Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және оларды өндіруге пайдаланылатын химиялық заттардың заңсыз айналымына, терроризмге және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 25 мамырдағы № 465 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Рим қаласында 2009 жылғы 5 қарашада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және оларды өндіруге пайдаланылатын химиялық заттардың заңсыз айналымына, терроризмге және қылмыстың өзге де түрлеріне қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім бекітілсін.
      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                К. Мәсімов

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының
Үкіметі арасындағы Ұйымдасқан қылмысқа, есірткі құралдарының,
психотроптық заттардың, прекурсорлардың және оларды өндіруге
пайдаланылатын химиялық заттардың заңсыз айналымына,
терроризмге және қылмыстың өзге түрлеріне қарсы күрестегі
ынтымақтастық туралы
келісім       (2016 жылғы 9 ақпанда күшіне енді - Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бюллетені, 2016 ж., № 3, 38-құжат)

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі,
      ұйымдасқан қылмысқа, атап айтқанда, есірткіге, заңсыз көші-қонға, сондай-ақ терроризмге байланысты қылмыстарға қарсы тиімді күресу және оның алдын алу мақсатындағы халықаралық ынтымақтастықтың  зор маңызы бар екеніне сенім білдіре отырып,
      есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың заңсыз айналымының және оларды теріс пайдаланудың, сондай-ақ оларды өндіру үшін пайдаланылатын шикізат пен химиялық заттарды заңсыз сатудың ұлғаюына алаңдаушылық білдіре отырып,
      1961 жылғы 30 наурыздағы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияның, 1961 жылғы Есірткі құралдары туралы бірыңғай конвенцияға түзетулер енгізу туралы 1972 жылғы 25 наурыздағы Хаттаманың, 1971 жылғы 21 ақпандағы Психотроптық заттар туралы БҰҰ конвенциясының, 1988 жылғы 20 желтоқсандағы БҰҰ-ның Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының, 1998 жылғы 12 қаңтардағы Бомбалық терроризмге қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияның, 2000 жылғы 10 қаңтардағы Терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияның, 1997 жылғы 5 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шарттың ережелерін ескере отырып,
      2000 жылғы 13 желтоқсандағы БҰҰ-ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясының мақсаттарына сүйене отырып,
      терроризмге қарсы тиімді күрес жүргізуге өздерінің ниетін растай отырып,
      заңсыз көші-қон үшін пайдаланылатын құжаттарды қолдан жасауға қарсы күрес жөніндегі тиімді шараларды қабылдауға ниеттене отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

1-бап

      Тараптар ұйымдасқан қылмыстың барлық көріністерінің, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және оларды өндіруге қолданылатын химиялық заттардың заңсыз айналымының, терроризмнің және қылмыстың өзге де түрлерінің алдын алуды, жолын кесуді, тергеуді және ашуды қоса алғанда, оларға қарсы күрес саласында осы Келісімнің ережелеріне, Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес ынтымақтасады.
      Бұл Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету және адамдарды беру мәселелерін қозғамайды.

2-бап

      Тараптардың ынтымақтастығы қылмыстың мынадай түрлеріне қарсы күресте қолданылады:
      1988 жылғы 20 желтоқсанда Венада жасалған БҰҰ-ның, Есірткі құралдары мен психотроптық заттардың, заңсыз айналымына қарсы күрес туралы конвенциясының 3-бабының 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құқық бұзушылықтарды білдіретін есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және химиялық заттардың,, сондай-ақ оларды өндіру үшін пайдаланылатын құралдардың және/немесе мен жабдықтардың заңсыз айналымы;
      экономикалық қызмет саласында;
      сыбайлас жемқорлық;
      терроризм;
      заңсыз көші-қонға ықпал ету;
      адам саудасы;
      бағалы қағаздарды, кредиттік карточкаларды, ақшаны қолдан жасау және де қолдан жасалған төлем құралдарын тарату;
      ресми құжаттарды қолдан жасау;
      меншікке қарсы;
      экологиялық;
      атыс қаруының, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың, радиоактивті, ядролық және улы материалдардың, стратегиялық мақсаттағы тауарлар мен технологиялардың, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын жасау үшін пайдаланылатын кез келген материалдардың заңсыз айналымы;
      мәдени құндылықтардың заңсыз айналымы;
      жоғарғы технологиялар саласында.
      Тараптардың келісімі бойынша ынтымақтастық Тараптар ашылуына өзара мүдделі болатын қылмыстың басқа да түрлеріне қолданылуы мүмкін.

