2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 110-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының қала маңы аймағының шекаралары осы қаулының қосымшасына сәйкес белгіленсін.
2. Қоса беріліп отырған Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласының қала маңы аймағына енгізілген жерлерді пайдалану ережесі мен режимі бекітілсін.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 4 маусымдағы
№ 509 қаулысымен
бекітілген
Петропавл қаласының кала маңы аймағына енгізілген жерлерді
пайдалану ережесі мен режимі
1. Осы Петропавл қаласының қала маңы аймағына енгізілген жерлерді пайдалану осы ережесі мен режимі Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 110-бабына сәйкес әзірленді.
2. Петропавл қаласының қала маңы аймағына енгізілген елді мекендердің жерлері осы кенттер, ауылдар, селолар мен басқа да тұрғылықты жерлердің (бұдан әрі - елді мекендер) бас жоспарлары, олардың аумақтарын жер-шаруашылық қондырғысы мен аймақтарға бөлу схемасы негізінде пайдаланылады.
3. Қала маңы аймағына енгізілген жер-шаруашылық орналастыру қондырғыларының, елді мекендерді жоспарлау және салу жобаларының Петропавл қаласының бас жоспарына сәйкестігін анықтау үшін тиісті ауылдық (селолық) округ әкімі оларды Петропавл қаласының жергілікті атқарушы органына келісуге ұсынады.
Петропавл қаласының жергілікті атқарушы органы үш ай мерзімде жобаны тиісті сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау органдарының, санитарлық-эпидемиологиялық және басқа да қызметтердің қарауын қамтамасыз етеді әрі олардың қорытындылары негізінде ұсынылған жобаларды келісу туралы шешім қабылдайды.
Жобалар бас жоспарға сәйкес келмеген жағдайда Петропавл қаласының жергілікті атқарушы органы аумақтары қала маңы аймағына енгізілген тиісті аудандардың жергілікті атқарушы органдарының алдына оларды бас жоспарға сәйкес келтіру үшін жобаларды түзету туралы өтініш білдіреді.
4. Қала маңы аймағы елді мекендерінің түзетілген жобалары аудандық (қалалық) өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімімен белгіленеді және өзгертіледі.
5. Петропавл қаласының қала маңы аймағына енгізілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер белгіленген тәртіппен ауыл шаруашылығы мақсаты үшін пайдаланылады. Қала маңындағы ауыл шаруашылығы өндірісін қарқынды дамыту аймағына енгізілген жерлерді ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшін алып қоюды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден басқа түріне ауыстыруды аумақтары қала маңы аймағына енгізілген аудандық және облыстық жергілікті атқарушы органдар өздерінің құзыретіне сәйкес жер заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
6. Ормандар, орман парктері және басқа да орман екпелері алып жатқан жасыл аймақтардың жерлері қорғаныш және санитарлық-гигиеналық функцияларды атқарады және орман қоры жерлеріне жатады. Жасыл аймақтар жерлері рекреациялық мақсаттарда пайдаланылады. Бұл жерлерде жасыл аймақтарды қорғау, санитарлық-гигиеналық функциялармен және халықтың демалысын ұйымдастыру мақсаттарына сай келмейтін құрылыстар мен ғимараттарды салуға жол берілмейді.
7. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағына енгізілген жерлер Петропавл қаласын дамытуға, инженерлік және көліктік инфрақұрылымдардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті құрылыстарды орналастыруға және салуға арналған резервтік аумақтар болып табылады. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында құрылыс салу Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы органдарымен келісілген, көрсетілген аймақта орналасқан елді мекендердің бас жоспарына сәйкес іске асырылады.
8. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында орналастыру көзделген, қаланың сәулетіне және экологиясына әсер ететін, оларға елді мекендердің шегінен тыс жерден жер учаскелері көзделген объектілер бойынша, Петропавл қаласының жергілікті атқарушы органы және аумақтары қала маңы аймағына енгізілген аудандардың жергілікті атқарушы органдары осы объектілерді орналастыру үшін жер учаскелерін таңдау жөніндегі арнайы комиссия құрады.
9. Көрсетілген комиссияның құрамына Петропавл қаласының және аумақтары қала маңы аймағына енгізілген аудандардың жергілікті атқарушы органдарының және тиісті сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары жөніндегі, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарының, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
10. Қала құрылысын ерекше реттеу аймағында жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін меншікке немесе жер пайдалануға беруді немесе олардың нысаналы мақсатын өзгертуді жергілікті атқарушы органдар өздерінің құзыреті шегінде, Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 4 маусымдағы
№ 509 қаулысына
қосымша
Петропавл қаласының қала маңы аймағының шекаралары
Солтүстік шекарасы
Қала маңы аймағына енгізілген Қызылжар ауданы Якорь, Рощин, Светлопол (бөлігі) және Асанов ауылдық округтерінің шекараларымен қатар орналасқан және тиісінше Қызылжар ауданының Лесной, Соколовка, Березовка және Светлопол ауылдық округімен шекаралас жатыр.
Шығыс шекарасы
Қала маңы аймағына енгізілген Қызылжар ауданының Асанов және Прибрежный селолық округтерінің шекараларымен қатар орналасқан және тиісінше Қызылжар ауданының Светлопол ауылдық округінің, Аққайың ауданының Тоқыш және Григорьев ауылдық округтері жерлерімен шекара бойымен өтіп жатыр.
Оңтүстік шекарасы
Қала маңы аймағына енгізілген Қызылжар ауданы Қызылжар және Прибрежный селолық округтерінің шекараларымен қатар орналасқан және тиісінше Қызылжар ауданының Рассвет ауылдық округінің, Аққайың ауданының Григорьев, Астрахан және Лесной селолық округтері жерлерімен шекара бойымен өтіп жатыр.
Батыс шекарасы
Қала маңы аймағына енгізілген Қызылжар ауданының Қызылжар, Архангел, Петерфельд және Якорь ауылдық округтерінің шекараларымен қатар орналасқан және тиісінше Қызылжар ауданының Куйбышев селолық округінің, Мамлют ауданының Пригород және Краснознамен селолық округтері жерлерімен шекара бойымен өтіп жатыр.