Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе кемелерініц экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 22 сәуірдегі № 437 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шілдедегі Заңының 13-бабының 19) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру қағидасы бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                 К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің   
2011 жылғы 22 сәуірдегі
№ 437 қаулысымен
бекітілген   

Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс
уақыты мен демалысын ұйымдастыру қағидасы

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру қағидасы (бұдан әрі - Қағида) «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 19) тармақшасына және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтық және эксперименттік авиациясы әуе  кемелерінің экипаж мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
      Осы Қағиданың әрекеті әуе тасымалдарын және/немесе авиациялық жұмыстарды орындайтын Қазақстан Республикасының әуе кемелерін барлық пайдаланушыларға қолданылады.
      2. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:
      1) алыс қашықтықтағы маршрут - ол бойынша ұшуды орындау үшін 12 сағаттан астам ұшу уақытын жұмсау қажет болатын маршрут;
      2) аса шағын көлемді шашу - гектарына 5 (бес) литрден аз сұйық препараттарын жұмсау нормасы;
      3) әуе кемесі экипажының мүшесі - ұшуға арналған тапсырмаға енгізілген, белгілі бір қызметтік міндеттерді орындауға тағайындалған және қолданыстағы ұшу куәлігі бар авиациялық персоналының адамы;
      4) әуе кемесінің бортындағы демалу орны - күшейтілген ұшу экипажының мүшесі үшін бизнес-салонның соңғы қатарындағы кресло, күшейтілген экипаждың қызмет көрсететін персоналы үшін экономикалық сынып салонының соңғы қатарының креслосы. Қос экипажға арналған демалу орны жолаушылардан оқшаулануға тиіс, ол желдеткішпен қамтамасыз етіледі және оның мөлшері жатып демалу орындарын мүмкіндік береді;
      5) бортсерік - ұшақтың салонында нақты міндеттерді орындау үшін пайдаланушы жалдайтын маман;
      6) көрсетілген кезеңдерде жұмыс және ұшу уақытының жиынтығын құрайтын бір ай үшін кез келген дәйекті 24 (жиырма төрт) (29-31) (жиырма тоғыз - отыз бір) тәулік, бір жыл үшін кез келген дәйекті 12 (он екі) тәулік, ол уақыт ішінде экипажда (экипаж мүшесінде) сенімді кәсіптік қызмет үшін психо-физиологиялық функциялардың қажетті деңгейі сақталады;
      7) бортсеріктердің күшейтілген бригадасы - бортсеріктердің ең аз санынан және оған қосымша екі бортсеріктен тұратын бортсеріктер бригадасы немесе мүшелерінің саны ұшақ салонында нақты міндеттерді орындау үшін қажетті ең аз саннан асатын және ондағы екі бортсерік ұшу кезінде демалу мақсатында басқа бортсеріктермен алмастырылуы мүмкін бортсеріктер бригадасы;
      8) бортсеріктердің ең аз санды бригадасы - әуе кемесінің 50 (елу) жолаушы креслосына бір бортсерік есебінен тұратын бортсеріктер саны;
      Жұмыс уақытының жекелеген кезеңдерін көрсететін және осы кезеңдер 8 (сегіз) сағаттан кем аралықтармен бөлінетін 2 (екі) немесе одан да көп кезең болған жағдайда, онда осы кезеңдердің алғашқысының басынан және олардың соңғысы аяқталғаннан басталатын уақыт 1 (бір) үздіксіз жұмыс уақыты кезеңін құраушы ретінде қарастырылады;
      9) бір тәулік, бір апта, бір ай және бір жыл үшін белгіленген нормалардан тыс жұмыс уақыты мен ұшу уақытын нормативтен тыс - (мерзімнен тыс) деп санау, өйткені белгіленген нормалардан тыс әрбір сағатпен экипаж мүшесіне түсетін психо-физиологиялық жүктеме елеулі түрде артады;
      10) биологиялық циркадты ырғақ циклындағы организмнің психо-физиологиялық функциялары (қолайсыз кезең) - таңертеңгі 2 (екі) сағат пен 5 (бес) сағат 59 (елу тоғыз) минут арасын қоса алғандағы уақыт аралығы, ол 3 (үш) сағаттық белдеулер шегінде негізгі әуежайдың жергілікті уақыты бойынша айқындалады;
      11) вахталық әдіс - қызметкерлерді тұрғылықты жеріне күн сайынғы қайтару қамтамасыз етілуі мүмкін емес, олардың тұрғылықты жерінен тыс еңбек процесін жүзеге асырудың ерекше нысаны;
      12) демалыс - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес экипаж мүшесі өзінің кәсібіне байланысты кез келген міндеттерді орындаудан босатылатын уақыт кезеңі;
      13) демалыс күні - жергілікті уақыт бойынша 2 (екі) түнді қамтитын және кемінде 36 (отыз алты) дәйекті демалу сағаттарын құрайтын негізгі әуежайдағы немесе одан тыс жердегі демалу уақыты;
      14) жұмыс уақыты - экипаждардың мүшелері қызметтік міндеттерін атқаратын уақыт. Ол ұшу кезіндегі жұмыс уақытынан және ұшуды орындауға тікелей байланысты емес жердегі жұмыс уақытынан құралады;