3-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаттарын іске асыру үшін Тараптар құзыретті органдарды белгілейді.
      1) Қазақстан тарапынан:
      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті;
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы;
      Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы);
      Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі;
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі;
      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті.
      2) Италия тарапынан:
      Ішкі істер министрлігі - Қоғамдық қауіпсіздік департаменті.
      2. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өздерінің ресми атауларын өзгерткен жағдайда бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы дереу хабардар етеді.
      3. Тараптар дипломатиялық арналар арқылы бір-біріне өз мемлекеттерінің құзыретті органдарының байланыс деректерін хабарлайды.

4-бап

      Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресу мақсатында Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде мынадай нысандарда ынтымақтасады:
      1) Тараптардың бірінің сұрау салуына жауап ретінде немесе өз бастамасы бойынша ұйымдасқан қылмыстың түрлі көріністері мен оларға қарсы күрес туралы жүйелі түрде, толық және жылдам ақпарат алмасу. Өзара мүддені білдіретін, оның ішінде Тараптар мемлекеттерінің әрқайсысындағы ұйымдасқан қылмыстық бірлестіктер мен топтар арасындағы қатынастар туралы жедел ақпарат алмасу;
      2) мамандармен алмасу және арнайы тергеу және жедел әдістерді оқыту жөнінде бірлескен даярлық курстарын өткізу;
      3) ұйымдасқан қылмысқа қарсы күреске қатысы бар нормативтік құқықтық актілермен, ғылыми, кәсіби және оқу басылымдарымен алмасу, сондай-ақ арнайы операцияларда қолданылатын жеке қорғаныс техникасы құралдары туралы ақпарат алмасу;
      4) компьютерлік байланыс желілерін қорғауға қатысты ұдайы өзара тәжірибемен және технологиялармен алмасу;
      5) террористік актілерді болдырмау үшін әуе, теңіз және темір жол көлігінің қауіпсіздігі саласында, сондай-ақ әуежайларда, теңіз порттарында және темір жол станцияларында қауіпсіздік стандарттарын жақсарту мақсатында жүйелі түрде тәжірибе мен техникалық білімдермен алмасу;
      6) жедел іздестіру іс-шараларын өткізудегі ынтымақтастық.
      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларына сәйкес және өз құзыреті шегінде қылмыстарды тергеуде, қылмыс жасалуына күдікті адамдарды іздестіруде және ұстауда бір-біріне көмек көрсетеді.

5-бап

      Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, улы заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы күресу мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде өзара тиімді шарттарда қажетті ақпарат ұсынатын болады.
      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары мыналармен алмасады:
      есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың және оларды өндіруге пайдаланылатын химиялық заттардың, сондай-ақ олардың жаңа түрлерінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды жасауға күдікті немесе қылмыстарға қатысты адамдар туралы деректермен;
      қылмыстарды ашу немесе болдырмау мақсатында қылмыс жасаудың мән-жайлары туралы, атап айтқанда қылмыстың жасалған уақыты, орны, тәсілдері мен құралдары туралы ақпаратпен;
      есірткілерді бақылау саласындағы халықаралық шарттар шеңберінде өткізілетін экспорт-импорт операциялары кезінде есірткі құралдарының, психотроптық, заттардың және прекурсорлардың, сондай-ақ олардың жаңа түрлерінің заңсыз шығып кету фактілері туралы ақпаратпен;
      есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және прекурсорлардың, сондай-ақ олардың жаңа түрлерінің заңсыз айналымына қатысты практикалық тәжірибемен, ғылыми және талдамалық материалдармен;
      сұрау салынатын Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін өзге де ақпаратпен.
      Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген жерлерде «бақылаудағы жеткізілім» әдісін және «бүркемелеу» қызметін қолдана отырып, Тараптар есірткі құралдарының психотроптық заттардың және прекурсорлардың, сондай-ақ олардың жаңа түрлерінің заңсыз айналымына қарсы күресуде бірлескен шараларды қабылдауға міндеттенеді.

