландыратын өзге де құжаттары бар тренажерлер мен жабдықтарда жүргізіледі.
      10. Тренажерлық даярлық азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган мен мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның бірлескен бұйрығымен айқындалатын жердегі, инженерлік-техникалық құрамын қоспағанда, барлық авиация персоналын кәсіптік даярлаудың міндетті нысаны болып табылады және даярлаудың басқа түрімен алмастырылмайды.
      11. Тренажер үлгісі бекітілген курс бағдарламасына сәйкес кәсіптік даярлық түрімен айқындалады.
      12. Тренажерлық даярлықты өткізу үшін авиациялық оқу орталығында тиісті авиациялық персонал үшін бекітілген тренажерлық даярлау бағдарламалары, қажетті нұсқаушы, инженерлік техникалық және көмекші құрамы болады.

2.4 Ұшуға даярлықты ұйымдастыруға қойылатын талаптар

      13. Ұшуға даярлықты ұйымдастыруға қойылатын талаптар мыналарды қамтиды:
      1) ұшуға даярлық қажетті нұсқаушы құрамды және пайдаланушының әуе кемелерін тарта отырып жүзеге асырылады;
      2) әуе кемесінің басқа (жаңа) үлгісінде қайта даярлау бағдарламасы бойынша бастапқы ұшуға даярлықты Қазақстан Республикасының азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органы (бұдан әрі - уәкілетті орган) бекіткен, белгіленген талаптарға сай келетін нұсқаушы құрам жүзеге асырады;
      3) оқу ұшуы әуе кемелерінің бортында жолаушыларсыз және жүктерсіз орындалады;
      4) әуе кемелерінің үлгілері бойынша білім алушылар үшін ұшуға даярлықтың бекітілген оқу бағдарламаларының болуы;
      5) әуе кемелерінің үлгілері бойынша қажетті ұшу-нұсқаушы және инженерлік-техникалық құрамның болуы;
      6) білім алушы персоналды бастапқы даярлау курстарында және біліктілігін арттыру курстарында оқыту үшін Оқу-жаттығу ұшуын жүргізу бойынша нұсқаулықтың болуы;
      7) ұшу-нұсқаушы құрамды даярлау деңгейінің ұшу құрамын даярлау қағидаларының талаптарына сәйкестігі.

2.5 Авиациялық оқу орталығы пайдаланатын азаматтық авиация әуеайлақтарына (тікұшақ айлақтарына) қойылатын талаптар

      14. Авиациялық оқу орталықтары пайдаланатын әуеайлақтар (тікұшақ айлақтары) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін азаматтық авиацияның әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын) пайдалануға қойылатын жарамдылық нормаларына сәйкес келуі тиіс.

2.6 Оқу жоспарлары мен бағдарламаларына қойылатын талаптар

      15. Авиациялық оқу орталығы авиация персоналын даярлау және сапа стандарты бөлігінде мазмұны Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) талаптарына сәйкес келетін Персоналды даярлау және рәсімдер бойынша нұсқаулықты бекітеді.
      16. Авиация персоналын даярлау бағдарламаларын (курстарын) авиациялық оқу орталығы даярлаудың нақты түрлеріне және авиациялық оқу орталығы қызметінің ерекшеліктеріне қарай уәкілетті органмен келісім бойынша және уәкілетті орган бекітетін авиация персоналын даярлау және қайта даярлау бағдарламасына сәйкес әзірлейді.
      17. Авиациялық оқу орталығында мыналар болады:
      1) курстарды ұйымдастыру және тыңдаушыларды қабылдау тәртібі туралы ереже;
      2) өткізілетін әрбір оқу курсы бойынша оқу жоспары;
      3) курстың оқу жоспарына сәйкес оқу бағдарламалары;
      4) оқу процесін ұйымдастыру туралы ереже;
      5) егер оқыту бағдарламасында ұйғарылса, тағылымдама және практика бойынша оқу жоспарлары мен бағдарламалары;
      6) оқу курстарының жылдық жоспар-кестесі;
      7) оқу және семинар сабақтарының, тренажерлық және ұшуға даярлық кестесі;
      8) пәндер бойынша кез келген нысандағы әдістемелік материалдар;
      9) дәрістер, семинар және практикалық сабақтар, консультациялар өткізу бойынша оқу құралдары;
      10) оқу әдебиетінің кітап қоры және олардың оқу бағдарламалары мен мамандықтарға сәйкестігі.
      18. Оқу жоспары мыналарды қамтиды:
      1) оқу мерзімдері бойынша күндерді есептеу;
      2) пәндер бойынша оқу уақытын бөлу.
      Оқу бағдарламасы мынаны қамтиды:
      1) тақырыптық жоспар;
      2) бағдарлама тақырыптарының мазмұны;
      3) оқытудың ұсынылатын (қажетті) техникалық құралдары және көрнекі құралдар;
      4) ұсынылатын (қажетті) әдебиеттер және оқу құралдары.
      19. Ұшу және диспетчерлік персоналды даярлаудың оқу бағдарламасы қажет жағдайда үш бөлікке бөлінеді:
      1) теориялық даярлық;
      2) тренажерлық даярлық;
      3) ұшуға даярлық.

2.7 Сапаны қамтамасыз ету жүйесіне қойылатын талаптар

      20. Авиациялық оқу орталығының сапасын қамтамасыз ету жүйесінде мынадай элементтер айқындалады:
      1) авиация персоналын даярлау саласындағы саясат;
      2) ұшуға даярлық және оның қауіпсіздік стандарттары;
      3) жауапкершілікті бөлу;
      4) ресурстар, ұйымдастыру және жұмыс процестері;
      5) авиация персоналын даярлаудың ұшу саясаты мен қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету жүйесі;
      6) саясат пен стандарттардан ауытқуды айқындау және түзетуші шараларды қабылдау жүйесі;
      7) авиация персоналын даярлау сапасын үнемі арттыру мақсатында жүйеде нәтижелерді пайдалану үшін ұшу саясатына, оқытуға және қауіпсіздік стандарттарына қатысты тәжірибе мен үрдістерді бағалау және талдау.

2.8 Кадрлық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

      21. Авиациялық оқу орталығы өз еркімен құрылымды, жауапты басшыны және штаттық оқытушылар және/немесе нұсқаушы құрамын, инженерлік-техникалық құрамды дербес айқындайды.

2.9 Есепке алу құжаттамасын жүргізуге қойылатын талаптар

      22. Авиациялық оқу орталығының құжаттамасын есепке алу жүйесінде мыналар көзделеді:
      1) авиациялық оқу орталығында сақталатын есепке алу құжаттарында әрбір студенттің (тыңдаушының) оқу тарихын құжаттамалық растауға және қалпына келтіруге мүмкіндік беретін әрбір оқу іс-шараларының жазбасы жүргізіледі;
      2) оқу құжаттарының тұтастығын, оларды заңсыз алу немесе ауыстыру мүмкіндіктеріне жол бермей қамтамасыз ету, сондай-ақ күтпеген жағдайда оның үздіксіздігін қамтамасыз ету мақсатында резервтік жүйенің болуы.
      23. Авиациялық оқу орталығы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес есепке алу құжаттамасын мұрағатқа тапсыру жүйесін әзірлейді.