"Қазақстандық индустрияны дамыту институты" акционерлік қоғамын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 3 маусымдағы № 508 Қаулысы.

Жаңартылған

      Индустриялық дамудың мемлекеттік саясатын ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Қазақстандық индустрияны дамыту институты" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - Қоғам) құрылсын.

      2. Мыналар Қоғам қызметінің негізгі нысанасы болып айқындалсын:

      1) өңірлерді индустриялық-инновациялық дамытуды, салалық және интеграциялық аспектілерді қоса алғанда, экономиканың басым секторларын дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсету;

      2) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға басым тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бiрыңғай картасын әзiрлеу мен өзектілендіру бойынша қызметтер көрсету;

      3) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға индустрияландыру картасын сүйемелдеу бойынша қызметтер көрсету;

      4) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бойынша қызметтер көрсету;

      5) аумақтық кластерлерді дамытуда мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бойынша қызметтер көрсету;

      6) аумақтық кластерлерді дамыту процестерін сүйемелдеу бойынша қызметтер көрсету;

      7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы өнеркәсіптік даму саласындағы консультативтік-кеңесші органның қызметін талдамалық және сараптамалық қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсету;

      8) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша мемлекеттік органдар мен заңды тұлғалардан алынған статистикалық ақпарат пен деректерге талдау жүргізуді, сондай-ақ ұсыныстар мен сараптамалық қорытындылар әзірлеуді көздейтін индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды басқару бойынша қызметтер көрсету;

      9) технологиялық болжау процесіне қатысу;

      10) инновацияларды дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсету;

      11) технологиялар трансфертінің халықаралық орталықтарын құруға, басқаруға және үйлестіруге қатысу;

      12) экономиканың басым секторларын технологиялық дамытуды ынталандыру үшін ақпараттық, білім беру және қаржы ресурстарын тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату;

      13) іске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалар, енгізілген технологиялар, технологиялық болжау бойынша жүргізілген талдамалық зерттеулердің нәтижелері туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету;

      14) технологиялар трансферті, индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің кадрлық, басқарушылық және өндірістік әлеуетін күшейту бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін іске асыруға қатысу;

      15) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға сараптамалық қорытындылар және (немесе) ұсынымдар беру;

      16) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға инновациялық гранттар беру бойынша қызметтер көрсету;

      17) технологиялық даму саласындағы ақпаратты жинауды жүзеге асыру және индустриялық-инновациялық жүйенің тиімділігін талдау;

      18) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқорын қалыптастыру және жүргiзу;

      19) жергiлiктi қамтуды дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсету;

      20) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға iшкi нарықта отандық тауар өндірушілерді, жұмыстарды орындаушылар мен қызмет көрсетушілерді мемлекеттiк қолдау шараларының iске асырылу тиiмдiлiгiн талдау бойынша қызметтер көрсету;

      21) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң тауарларын, жұмыстары мен көрсетiлетiн қызметтерiн iшкi нарықта ілгерілету бойынша шығындарының бiр бөлiгiн өтеу бойынша қызметтер көрсету;

      22) жергiлiктi қамту бойынша сараптаманы жүзеге асыру;

      23) субконтрактация орталығы шеңберінде қызмет көрсету;

      24) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға iшкi нарықтағы индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiн сервистік қолдау бойынша, оның ішінде жергілікті қамтуды дамытуға және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстарды және көрсетiлетiн қызметтерді сатып алуға арналған ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу бойынша қызметтер көрсету;

      25) ұйымдар мен мемлекеттік органдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы жергілікті қамту үлесін талдау;

      26) жергілікті қамту мәселелері бойынша конференциялар, бизнес-форумдар, тренингтер, тұсаукесерлер, семинарлар, көрмелер және көрме іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу;

      27) сыртқы нарықтарға талдау жүргізу;

      28) әлеуетті экспорттық нарықтарды іздеу және олардың тауарларын, көрсетілетін қызметтерін сыртқы нарыққа ілгерілету мәселелері бойынша отандық экспорттаушыларға ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсету;

      29) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға отандық өңделген тауарларды ілгерілету бойынша индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу бойынша қызметтер көрсету;

      30) транзиттік әлеует пен көлік логистикасын дамытумен қатар, экспортты ілгерілетуді талдау және мониторинг жүргізуге қатысу.

      31) отандық өңделген тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң экспортын ілгерілету жөнінде iс-шаралар жүргiзу;

      32) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларын тіркеу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын қаржыландыру және дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының қатысушыларымен (акционерлерімен), басқарушы компанияларымен, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасасу;

      33) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу;

      34) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының мемлекетке тиесілі жарғылық капиталға қатысу үлестерін (акцияларын) сенімгерлік басқару;

      35) арнайы экономикалық аймақтар қатысушыларының бірыңғай тізілімін жүргізу;

      36) тұлғаның арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы ретінде тіркелгенін куәландыратын куәлікті беру;

      37) индустриялық аймақтардың бірыңғай тізілімін жүргізу;

      38) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумақтарында қызметті жүзеге асыру туралы шарттар талаптарының орындалуын мониторингтеу;

      39) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылым объектілерінің жай-күйін мониторингтеу;

      40) арнайы экономикалық немесе индустриялық аймақтың басқарушы компаниясының даму стратегиясында қаланған нысаналы индикаторларға қол жеткізуін мониторингтеу;

      41) арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту және ілгерілету бойынша қызметтер көрсету, оның ішінде:

      басқару, ішкі бизнес-процестер моделі мен корпоративтік құжаттарды әзірлеу және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына ендіру;

      арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту стратегиясын, арнайы экономикалық аймақтар үшін жобаларды іріктеу өлшемшарттарын әзірлеу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларын қаржыландыруды жоспарлау, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды қаржыландыру жоспарларын әзірлеу (бюджетті жасау және шоғырландыру) бойынша ұсынымдарды (ұсыныстарды) тұжырымдау;

      арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларының қызметкерлерін оқыту;

      арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың маркетингтік стратегиясын әзірлеу бойынша нарыққа талдау жүргізу және арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың басқарушы компанияларына консультация беру;

      нысаналы маркетинг жүргізу;

      жобаларға талдау жүргізу;

      отандық арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды халықаралық нарықта ілгерілетуді қамтамасыз ету;

      арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетті қатысушыларының қызметін ақпараттық қолдап отыруды қамтамасыз ету;

      арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға әлеуетті инвесторларды тартуға жәрдем көрсету;

      42) уәкілетті органның стратегиялық құжаттарының нысаналы индикаторларына қол жеткізуге жәрдем көрсету.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 19.04.2019 № 215; 03.07.2019 № 469 қаулыларымен.

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен 2010 жылға арналған республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен 100 000 000 (бір жүз миллион) теңге мөлшерінде Қоғамның жарғылық капиталын қалыптастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті:

      1) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп, жарғыны бекітуді және оны Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін;

      2) акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне берсін;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      5. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар бекітілсін.

      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Премьер-Министрі

К. Мәсімов


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 3 маусымдағы
№ 508 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж.,№ 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысудың мемлекеттік үлестері республикалық меншікке жатқызылған акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктерінің тізбесінде:

      "Астана қаласы" бөлімі мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-117-жолмен толықтырылсын:

      "21-117. "Қазақстандық индустрияны дамыту институты" АҚ".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулының қосымшасында:

      "Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігіне" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 237-46 жолмен толықтырылсын:

      "237-46. "Қазакстандық индустрияны дамыту институты" АҚ".

      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 19.09.2014 № 995 қаулысымен.
      4. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.08.2015 № 683 қаулысымен.
      5. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2012.03.19 № 340 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.