Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 27.03.2015 № 161 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 30 қарашадағы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер адамдардың біліктілік емтиханынан өту ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2010 жылғы 15 сәуірдегі
№ 317 қаулысымен
бекітілген
Бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер адамдардың
біліктілік емтиханынан өту ережесі
1. Жалпы ережелер
1. Осы Бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер адамдардың біліктілік емтиханынан өту ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 30 қарашадағы Заңына сәйкес әзірленген және бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер адамдардың біліктілік емтиханынан өту тәртібі мен шарттарын белгілейді.
2. Осы Ережеде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) біліктілік емтиханы - бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер адамдардың біліктілік деңгейін анықтау рәсімі;
2) бағалау қызметі бойынша біліктілік комиссиясы - біліктілік емтиханын қабылдау үшін құрылатын комиссия.
3. Бағалау қызметімен айналысу құқығына үміткер адамдар құрамындағы мүшелерінің саны тақ болатын, кемінде бес мүшесі болатын Бағалау қызметі жөніндегі біліктілік комиссиясында (бұдан әрі - Комиссия) біліктілік емтиханынан өтеді.
Комиссия Қазақстан Республикасы әділет органдарының, бағалау палаталарының өкілдерінен қалыптастырылады.
Бағалаушылар палатасы өкілдерінің саны комиссия құрамының жалпы санының екіден бір бөлігінен кем болмауы тиіс.
Комиссияның құрамын және ол туралы ережені Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітеді.
4. Біліктілік емтиханы тест нысанында жүргізіледі.
2. Біліктілік емтиханынан өту үшін құжаттар қабылдау
5. Мүлікті бағалау (зияткерлік меншік объектілерін, материалдық емес активтердің құнын қоспағанда) және/немесе зияткерлік меншікті, материалдық емес активтердің құнын бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына үміткер адам (бұдан әрі - Үміткер) өтінішін өзі немесе сенімхат бойынша уәкілетті өкіл арқылы ұсынады не уәкілетті органға тапсырыс хатпен жібереді.
Өтінішке мынадай құжаттар қоса берілуі тиіс:
1) «бағалау» мамандығы бойынша жоғарғы білім және (немесе) жоғары экономикалық немесе техникалық білім туралы дипломның (салыстыру үшін түпнұсқа берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) көшірмесі;
2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі.
6. Түскен материалдар олар келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей қаралады.
Үміткердің құжаттары қойылған талаптарға сәйкес келсе, ол біліктілік емтиханынан өтуге жіберілді деп саналады және оған осы Ереженің 9-тармағына сәйкес бұл туралы хабарланады.
Осы Ереженің 5-тармағында көзделген құжаттар берілмеген не тиісінше ресімделмеген жағдайда, өтініш келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде үміткерге біліктілік емтиханына жіберуден бас тарту туралы дәлелді хат жіберіледі.
3. Біліктілік емтиханын өткізудің тәртібі мен шарттары
7. Біліктілік емтиханына «бағалау» мамандығы бойынша жоғарғы білімі және (немесе) жоғарғы техникалық немесе экономикалық білімі бар жеке тұлғалар жіберіледі.
8. Біліктілік емтиханына келген кезде үміткер жеке басын куәландыратын құжаты ұсынады.
9. Біліктілік емтиханына жіберілген үміткер біліктілік емтиханы өтетін жері, күні және уақыты туралы оны өткізгенге дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей, аумақтық әділет органдары арқылы хабардар етіледі.
10. Комиссия емтиханды бір тоқсанда кемінде бір рет өткізеді. Комиссия біліктілік емтиханын өткізу жөнінде көшпелі отырыстар ұйымдастыра алады.
11. Комиссия тестілеуді өткізудің объективтілігін, оның шарттарының, уақытының, қорытындыларын есептеудің және мазмұнының стандарттылығын қамтамасыз етеді.
12. Тестілеу Қазақстан Республикасының бағалау саласындағы қолданыстағы заңнамасын, бағалау стандарттарын, сондай-ақ мүлікті бағалау жөніндегі модульді есептерді білуіне арналған сұрақтарды пайдалана отырып жүзеге асырылады.