      15) жұмыс резерві - басқа экипаждың қажеттілігі кезінде уақтылы ауыстыру мақсатында кәсіби қызметін орындауға тұрақты дайындықта болатын экипаж мүшесінің жүйеленген тізімі;
      16) жұмыс уақытының қос ұзақтығы - жұмыстың 12 (он екі) сағат ұзақтығы кезінде жұмыс күндері арасындағы жұмыс уақыты;
      17) күшейтілген ұшу экипажы - пайдаланушының әуе кемесін басқару жөніндегі міндеттерді орындау үшін ұшу экипажының негізгі толық құрамына ұшудың қандай да бір учаскесінде әуе кемесін басқару жөніндегі жұмысқа қосылуы үшін қосымша бір немесе бірнеше ұшу мамандарын тағайындауы;
      18) қос ұшу экипажы — олар ұшу уақыты ішінде кезекпен әуе кемесін басқаруды жүзеге асыру үшін бір уақытта тағайындалатын, 2 (екі) ұшу экипажынан тұратын экипаж;
      ұшу экипажы - ұшу уақыты ішінде әуе кемесін басқаруға байланысты міндеттерді орындау жүктелетін авиация персоналына жататын, авиациялық персоналының қолданыстағы куәлігі бар адамдары;
      19) негізгі әуежай — пайдаланушының әуе кемелері тұрақты орналасатын әуежай немесе пайдаланушы айқындайтын өзге әуежай;
      20) орташа қашықтықтағы маршрут - ол бойынша ұшуды орындау үшін 9-дан (тоғыздан) 12-ге (он екіге) дейін сағат ұшу уақытын жұмсау қажет болатын маршрут;
      21) пайдаланушы - азаматтық әуе кемелерін пайдаланумен айналысатын немесе осы салада өз қызметтерін ұсынатын жеке немесе заңды тұлға;
      22) резервтегі кезекшілік - экипаж кестеге сәйкес басқа экипаждың қажеттілігі кезінде уақтылы ауыстыру мақсатында кәсіби қызметін орындауға тұрақты дайындық кезінде талап етілетін орында болатын бөлінбейтін уақыт кезеңі;
      23) резервтегі кезекшілік уақыты - экипаж мүшесі жұмыс берушінің өкімі бойынша қызметтік міндеттерін орындамайтын, бірақ оларды орындау туралы өкім алуға дайын болуға тиіс және демалу уақытымен бөлінбейтін уақыт кезеңі;
      24) уақыт кезеңі - олардың шегінде пайдаланушы өз экипаждарының мүшелері үшін бағдарлама жасайтын және (немесе) олар шын мәнінде жүзеге асыратын қызметті ескеретін кез келген үздіксіз 24 (жиырма төрт) сағат, кез келген дәйекті 7 (жеті) тәулік, кез келген дәйекті 28 (жиырма сегіз) (29-31) (жиырма тоғыз - отыз бір) тәулік, сондай-ақ  кез келген дәйекті тәуліктердің 12 (он екі) айы уақытының жиынтығы;
      25) ұшу алдындағы демалу уақыты - жұмыс уақытының келесі кезеңіне дайындау мақсатында экипажға (экипаж мүшесіне) демалу үшін берілетін, жатын орындарымен қамтамасыз етілген орында өткізілетін жердегі уақыт;
      26) ұшу арасындағы демалу уақыты - негізгі әуежайда да, одан тыс жерлерде де ұшу алдындағы және ұшуларды орындау кезінде ұшудан кейінгі демалыс арасында психо-физиологиялық функцияларды қалпына келтіру үшін экипажға (экипаж мүшесіне) ұйықтауға арналған орындар қамтамасыз етіле отырып берілетін үздіксіз дәйекті сағаттар;
      27) ұшатын жұмыс уақыты - ұшатын күні ұшуға келетін сәттен ұшуды немесе ұшулар сериясын аяқтағаннан кейін қызметтік міндеттерінен босатылған сәтке дейінгі ұшуды немесе ұшулар сериясын қамтитын үздіксіз жұмыс кезеңі;
      28) ұшуға келу уақыты - пайдаланушының талабына сәйкес ұшу және кабиналық экипаждар мүшелері өздерінің қызметтік міндеттерін орындау үшін келетін уақыт;
      29) ұшу уақыты - әуе кемесі ұшып шығу мақсатында қозғалысын бастаған сәттен бастап ұшу аяқталғаннан кейін ол тоқтаған сәтке дейінгі жалпы уақыт (ұшатын жұмыс уақытының бөлігі болып табылады);
      30) ұшудан кейінгі демалу уақыты - күнделікті және күнделікті емес ұшуларды орындау кезінде күшін қалпына келтіру үшін қажетті экипажға (экипаж мүшесіне) берілетін, жұмыс уақыты аяқталған сәттен бастап есептелетін, жерде ұйықтауға арналған жағдайлармен қамтамасыз етілген орындағы үздіксіз дәйекті сағаттар;
      31) үй резерві - экипаждың мүшесі жұмыс берушінің өкімі бойынша қызметтік міндеттерін орындамайтын, бірақ оларды орындау туралы өкім алуға дайын болуға тиіс негізгі әуежайдағы уақыт кезеңі;
      32) эстафеталық тасымалдау - пайдаланушының өкімі бойынша экипаж ұшатын жұмыс уақытын ескере отырып ұшуларды жалғастыратын экипажды (экипаж мүшесін) жолаушы ретінде тасымалдау;
      33) экипаждың (экипаж мүшесінің) жұмыс және ұшу уақытының нормасы - бұл тәулік немесе кез келген 24 (жиырма төрт) үздіксіз сағат үшін, апта үшін - кез келген дәйекті 7 (жеті) тәулік үшін есептелетін уақыт кезеңдері;
      34) эстафета (іссапар) уақыты - экипаж (экипаж мүшесі) жұмыс кестесіне немесе әуе көлігін пайдаланушының өкіміне сәйкес оның бойында негізгі әуежайдан тыс болатын уақыт кезеңі;
      35) ақаулы жағдай - дұрыс жолдан және (немесе) белгіленген тәртіптен ауытқу болатын жағдаяттардың жиынтығы.

2. Экипаждың (экипаж мүшесінің) тұрақты және
тұрақты емес әуе тасымалдарын орындау кезіндегі жұмыс
уақытының және демалу уақытының режимі

      3. Ұшу уақыты мен жұмыс уақытының режимін белгілеу шаршаудың ұшу экипажының денсаулығына және ұшу қауіпсіздігіне қолайсыз әсер ету ықтималдылығын азайту мақсатында жүзеге асырылады.
      4. Есепке алу уақыт кезеңі ішінде нормадан тыс белгіленген жұмыс уақыты мен ұшу уақыты мерзімнен тыс деп саналады, өйткені нормадан тыс белгіленген әрбір сағат сайын экипаж мүшесіне түсетін психо-физиологиялық жүктеме елеулі түрде артады. Мерзімнен тыс уақытқа Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес ақы төленеді.
      5. Пайдаланушы:
      1) ұшу алдындағы дайындықты жүзеге асыру, ұшуды орындау және әуе кемесінің ұшу арасында жерде тұру уақыты үшін қажетті уақытты ескере отырып ұшуларды жоспарлауды;
      2) Қағидаға сәйкес ұшуды жоспарлауды және жүзеге асыруды;
      3) экипаж мүшесімен келісім бойынша әрбір экипаж мүшесі үшін негізгі әуежайды белгілеуді;
      4) ұшу жиілігі мен ұшатын жұмыс уақытының және экипаждар мүшелерінің демалу уақытын белгілеу кезінде қажетті ең аз демалу уақытының жұмыс уақытының ұзақтығына әсерін есепке алуды;
      5) экипаждар мүшелерінің ұшатын жұмыс уақытын экипаждардың мүшелерінде ұшу қауіпсіздігі қатеріне әкеп соқтыруы мүмкін шамадан тыс шаршаудың туындауын болдырмайтындай түрде жоспарлауды;
      6) экипаждардың мүшелеріне арналған ұшу кестелерін алдын ала дайындауды және жариялауды;
      7) экипаждардың мүшелері үшін демалыс күндерін жоспарлауды, ол туралы оларды алдын ала хабардар етеді;
      8) экипаждардың мүшелеріне осы Қағидаға сәйкес демалу уақытын беруді қамтамасыз етеді.
      6. Экипаждың мүшесі:
      1) осы Қағидада көрсетілген жұмыс уақыты мен демалу уақытының барлық нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      2) оған өзінің қызметтік міндеттерін барынша үздік орындау үшін берілген демалу жағдайлары мен уақытын оңтайлы пайдалануды қамтамасыз етеді.
      7. Экипаждың (экипаж мүшесінің) жердегі жұмыс уақытына мыналар кіреді:
      1) ұшу алдындағы дайындық уақыты кемінде 1 (бір) сағат;
      2) ұшу уақыты аяқталған сәттен бастап есептелетін кемінде 30 (отыз) минут ұшудан кейінгі жұмыс уақыты;
      3) ұзақтығы 2 (екі) сағаттан аспайтын демалуға және ас ішуге арналған үзіліс уақытын қоспағанда, әуежайларда (аралық және негізгі) тұру уақыты;
      4) қандай да бір себептер бойынша кешіккен жағдайда ұшуды күту уақыты;
      5) ұшуды күту кезінде арнайы жабдықталған орындарда өткізілетін резервтегі кезекшілікте болу уақыты;
      6) үй резервінде болу уақытының 50 (елу) пайызы;
      7) эстафеталық тасымалдау уақыты;
      8) эстафета уақыты (негізгі әуежайдың күн тәртібіне сәйкес);
      9) бөлімшеде жұмыс істеу (ұшуларға алдын ала дайындық, ұшуларды талқылау, кәсіптік оқу), медициналық тексерулерден, дәрігерлік-ұшу сараптамалық комиссиясынан өту, сондай-ақ құжаттарды ресімдеу уақыты;
      10) әуе кемесінің ұшуға арнайы дайындығына, жүктер мен жабдықтарды тиеуге және түсіруге дайындалуға байланысты жұмыстарды орындауға, шекаралық және кедендік бақылаудан өтуге арналған уақыт;
      11) көшу уақытын қамтымайтын пайдаланушының өкімі бойынша экипаж мүшелерін тасымалдау (көшу уақыты экипаж мүшесінің тұрғылықты (уақытшы болу, демалу) орнынан (орнына дейін) келу орындарына (қызметтік міндеттерін орындау орындарына) дейін (орнынан) қозғалуға жұмсайтын уақыты ретінде айқындалады.
      8. Экипаждың (экипаж мүшесінің) жұмыс уақытының ең көп ұзақтығы экипаждың құрамына қарай осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес белгіленеді.
      9. Экипаждың (экипаж мүшесінің) ұшу уақытына:
      1) әуе кемесінің ұшып шығу мақсатында қозғалысты бастаған сәтінен бастап тұраққа қонғаннан кейін соңғы қозғалтқыш(тар)ы өшірілген сәтке дейінгі жалпы уақыты;
      2) рульмен маневрлеу уақыты;
      3) экипаждың (экипаж мүшесінің) тікелей тренажер кабинасында ұшақтың тренажер кешенін пайдалану жұмысына жұмсайтын уақыты кіреді.
      10. Әуе кемесінің әрбір түрінде экипаждың (экипаж мүшесінің) бір айда және бір жылда ұшу уақытының ең көп ұзақтығы осы Қағидаға 2-қосымшаға сәйкес белгіленеді.
      Ұшу уақытының ұзақтығы экипаж мүшесінің келісімімен бір күнтізбелік жыл үшін 900 (тоғыз жүз) сағат болып белгіленеді.
      11. Ұзақтығы 4 (төрт) сағаттан аспайтын эстафеталық тасымалдаудан кейін белгіленген демалу уақыты берілмеген және ол жұмыс уақытының алдында болса, эстафеталық тасымалдау басталған сәттен бастап ол аяқталғанға дейінгі кезең жұмыс уақыты ретінде есептеледі. Бұл жағдайда жұмыс уақытының келесі ұзақтығы 8 (сегіз) сағаттан аспауға тиіс.
      12. Тәуліктік ұшатын жұмыс уақытының ең көп ұзақтығы 3-тен (үштен) бастап әр ұшып шығу-қону үшін 30 (отыз) минутқа, бірақ 2 (екі) сағаттан аспайтын уақытқа азаяды.
      13. Ұшатын жұмыс уақыты қолайсыз кезеңде басталатын жағдайларда ұшатын жұмыс уақытының ең көп ұзақтығы экипаж мүшесінің қолайсыз кезеңде болатын сағаттарының санына, бірақ 2 (екі) сағаттан аспайтын уақытқа азаяды.
      14. Ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін болжанбаған жағдаяттар туындаған кезде пайдаланушы тәуліктік ұшатын жұмыс уақытының ең көп ұзақтығын 1 (бір) сағатқа ұзарта алады.
      15. Пайдаланушы ұзартылғаннан кейін күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей пайдаланушының шешімі бойынша ең ұзақ тәуліктік ұшатын жұмыс уақытын ұзартудың жүргізілгені туралы осындай шешім қабылдау себептерін көрсете отырып, уәкілетті органды хабардар етеді.
      16. Ұшулар сериясы 6 (алты) немесе одан да көп ұшып шығу-қонуды қамтыған кездегі жағдайларда пайдаланушының ұшатын жұмыс уақытын ұзартуына жол берілмейді.
      17. Экипаж мүшесінің қолайсыз кезеңде болу уақыты 2 (екі) сағатқа дейінгіні құраған жағдайда, 4-тен (төрттен) көп емес ұшып шығу-қонуды қамтитын ұшулар сериясына қатысты ұшатын жұмыс уақытын ұзартуға жол беріледі.
      Экипаж мүшесінің қолайсыз кезеңде болу уақыты 2 (екі) сағаттан асатын жағдайда, 2-ден (екіден) аспайтын ұшып шығу-қонуды қамтитын ұшулар сериясына қатысты ұшатын жұмыс уақытын ұзартуға жол беріледі.
      18. Пайдаланушының шешімі бойынша ұшатын жұмыс уақытын апта ішінде 2 (екі) реттен көп емес ұзартуға жол беріледі.
      19. Ұшатын жұмыс уақыты пайдаланушының шешімі бойынша ұзартылған кезде ұшу алдындағы және ұшудан кейінгі уақыт 2 (екі) сағатқа ұлғайтылады не ұшудан кейінгі демалу уақыты 4 (төрт) сағатқа ұлғайтылады.
      Ұшатын жұмыс уақытының 2 (екі) ұшудан кейінгі кезеңдері, экипаж мүшелерінің 2 (екі) кезең аралығындағы ұшу алдындағы және ұшудан кейінгі демалуының ең аз уақыты ұзартылған кезде ұшатын жұмыс уақыты дәйектілікпен беріледі.
      20. Ұшуды немесе ұшулар серияларын орындауға жоспарланған бортсеріктер үшін ұшатын жұмыс уақытын пайдаланушы бортсеріктер үшін ұшуға келу уақыты мен ұшқыштардың ұшуға келу уақыты арасындағы айырма уақытқа, мұндай айырманың 1 (бір) сағаттан аспауы шартымен ұлғайтуы мүмкін.
      21. Ұшатын жұмыс уақытының ұзартылған кезеңі 22 (жиырма екі) сағаттан бастап 4 (төрт) сағат 59 (елу тоғыз) минутқа дейінгі аралықтан басталатын жағдайда ұшатын жұмыс уақыты 11 (он бір) сағат 45 (қырық бес) минутқа дейін қысқартылады.
      22. Ұшу кестесі ұшудың жоспарланатын уақыты ең көп жол берілетін ұшатын жұмыс уақытына сәйкес келетіндей түрде жасалуға тиіс. Осы мақсаттарда пайдаланушы ұшудың жоспарланатын кестесін өзгерту не экипаждарды жоспарлауды өзгерту жөнінде дереу шаралар қабылдайды.
      23. Экипаждардың (экипаж мүшелерінің) шаршауын болдырмау мақсатында мынадай факторлар ескеріледі:
      1) әуе кемесінің түрі, оның жабдығы;
      2) экипаж мүшелерінің саны;
      3) ұшу уақытының бір кезеңі ішіндегі ұшып шығу мен қону саны;
      4) әуе қозғалысының жоғары тығыздығы кезіндегі жұмыс жүктемесі;
      5) экипажға (экипаж мүшесіне) демалыс берілуге тиіс жердегі демалу шарттары;
      6) міндеттерді орындау тәулігінің уақыты;
      7) ұшуы орындау үдерісіндегі кешігулер;
      8) авиациялық арнайы жұмыстардың түрлері;
      9) сағаттық белдеулердің ауысуы.
      24. Ұшу экипаждарын (экипаждардың мүшелерін) олардың кәсіптік қызметімен тікелей байланысты емес жұмыстарға тартуға тыйым салынады.
      25. Экипаж мүшесінің қызметі ол ұшуы әр түрлі экипаждардың құрамында және (немесе) әр түрлі әуе кемелерінде кезекпен жасайтындай  түрде жоспарланған жағдайда, ұшу және жұмыс уақыты барлық жағдайларда ұшу және жұмыс уақыттарын қосу жолымен ескеріледі.
      26. Әуе кемелерін пайдаланушылар ұсынылатын қызмет көрсету түріне сәйкес бортсеріктердің саны мен функцияларын айқындайды.
      27. Бортсеріктер мен бортоператорлары үшін ұшу және жұмыс уақыты нормалары ұшу құрамына ұқсас белгіленеді және оларға осы Қағидада жазылған еңбек және демалу жағдайларына қойылатын барлық талаптар қолданылады.
      28. Экипаж мүшелері - әйелдер мен әйел бортсеріктер жүктілігі туралы медициналық қорытындыға сәйкес бұрынғы жұмысы бойынша орташа айлық еңбек ақысы сақтала отырып, ауыр және қолайсыз өндірістік факторлардың әсерін болдырмайтын басқа жұмысқа ауыстырылады.
      29. Тұрақты жиі трансмеридиандық ұшуларды орындау және экипаждың (экипаж мүшесінің) сағаттық белдеулердің жылжуы жағдайында болуы кезінде экипаж (экипаждың мүшесі) келген жердің сағаттық белдеуі бойынша күн тәртібін сақтайды.
      30. Алыс қашықтықтағы маршруттар бойынша ұшуды орындауды жүзеге асыруға 2 (екі) ұшу экипаждарына ғана рұқсат етіледі. Бұл жағдайда кез келген 24 (жиырма төрт) сағаттық уақыт кезеңі ішінде 2 (екі) экипаж екінші экипаждың ұшу бағытындағы қандай да бір пунктте жұмысқа қосылуы шартымен 17 (он жеті) сағаттан аспайтын жұмыс уақытына ие болуы мүмкін. Екінші экипаждың ұшу және жұмыс уақыты бірінші экипаж сияқты ескеріледі.
      31. Орташа қашықтықтағы маршруттарда ұшуды орындауды күшейтілген ұшу экипажы жүзеге асырады. Бұл ретте кез келген 24 (жиырма төрт) сағаттық уақыт кезеңі ішінде ұшу экипажының қосымша мүшелерінің 1-і (бірі) маршруттағы қандай да бір пунктте жұмысқа қосылуы шартымен экипаж тұрақты ұшуды жүзеге асыруы және 15 (он бес) сағаттан аспайтын жұмыс уақытына ие болуы мүмкін. Экипаждың қосымша мүшелерінің ұшу және жұмыс уақыты негізгі экипаж сияқты ескеріледі.
      32. Бір ұшқыш құрамындағы экипаж бір ұшу мен келесі ұшу арасында кемінде 4 (төрт) сағаттың ішінде үздіксіз демалысты пайдаланатын 24 (жиырма төрт) сағаттық кезең ішінде ол жұмыс уақытының 10 (он) сағатқа дейінгі ең көп ұзақтығына ие бола алады.
      33. Экипаждың (экипаж мүшесінің) демалу уақыты:
      1) ұшу алдындағы, ұшу аралығындағы және ұшқаннан кейінгі демалу уақытын;
      2) демалыс күні үшін бөлінген уақытты;
      3) жыл сайынғы еңбек демалысын құрайтын уақытты;
      4) әуе кемесін ұшыру жөніндегі нақты міндеттерін орындау кезінде әуе кемесінің кабинасындағы жұмыс орнында ас ішетін уақыттан басқа, жерде ол үшін арнайы бөлінген орында ас ішу уақытын құрайды.
      34. Негізгі әуежайдағы ұшу алдындағы демалу уақыты ұзақтығы бойынша қайсысының ұзағырақ болып табылатындығына қарай алдыңғы жұмыс уақытына немесе 12 (он екі) сағатқа тең болуға тиіс.
      35. Негізгі әуежайдан тыс жерде ұшу алдындағы демалу уақыты қайсысының ұзағырақ болып табылатындығына қарай алдыңғы жұмыс уақытына немесе 10 (он) сағатқа тең болуға тиіс.
      36. Негізгі әуежайдан тыс жерде ұшу алдындағы демалу уақыты кезінде Пайдаланушы экипаждардың мүшелеріне демалу орнына жеткізу уақытын ескерместен, 8 (сегіз) сағат ұйықтау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
      37. Экипаждардың мүшелеріне жергілікті уақыт бойынша 24 (жиырма төрт) сағат түнгі уақытты қамтитын және демалудың кемінде дәйекті 36 (отыз алты) сағатын құрайтын аптасына бір демалыс күні беріледі. Демалыс күні бір демалыс күннің аяқталуы мен екінші демалыс күнінің басталуы арасындағы кезең 168 (жүз алпыс сегіз) сағаттан аспайтындай түрде беріледі.
      Ұшу алдындағы немесе ұшудан кейінгі демалу кезеңі демалыс күнінің бір бөлігі болуы мүмкін.
      38. Әрбір күнтізбелік айдың ішінде экипаж мүшесінің 7 (жеті) демалыс күні болады, олардың 4-ін (төртін) ол базада алады. Экипаж мүшесінің қалауы бойынша базадан тыс демалыс күндері шектеусіз жоспарлануы мүмкін.
      39. Әрбір күнтізбелік жылдың ішінде экипаждың мүшесіне пайдаланушы зиянды жағдайларда жұмыс істеген уақыт кезеңіне теңбе-тең 36 (отыз алты) күнтізбелік күн мөлшерінде ақы төленетін қосымша еңбек демалысын береді.
      40. Экипаждар мүшелерінің ұшу аралығындағы демалуының ұзақтығы негізгіден тыс әуежайда болған кезде 10 (он) сағаттан кем болмауға тиіс.
      41. Негізгі әуежайдың белдеулік уақытынан батысқа 5 (бес) сағат шығысқа 3 (үш) сағат белдеулік уақыт айырмашылығы бар маршруттың соңғы әуежайларында экипаж мүшелеріне 14 (он төрт) сағаттан кем емес ұшу аралық демалыс беріледі.
      42. Алыс қашықтықтағы маршруттар бойынша ұшуы орындаған кезде негізгі әуежайда ұшу алдындағы және ұшудан кейінгі демалу уақытының ең аз кезеңдерінің ұзақтығы тиісінше кемінде 24 (жиырма төрт) және кемінде 48 (қырық сегіз) сағат үздіксіз демалу сағаттарын құрауға тиіс.
      43. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы жағдайында күнделікті ұшуы орындау кезінде ұшудан кейінгі демалыс ұшу алдындағы демалыс болып табылады, бірақ 12 (он екі) сағаттан кем болмауға тиіс.
      44. Экипаж мүшесінің демалу уақыты экипаждың тікелей алдыңғы қызметіне жұмсаған жұмыс уақыты аяқталған сәттен бастап есептеледі және қонақ үйде, профилакторийде нөмір алған сәттен немесе үйге келген уақытынан бастап саналады.
      45. Пайдаланушы межелі пункттердің әуеайлақтарында, әуежайларында және әдеттегі кестеге сәйкес салыстырмалы ұзақ күту кезеңдері көзделетін аралық аялдама пункттерінде демалуға арналып мамандандырылған бөлмелерде экипаж (экипаж мүшесі) үшін демалуды қамтамасыз етеді.
      46. Күшейтілген ұшу экипаждары басқарып ұшыратын әуе кемелері экипаж мүшелерінің әуе кемесінің бортында демалуы жағдайларымен қамтамасыз етілуге тиіс.
      47. Қос экипаждар басқарып ұшыратын әуе кемелері жатын орындарымен жарақтандырылуға тиіс.
      48. Ұшуды орындау кезінде ұшудың қауіпсіздігіне әсер ететін болжанбаған жағдаяттар туындаған жағдайда экипаждың барлық мүшелерінің келісімімен әуе кемесі командирінің шешімімен Қағидада белгіленген ұшу уақытының нормалары, ұшатын жұмыс уақыты және демалу уақыты өзгертілуі мүмкін.
      49. Ұшатын жұмыс уақытының ең көп ұзақтығы әуе кемесі командирінің шешімімен 2 (екі) сағаттан аспайтын уақытқа, ал іркілісті жағдайлар кезінде күшейтілген ұшу экипажын пайдаланған жағдайда 3 (үш) сағаттан аспайтын уақытқа ұлғайтылуы мүмкін.
      50. Экипаж мүшелерінің ұшатын жұмыс уақыты кезеңінен кейінгі демалу кезеңі әуе кемесі командирінің шешімімен Қағиданың 38-тармағында көзделгеннен төмен деңгейге дейін қысқартылуы мүмкін.
      51. Егер экипаж мүшелері ұшудың қауіпсіздігіне қатер төндіруге қабілетті шаршаңқылықты бастан кешірсе, әуе кемесі командирінің шешімімен экипаждың барлық мүшелерінің келісімімен ұшатын жұмыс уақыты қысқартылуы және (немесе) демалу уақыты ұлғайтылуы мүмкін.
      52. Әуе кемесінің командирі ұшатын жұмыс уақытының ұлғаюы немесе экипаж мүшелерінің демалу уақытының қысқартылуы фактісі туралы пайдаланушыға есеп береді.
      53. Егер ұшатын жұмыс уақытының ұлғаюы немесе экипаж мүшелерінің демалу уақытының қысқартылуы 1 (бір) сағаттан асса, пайдаланушы көрсетілген оқиға болған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірмей әуе кемесінің командирі есебінің көшірмесін қоса бере отырып және қабылданған шешімнің себептерін көрсете отырып, бұл туралы уәкілетті органды хабардар етеді.
      54. Жұмыс резервіндегі кезекшілік уақыты ұзақтығы 12 (он екі) сағаттық бір үздіксіз кезеңнен аспауға тиіс және үздіксіз 28 (жиырма сегіз) 29-31 (жиырма тоғыз - отыз бір) тәуліктің ішінде 3 реттен көп емес белгіленеді.
      Экипаж (экипаж мүшесі) ұшу тапсырмасын орындау үшін резервтегі кезекшіліктен шақыртылған жағдайда, резервте өткізген уақыт жұмыс уақыты ретінде ескеріледі, бірақ алдағы ұшудың жұмыс уақытына қосылмайды, ал ай ішінде жеке ескеріледі және мерзімнен тыс жұмысқа жатқызылмайды.
      55. Үй резервіндегі кезекшілік уақыты ұзақтығы 12 (он екі) сағаттық бір үздіксіз кезеңнен аспауға тиіс. Үй резервтерінің саны шектелмейді.
      Экипаж (экипаж мүшесі) ұшу тапсырмасын орындау үшін резервтегі кезекшіліктен шақыртылған жағдайда, резервте өткізген уақыт жұмыс уақыты ретінде ескеріледі, бірақ алдағы ұшудың жұмыс уақытына қосылмайды, ал ай ішінде жеке ескеріледі және мерзімнен тыс жұмысқа жатқызылмайды.
      56. Жұмыс резервіндегі кезекшілік уақыты экипаж мүшесінің келген сәтінен бастап резерв ретінде белгіленген кезеңнің аяғына дейін есептеледі.
      57. Пайдаланушы экипаждардың мүшелерін резервтегі кезекшіліктің басталған және аяқталған уақытымен, экипаж мүшесінің резервтегі кезекшіліктен өзге жерде болуының ең көп жол берілетін уақытымен, сондай-ақ резервке тағайындалуына байланысты алда тұрған қызметтік міндеттерімен алдын ала таныстыруды қамтамасыз етеді.
      58. Пайдаланушы жұмыс резервіндегі экипаж мүшелерін демалу және ұшуды күту үшін арнайы жабдықталған оқшауландырылған үй-жаймен қамтамасыз етеді.
      59. Ұшуды орындау кезінде экипаждардың мүшелеріне ұшу қауіпсіздігіне әсер етуге қабілетті жұмыс қабылетінің төмендеуін болдырмау үшін тамақтану және сусын ішу мүмкіндігі берілуге тиіс.
      60. Пайдаланушы әрбір экипаж мүшесіне және экипаждардың мүшелері өз-өздеріне қатысты:
      1) ұшу уақытын;
      2) әрбір жұмыс уақыты кезеңін және ұшатын жұмыс уақытының басталуы, ұзақтығы және аяқталуы уақытын;
      3) демалу уақытын және ұшуды орындаудан бос күндерді (ұшуды орындаудан бос күн деп қызметтік міндеттерді орындаудан бос және алдағы және кейінгі күндерді қамтитын күн саналады);
      4) резервтегі кезекшілік уақытын есепке алуды қамтамасыз етеді.
      61. Пайдаланушы мен экипаждың мүшесі олардың сұратулары бойынша бір-біріне жүргізілген есеп жазбаларының көшірмелерін береді.
      62. Осы Қағидада көзделген шарттарға қарамастан, егер экипаж (экипаждың мүшелері) шаршауды бастан кешіруде немесе алдағы ұшудың жағдайларын ескере отырып осы ұшу барысында шаршауды бастан кешіретін болады деп санауға қандай да бір негіздер болса, экипаж (экипаж мүшелері) ұшпайды, ал пайдаланушы ұшуды талап етпейді.
      63. Оқу және (немесе) жаттығу ұшуларын орындау кезінде ұшу ауысымының ұзақтығы, ұшу уақыты және қонуға кіру саны бойынша мынадай шектеулер белгіленеді:
      1) ұшу ауысымының ұзақтығы 10 (он) сағаттан аспайды;
      2) ұшу ауысымындағы ұшу уақыты 6 (алты) сағаттан аспайды;
      3) қонуға кіру саны 25-тен (жиырма бестен) аспайды;
      4) сертификатталған ең ауыр ұшу массасы бес мың жеті жүз килограммнан кем емес ұшақтар үшін және сертификатталған ең ауыр ұшу массасына қарамастан тікұшақтар үшін қонуға кіру саны 40-тан (қырықтан) аспайды.
      64. Әскери қимылдар жүргізу жағдайларында, дүлей апаттар мен авариялық жағдайларда экипаждың (экипаж мүшесінің) жұмыс және ұшу уақытының нормаларын уәкілетті орган айқындайды.
      65. Жұмыс уақытын осы Қағидада белгіленген ең көп шектерден тыс ұлғайтуға мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етумен байланысты жұмыстарды жүргізу кезінде, сондай-ақ авариялардың немесе табиғи зілзаланың салдарларын жою кезінде жол беріледі, ол туралы ұшуға арналған тапсырмада уәкілетті тұлғаның қол қоюымен тиісті жазба орындалуға (немесе радиограмма қоса берілуге) тиіс.