6-бап

      Терроризмге қарсы күресу мақсатында Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде жоспарланған және жасалған террористік актілер, тиісті дайындық қызметі, оларды іске асырудың нысандары мен әдістері туралы, террористік топтар туралы, сондай-ақ басқа Тараптың мемлекеті аумағында екінші Тарап мемлекетінің мүдделеріне қарсы қылмысты жоспарлап отырған, жасап жатқан немесе жасаған тұлғалар туралы ақпаратпен алмасады.
      Егер ол террористік актілерге қарсы күресу үшін немесе ұлттық және қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қауіп-қатер тудыратын қылмыстарды болдырмау үшін, қажет болса, әрбір нақты жағдайда экстремистік ұйымдарға тиесілілігіне күдікті адамдарға қатысты ақпаратпен алмасу жүзеге асырылады.
      Мұндай алмасу Тараптар мемлекеттері құзыретті органдарының тек терроризмге қарсы бөлімшелері арасында ғана жүргізілуі тиіс.

7-бап

      Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамалары шеңберінде заңсыз көші-қонға қарсы күресу мақсатында мынадай ақпаратпен алмасады:
      Тараптар мемлекеттерінің аумағынан келе жатқан адамдардың мемлекеттік шекарадан заңсыз өту фактілері туралы;
      Тараптар мемлекеттерінің мемлекеттік шекараларынан заңсыз өту үшін пайдаланылатын құжаттарды қолдан жасау фактілері туралы;
      заңсыз көші-қонмен шұғылданатын ұйымдасқан қылмыстық бірлестіктердің әрекеттері туралы.

8-бап

      Тараптар өздерінің Интерпол ұлттық орталық бюролары арасындағы ынтымақтастықты нығайтады және күшейтеді.

9-бап

      Тараптар осы Келісім шеңберінде берілген жеке және осал деректер Тараптар мемлекеттері ұлттық заңнамаларының ережелеріне және Тараптар мемлекеттері қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес оларға көзделген мақсаттар үшін ғана пайдаланылуға тиіс екендігімен келіседі.
      Осы Келісімде белгіленген мақсаттарда адамдар туралы деректер үшінші Тарапқа алдындағы абзацтың ережелеріне сәйкес жіберуші Тараптың жазбаша келісімінен кейін ғана жіберіле алады.

10-бап

      Егер өтінішті орындау оның мемлекетінің егемендігіне немесе қауіпсіздігіне не басқа да мемлекеттік мүдделеріне зиян келтіретін болса немесе, егер ол осы Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына қайшы келсе, Тарап осы Келісімнің ережелеріне сәйкес көмек көрсету туралы өтінішті орындаудан бас тартуы мүмкін.

11-бап

      Егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмесе, Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамаларында көзделген қаражат шегінде Тараптар осы Келісімнің ережелерін орындау барысында туындайтын шығыстарды дербес көтереді.

12-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру мен қолдану кезінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды келіссөздер және консультациялар жолымен шешеді.

13-бап

      Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге осы Келісімнің 14-бабында белгіленген тәртіппен күшіне енетін және оның, ажырамас бөлігі болып табылатын жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.

14-бап

      Осы Келісімнің күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы Тараптардың соңғы хабарламасын алған күннен бастап осы Келісім күшіне енеді.
      Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі дипломатиялық арналар арқылы екінші Тарапқа келісімнің қолданылуын тоқтату туралы ниетін жолдағанға дейін күшінде қалады. Осы Келісім тиісті жазбаша хабарлама алған күнінен бастап алты ай өткеннен соң өзінің қолданылуын тоқтатады.
      Осыларды куәландыру үшін өздерінің Үкіметтері тиісті өкілеттік берген төмендегі қол қоюшы өкілдер осы Келісімге қол қойды.
      2009 жылғы 5 қарашада Рим қаласында әрқайсысы қазақ, италия, ағылшын және орыс тілдерінде екі түпнұсқалы данада жасалды, бұл ретте барлық мәтіндердің бірдей күші бар. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінетін болады.

  Қазақстан Республикасының        Италия Республикасының
      Үкіметі үшін                     Үкіметі үшін

      РҚАО-ның ескертпесі: Бұдан әрі Келісімнің итальян тілінде берілген.