Мүлікті бағалау (зияткерлік меншік объектілерін, материалдық емес активтердің құнын қоспағанда) және зияткерлік меншікті, материалдық емес активтердің құнын бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына үміткерлер үшін тестілерді Әділет министрлігі қызметтің әрбір түріне жеке әзірлейді.
Тестілеу сұрақтарының тізбесін Комиссия бекітеді.
Тестілер біреуі дұрыс кемінде үш нұсқадағы жауаптан тұруы тиіс.
Дұрыс жауабы бар тестілер құпия ақпарат болып табылады және еркін таратуға жатпайды.
13. Мүлікті бағалау (зияткерлік меншік объектілерін, материалдық емес активтердің құнын қоспағанда) және зияткерлік меншікті, материалдық емес активтердің құнын бағалау жөніндегі қызметтерді жүзеге асыру құқығына үміткерлерді тестілеу бөлек жүргізіледі.
14. Үміткер өз қалауы бойынша тестілеуден мемлекеттік немесе орыс тілдерінде өтуге құқылы.
15. Тестілеу компьютер техникасын пайдалана отырып өткізіледі.
16. Біліктілік емтиханы басталар алдында үміткер тестілеуден өту жөнінде егжей-тегжейлі нұсқау алады.
Тестілеуден өту кезінде үміткердің көмекші құжаттарды (анықтамалық, арнайы әдебиет), сондай-ақ әуен таспаларын және байланыс құралдарын пайдалануына жол берілмейді.
Үміткер көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда, Комиссия оны біліктілік емитханынан өтуден шеттетеді.
17. Тестілеудің дұрыс жауаптарын есептеу пайдаланылатын компьютерлік бағдарламаның көмегімен автоматты түрде жүргізіледі. Тестілеу нәтижелері екі данада басылады және ол біте салысымен үміткерге жеке қол қойғызу жолымен танысу үшін ұсынылады.
Тестілеу нәтижелері бар парақтың бір данасы үміткерге тапсырылады, екіншісі Комиссияға беріледі.
18. Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының жетпіс бес және одан жоғары пайызын құраса, үміткер тестілеуден өтті деп саналады.
Егер дұрыс жауаптардың саны ұсынылған сұрақтардың жалпы санының жетпіс бес пайызынан аз болса, үміткер тестілеуден өтпеді деп саналады.
19. Комиссияның отырысында міндетті түрде хаттама жүргізіледі, онда отырыстың күні, уақыты мен өткізілетін жері, комиссия құрамы, емтихан тапсырушы үміткердің тегі, аты, әкесінің аты, тестілеу нәтижесі көрсетіледі.
Комиссияның хаттамасына Комиссияның барлық мүшелері қол қояды.
20. Уәкілетті орган Комиссия хаттамасының негізінде осы Ережеге 1, 2-қосымшаларда белгіленген нысандар бойынша емтихан өткізілген күнінен кейінгі күннен кешіктірмей, біліктілік емтиханынан еткені туралы шешім шығарады.
21. Емтиханнан өткен адамдар оны тапсырған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның біліктілік емтиханынан өткені туралы шешімін алады.
22. Емтиханнан өтпеген адамдар Комиссия хаттамасынан үзіндінің көшірмесін алуға құқылы.
Бағалау қызметімен айналысу
құқығына үміткер адамдардың
біліктілік емтиханынан өту
ережесіне
1-қосымша
Бағалау қызметімен айналысу құқығына
біліктілік емтиханынан өткені туралы
шешім
________ қаласы 20 жылғы «__» ___________
______________ мүлікті бағалау (зияткерлік меншік
(Т.А.Ә.)
объектілерін, материалдық емес активтердің құнын қоспағанда) жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына біліктілік емтиханынан өтті деп танылсын.
Уәкілетті органның басшысы
М.О.
Бағалау қызметімен айналысу
құқығына үміткер адамдардың
біліктілік емтиханынан өту
ережесіне
2-қосымша
Бағалау қызметімен айналысу құқығына
біліктілік емтиханынан өткені туралы
шешім
________ қаласы 20 жылғы «__» ___________
______________ зияткерлік меншікті, материалдық емес
(Т.А.Ә.)
активтердің құнын бағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына біліктілік емтиханынан өтті деп танылсын.
Уәкілетті органның басшысы
М.О.