Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің «Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығы» мемлекеттік мекемесін құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 2 маусымдағы № 503 Қаулысы

Қолданыстағы

      Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты 2006 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Маңғыстау облысы Ақтау қаласының аумағында «Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру» орталығы мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - мемлекеттік мекеме) құрылсын.
      2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бейімдеу қызметтерін көрсету мемлекеттік мекеме қызметінің негізгі мәні болып белгіленсін.
      3. Мемлекеттік мекемені қаржыландыру Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне республикалық бюджетте тиісті қаржы жылына көзделген қаражат есебінен және шегінде жүзеге асырылады деп белгіленсін.
      4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) мемлекеттік мекеменің жарғысын бекітсін және оны әділет органдарына тіркеуді қамтамасыз етсін;
      2) осы қаулыны іске асыру жөніндегі өзге де шараларды қабылдасын.
      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай толықтыру мен өзгеріс енгізілсін:
      1) «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 29 қазандағы № 1132 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 43, 540-құжат):
      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі мынадай мазмұндағы жолмен толықтырылсын:
      «Оралмандарды бейімдеу және кіріктіру орталығы» мемлекеттік мекемесі, Маңғыстау облысы Ақтау қаласы.»;
      2) «Министрліктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердегі адам санын ескере отырып, штат санының лимиттерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 сәуірдегі № 339 қаулысында:
      көрсетілген қаулымен бекітілген министрліктер мен өзге де орталық атқарушы органдардың олардың аумақтық органдарындағы және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелердегі адам санын ескере отырып, штат санының лимиттерінде:
      реттік нөмірі 7-жолдың 3-бағанында «1592» және «21» деген сандар тиісінше «1607» және «36» деген сандармен ауыстырылсын.
      6. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                    К.Мәсімов