3. Әуе кемелері экипаждарының (экипаждар мүшелерінің) авиациялық жұмыстарды орындау кезіндегі жұмыс уақыты мен
демалу режимі

      66. Әуе кемесі тұрақты орналасатын орындардан тысқары жерде авиациялық жұмыстарды орындаумен айналысатын ұшу және техникалық құрам үшін тәулік ішінде 10 (он) сағатқа дейін жұмыс уақытының ұзақтығы белгіленеді. Авиациялық жұмыстарды орындау кезінде барынша жол берілетін жұмыс және ұшу уақытының нормалары осы Қағидаға 4-қосымшада белгіленген.
      67. Пайдаланушы дәрігерлік-ұшу сараптық комиссиясымен келісім бойынша жұмыс уақытының ұзақтығы тәулік үшін 12 сағатқа дейін белгілеуі мүмкін, бұл ретте жұмыс күндерінің арасындағы түскі ас ішу үзілісімен бірге демалу ұзақтығының демалыс алдындағы жұмыс күніндегі жұмыс уақытының екі есе ұзақтығынан кем емес демалу ұзақтығы сақталуға тиіс.
      68. Ұшу алдындағы және ұшудан кейінгі демалудың ең аз ұзақтығы әрбір демалу кезеңі бойынша кемінде 12 (он екі) сағатты құрауға тиіс. Күнделікті ұшуларды орындау кезінде ұшудан кейінгі демалу ұшу алдындағы демалу болып табылады және 12 (он екі) сағаттан кем болмауға тиіс.
      69. Қауіптілігі жоғары химиялық заттармен жұмыс істеу кезінде осы Қағидаға 3-қосымшада көрсетілген ұшу уақыты 20 (жиырма) пайызға азайтылады.
      70. Қауіптілігі шамалы химиялық заттармен жұмыс істеу кезінде осы Қағидаға 3-қосымшада көрсетілген ұшу уақыты 10 (он) пайызға азайтылады.
      71. Авиациялық жұмыстардың барлық түрлерін орындау кезінде 1 (бір) тәулік, 1 (бір) ай және 1 (бір) жыл ішінде ұшу уақыты нормаларынан асыруға тыйым салынады, мыналардан басқа:
      1) авиациялық-химиялық жұмыстар кезінде, жұмыстарды жұмыс күнінің ішінде аяқтау үшін экипаж мүшелерінің келісімімен әуе кемесінің командиріне төтенше және қауіптілігі жоғары пестицидтермен жұмыс істеу кезінде ұшу уақытының ұзақтығын 30 (отыз) минутқа, ал қалған препараттармен жұмыс істеу кезінде 60 (алпыс) минутқа ұлғайту құқығы беріледі. Бұл ретте жүктеменің ұлғаюы осы Қағиданың 68-тармағының талаптарына сәйкес демалумен өтеледі;
      2) жоғары ендіктегі экспедицияларға қызмет көрсету, теңіз кемелерін алып жүру, мұздарды барлау және алаңдар бойынша аэрофото түсіру жөніндегі үшуларды орындау кезінде тәулік ішіндегі ұшу уақыты осы Қағидаға 3-қосымшада белгіленген нормалардан тыс ұлғайтылуы мүмкін және осы Қағиданың 46-тармағының талаптарына сәйкес демалумен өтелуге тиіс;
      3) сертификатталған ең ауыр ұшу массасы 5700 (бес мың жеті жүз) кем ұшақтар мен барлық үлгідегі тікұшактардың экипаждары үшін жұмыс уақытын 12 (он екі) сағатқа дейін ұлғайтумен 10 (он) сағатқа дейін;
      4) сертификатталған ең ауыр ұшу массасы 5700 (бес мың жеті жүз) және одан да көп ұшақтардың экипаждары үшін 13 сағат 30 минутқа дейінгі жұмыс уақытының ұзақтығымен 11 (он бір) сағатқа дейін.
      1 (бір) тәулік ішіндегі ұшу уақытын белгіленген нормалардан тыс 1 (бір) жылдың ішінде 3 (үш) айдан аспайтын мерзімге ұлғайтуға жол беріледі. Жұмыстардың көрсетілген түрлері кезінде 1 (бір) ай және 1 (бір) жыл ішінде ұшу уақытының нормаларын ұлғайтуға тыйым салынады.
      72. Еңбекті ұйымдастырудың вахталық әдісі кезінде әуе кемесінің экипаждары жұмысының ұзақтығы барлық экипаж мүшелерінің пікірлері және денсаулық жағдайлары ескерілгенде және жұмыс уақыты мен демалу уақыты нормалары сақталған кезде 28-31 (жиырма сегіз — отыз бір) күнтізбелік күн ішінде 15 (он бес) күннен аспауға тиіс.
      73. Ағаштарды сыртқы аспамен тасып шығару және ток жүретін өткізгіштердің оралымын жазу кезінде тәулік ішіндегі ұшу уақытының нормасы 5 (бес) сағаттан аспауға тиіс. Бір ұшудың ұзақтығы рейстердің санына қарамастан 60 (алпыс) минуттан аспауға тиіс. Ұшудың арасында демалу үшін 10 (он) минутқа дейін үзілістер белгіленуге тиіс.
      74. Теңіз айдындарын аэрогравиметриялық түсіруді орындау кезінде, гравиметриялық нүктенің үстінде ілініп тұрып түсіру учаскесінде тікелей түсіруді орындау кезінде тікұшақтармен ұшу ұзақтығы 90 (тоқсан) минуттан аспауға тиіс. Гравиметриялық нүктенің үстіндегі ілінулердің саны 11 (он бірден) аспауға тиіс, бұл ретте 6 (алты) ілінуді орындағаннан кейін экипаж түсіруді тоқтатуға және 10 (он) минуттың ішінде 100 (жүз) метрден кем емес биіктікте көлденең ұшуды орындауға, содан соң түсіруді жалғастыруға тиіс.
      75. Авиациялық-химиялық жұмыстарда ұшақтармен және тікұшақтармен ұшулар сериясын орындау кезінде 10-12 (он - он екі) қонудан кейін (немесе жұмыстың әрбір 90 (тоқсан) минуты сайын) экипаждардың демалуы үшін 15 (он бес) минутқа дейін үзілістер белгілеу қажет, олар жұмыс уақыты ретінде ескеріледі, ал ұшу уақытының 3 (үш) сағатынан немесе 25-30 (жиырма бес -отыз) қонудан кейін - демалуға арналған үзілістің ұзақтығы 1 (бір) сағаттан кем болмауға тиіс, ол тамақтануға арналған үзіліспен үйлестірілуі мүмкін және жұмыс уақыты деп саналмайды.
      76. Ультра шағын мөлшердегі бүркуді және бір гектарға 10 (он) килограммға (литрге) дейінгі препарат жұмсау нормасымен басқа да жұмыстарды орындау кезінде ұшудың ұзақтығы 90 (тоқсан) минуттан аспауға тиіс.
      77. Тәулік ішінде бір қауіптілік сыныбындағы препараттармен жұмыс істеу бойынша жұмыстың толық еместігі кезінде ұшу құрамына жалпы ұшу уақытының әр түрлі қауіптілік сыныбындағы препараттармен жұмыс істеу кезінде белгіленген ұшу уақыты нормаларынан аспауы шартымен әр түрлі қауіптілік сыныбындағы препараттармен жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
      78. Аралас препараттармен жұмыс істеу кезінде тәулік ішіндегі ұшу уақытының нормасы неғұрлым жоғары қауіптілік сыныбындағы препарат бойынша айқындалады.
      79. Ұшақтар мен тікұшақтарда бір ұшудағы кері айналымдардың саны 20 (жиырма) аспауға тиіс, бұл ретте ұшулардың арасындағы демалу уақыты 15 (он бес) минуттан кем болмауға тиіс.
      80. Авиациялық жұмыстарда ұшу және техникалық құрам үшін бөліктерге бөлінген жұмыс күні белгіленуі мүмкін - арасында кемінде 2 (екі) сағат үзіліс кезінде ертеңгілік жұмыс және кешкі жұмыс. Ертеңгі және кешкі жұмыстың арасындағы үзіліс жұмыс уақытына қосылмайды.
      Бұл жағдайда жұмыс уақытының жиынтық ұзақтығы 10 (он) сағаттан аспауға тиіс.
      81. Техникалық құрамның жұмыс уақытына:
      1) техникалық қызмет көрсету уақыты;
      2) әуеайлақта әуе кемесін күту уақыты;
      3) жылдың суық кезеңінде жылыну үшін регламенттелген үзілістер уақыты;
      4) басқа орналасу орнына ұшып бару уақыты;
      5) техникалық оқу, талқылау, медициналық тексерулерден өту уақыты қосылмайды.
      82. Ұшу және техникалық құрамның жедел нүктеде ауысуы бір жарым айдан аспайтын уақытта жүргізіледі, бұл ретте экипажға әрбір жұмыс істеген 2 (екі) апта үшін 1 (бір) тәулік есебінен ақы төленетін қосымша демалыс беріледі.
      83. Ауаны баптау және сүзу жүйесімен жабдықталмаған әуе кемесінде төтенше және қауіптілігі жоғары пестицидтермен (қауіптіліктің 1-2 сыныбы) ұшуды орындауға тыйым салынады.

Қазақстан Республикасының
азаматтық және эксперименттік
авиациясы әуе кемелерінің экипаж
мүшелерінің жұмыс уақыты мен
демалысын ұйымдастыру қағидасына
1-қосымша

Экипаждың құрамына қарай экипаждың
(экипаж  мүшесінің) жұмыс уақытының
ең көп ұзақтығы

Уақыт кезеңі/Экипаждың құрамы

Бір экипаж

Күшейтілген экипаж

Қос экипаж

Тәулік

13 сағат

15 сағат

17 сағат

Апта

60 сағат

60 сағат

60 сағат

Ай

190 сағат

190 сағат

190 сағат

 Қазақстан Республикасының
азаматтық және эксперименттік
авиациясы әуе кемелерінің экипаж
мүшелерінің жұмыс уақыты мен
демалысын ұйымдастыру қағидасына
2-қосымша

Экипаждың (экипаж мүшесінің) бір  айдағы және бір жылдағы
жұмыс уақытының ең көп ұзақтығы

Әуе кемелерінің түрлері

Ұшу уақыты, сағат

28 күн

12 ай

Ұшақтар үшін

100

800

Тікұшақтар үшін

90

800

Қазақстан Республикасының
азаматтық және эксперименттік
авиациясы әуе кемелерінің экипаж
мүшелерінің жұмыс уақыты мен
демалысын ұйымдастыру  қағидасына
3-қосымша

Авиациялық жұмыстарды орындау кезінде 2 адамнан тұратын ұшу экипажы үшін ең ұзақ үздіксіз ұшу уақыты 

Ұшуға келу уақыты

Ең ұзақ үздіксіз ұшу уақыты

07:00-13:59

10

14:00-17:59

9

18:00-06:59

8

Қазақстан Республикасының
азаматтық және эксперименттік
авиациясы әуе кемелерінің экипаж
мүшелерінің жұмыс уақыты мен
демалысын ұйымдастыру  қағидасына
      4-қосымша

Авиациялық жұмыстарды орындау кезінде жұмыс және ұшу уақытының жол берілетін ең көп нормалары (сағат)

Әуе кемесінің түрі

Жұмыс уақыты

Ұшу уақыты


тәулік

ай

жыл

тәулік

ай

жыл

1 ұшқышы бар ұшақты пайдаланып

10

50

860

6

55

550

2 ұшқышы бар ұшақты пайдаланып

10

150

860

8

65

650

1 ұшқышы бар тікұштақты пайдаланып

10

150

860

6

55

550

2 ұшқышы бар тікұшақты пайдаланып бортоператорлары үшін

10

150

860

7

65

650