Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 14 шілдедегі № 716 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 4 маусымдағы № 375 қаулысымен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.06.2020 № 375 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, № 47-48, 444-құжат) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммундық-биологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу ережесінде:

      7-тармақтың 2) тармақшасының үшінші абзацындағы "тәсілдермен жүзеге асырылуы мүмкін" деген сөздер алынып тасталып, мынадай мазмұндағы төртінші абзацпен толықтырылсын:

      "инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу, төтенше жағдайларды болдырмау және олардың салдарын жою үшін дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі тәсілдерімен жүзеге асырылуы мүмкін.";

      мынадай мазмұндағы 8-2-тармақпен толықтырылсын:

      "8-2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету бойынша дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуға қатысу үшін әлеуетті өнім берушіге қойылатын осы Ереженің 8-тармағында, 7) тармақшасын қоспағанда, 8-1, 10-тармақтарында көзделген талаптар инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу, төтенше жағдайларды болдырмау және олардың салдарын жою үшін дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібіне қолданылмайды.";

      12-тармақта:

      1) тармақша "дәрілік заттар, профилактикалық" деген сөздердің алдынан "Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды осы Ереженің 11-1-тарауында айқындалған ерекше тәртіппен сатып алу жағдайларын қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      5) тармақша "медициналық" деген сөздің алдынан "Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды осы Ереженің 11-1-тарауында айқындалған ерекше тәртіппен сатып алу жағдайларын қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      6) тармақша "биосимилярлардың" деген сөздің алдынан "Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды осы Ереженің 11-1-тарауында айқындалған ерекше тәртіппен сатып алу жағдайларын қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      82-тармақ "бірыңғай дистрибьюторға жолдайды," деген сөздерден кейін "осы Ереженің 11-1-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда," деген сөздермен толықтырылсын;

      3-бөлім мынадай мазмұндағы 11-1-тараумен толықтырылсын:

      "11-1-тарау. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу, төтенше жағдайларды болдырмау және олардың салдарын жою үшін дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алуды жүзеге асырудың ерекше тәртібі

      133-1. Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алудың ерекше тәртібін бірыңғай дистрибьютор:

      1) инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу қажет болған;

      2) төтенше жағдайларды болдырмау және олардың салдарын жою қажет болған жағдайларда жүзеге асырады.

      133-2. Сатып алудың ерекше тәртібі Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар (келісімдер), сондай-ақ оларды іске асыру үшін қол қойылған халықаралық шарттар негізінде қолданылады.

      133-3. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу, төтенше жағдайларды болдырмау және олардың салдарын жою үшін дәрілік заттармен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен уақтылы қамтамасыз ету және ерекше тәртіппен сатып алуды жүзеге асыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган:

      1) сатып алынуға тиіс дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың тізбесін (тізімін) және санын;

      2) кедендік тазарту бойынша шығыстарды қоса алғанда, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың болжамды құнын (бағасын);

      3) қаржыландыру көзін айқындайды.

      133-4. Әлеуетті өнім беруші ретінде ерекше тәртіппен сатып алуға қатысу үшін Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар (келісімдер), сондай-ақ оларды іске асыру үшін қол қойылған халықаралық шарттар негізінде шетелдік және халықаралық коммерциялық емес ұйымдарға рұқсат беріледі.

      133-5. Ерекше тәртіппен сатып алуды жүзеге асыру кезінде бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушіден:

      1) дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасы бойынша ұсынысты;

      2) Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың Қазақстан Республикасында тіркелгенін және олардың осы Ереженің 12-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды сұрайды.

      133-6. Ерекше тәртіппен жүзеге асырылған Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу туралы шартты (келісімді) осы тараудың талаптарын есепке ала отырып, бірыңғай дистрибьютор жасайды.

      133-7. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарт шеңберінде жасалған шарттарда (келісімдерде) шарт сомасының 100 пайызы мөлшеріндегі аванстық (алдын ала) төлемге жол беріледі.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов