Ветеринария саласындағы мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 24 сәуірдегі № 351 Қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 70-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ветеринария саласындағы мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету ережесі бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2010 жылғы 24 сәуірдегі
№ 351 қаулысымен   
бекітілген      

Ветеринария саласындағы мемлекеттік мекемелердің тауарларды
(жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет
түрлерін көрсету ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ветеринария саласындағы мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 70-бабына сәйкес әзірленді және ветеринария саласындағы мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсету тәртібін регламенттейді.
      2. Осы Ереженің қолданысы мынадай:
      1) жануарлар ауруларының диагностикасы жөніндегі референттік функция мен тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      2) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларының ошақтарын жою;
      3) ветеринариялық бақылау бекеттеріндегі көлік құралдарын дезинфекциялау;
      4) мемлекеттік органдардың шешімі бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларымен ауыратын жануарларды алу және жою;
      5) Қазақстан Республикасындағы жабайы жануарлар ауруларының эпизоотиялық мониторингі;
      6) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын сақтау;
      7) Микроорганизмдердің депозиттелген штаммдарының ұлттық коллекциясын жүргізу функцияларын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған ветеринария саласындағы мемлекеттік мекемелерге таралады.
      3. Ветеринария саласындағы мемлекеттік мекемелердің тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлері «Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі заңына сәйкес жүзеге асырылады.

2. Ветеринария саласындағы мемлекеттік мекемелердің тауарларды
(жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет
түрлерін көрсету тәртібі

      4. Ветеринария саласындағы мемлекеттік мекемелер мекеменің аумағында (үй-жайында) арнайы бөлінген жерде мынадай ақпаратты орналастырады:
      1) ветеринария салысындағы мемлекеттік мекемелер көрсететін тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерінің тізбесі;
      2) қажетті құжаттардың тізімі, ұсынылатын тауарларға (жұмыстарға, қызметтерге) арналған баға прейскуранты;
      5. Ветеринария саласындағы мемлекеттік мекемелер жеке және заңды тұлғалардың жазбаша өтінішінің негізінде (өтініш еркін нысанда) өз қызметіне сәйкес келетін тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсетеді.
      6. Өтініштер мен тиісті құжаттарды қабылдауды мемлекеттік мекеменің жауапты адамы жүргізеді.
      7. Өтініштер:
      1) өтініштің тіркеу нөмірін және қабылданған күнін;
      2) ақылы негізде көрсетілетін тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі қызметтің түрін;
      3) қоса берілген құжаттардың санын және атауларын;
      4) өтінішті қабылдаған жауапты лауазымды адамның тегін, атын, әкесінің атын көрсетіп, өтінушіге тиісті құжаттарды қабылдау туралы қолхат беріп, арнайы тіркеу журналында тіркеледі.
      8. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлері мемлекеттік мекемеде белгіленген күн тәртібіне сәйкес демалыс және мерекелік күндерді қоспағанда, күн сайын ұсынылады.
      9. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін ұсыну үшін күтуге және қажетті құжаттарды дайындауға қолайлы жағдайлар жасалады (құжаттарды толтыруға арналған орындар қажетті құжаттардың тізбесі мен оларды толтыру үлгілері бар стенділермен жабдықталады).
      10. Клиенттермен есеп айырысу қолма-қол ақша арқылы жүзеге асырылады, мемлекеттік мекеменің кассалары арқылы міндетті түрде фискалдық жадысы бар кассалық-бақылау машинасын қолданып және клинентке бақылау чегін бере отырып жүргізіледі, ақшасыз есеп айырысу мемлекеттік мекеменің ағымдағы «Ақылы қызметтерден түсетін қаражат» шотына аудару арқылы жүзеге асырылады.
      11. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін алған клиентке мемлекеттік мекеме шот-фактура ұсынады.
      12. Ветеринария саласындағы тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізу жөніндегі ақылы қызмет түрлерін көрсетуден алынған қаражатты мемлекеттік мекемелердің пайдалануы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      13. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) өткізуден түсетін қаражатқа салық салу тәртібі және салықтар мен алымдар бойынша жеңілдіктер беру Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттеледі.