Ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 20 қыркүйектегі № 964 Қаулысы

Қолданыстағы

      «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 16-бабы 55) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ұйымдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесі бекітілсін.
      2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
      1) «Ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 наурыздағы № 367 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 16, 135-құжат);
      2) «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 20 наурыздағы № 367 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 3 қыркүйектегі № 1298 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 37, 360-құжат).
      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                   К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің      
2010 жылғы 20 қыркүйектегі
№ 964 қаулысымен  
бекітілген     

Ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесі

      1. Осы Ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды есептеуінің бірыңғай әдістемесі (бұдан әрі - Бірыңғай әдістеме) Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» 2010 жылғы 24 маусымдағы, «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі, «Концессиялар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі заңдарына, «Ұйымдар мен мемлекеттік органдар сатып алатын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 27 қаңтардағы № 733 Жарлығына сәйкес әзірленді.
      2. Бірыңғай әдістеме:
      1) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының  Заңына сәйкес тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың, мемлекеттік мекемелердің, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындардың, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың;
      2) ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, олардың еншілес және аффилиирленген компанияларының, мемлекет қатысатын өзге де заңды тұлғалардың;
      3) жер қойнауын пайдаланушылардың және (немесе) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға уәкілеттік берген тұлғалардың;
      4) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбеге сәйкес тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуы қазақстандық қамтудың мониторингіне жататын ұйымдардың;
      5) концессионерлердің тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды есептеуіне арналған.
      3. Тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтуды есептеу мынадай мақсаттарда жүргізіледі:
      1) қазақстандық қамту бөлігінде сатып алу бойынша міндеттемелердің сақталу мониторингі және оны бақылау;
      2) тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізудегі отандық кәсіпорындардың тартылу дәрежесін айқындау;
      3) отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілік деңгейін бағалау.
      4. Тауарларды жеткізуге арналған шарттағы қазақстандық қамтуды (ҚҚт) есептеу мынадай формула бойынша жүргізіледі:

                    n
      ҚҚт = 100% х (Е ТҚi х Қi)/S,
                    i=1
      мұндағы:
      n - тікелей де, қосалқы мердігерлік шарттарды жасасу арқылы да сатып алу туралы шартты орындау мақсатында жеткізуші сатып алған тауарлардың жалпы саны;
      і - тауардың реттік нөмірі;
      ТҚі - і-тауардың құны;
      Қі - «СТ-КZ» сертификатында көрсетілген тауардағы қазақстандық қамтудың үлесі;
      Қi = 0, «СТ-КZ» сертификаты болмаған жағдайда;
      S - тауарларды сатып алу туралы шарттың жалпы құны.
      5. Жұмыстарды (қызметтерді) жеткізуге арналған шарттағы қазақстандық қамтуды (ҚҚж/қ) есептеу мынадай формула бойынша жүргізіледі:

                  n                m
      ҚҚж/қ=100%х[Е ТҚi x Қi + Е (ШҚj - ЖҚj - ШЖҚj)x Rj]/S,
                 i=1               j=1

      мұндағы:
      n - жұмыстарды (қызметтерді) сатып алу шартын орындау мақсатында жеткізуші және қосалқы мердігерлер сатып алатын тауарлардың жалпы саны;
      i - сатып алынатын тауардың реттік нөмірі;
      ТҚі - i-тауардың құны;
      Қі - «СТ-КZ» сертификатында көрсетілген тауардағы қазақстандық қамтудың үлесі;
      Қі = 0, «СТ-КZ» сертификаты болмаған жағдайда;
      m - тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы шартты, мердігерлер мен қосалқы мердігерлер және т.б. арасындағы шарттарды қоса алғанда, жұмысты (қызметті) жеткізу мақсатында жасалған шарттардың жалпы саны;
      j - шарттың реттік нөмірі;
      ШҚj -j-шартының құны;
      ЖҚj -j-шарты шеңберінде мердігер немесе қосалқы мердігер сатып алған тауарлардың жиынтық құны;
      ШЖҚj - j-шартын орындау шеңберінде жасалған қосалқы мердігерлік шарттардың жиынтық құны;
      Rj - j-шартын орындайтын жеткізушінің немесе қосалқы мердігердің қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жалпы қорындағы қазақстандық кадрларға еңбекақы төлеу қорының үлесі;
      S - жұмысты (қызметті) сатып алу туралы шарттың жалпы құны.
      6. Есепті кезеңде тапсырыс берушінің сатып алуындағы қазақстандық қамтуды (ҚҚ) есептеу мынадай формула бойынша жүргізіледі:

            n
      ҚҚ = (Е ҚҚi x ШҚi)/S,
            i=1

      мұндағы:
      n - тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізушілермен жасалған шарттардың жалпы саны;
      і - шарттың реттік нөмірі;
      ШҚіжеткізушілермен тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу туралы жасалған і-шарттың құны;
      ҚҚі - сатып алу туралы і-шарт бойынша тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізушінің қазақстандық қамтуы;
      S - тапсырыс беруші есепті кезеңде сатып алған тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің жалпы құны.