Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы № 492 қаулысына толықтырулар мен өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 қыркүйектегі № 889 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттарын сынау саласындағы мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 28 мамырдағы № 492 қаулысына мынадай толықтырулар мен өзгеріс енгізілсін:
      тақырыбы және 1-тармақ «қызмет түрлерін көрсету» деген сөздерден кейін «және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізуден түскен ақша қаражатын жұмсау» деген сөздермен толықтырылсын;
      көрсетілген қаулымен бекітілген Ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттарын сынау саласындағы мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету ережесінде:
      тақырыбы және 1-тармақ «қызмет түрлерін көрсету» деген сөздерден кейін «және олардың тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) сатудан түскен ақша қаражатын жұмсау» деген сөздермен толықтырылсын;
      12-тармақта «пайдалануы» деген сөз «жұмсауы» деген сөзбен ауыстырылсын;
      мынадай мазмұндағы 14-тармақпен толықтырылсын:
      «14. Мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметті) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсетуден алған қаражаты:
      1) мемлекеттік мекемелердің сорттарды сынау станциялары мен учаскелерінде ауыл шаруашылығы жұмыстарын және зертханалық зерттеулерді жүргізуге;
      2) мемлекеттік мекемелердің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру үшін ауыл шаруашылығы техникасын, ауыл шаруашылығы, зертханалық құрал-жабдықтарды және тетіктерді сатып алуға;
      3) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттарын сынау саласындағы ғылыми зерттеулерді жүргізуге;
      4) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттарын сынау саласында ауыл шаруашылығы және зертханалық жұмыстар жүргізу үшін мемлекеттік мекемелер тартатын штаттан тыс маусымдық мамандар мен жұмысшылардың қызметтеріне, еңбегіне ақы төлеуге;
      5) тауарлы материалдық құндылықтарды: жанар-жағармайды, ауыл шаруашылығы өсімдіктері сорттарының тұқымдары мен көшеттерді, минералдық тыңайтқыштарды, пестицидтерді, химиялық реактивтерді, қосалқы бөлшектерді, байланыс құралдарын, метеорологиялық деректерді, еңбекті қорғауды, өрт қауіпсіздігі мен гигиенаны қамтамасыз ету үшін арнайы қорғану құралдарын, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің ағымдағы сорттарды сынау мақсаттары үшін басқа да заттар мен материалдарды сатып алуға;
      6) көлік, пошта және байланыстың басқа да түрлерінің қызметіне, коммуналдық қызметке, әкімшілік және қойма үй-жайларын жалға алу, топырақты агрохимиялық зерттеу және мелиорациялық іс-шараларды жүргізу жөніндегі, көлік құралдарын техникалық байқау және міндетті сақтандыру, мемлекеттік мекемелердің өлшеу және мамандандырылған жабдықтарын тексеру жөніндегі қызметтерге ақы төлеуге;
      7) мемлекеттік мекемелердің сорттық тектік қоры жөніндегі материалдарды толықтыру үшін баспа басылымдарын, ғылыми, әдістемелік және арнайы әдебиеттерді сатып алуға;
      8) мемлекеттік мекемелердің ғылыми, әдістемелік материалдарын және ресми бюллетендерін шығаруға;
      9) мемлекеттік мекемелердің мамандарын даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға;
      10) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттарын сынау саласындағы нәтижелердің деректерін автоматты өңдеуді арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға және енгізуге;
      11) мемлекеттік мекемелер үшін шетелдік хат-хабарлар мен ғылыми құжаттамалар аудармашыларының қызмет көрсетуін сатып алуға;
      12) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің едәуір перспективалық және бағалы сорттарын жарнамалау мен насихаттау жөніндегі бұқаралық іс-шараларды өткізуге (егіс күні, семинарлар, көрмелер, саяхаттар мен тұсаукесерлер);
      13) мемлекеттік мекемелердің жұмыс істеуіне байланысты ғимараттарды, құрылыстарды және өзге де объектілерді жөндеуге;
      14) мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің іссапар, оның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге іссапар шығыстарына;
      15) мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін еңбек көрсеткіштері үшін көтермелеуге жұмсалады.».
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                              К. Мәсімов