Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
1) «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 47-48, 444-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесінде:
1-тармақ «тәртібін» деген сөздің алдынан «не Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған, медициналық техниканы кейіннен денсаулық сақтау ұйымдарына қаржылық лизинг шарттарында беру үшін сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қызметінің негізгі мәні болып табылатын ұйым қаражатының есебінен денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық техниканы қаржылық лизинг шарттарында сатып алуы» деген сөздермен толықтырылсын;
2-тармақта:
5) тармақша «немесе осы Ережеде белгіленген тәртіппен және тәсілдермен дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды бірыңғай дистрибьютордың сатып алуы» деген сөздерден кейін «не Қазақстан Республикасының қаржылық лизинг туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен медициналық техниканы қаржылық лизинг шарттарында сатып алу» деген сөздермен толықтырылсын;
12) тармақша «жасасқан» деген сөзден кейін «не Қазақстан Республикасының қаржылық лизинг туралы заңнамалық актілеріне сәйкес қаржылық лизинг шартын жасасқан» деген сөздермен толықтырылсын;
7-тармақта:
3) тармақшадағы «сатып алу тәсілдерімен жүзеге асырылуы мүмкін.» деген сөздер «сатып алу;» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 4) тармақшамен толықтырылсын:
«4) мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының қаржылық лизинг туралы заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен, денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық техниканы қаржылық лизинг шарттарымен сатып алуы тәсілдерімен жүзеге асырылуы мүмкін.»;
8-тармақ «осы ереженің» деген сөздерден кейін «7-тармағының 4) тармақшасында көзделген тәсілді қоспағанда,» деген сөздермен толықтырылсын;
78-тармақтың 1) тармақшасының алтыншы абзацы алынып тасталсын;
2) «Денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражатының есебінен өтеу ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 7 желтоқсандағы № 2030 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 57, 495-құжат):
көрсетілген қаулымен бекітілген Денсаулық сақтау ұйымдарының шығындарын бюджет қаражаты есебінен өтеу ережесінде:
3-тармақ «шығыстарды» деген сөзден кейін «(денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын денсаулық сақтау ұйымдарының (бұдан әрі - пилоттық ұйымдар) қаржылық лизинг шартымен медициналық техниканы сатып алу шығыстарынан басқа)» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы 22-тармақпен толықтырылсын:
«22. Стационарлық медициналық көмек көрсететін пилоттық ұйымдар үшін лизинг төлемдерінің шығыстарын өтеуге арналған қаржыландыру көлемі осы Ережеге 8-қосымшаға сәйкес формула бойынша айқындалады.
Пилоттық ұйымдарға лизинг төлемдерін өтеуді медициналық қызметке ақы төлеу жөніндегі мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері республикалық бюджетте көзделген бюджет қаражатын пилоттық ұйымдардың шотына шарт негізінде аудару жолымен жүзеге асырады. Лизинг төлемдерін өтеуге бағытталған бюджет қаражаты Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған, медициналық техниканы кейіннен денсаулық сақтау ұйымдарына қаржылық лизинг шарттарында беру үшін сатып алу қызметінің негізгі мәні болып табылатын ұйыммен жасалған қаржылық лизинг шартының шеңберінде ғана пайдаланылады.
Лизинг төлемдерін өтеуге қаражат жеткіліксіз болған жағдайда пилоттық ұйымдар лизинг төлемдерін ақылы қызметтер көрсетуден алынған қаражат есебінен өтейді.»;
көрсетілген Ережеге 5-қосымшада:
тоғызыншы абзац «біліктілігін арттыруға» деген сөздерден кейін «және қайта даярлауға» деген сөздермен және «стационарды орналастыру үшін үй-жайды жалға алу,» деген сөздерден кейін «қаржылық лизинг шартымен медициналық техниканы сатып алуға арналған шығыстар,» деген сөздермен толықтырылсын;
көрсетілген Ережеге 7-қосымшада:
сегізінші абзацтағы «біліктілігін арттыруға» деген сөздерден кейін «және қайта даярлауға» деген сөздермен толықтырылсын;
осы қаулыға қосымшаға сәйкес 8-қосымшамен толықтырылсын.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2011 жылғы 7 сәуірдегі
№ 392 қаулысына
қосымша
Денсаулық сақтау
ұйымдарының шығындарын
бюджет қаражаты есебінен
өтеу ережесіне
8-қосымша
Пилоттық денсаулық сақтау ұйымдары үшін лизинг төлемдерінің шығыстарын өтеуге арналған қаржыландыру көлемін анықтау формуласы
ЛТ шығыстары = К стац.нақт.қараж. Х ЛТ жыл/К стац.жоспар.қараж.
мұнда:
ЛТ жыл - қаржылық лизинг шартына сәйкес стационарлық медициналық көмек көрсететін пилоттық денсаулық сақтау ұйымдарының лизинг төлемдерін өтеуге арналған шығыстарының жылдық сомасы;
К стац.нақт.қараж. - медициналық техниканы лизинг шарттарында сатып алуға қатысатын пилоттық денсаулық сақтау ұйымы қаржылық лизинг шарттарында сатып алған медициналық техникамен стационарлық көмек көрсетуден іс жүзінде алынған қаражат сомасы;
К стац.жоспар.қараж. - медициналық техниканы лизинг шарттарында сатып алуға қатысатын пилоттық денсаулық сақтау ұйымы қаржылық лизинг шарттарында сатып алған медициналық техникамен стационарлық көмек көрсетуден алуға жоспарланатын қаражат сомасы;
ЛТ - лизинг төлемі.